Бай-манаптар енді «Бутаковканы» бұтақтауға көшкен бе?
Біздің алматылық бай-манаптар енді «Бутаковка» шатқалын иемденуге әрекет жасап жатқан тәрізді.
Олай деуімізге себеп – қазіргі уақытта Іле Алатауы паркінің құрамына енген, айрықша қорғалуы тиіс «Бутаковка» аймағында ерекше сәнді зәулім үй тұрғызыла бастапты. «Аумағы шамамен 500 шаршы метрді құрайтын зәулім үй кімге тиесілі, неліктен бұл табиғат аумағына құрылыс жүргізіле бастады» деген сауалдарға «Жас Алаштың» тілшілері де жауап іздеп көрді. Бірақ аталмыш аумақта құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан құрылысшылар «сауысқаннан сақ», барынша сыр алдырмауға тырысып бағады. Біз көлемі үлкен, әсем ғимаратты әу баста «шипажай немесе тағы басқа емдеу орталығына айналар» деп топшыладық.
Дегенмен нысан құрылысымен айналысушылардың айтуынша, бұл жекеменшік үй. Анықтап білгеніміздей, зәулім сарай Әсет Бейсеуов көшесінде орналасқан. Үй құрылысын салу үшін арнайы тендер жарияланып, бірді-екілі емес, батпандай 20 фирма жұмысқа тартылыпты.
Сонымен, бұған дейін атауының өзі пікірталасқа түсіп келген «Бутаковка» шатқалының табиғатына қауіп төніп тұр ма?! Табиғаттың тағдырын тендерге салып, шатқалдың басынан көңіл хошы қалайтындай зәулім үй тұрғызып жатқан мықты кім? Ол арасы әзірге құпия. Бірақ осы уақытқа дейін экологтардың өзі «Бутаковканың» атауынан бастап, «экологиясына дейін айрықша құрметпен қарауымыз қажет» деп жүргенін біз білеміз. Мысалы, 2018 жылы Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрған тұста «Бутаковка» шатқалын «Мұзтау» деп өзгерту туралы мәселе көтерілген. Соның негізінде экологтар «Бутаковка» сөзінің шығу төркіні – «Бұтақты». Сайдың тарихи атауы – Бұтақты, кейін орыстар өз тілдеріне ыңғайлап Бутаковка атап кеткен-мыс» деген уәждер айтады. Ал осы шатқалдың маңындағы ағаштардың кесіліп, құрылыс жұмысы жүргізіле бастағанына экологтардан бөлек, құқық қорғаушылардың да іші ашиды. Бұл ретте бізге пікір білдірген құқық қорғаушы Ермек Ниязбеков:
– «Бутаковкадағы» шыршалар еуропалық, олар 50 жыл бұрын егілген. 2019 жылдан бері «қатты желдің салдарынан топырақ босап, ағаштардың тамыры опырылғалы жатыр» деген желеумен «Бутаковкадағы» осы шыршалар кесіле бастады. Іле Алатауы паркіндегілер «өзге сау ағаштарды сақтап қалу үшін осындай әрекетке барып жатырмыз» дегенді айтады. Бірақ сол кезде «бұл үлкен құрылыс жұмысын жүргізу үшін дайындалып жатқан қадам емес пе» деп топшылағандар да болды. Міне, қазір сіздер құрылыс жұмысы жүргізіле бастағанын айтып отырсыздар. Бұған тоқтам болу керек. Бұл экологиялық апатқа апаратын құбылыс, – дейді.
Сала мамандарының пайымдауынша, табиғат аймақтарын талан-таражға салып, бай-манаптарға баспана немесе басқа да құрылыс нысандарын жүргізуге жол беруге болмайды. Алдағы уақытта Алматы әкімдігі, жауапты министрліктер осы мәселені ұққаны жөн. Мұндай жайттар қоғам наразылығын өршітуі әбден мүмкін.
– Экология, геология және табиғи ресурстар министрі былтыр Іле Алатауының баурайындағы қорықтарды 49 жылға жалға берді. Ұлттық парктерді 49 жылға жалға беру – заңға қайшы дүние. Бұл стратегиялық қателік. Біз халықаралық талаптарды, конвенциялардағы келісімшарттарды сақтауымыз керек. «Ғаламдық экологиялық қор» деген болады. Ерекше қорғалатын экологиялық аумақ та болады. Осы халықаралық талаптарға сай, Қазақстан конвенцияға қол қойған ел ретінде бұл қорықтарды, ұлттық парктерді көзінің қарашығындай сақтауы тиіс. Сондықтан болашақта экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге қатаң бақылау орнатуы керек, – дейді құқық қорғаушы Ермек Ниязбеков.
Біз де өз кезегімізде «Бутаковканы» бұтақтауға көшкеер кімдер? Жазғытұрым ел саясын паналайтын бұл табиғи аумаққа неліктен жекеменшік үй салынуы керек» деген сауалды Алматы қаласының әкімдігіне және табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу департаментіне және экология министрлігіне жолдағымыз келеді. Сондай-ақ «бір үйді салу үшін арнайы тендер жариялап, 20 фирманы құрылыс жұмысына жұмылдырған» деген ақпарат та сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің назарынан тыс қалмас деген ойдамыз.