Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 03 Шілде 2024

Азған қоғамдағы тозған пенделердің өзінен зор көкірегі болады

Медаль
Медаль

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында жазушы Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесі сахналанды. Инсценировкасын жазған һәм режессері – Фархад Молдағали. Атақ пен даңққа, мақтау мен марапатқа елітіп, үнемі қошемет күтетін пенделердің әлсіздігін әжуалап, бүгінгі қоғам бейнесін көрсетеді. Көрермен көңілінен шыққан қойылым туралы мамандар сөйлейді.

Амангелді Мұқан

Амангелді Мұқан, театртанушы:  Ұтқан кім, ұтылған кім?

Біздің де бүгінгі қазақ театрының репертуары туралы сөз қозғағанда бұрыннан айтып келе жатқан Шекспир, Чехов, Әуезов, Мүсіреповпен бірге қоғам мен адам, көрерменнің өзін сахнаға шығаратын, айналада болып жатқан көріністерді суреттейтін заманауи драма қойылуы қажет деп жүргелі қай заман? Бикен Римова театрының шығармашылық ұжымының қойған спектаклі сол ойымыздың үстінен шығып, біраздан бері желтоқсан (тәуелсіздік күні) сәуір (мәдениет қызметкерлері күні) айларында жылдың құс келіп, құс қайтқанда болатын ауру қоғамның қоздырмасын қозғап, қоғамды дүр сілкіндіретін өткір мәселені көтерген. Иә, біз осы және өзге де толып жатқан қазақ қоғамына жат қылық, бүйректен сирақ шығарған өзге де кереғар тақырыптарды жаппай барлық театрда, кинода, ТВ-да батыл көтеруіміз керек еді. Шүкіршілік, соған енді келіп отыр екенбіз.

Қанат Тілеухан

Әрине, әбден талқыланып, ығыры шыққан тақырыпты театр сахнасынан көрген жұрттың құптап, оң пікір білдіріп жатуы да орынды. Қоюшы құрамның қоғамның жанды жерін сезіне алғандығы және Қанат Тілеуханның әдемі әңгімесін спектакль етуде біраз еңбектенгені құптауға тұрарлық. Режиссер автор ойын толықтыруға, қосалқы сахналарды енгізе отырып басымдық берген сахналары жеке кейіпкер Қайраттың ғана емес, ауырған қоғамның дерті ретінде, сол қоғамдағы адамдар арасындағы тобырлық психозды көтерген, жаппай салпыншақ тағуға құштарлықтың астарын ашуға ұмтылысын көреміз. Сол үшін режиссер салпыншаққа құштарлықтың көлеңкесінде шынайы таланттардың дер кезінде бағасын алмаған кеңестік өктем жүйені көрсетер, астарын ашуға талпынысты көреміз. Бұл бар-жоғы 60-ақ жылдық ғұмырында билік оң қабақ танытпаған, өмірінің соңғы сәтінде марапатқа ие болған атышулы ән падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовқа ресми мекеме емханаға келіп медаль (атақ) беруі, Б.Момышұлының соғыс кезінде, соғыстан кейін де бағаланбаған ерлік жолын көрсетер траурлық сахналар бар. Әрине, кешегі және бүгінгі күніміздің сор болып жабысқан жаман қасиетін барынша жинақтап, ащы етіп көрсетуге барған және сахналық ойында қызықты метафоралық сілтемелерді кезіктіреміз. Өмірдің жанды көрінісі болған соңғы сахналардағы марапаттау салтанаты, самайын ақ шалған лайықты адамның шарасы таусылып, не жыларын, не күлерін білмеген аянышты халі көрерменді терең ой тұңғиығына жетелейді.

Медаль

Патшалық Ресей отарлаушылары кең қолданған елдің бас көтерер азаматтарын шен-шекпен, марапатпен, мадақтама, салпыншақтармен байлап-матап тастаған отарлық саясаттың ауруын Кеңестік жүйе тіпті асқындырып жіберді. Арнайы шығармашылық Одақтар, бірлестіктер құрып, бәрін өз ықпалында шашау шығармай ұстау үшін барын салды. Сол жолдан біз тәуелсіздік алғаннан кейін де тазарған жоқпыз, керісінше, сол батпаққа кеңірдектен бата түстік. Сондықтан «медаль» деген аты болмаса, осындай қоғамның барлық: жағымпаздық, астамшылдық, менменшілдік, бәсекелестік, көреалмаушылық, қызғанышқа, т.б. жаман әдетке бастайтын барлық айла-шарғының тәсілін шебер меңгерген жылпостардың күнін жарқыратып, қалған қоғамдағы әлеуметтік топтар мен жеке тұлғалардың бәрін медаль алып қалуға тырысуға итермеледі. Бүгінгідей қазаннан қақпақ кеткен қоғамда ресми мекемелер тарапынан реттелу тиіс бұл сала баз біреулердің арнайы айналысатын бизнесіне айналды.

Қанат Тілеуханның шығармасы несімен ерекшеленуіне келсек, осындай өзекті мәселені сыпайы да жеңіл әзіл, сыни көзқараста әдемі тілмен баяндап, жаза алғандығымен ерекшеленетін туынды. Режиссердің бұл қойылымы эклектикалық ұстанымға толы. Саундрама жанры мүмкіндік беретін әртүрлі жанрларды мидай араластыру, өнер түрлерін қолдануда ара-жігі мен шектерінің болмауы секілді маңызды анықтамалар шеңберіне сыймайтын театр формасы мен мүмкіндіктер режиссер Фархадтың бүгінгі қойылымының эклектикалық ұстаным келбетін көрсетеді. Бұл бүгінгі қазақ сахнасындағы бағыт болған үдерістің бірі. Бұны батыстық постдрамалық театрдың ел сахнасындағы бір көрінісі деп қарастырсақ та болады. Режиссер сахналық оқиғаны алыстағы ауыл мектебінің Ұстаздар бөлмесіндегі болатын атмосфераны беруден және сол жерде Гүлсім апайдың шәкірті Қанаттың кітабының баспадан шыққанын хабарлаудан бастайды. Осы бір ырғақты джаз, музыка (композитор С.Айтқали) дыбысының орындалуында, алқан-жұлқан пластикалық әрекеттен басталатын (Ш.Мұстафина) оқытушылар бөлмесіндегі атмосфера шығарма кейіпкері Қайраттың оқыған алыс ауылдың қатардағы мектебі еместігімен көзге ұрады. Бірақ көпшіліктің заманауи пластикасы мен қоршаған орта жиһаздары автор ойына сай емес. Сахнада біз көрген былғары креслолар мен түрлі-түсті киінген оқытушылардың сабақ беретін пәніне сәйкес мінез-әрекеттері сахнадағы жүріс-тұрыс пластикасы киносериалдан, қаладағы заманауи компанияның офисіндегі немесе танымал мюзиклден көретін жанды суретін еске салады. Осы сахнада Гүлсім апай – Ә.Ыдырышова мен директор Еркінбек Момынұлы – К.Темірбайұлының диалогын бастағанда ғана ауылдың қарапайым еңбек торыларының әңгімесін, шығарма авторы Қ.Тілеуханның үні мен дыбыс интонациясын сезінеміз, естіп, екіұдайы ойда қаламыз. Оқиға орны, оның кейіпкерлерінің ортасы, олардың өмір сүру дағдылары режиссер тарапынан аяғына дейін ойластырылмағандай әсер қалдырады.

Автор әңгімесіндегі жас жазушылық жолға түскен жанның өзінің баспадан шыққан шағын кітапшасынан көңілі нілдей бұзылуынан бастау алып, ауыл, ел жанындағы қолпаштаған жанкүйерлерінің кеу-кеулеуімен кеудеге жел бітіп, финалда салпыншақ саудасының екінші Нұрматына айналу жолы. Спектакльде оның әдемі ішкі әлемі, ой-толғаныстары, мінезінің трансформацияланып, қалай өзгергенін көре алмаймыз. Режиссерге кейіпкердің жан дүниесінен гөрі қоғамды жайлаған осы құбылыстың топтық бейнесін беру маңыздырақ болған секілді. Оған жеткілікті мысалдарын үйіп-төгіп бере отырып, жекеленген кейіпкердің жан дүниесін образдық ерекшелігі мен тереңдігін ашуға аз орын қалдырған. Басты, қосалқы кейіпкерлердің образын тереңнен ашуға және өзіндік мінез-құлықтарын орындаушыға шеберлікпен көрсететіндей аз уақыт қалдырған. Бас кейіпкер Қайратпен көрермен үйінде, том-том кітапқа жастана отырған жазу үдерісі үстінде танысады. Қайрат жазушылықты кім болып бастап, қандай деңгейге жеткені жайлы «биографиялық» өсу жолынан айырылып қаламыз. Алғашқы кітабы, биттің қабығындай ортанқол кітапты қорашсынған жанның қойылымда керек болмай қалған. Таза жазушылық жолды бастаған жас жігіттің финалда қан базардың делдалына айналу эволюциялық даму жолынан қойылым ауытқып кетеді. Режиссер басымдық берген сахналар жеке адамның емес, қоғамдағы адамдардың тобырлық психозын ашуға, жаппай салпыншақ тағуға әуестенуінің астарын ашуға ұмтылысын көрсетуге бағытталған.

Режиссер сонымен бірге осындай салпыншаққа әуестіктің астарында шын мадаққа лайық халық қаһармандарының ескерусіз қалғанын, дер кезінде бағасын алмаған кеңестік өктем жүйенің астарын ашуға талпынысты көреміз. Бұл – 60 жылдық өмірінің соңғы сәтіндегі ауырып жатқан, аты халыққа кең танылған Шәмшіге емханаға келіп медаль тағу сахнасы. Инсценировка авторының ресми мемлекеттік мекеменің атақ, марапат беруімен қоғамдық ұйым, бірлестіктердің медаль үлестіруін араластырып алғаны сахналық қойылымдағы жүйесіздік болып көрінді. Ал Б.Момышұлының соғыс кезінде, соғыстан кейін де бағаланбаған ерлік жолы жайлы траур сахнадан көрермен не көрді, қойылым не ұтты? Иә, кезінде Мәскеуден, Қазақстан композиторлар одағы тарапынан бұл танымал тұлғаларға деген әділетсіздік орын алды. Режиссердің қойылымы біздіңше өткен ХХ ғасырдағы кеңестік дәуірдің лайықты тұлғаларына дер кезінде бағаланбаған, берілмеген марапаттар жайын қатар көрсетудегі ойы жақсы болғанымен, оны жүйемен тарқатып беруде ала-құлалық, тарихи деректерді орынсыз сахналық желіге жапсыра салу секілді асығыстық орын алған. Тағы да тақырып аясына келетін-келмейтін деректерді араластырып, қойыртпақтауды (эклектика) көреміз.

Ф.Молдағалидің спектаклін көре отырып, қойылым жанрын «саундрама» деп айқындауы көңілге қонбады. Қойылым финалы да негізгі ойын айтуда тайғанақтап, екіге ажыраған. Өмірдің жанды көрінісі болған сахналардағы марапаттау салтанатындағы бәрі медаль алатын, самайын ақ шалған лайықты адам – С.Нұрқалықовтың шарасы таусылып, не жыларын, не күлерін білмеген халі адам аярлықтай, көрерменге терең ой тастаған спектакль финалы болуға әбден жарайтын сахна еді. Режиссер оқиғаны әрі қарай соза түсіп, авторлық ойға сай екі алаяқтың Алдар көсенің бөркін алмастыра киіп, енді медаль емес, орден шығаруды жолға қоюды келіскен шаттық құшақтарымен аяқтайды. Десек те, режиссер спектакль финалда көреременге қарата «ойланыңдар!» дегеннен гөрі қоғамды дендеген бұл аурудың әрі қарай өрши түсетінін, енді орден таратуға серттескен нұрматшылдықтың «жалғасы болады!» деген «оптимистік» кілтте аяқтайды.

Осыдан келіп, режиссер екі алаяқ қудың желісіне басымдық беріп, өткір комедиялық кілтте шешуді көздесе, соңғы финалымен келісер едік. Ал жазушысымақ Қайраттың күлейін бе, жылайын ба деген тарихына Бауыржан, Шәмшілерді спектакль кейіпкері етіп қосқасын, финалдық сахнасы басқаша кілтте шешімін табуы керек болатын. Біздің де тұсаукесердегі көтеріңкі, қуанышты эйфориямен бірге режиссердің «не күлдіргісі, не жылатқысы» келгенін ажырата алмай отырғандық болды.

Театр – уағыз айтатын орын емес, күлдіретін, жылататын немесе күлдіре отырып жылататын, адамның кірлеген жанын жуып-шайып, тазалайтын орын. Демек, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінен бүгінгі қоғамды, елдің бойын жайлаған салпыншақ тағу дертін көрсеткен Бикен театрының қойылымын, адамдардың бұзылған пейілін, жасы мен жасамысының ойын атақ, даңқ пен марапат үшін барын салып әрекеттенетін пейілін, ештеңеден тартынбайтын пенделігін көрдік. Спектакль сөзсіз көрерменге ой тастайды, ойландырады. Тек күлдірмей, тереңірек ойланатын көрерменіміз көбейсін. Қойылым сол ойлы да өрелі көрерменді нәрлендіре түссін. Салпыншақ алуға деген ұмтылысты жазар ем, бойды аулақ салдыратын әдіс-тәсіл бар ма, сірә? Спектакльден бұл сұраққа жауап таба алмадық, бұл әдет қазір өршіп тұр, финалдық сахнадағы бүгінгі заманымыздың екі Алдарының осы жолдан қоржынын қампитып пайда табуы және салпыншақ медальдің орнына орден шығаруға келісімге келуінің шарты болған құшақтың айқасуы заманымыздың Остап Бендерлерінің жұлдызы жарық, бизнесі өтімді екенін көрсетеді. Театр қойылымы осылай дейді, көрермен осылай ой түйген спектакльде бүгіннің жылпостарының нарқының қызуымен қойылымның аяқталуы ойға қалдырды. Трагедиялық халдің комедиялық сахнамен аяқталуынан көрермен не ұқты, қандай ой түйді. Спектакльдің өн бойындағы комедиялық ситуацияларға режиссер тарапынан енгізілген Шәмші мен Бауыржанды еске түсіретін сахналар арқылы салмақты ой айтуға икемдегенімен, сол ой тереңдігі аяғына дейін жетпеген, трагедияны қылжаққа айналдырып жібереді. Ұтқан кім, ұтылған кім? Көрермен өзің анықтап ал.

Ерлан Біләл
Ерлан Біләл

Ерлан Біләл, актёр: Қоғамның айықпас дертіне куә болдық

Әдетте, театрдағы спектакльдің деңгейі оның тұтастығымен өлшенеді. Драматургтің, режиссер мен әртістердің жұмыстары бір-бірімен үйлесім тауып, бір тұтасқа айналса, спектакль деңгейі де жоғары болмақ. Жақсы спектакльдерде драматургтің ойы режиссердікімен, режиссердің ойы әртістердің ойынымен бітеқайнап, ұштасып жатады. Күні кеше Талдықорғанда қойылған «Медаль» спектаклі де режиссер мен композитордың, драматург пен әртістердің композициялық тұтастығына құрылған сапалы жұмыс екенін байқадым. Қойылым режиссері Фархад Молдағалидың осыған дейін де бірнеше жұмысымен таныспыз. Өз қолтаңбасы, көрсетер ойы бар режиссер.

Драматургтің шығармада қаузаған тақырыбы – бүгінгі қоғамның шындығын көтерген өзекті мәселе. Қазір құны жоқ салпыншақ медальдың көбейіп кеткені сонша, оның сапасы мен мазмұнына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Екінің бірі бүгін медаль шығаруға құзыр алып жүргені рас. Оны сатып алатындардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұл қаншалықты дұрыс? Міне, автордың көрерменге қоятын сауалы – осы. Қазақ театрының қоржынына көрерменді күлдіре отырып күрсіндіретін, ой тастайтын шығарманың қосылғаны үшін қуанып қалдық. Залдағы көрермендер арасында биліктің, шығармашылықтың адамдары, былайша айтқанда, зиялы қауым көп болды. Сахнадағы қойылымды көріп, өмірдің өзін көріп отырғандай күй кешесің, күлесің, жаның ашып, әрі-беріден соң, жүрегің де айниды. Мақтан мен марапат, атақ пен даңқтың жолында медальдар мен төсбелгілердің қаптап кетуі – қай қоғамның да айықпас дерті іспетті. Мемлекет беретін марапаттардан бөлек қоғамдық ұйымдар жасап, кеуделерге тағып жүрген төсбелгілердің маңызы қандай? Бұл төсбелгілерді кім таратып жатыр? Бұл да жауабы шешілмеген сұрақ. Бүгінгі қоғамның кеселі де осы сұрақтың төңірегінде жатыр. Мүмкін мемлекеттік наградалар тұрған кезде бейресми марапаттарды мүлде жою керек шығар деген ойға келесің.

Театр дегеніміздің өзі үнемі дамып, жаңарып, жасарып отыратын тірі процесс қой. Осы орайда «Медаль» спектаклі жұп-жұмыр қойылған сапалы жұмыс дер едім. Қойылым біткен соң, негізгі сөздер айтылып келіп, музыка қосылып кеткені үшін кей адамдар кемшілік деп қабылдап жатқанын байқадым. Ал маған қайта дәл осы тұсы – режиссердің тапқырлығы секілді көрінді. Музыканың сөзді басып кеткені кемшілік емес, керісінше, әннің астарында сөйлеп жатқан адамның сыңайын білдіретін «гүбір-гүбір әңгіме» жатыр. Алғашқы премьерада кездесетін бірді-екілі кемшілік болуы заңдылық, бірақ бұл катастрофа емес. Бастысы, драматургтің де, режиссердің де айтқысы келген ой, жеткізгісі келген идеясы өзектілігімен көпке өтімді болды. Спектакль көрерменнің де көңілінен шықты деп есептеймін. Әсіресе әнмен көркемдеген тұстары ерекше әсер қалдырды. Спектакль барысын шынайы аспаптармен сүйемелдеу шебер табылған шешім дер едім. Театр деген өмірдің өзі десек, дәл осы спектакль біз сүріп жатқан қоғамға түсірілген проекция тәрізді. Ал мұндағы қаптаған медаль – символ. Ешкімнің шығармашылығы мен еңбегінің деңгейі марапат, я төсбелгімен өлшенбейтіні анық қой. Десек те, қазір кімнің төсбелгісі көп, соның сөзі өтімдірек. Атақты сатып аларсың, ал шын абырой, маңдай тер еңбекпен ғана келеді. Бәлкім, марапат ұсыну, медаль тағу дұрыс та шығар, бірақ лайықты, абыройлы адамға берілсе екен деген тілек қой біздікі. Ең қызығы, спектакль соңында автордың өзіне жерлестері медаль тағып, шапан жауып, қойылымның нүктесін қояды. Ащы сатира, әжуамен қойылған бұл қойылымның ғұмыры ұзақ болады деп сенеміз.

Нұркен Өтеуіл
Нұркен Өтеуіл

Нұркен Өтеуіл, актёр: Мәдениетсіздікті мәдениетті әжуалаған қойылым

Қоғамның айнасын көрсетіп, ащы әжуамен сынайтын қойылымдар театр сахнасында бірте-бірте қойылып жатыр. «Медаль» спектаклі соның бірі де, бірегейі дер едім. Шығарма әу баста пьеса да емес, әңгіме жанрында дүниеге келіп, кейін сахнаға ықшамдап, инсценировкасын жасаған. Бұл оңай жұмыс емес. Қанаттың қай әңгімесі де адамды мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Оқыған адамның көңілінен ойып тұрып орын алатын шығармалар. Ал режиссер өз көзқарасымен сахналап, әңгіменің астарын ары қарай ашып көрсете алған. «Медаль» тақырыбы бүгінгі қоғамның трагедиясы десек те болады ғой. Қазақы болмысымызға жабысып ап, арыла алмай келе жатқан ең үлкен кесел – дәл осы мансапқорлығымыз, атаққұмарлық пен даңғойлығымыз шығар. Бұл тұрғыдан алсақ, спектакльдің көтерген тақырыбы, қамтыған ойы өзекті. Кез келген театрдың, премьераның өз заңдылықтары болады. Кем дегенде он-он екінші премьерада әртістер әбден ысылып, кемшін тұстарын өздері-ақ байқай бастайды. «Көш жүре түзеледі». Сол кезде спектакль аяғынан ары қарай өзі-ақ тұрып кетеді. Осы тұрғыдан келсек, актёрларға әлі де жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Авторлар өзі сүріп жатқан қоғамның қасіреті мен кеселін әжуалап, жараның аузын тырнайды.

Фархад Молдағали
Фархад Молдағали

Фархад Молдағали да, Қанат Тілеухан да оқырман мен көрерменнің көңілінен орын тауып жүрген, өзіндік қолтаңбасы бар авторлар деп білемін. Қазіргі қоғамның дертіне айналған тақырыпты көтеріп, сахналауда драматург та, режиссер де сәтті қадам жасаған. Қанатты осы күнге дейін қазақтың бағына бітіп, әлі еңбегі еленбей жүрген тұлғалар жайлы деректі фильм түсіретін мықты журналист ретінде танимыз ғой. Үлкен жобалардың басы-қасында жүрген жігіттің ойындағы, қаламында жүрген дүние сахнадан да көрініс тапқанына шын қуаныштымыз. Халықтың ықыласы да зор болғанын байқадым. Құны жоқ, маңызы мен мағынасы жоқ медальге құмар болу, даңғойлық пен дарақылық – бүгінгі қазақтың асқынған ауруы. Мақтанқұмарлық сынды «алдамшы шындықтың» жетегінен еріп, адасып жүргендер қанша?! Соңында осы тақырыпты қамти келіп, автор кеудесіне медаль тағу – қойылымға тұздық болды. Қанаттың әңгімелерін оқып отырып, Чеховтың кейіпкерлері көз алдыма елестей берді. Театрда сахналанып жүрген кей комедиялар дарақылықпен шектен шығып кететіні бар. Көрерменді «қытықтап», «тырналап» күлдіргісі келеді. Ал аталмыш спектакльдегі әжуа мен әзіл де интеллектуалды деңгейде, мәдениетті орындалды. Және осынысы ерекше ұнады. Дарақылық пен есерсоқтықтан ада, өз деңгейінде шебер орындалған жұп-жұмыр жұмыс деп бағалар едім.

Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы