Азаматтық пікірді жөнсіз шектеу мен қудалау
Адам құқықтары дегеніміздің өзі – адам болып туғанымыз үшін ғана берілетін мемлекетке не азаматтығымызға қатысы жоқ құқықтар.
Соның ішінде адам құқықтарының бірі – сөз бостандығы. Бұл құқық халықаралық құжаттарда да, мысалы, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында да жазылған. Бүкіл әлемде демократияның негізгі принциптерінің бірі ретінде сөз бостандығына басымдық беріледі. Кез келген демократиялық қоғамда адамдар пікірін, мәселесін еркін айта алады, билікке жеткізеді. Билік те оны естіп, қай сала болмасын, мәселені шешуге тырысады. Біздің конституциямызда да сөз бостандығы маңызды екені, «цензураға тыйым салынатыны» жазылған. Десек те, сөз бостандығы абсолютті құқық емес, кей кезде шектелуі мүмкін. Шектелген жағдайда да міндетті түрде қажеттілік және пропорционалдық принциптерді көздеуі шарт. Мәселен, кейде ұлттық қауіпсіздікті не басқа адамның ар-намысын қорғау мақсатында сөз бостандығы шектелуі мүмкін. Өзгенің құқығын шектеп, ар-намысын аяққа таптайтын пікір айтылмауы керек. Осы мәселені терең талдағанымыз жөн. Сөз бостандығы мен жеке тұлғаның жеке шекарасынан өту – осы екеуінің ара-жігін қалай ажыратамыз десек, ең алдымен, кез келген мемлекетте заң үстемдік құруы керек. Заң сөз бостандығын не азаматтардың пікірін шектеу мақсатында емес, адамдардың ар-намысын қорғау мақсатында іске асқанда ғана жүйе пайда болады.
Сөз бостандығын белгілі бір межеге салу мүмкін емес. Тек мемлекеттегі цензура деңгейі және елдегі журналист, блогер, белсенділердің пікірін ашық айтуы мен саяси тақырыптарды оңай көтере алуымен өлшеген дұрыс. Мемлекеттік цензурадан бөлек, әртүрлі жайттарға қатысты қоғамдық цензураның да қандай екені елдегі сөз бостандығының деңгейін көрсетсе керек. Яғни кей тақырыптарды қозғау заң тұрғысынан тыйым салынбаса да, қоғам тарапынан ашық айтылып, талқылана бермейді. Бұл да сөз еркіндігінің шектеліп жатқанының бір көрінісі.
Осы тұста Темірлан Еңсебектің кейсі елдегі сөз бостандығының әлдеқайда төмен екеніне анық мысал. Бұл кейсті «ұлтаралық араздықты қоздыру» деп қарастыруға қарсымын. Кез келген дүниені біз контексте қарастырғанымыз жөн. Темірлан Еңсебек шығарған пост ұлтаралық араздықты қаншалықты қоздырды? Осы постқа қатысты конфликтер болды ма? Осыны зерттеген жөн. Менің ойымша, дәл сол постқа қатысты ешқандай конфликт, дау орын алмады. Былтыр наурызда шығарылған постты қазір ғана анықтап, біліп жатырмыз. Темірлан Еңсебекке 2021 жылы да осындай айып тағылып, үйін тінтіген, қарсы іс қозғалған. Бұл кейсті бір пост төңірегінде ғана емес, жалпы контексте алып қарастырған жөн. Заңдардың реттеуші принциптері азаматтардың сөз бостандығын шектеген кезде де алдымен пікірдің мазмұны, кейін, қандай контексте айтылып жатқанына және қоғамға қандай зиян алып келетініне назар аударуы қажет. Темірлан Еңсебекке бір посты үшін айып тағар кезде не үшін бұл әнді қолданды, Тина Канделакидің қай сөзіне жауап ретінде постты жариялады және бұл пост қоғамда қаншалықты ұлтаралық араздықты тудырды деген сұрақтарға жауап бергені жөн. Сөз бостандығы болмаса, қай мәселе де «жабылған қазан» күйінде қала бермек. Бұқаралық ақпарат көздерін «төртінші билік» дейтініміз бекер емес, журналистер билік пен халық арасындағы көпір екенін ескерген жөн. Сөз бостандығы шектелген кезде билік пен халық арасындағы диалог жойылады.
Қасиет Темірзахқызы, саясаттанушы