Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:37

Baitursynuly University-де жасанды интеллектінің білім беру жүйесіндегі рөлі талқыланды

1

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Цифрлық трансформация және жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру жүйесінің өзекті міндеттері» атты ИННОВА-2026 халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.

Конференция цифрлық трансформация және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқылауға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды.

Іс-шара академиялық қоғамдастықтың өкілдерін, жұмыс берушілер мен зерттеушілерді, тәжірибелі мамандарды бір жерге біріктірді. ИННОВА-2026 конференциясына Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан 100-ден астам зерттеушілер мен практик мамандар, сондай-ақ халықаралық әріптестер қатысып, оның халықаралық маңызын көрсетті.

Конференцияны ашып берген ҚӨУ-нің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева заманауи білім беруде бағдарлама мазмұнын және білім беру үлгілерін жаңарту, оқытушылар мен басқарушы кадрлардың жаңа кәсіби құзыреттіліктерін дамытуды талап ететін өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті.

Пленарлық отырыста спикерлер білім беруді дамытудың өзекті мәселелерін және әртүрлі салаларда жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдану жайын сөз етті. Сонымен қатар цифрлық білім берудің жаңа мүмкіндіктері мен сұранысқа ие құзыреттерді дамыту мәселелері талқыланды.

Конференцияның негізгі жұмысы білім берудің цифрлық трансформациясы, инклюзивті білім беру, инженерлік-аграрлық секторды дамыту және білім экономикасындағы пәнаралық тәсілдерді қамтитын төрт негізгі бағыт бойынша секциялық отырыстар форматында жалғасты.

– Бүгінгі таңда цифрландыру білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Біз білімді қолжетімді және сапалы ету үшін түрлі инновацияларды енгізіп жатырмыз. Бұл тұста екі жақты қарау керек. Мәселен, ЖИ математика оқытушысын алмастыра алмайды, бірақ жасанды интеллектінің жұмысын сыни тұрғыдан бағалау шеберлігін меңгерген мұғалім бүгінгі цифрлық Қазақстанда үлкен артықшылыққа ие, – деп атап өтті ҚӨУ физика, математика және цифрлық технология кафедрасының аға оқытушысы Жеңіскүл Демисенова.

Сонымен қатар ИННОВА-2026 жұмыс берушілермен панельдік пікірталас, воркшоп, дөңгелек үстел, оқу және ғылыми процестерді цифрландырудың практикалық нәтижелерін көрсететін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және робототехника көрмелерін қамтыды.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби диалогтың жоғары деңгейін және ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығын атап өтті. ИННОВА-2026 конференциясында түйілген түйіндер мен ұсыныстар цифрлық трансформация жағдайында білім беру сапасын арттыруға және университеттердің тұрақты дамуына бағытталған академиялық және басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болады.