Азия чемпионаты. Қазақтар қандай қауқар көрсетті?

Астана қаласында 9-14 сәуір аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионаты өтті.
Елордаға Азияның азулы апайтөс балуандары жиналып, өз шеберліктерін көрсетті.
Сол аралықта мықты деген құрамалардың балуандарымен жақын жүріп, дайындықтарын көріп, бапкерлер және спортшылармен тілдестік.
Грек-рим күресі
Иран балуандары күшке салады. Грек-рим күресінен Иран балуандарына Азиядан ешкім тең келе алмайтыны баршаға мәлім. Олар әлем бойынша да көшбасшылардың қатарында. Олардың күрес мектебі жақсы. Тарихта талай олимпиада және әлем чемпиондары шыққан.
Жалпы Иран балуандары елорда төріне келгенде басқаларынан ерекше бір дайындалып жатқаны байқалмады. Өзге елдің балуандары сияқты жаттығу жасап жүре береді. Кілемдегі күрестерінде де артықшылығы жоқ. Көбінесе – ортаны бермей, бірінші болып жұмыс істеп, қарсыласын тығырыққа тірейді. Физикалық күштері басым. Күшке сенім артып, күшпен қарсыластарын тұқыртады. Соған қарағанда, балуандары көбінесе физикалық тұрғыда дайындалатын көрінеді.
Қырғыздар жаттығуға келгендей. Қырғыз елінің грек-рим балуандары соңғы уақытта әлемдік ареналарда атой салып жүргенін білеміз. Қырғыздардың Ақжолы мен Жоламаны күрестің нағыз шеберлеріне айналыпты. Күрестері ғажап. Екеуі де 2 жыл қатарынан құрлық біріншілігінде топ жарды. Күрестерінде мін жоқ. Кілемдегі қарсыластарын қарсылас құрлы көрмейді. Олай да, былай да лақтырады, алып та, шалып та жығады. Екеуі бұл жарысқа жай бір жаттығуға келгендей болды.
Қазақ балуандарында Иран мен Қырғыз балуандары сияқты әлеует жоқ. Балуандарымызға ең бірінші физикалық күш жетіспейді. Алғашқы минуттарда жақсы жұмыс жасап, соңғы 3 минутқа келгенде шаршап қалып жатады. Оны әр жарыс сайын көріп жүрміз. Сен кілем үстінде намысқа тырысып, мінезіңді көрсет. Айқайла, бақыр, секір… Алдында физикалық дайындығы жоғары, күші өзінен екі есе артық балуан тұрса оған ештеңе істей алмайсың. Бастапқы минуттарда әрекет жасайтын шығарсың. Өзінен күші басым балуанмен 2-3 минут алысып көр, сосын әлсірей бастайсың. Күшін кетіп, әлсіреген соң жеңіске деген жігерің таусылады. Қанша намысқа тырыссаң да дым да бітіре алмай шарасыздық күй кешесің.
Бұрын қандай болғанын білмедім, қазір физикалық күш күресте басты рөл ойнайды. Дзюдодан көріп жүрміз, жапондар ауыр салмақта Еуропа балуандарына қарағанда әлсіз. Қанша жерден техникасы мықты, жеңіске деген жігері жанып тұрса да физикалық тұрғыда күшті Еуропа балуандары ешқандай әрекет жасатқызбай, алып тастайтын көп жағдайда. Қазір жапондар соған көп көңіл бөліп жатыр.
Бізде де соған көп көңіл бөлу керек сияқты… Сосын бізде бәсекелестік жоқ. Баяғыдан келе жатқан балуандар әлі жүр құрамада. Қайда не жарыс болса да бірнешеуі бар, солар жүреді. Оларды ауыстыруға болмай ма? Арттарынан өсіп келе жатқан ешкімді де көрмейсің.
Әйелдер күресі
Жапон қыздары басқа ғаламшардан келгендей. Бұл елдің балуан қыздары туралы айтқанда, бұл елден талай Олимпиада және әлем чемпиондары шыққанын ескеру керек. Олимпиада сайын кемі 2-3 алтыннан алады. Әлем чемпионаттарында кемі 3-4 алтын және қола, күмістерді жаудырады.
Күрестері мүлде бөлек, басқа ғаламшардан келгендей көрінеді. Әр қызы барған жарыстарда орын алмаса да керемет өнерлерімен есте қалады. Астанадағы Азия чемпионатына екінші құрамын әкеліпті. Бірақ ішінде әлем чемпиондары да бар. Бірнеше күн іштерінде жүріп дайындықтарын қалт жібермей бақыладым. Жапондардың басқаларынан ерекшелігі – темірдей тәртіп сақталған. Әр қимылдары графикпен. Жаттығу болсын, бос уақыттарында да тек графикпен жүреді. Жаттығулары да өзгеше. Бір жаттығуды кемі 10 рет қайталайды. Көбінесе жылдамдыққа жұмыс жасайды. Қозғалыстары көз ілестірмейді. Бір жаттығу арасындағы үзіліс 7-8 секунд. Сосын қайтадан бастайды. Солай-солай жалғастыра береді. Бір-бірімен басқа елдердікі сияқты беталды жағаластырып күрестіре бермейді. Күрессе тек жылдамдыққа жұмыс істейді. Бір әдісті кемі 10-15 рет қайталайды.
Жапония әйелдер құрамасының бас бапкері Канехама Рионы әңгімеге тартып көрдік. Рионың айтуынша, Жапонияда 300 мың қыз күреспен айналысады. Неге аз дегенде көп ешкім қызықпайды дейді. Сонда да ішкі бәсекелестік мықты. Резерв бар. Кімді қай жарысқа апарса да қопарады. Риодан бірнеше құпиясын сұрағанда «күрескенде ізденіп, бірінші болып ұпай алу жағын қарастыру керек. Ұпай алған соң да тоқтап қалмай қарқынын одан ары арттырса, қарсыластың мысы басылады. Содан кейін өзің қалағаныңды істейсің» деді.
«Қазақстан қыздары Жапонияға барып, бірлескен оқу жиынын өткізсе қалай болады?» – деп сұрадық.
«Мархабат! Жапонияда 17-22 қазан күндері оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Сол кезде келсеңіздер болады», – деді.
Азия чемпионатына күресі ерекше Акари Фужинами деген қыз келді. Акари Фужинами басқалардан ерекше. Жаттығу залына кіріп келгенде еңсесін биік ұстап, жалындап, жұрттан ерекшеленіп, көзге бірден көрінеді. Өте ғажап қыз. Кілемге шыққан сәтте бабы келіскен жарау аттай ойнақтап тұрады. Бұрын-соңды бұндай қызды көрмеген екенмін. Бұның басқа жапон қыздарынан ерекшелігі жаттығуды командаластарынан қарағанда артығымен жасайды. Көбінесе жылдамдыққа. Барлығы бірдей дайындалған кезде арасында Акаридің жылдамдығына жететін ешкімді көрмейсің. Озакидің өзін жолда қалдырады. Басқалары демалып отырғанда Акари айналып жүгіріп жүреді. Тыным жоқ. Жаттығуға көп көңіл бөледі, темірдей тәртіпке бағынады. Басқа артық ештеңе жоқ.
Жарыс кезінде кілемге шыққанда сабырлы, салмақты, эмоциясын сыртқа білдірмей шығып, алдына қарсыласы келгенде жапырып өтеді. Күрес тактикасы да ерекше. Салған жерден алдындағысын жеп қоярдай болады. Қарсыласымен аңдысып тұру жоқ. Кім болса да адымын аштырмай, бірден шап береді. Жылдамдығы ерекше, артқа немесе аяққа өтіп кеткенін байқамай да қаласың. Өте ғажап. Жеңіп жатса да тоқтап қалу жоқ. Жеңіліп жатқандай қарқынына қарқын қосып, қалай да тез аяқтау жағын ойлайды.
19 жастағы қыздың статистикасы ерекше. 6 жылдан бері жеңілмей келеді. Халықаралық және Жапония ішкі жарыстарында барлығы 32 жарыста жеңіске жеткен. 6 жылда 119 қарсыласына ұпай бермей сан соқтырған. Бұл қазіргі уақытта күрес әлеміндегі рекорд болып тұр.
Қытай құрамасы ковидке байланысты ұзақ уақыт бойы көп жарыстан тыс қалған болатын. Елордадағы құрлық біріншілігіне Қытай құрамасын дағыстандық Маирбек Юсупов бастап келді. Дағыстандық мамандар 2022-жылдың аяғында бапкерлік қызметке кіріскен. Қытай балуандарын білеміз, әр жарыста бір-екі балуаны сенсация жасап, жарып шығады. Шетелден бапкерлер алғызғанның нәтижесінде бұрынғыдан да едәуір әлеуеттері жақсарып қалыпты. 3 қызы финалға шығып, екеуі чемпион атанып тамаша көрсеткішке қол жеткізді.
Қазақ қыздарының арасында да әлеуеті жоғары балуандар бар. Атап айтсақ, Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенова. Жәмила мен Эльмираның басқа қыздардан еш айырмашылығы жоқ. Барлық қыздармен бірге жүріп, бірге жаттығады. Екеуінің жеңіске деген талпынысы жақсы. Физикалық және функциональдық тұрғыда дайындықтары өзге спортшыларымыздан басым екенін байқауға болады. Қарсыластарының мысын басып, ұпай бермей тек қана жеңіс үшін күреседі. Екеуі де жеңімпаз болып Эльмира 2 дүркін, Жәмила 3 дүркін Азия чемпионы деген атақ иеленді. Қазір тәжірибелері толысып, әбден піскен. Әр белдесулерінде асықпай, саспай жүріп, өз мәнерлерінде күрес көрсетеді. Осы қарқынмен күрессе, биыл әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге болады.
Еркін күрес
Иранның еркін күрес шеберлері әлемде теңдессіз екені жасырын емес. Иран балуандарының қарым-қабілетін білеміз. Иранда грек-рим мен еркін күрес шарықтап дамып кеткен. Олимпиада мен әлем шыңына шыққан талай мықтылары бар. Әр балуаны қатысқан жарыста фавориттердің қатарында болады. Бұл Азия чемпионатына екінші, үшінші нөмірлі балуандарын қосты. Арасында бірнеше үздік балуандары да келді.
Парсы балуандары алынбас қамалдай болып көрінгенмен көп сәттерде есе жіберіп жатты. Бір балуаны ғана қарсыласқа шақ келтірмеді. Ол – Рахман Амоузад Халили, 21 жаста. Алмағаны тек Олимпиаданың алтыны. Жастар, жасөспірімдер және ересектер арасында әлем чемпионы. 2 дүркін Азия чемпионы.
Иран бапкерлері оны «жай бір терін шығарып алуға келдік. Басты мақсат – биыл әлем чемпионын жеңіп алып, олимпиадаға дайындалу», – деді. Басқа балуандармен жіберген қателіктері үшін жұмыс жасайтынын айтты. Ирандарда ең бастысы – резерв бар. Бәсекелестік күшті. Осы жолы кеткен қателіктерді келесіде қайталай қоймайтындарына сенімді.
Жапонның кез келген балуанытоп жарып шығатыны бар. Күрес, тағы басқа күш қолданылатын спорт түріне жапондар жүйелі түрде ден қойған. Осы құрлық біріншілігіне Жапония бірінші нөмірлі балуандарын жібермеді. Кілең жастарға сенім артыпты. Өздеріне тән жеңіс үшін қай-қайсысы да аянбай күреседі. Әр балуанының аяқалысы жаман емес. Жеңіске деген сенімділіктері және ширақ өнерлерімен көзге түсті. Күрестеріне қарап сүйсінесің. Екі балуаны финалға шығып, біреуі алтын медаль еншіледі. Бірнеше балуаны қола медаль алды. Тынбай еңбектеніп, темірдей тәртіп болған жерде осындай нәтиже болады.
Қазақстан еркін күрес шеберлері өте жақсы күресті. Дайындықтары мықты, бабында топқа қосылды. Жаңадан қосылған бір-екі балуанның күресіне тәнті болдық. Бірақ арасында кейбір балуандар мүмкіндіктерін толық аша алған жоқ.
57 келіде Рақат Қалжанды финалда күреседі, өткен жылғы нәтижесін жақсартады деп ойлаған едік, алғашқы белдесуінде-ақ қырғыз балуанына есе жіберіп қойды. Қырғыз балуаны финалға шыққанының арқасында қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алып, әйтеуір жүлде еншіледі.
61 келіде Нұрболат Әбдуәлиев алғашқы айналымнан аса алмады. Қолынан келгенін істеді, бірақ жетпеді.
65 келіде Санжар Мұқтар алғашқы белдесуін сәтті бастағанмен, екінші белдесуінде Иранның жас жұлдызы Рахман Моуза Амоузадхалиге ешқандай қауқар көрсете алмады. Қола медаль үшін белдесуде де жапон балуанына ештеңе жасай алмай, жеңіліп қалды. 65 келі олимпиадалық салмақ. Бұл салмақта біздің балуандар соңғы жылдары Азиядан медаль ала алмай жүр. Олимпиадаға да аз уақыт қалды. Былай жүре берсе, лицензия ала алмай қалуы да мүмкін.
70 келі салмақта Санжар Досжанов сенсация жасап, ел мерейін асқақтатты. Санжардың күресіне риза болдық.
74 келіде Дархан Есенғали жарады. Барлық белдесуінде өз тактикасымен күресіп шықты. Оңайлықпен қарсыласқа ұпай бермейтін, ақылға салып, баспен жұмыс жасайтын балуандардың бірі екенін көрсетті. Дархан есеппен күресетін балуан екен. Қарсыластан бір бас жоғары болса да, атой салып, ұтуға асықпайды. Осы балуандар әлем чемпионаттарында осы қарқынын жоғалтып алмаса дейміз.
79 келіде тәжірибелі сақа балуан Болат Сақаев қалағанына қол жеткізді. Болаттың бір жарқырайтын уақыты болған. Тәжірибелі балуан. Талай жыл құрамада жүрді. Өз елімізде өткен құрлық біріншілігінде көптен күткен алтынды иеленді.
86 келіде Азамат Дәулетбековтің чемпион болатыны белгілі болған. Басты фаворит сол еді. Барлық жағынан мықты екенін көрсетті. Қалағанын алды. Азамат енді әлем чемпионаты және олимпиадада өз салмағындағы Иран мен Америка балуанын қалайда жеңу керек.
92 келіде 19 жастағы Ризабектің қимылы ширақ, физикалық әлеуеті зор балуан екен. Қорғанысы да мықты. Қарсыласын оңайлықпен өткізбейді. Өз-өзін жоғалтып алмай, осы қарқынынан таймаса біразға баруға тиіс.
97 келіде Бекзат Үркімбайға функциялық және физикалық дайындық жетпей қалды. Кавказ бен парсы балуанына қарсы дұрыс күрес көрсете алмады.
Ауыр салмақта Юсуп Батырмурзаев жақсы бастағанымен финалда моңғол балуанына ештеңе істей алмады. Лхагвагэрэл физикалық және техникалық тұрғыда өте мықты екен. Баяғы Юсуп әлі өзгермеген. Финалда тактиканы дұрыс қоймады. Сайыс толықтай моңғол балуанының тактикасымен өрбіді.
Чемпионат қорытындысы:
Классиктерден 5 алтын, 2 күміс, 1 қоламен Иран жеке дара шықты.
Қырғыз балуандары – 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алып, екінші орынға жайғасса, Қазақстан классиктері – 1 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль еншілеп, үштікті қорытындылады.
Қыздар бәсекесінде Жапония құрамасы көш бастады. Күн шығыс елінің балуан қыздары 5 алтын, 2 күміс, 2 қола иеленді.
Қытай – 2 алтын, 1 күміс, 2 қоламен екінші орында.
Үнді қыздары – 2 күміс, 4 қоламен үздік үштікте.
Еркін күрестен Қазақстан жеке дара көш бастады. 4 алтын медаль. Қазақ жігіттері одан басқа 2 күміс, 1 қола иеленді.
Жапония – 1 алтын, 1 күміс, 4 қоламен екінші орында;
Иран құрамасы – 1 алтын, 1 күміс, 3 қоламен үшінші орынға табан тіреді.