Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 21 Желтоқсан 2023

Бағаны көтеріп, суды үнемдеу әдісі

суармалы су
Фото: из открытых источников

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап суармалы судың орташа тарифі текше метріне 1 теңге болады. Бағаның көтерілуі туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов хабарлады. Ауыз су тарифі бойынша жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізбек.

Қазір елімізде 2 млн гектар суармалы жер бар. Сол жердің жартысынан астамы Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында. 2022-2023 жылдары барлық тұтынушыларға арналар арқылы 9,4 миллиард текше метр су берілсе, соның ішінде шаруашылық аралық және шаруашылық ішкі каналдарда ысырап көлемі 2,15 млрд текше метрді құрап отыр. Сондықтан суды үнемдеу үшін бағаны көтеру әдісі қолданылмақ.

Енді суды нормативтен тыс пайдалану да жаңа тариф бойынша төленеді. Тариф көтерудің есебінен алдағы бес жыл ішінде ирригациялық жүйелерді жөндеуге қосымша 100 млрд теңге инвестиция тартылып, «Қазсушар» қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өседі деп жоспарланған. Еске сала кетейік, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап елімізде суармалы суды беру тарифі 0,421 теңгеден 0,739 теңгеге дейін өскен болатын. Ол кезде де суармалы суға тарифтерді көтеру мәжбүрлі шара екені айтылған. Өйткені сол кездегі баға деңгейі магистральды арналарға кететін шығындарды өтей алмаған.

Бұл жолы да тарифті көтеру туралы өтінімді «Қазсушар» берген. Олардың 2024-2028 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасына сүйенсек, түскен қосымша қаражат 111 млрд теңгеге бағаланған гидротехникалық құрылыстарды қайта құруға, жобалық құжаттамаларды әзірлеуге, жабдықтар мен арнайы техника сатып алуға мүмкіндік береді деп көзделген. Ал шаруалар су тапшылығы мен қолайсыз климаттың әсерінен онсызда егін ысырап болып, табысымыз азайды, ал тарифтің қымбаттауы қосымша жүктеме болады деп ішінара наразылықтарын білдіруде.

Ал министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге субсидия беруді жалғастыра береді. «Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы суармалы суды 50 пайыздан 85 пайызға дейін субсидиялау бағдарламасы бар. Шаруа қожалықтарының суару суын мемлекет субсидиялайды. Егер фермерлер ылғал үнемдейтін технологияларды қолданатын болса, мұндай технологияларды пайдаланбайтындарға қарағанда көбірек субсидия ала алады», – дейді Нұржігітов.

    Баян Мұратбекқызы