Азаматтық қоғамның бақылауы жемқорлықты тежеуге оң әсер етеді
Қазір қоғамда жемқорлық және пара алатын шенділердің көп болуын тәуелсіздік алғаннан бергі жүйеміздің бір сипаты деуге болады.
Бұл сол кезеңнен бері қалыптасқан әдетке айналды, сөз жүзінде айтылғанымен, оның алдын алатын шынайы әрекет жасалған жоқ. Шын мәнінде жемқорлықты жоятын жұмыс істеген жоқпыз, қазір жасалып жатқан жұмыстардың бәрі көзбояушылық қана.
Жемқорлыққа қарсы күресті этика нормаларына кіргізе алмадық. Этикамыз 100-150 жылда көптеген сыннан өтті. Алдымен патша үкіметі болды, кейін коммунистік жүйе орнады, соның бәрі бұрыннан қалыптасқан этикалық нормаларымызды жоққа шығарды. Сөйтіп, қазір пара алудан ұялмайтын болды, ұрлауға болмайды деген түсінік жойылды. Керісінше, билікке барған адам қалай көлденең пайда тапсам екен деп ойлайтын болды. Белгіленген жалақыға немесе заңды табысқа күн көрсем деп ешкім ойламайды. Осындай түсінік қалыптасып қалғандықтан, қанша заң қабылдап, жазаны қатаңдатқанмен, пайда аз. Этикалық тұрғыда өзгеріс болмаса, жемқорлықты заңмен жою қиын.
Өткенде Шымкент әкімі басқарма басшысын жиналыс алаңынан антикорға ұстатып жіберді. Көбі оны «қара пиар» деп кінәлады. Бірақ менің ойымша, қанша жерден пиар болса да, мемлекеттік қызметкерлерді қиын жағдайға қалдырып қойды, пара алмау керек деген түсінік қалдырды. Басшылар халық алдында ант беріп, пара алмауға уәде етсе, жемқорлықтан арылуға аз да болса пайдалы бола ма деген ойым бар.
Мынадай да жағдай бар, мысалы, әр мекеме өзіне тиесілі жұмысты істеп, нәтиже көрсетуге ұмтылады. Сол сияқты антикордың жұмысы жемқорларды ұстау. Олар биыл 500, келер жылы 1000, оның арғы жылы 1500 адамды ұстаса, олар үшін бұл да нәтиже. Олар да жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Тағы бір мәселе, адам қарапайым өмір сүруге ұмтылу қажет. Шенділер қымбат үйге, машинаға, байлыққа ұмтылмағаны жөн. Сонда жемқорлық азая ма деп ойлаймын.
Көп жағдайда жемқорлық неден болады? Ол бірдеңеге тыйым салынғанда соны аттап өту үшін немесе өзіне оңтайлы шешім қабылдау үшін болады. Сондықтан шешім қабылдау құзыретін жеке адамның қолына бермей, оны мемлекеттік органға жүктеу керек. Мысалы, мектеп директорында жұмысқа адам қабылдау құзыреті болмауы қажет. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі деген бар, мектепте және басқа мекемелерде солай болу керек. Қызметке адам алуды, шығаруды бір адам шешпегені дұрыс. Ашық әрі цифрлы тәсілмен жұмыс істелсе, жемқорлықты тежеуге мүмкіндік туады.
Жемқорлық деген барлық елде бар. Оны түбегейлі жеңу қиын. Бірақ коррупцияның бір деңгейі болады, жоғары, орта және төмен деңгей деген сияқты. Сол үшін жемқорлықты төмен деңгейде ұстау қажет. Ол үшін этика нормаларын күшейтіп, ашық әрі бәріне түсінікті заңдарды қабылдау қажет. Жемқорлық қатты күшейіп кетсе, елдігімізге, қауіпсіздігімізге, тіпті тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндіреді. Сол үшін коррупциямен күресті тоқтатпаған жөн. Бірақ азаматтарды тек қамап, соттаумен шектелмей, әділетті заңдарға сүйену керек. Сондай-ақ халықтың, қоғамның рөлін күшейту қажет. Азаматтық қоғамның бақылауы жемқорлықты тежеуге оң әсер етеді. Ал қылмысы дәлелденген жемқорларды заң бойынша қатаң жазалаған жөн.
Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы