Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
00:56, 08 Маусым 2018

Бағытымыз дұрыс сияқты

Қазақстан – Әзірбайжан – 3:0Голдар: Муртазаев 12, Мұжықов, 14, Зайнутдинов 90Ескерту: Тұңғышбаев, 48, Жуков, 90+2,  Халилзаде, 35Қазақстан: Ерич, Малый, Шомко (к) (Сүйімбаев, 52), Постников, Бейсебеков, Мұжықов (Зайнутдинов, 64), Исламхан (Вороговский, 89), Қуат (Логвиненко, 68), Тұңғышбаев (Жуков, 53), Муртазаев, Щеткин (Тұрысбек, 82)Әзірбайжан: К.
Ағаев (к), Гараев, Медведев, Абдуллаев (Аласкаров, 63), Р.Гурбанов (Шейдаев, 72), Назаров (Диниев, 46), Абышов (Маммадов, 73), Гусейнов (Имамбердиев, 63), Халилзаде, Мадатов, И.Гурбанов (Аббасов, 46)Төреші Александр ТянАстана, «Астана Арена» стадионы, 22 500 көрерменҰлттар лигасы алдында соңғы жолдастық кездесудің нәтижесі көңілімізден шықты. Матч қарсаңында бас бапкер С.Стойлов нәтижеге онша алаңдамайтынын айтса да, көңілінің бір түкпірінде жеңісті межелегені күмәнсіз. Өйткені Қазақстан құрамасы бірінші минуттан-ақ жеңіс үшін жанын салды. Құдды мүлтіксіз механизмдей, барлық футболшы бір мүдде үшін күресіп жатқаны көрініп тұрды.Күткеніміздей, бапкер ойын хаттамасына Станислав Лунин мен Еркебұлан Сейдахметті қосқан жоқ. Екеуі де сақтық шарасымен ойыннан тыс қалды. Жарақаттарын толық емдеп бітпей, тәуекелге барудың қажеті шамалы еді. Бапкер Лунинді сынап көре алмайтынына өкініш білдірді. Дегенмен әзірше Лунин ойнайтын шепте – қорғаныстың оң қапталында кандидаттан кемдік жоқ сияқты. Негізгі құрамда ойнаған Абзал Бейсебеков те, Ян Вороговский де, Елдос Ахметов те, қажет болса Евгений Постников та осы шепте ойнай алады.Тағы бір мәжбүрлі қадам сол Постниковты құрамада орнықтырып жатқандай көрінді. Юрий Логвиненко жарақатынан енді ғана айықты. Сондықтан оны бірден майданға салу ауырлау. Оның орнын басқан Постников «Астанада» да, ұлттық құрамада да өте жинақы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Демек, күзде Ұлттар лигасы басталғанда бас жаттықтырушы орталық қорғаныс шебіне бірнеше кандидатты лайықтап қоюы мүмкін. Әзірбайжандармен кездесуде бір рет қана сол жақтан андыздаған шабуылды жіберіп қойғаны болмаса, Қазақстан құрамасының қорғанысы тіпті сыр берген жоқ. Қақпамызға төрт-ақ соққы жасатты, соның біреуі ғана тура тебілді, үшеуі далаға кетті. Демек, алдағы уақытта Постников–Малый–Логвиненко үштігі қорғаныстың негізгі шаруасына жауапты болады, оларға Ахметов пен Әліп көмекке келуге дайын болуға тиіс.Қазақстан құрамасы бұл матчта өз мүмкіндігін дәл шамалағандай көрінді. Яғни алдымен үздіксіз шабуылдап, мүмкіндігінше қажет голдарды соғып алу, содан кейін жағдайға қарай тактика ұстану. Алғашқы 30-35 минутта жігіттердің екпіні тау құлатардай болды да, артынан сәл шаршағаны сезілді. Дегенмен шегіне ойнаған сәттерде де шептер арасында алшақтық болған жоқ. Оның үстіне алаңға екінші таймда шыққан футболшылар да ойынды күшейтті.Оң қанаттағы шабуылдаушы Еркебұлан Тұңғышбаев көп жағдайда елеусіз қалып қойды. Сондықтан «Ордабасының» түлегі ойынын жақсартуды ойлауға тиіс. Ал шабуылшы Алексей Щеткин тамаша екі мүмкіндікті пайдалана алмады. Әрине, тепкеннің бәрі гол бола беруі мүмкін емес, бірақ әріптестердің еңбегіне нүкте қоя білу шабуылшының басты міндеті емес пе?Үш голдың сипаты үш түрлі болды, ең бастысы, олар Қазақстан құрамасының әр қауіпті сәтті дұрыс шеше алатынын көрсеткендей. Алғашқы гол стандарттан соғылды. Қарсыластың айып алаңында әуелеген доптарға қожалық ету мәселесі оңынан шешіле бастағандай. Ал екінші голға сол қанаттың ойыншылары түгел қатысты. Мұнда Муртазаевтың сұңғыла пасын да, Мұжықовтың жеке шеберлігі мен тәуекелін де атап көрсетуге тиіспіз. Серікжан қарсыластың қорғанысын бір-ақ қимылмен қиып тастап, сол аяғымен алыс бұрышты солқ еткізді. Ал үшінші гол – Зайнутдиновтың қапысыз шеберлігі. Қорғаныстың барлық тұсы тарс бекітулі екенін тез аңдап, ол алыстан шірене тартты. Міне, осындай тәуекел бізге бұрын жетісе бермейтін-ді.Бұл ойын үмітті одан әрі үрледі. Күзге қарай сөзіміз іспен қабысса, қанеки!..Есалы Өстемір
Тегтер: