Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Астанаға келді
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуіне қатысу үшін Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Астанаға келді.
Әлиевті елорда әуежайында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов күтіп алды.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 14,3%-ға артып, $529,4 млн-ды құрады, биылғы қаңтар-маусым айларында $280,6 млн-ға жетті.
Үкіметтер мұнай-газ, көлік-логистика, цифрлық коммуникация және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде Каспий теңізінің түбімен оптикалық-талшықты байланыс желісін және терең су электр кабелін тарту жобалары бар.
Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық әлеуетін ашу мақсатында бірлескен тікелей инвестиция қоры құрылды.
Аймақтық ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге бағытталған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Соңғы бес жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда көлемі $5,7 млрд-тан $11 млрд-қа дейін өсті. Қазақстанның ОА елдерімен сауда-саттық көлемі өткен жылы 26,8%-ға өсіп, $8 млрд-қа жеткен.