Бәйдібек баба: ол кім?

«Бір кісінің баласындай бол, Бір қолдың саласындай бол».
Бәйдібектің ұрпағына қалдырған өсиеті
Тараз қаласының орталық алаңында баяғы Лениннің орнында қазір ауыздығымен алысқан тұлпар мінген Бәйдібек баба келе жатыр.
Қазақстанда оның есімімен аталатын аудан бар. Оның есімі елді мекендердегі көшелерге берілген. Алайда жасыратыны жоқ, халқымыздың осы тарихи тұлғаның тағдырынан хабарлары шамалы. Бар білетініміз – қазақ шежіресіндегі Бәйдібек туралы деректер. Ол бойынша Бәйдібек қазақтың он екі тайпасының жетеуінің арғы атасы, шешен әрі би. Оның есімі халықтың санасы мен жадында жақсы сақталғандықтан, қазақ халқының шығу тегін зерттеген ХІХ ғасырдағы орыс ғалымдары өздерінің зерттеулерінде және шежірелік материалдарды дерек ретінде қолданғанда Бәйдібек бабаның есімін әрқашан да атап өтеді. Осының нақты көрінісі, қазақ халқының шығу тегі мен этникалық құрамы жөнінде ХІХ ғасыр соңында іргелі еңбек жазған Н.А.Аристовтың Бәйдібек бабаны сарыүйсін, шапырашты, ошақты, ысты, албан, суан, дулат тайпаларының арғы атасы ретінде көрсететін мәліметтерге назар аударуы болса, ал орыс экспедицияларының ХХ ғасыр басындағы қазақтардың жер пайдалануы жөніндегі материалдарында Бәйдібек баба есімінің қазақ тайпаларының этникалық құрамын бейнелейтін шежіре-кестесінде кездесуі дер едік(Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. –СПб., 1897. -395 б.; Материалы по киргизскому землепользованию, района реки Чу и низовьев реки Таласа Черняевского и Аулиеатинского уездов Сырь-Дарьинской области. – Ташкент, 1915. -1-2 бб.). Халық санасында берік орын тепкен бұл ақиқатты тіптен ру-тайпаны ауызға алудан қорқатын коммунистік тоталитарлық жүйе дәуіріндегі зерттеушілер де айналып өте алған жоқ. 1973 жылы жарыққа шыққан көптомдық «Қазақ совет энциклопедиясында» Бәйдібекке қысқа түрде болса да, тарихи анықтаманың берілуі осының дәлелі. Тәуелсіздік тұсында ғана елге белгілі болып, жарыққа шыққан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деп аталатын тарихи деректерге бай әйгілі еңбегі Бәйдібек туралы айтылатын шежірелік әңгімелерді айқындай түсті. Осы еңбекте Бәйдібектен тараған делінетін қазақ руларының шынайы және жанама есімдері нақты көрсетілді. Мысалы, осында «түргеш» деп жүргеніміз шын мәнінде сарыүйсін тайпасының жанама аты болып табылатыны анық айтылған. Бүгінде бұл мәселе ғылыми тұрғыдан да Қытайда өмір сүрген қазақ профессоры Нығмет Мыңжанның және осы мәселеден диссертация қорғаған, қытай тіліне жетік Әлімғазы Дәулетханның еңбектерінде дәлелденген. Жалпы, бүгінде Бәйдібекке қатысты жекелеген мақалалар, кітаптар, танымдық жинақтар баршылық. Бәйдібек бабаны жоғарыда аталған қазақ тайпаларының арғы бабасы ретінде қарастыруда бірауыздылық танытатын бұл жұмыстар, бірақ, қолдарына нақты деректер түспегендіктен, осы тұлғаның өмір сүрген уақытын анықтауда пікір алуандығына жол береді. Әсіресе бұл осы тарихи тұлғаның өмір сүрген заманына қатысты болып келеді. Авторлардың кейбірі «Бәйдібек шамамен І ғасырда өмір сүрген» десе, тарихи тұлғаның өмір сүрген кезеңін тіптен жылдармен көрсетіп, нақтылай түсетіндер де бар (әңгіме А.Асқаров, Е.Тұрысов, Ә.Байбатша, А.Селеубаев, Д.Дүйсенбаев және т.б. авторлар еңбектері туралы болып отыр).
Әдетте бұл пікірлер көбіне болжам ретінде айтылғандықтан, нақты да тереңірек ғылыми дәлелдеулерге мұқтаж болып жатады. Осындай тұжырымдар арасында Бәйдібек заманын VІ-VІІ ғасырлар тоғысынан іздестіретін ұйғарымдар басымдық алғанын айтқан жөн. Алайда Бәйдібек бабаны кейініректегі, басқа тарихи кезеңнен іздестіріп, оны Қазақ хандығы қарсаңындағы тайпалық одақтарды ұйымдастырушы ретінде көрсететіндер де бар. Мұнда да нақты мәлімет жоқтығына қарамастан, қайраткер тұлғаның өмір сүрген жылдарын дәлме-дәл айқындауға талпыныс байқалады. Олардың бірі Бәйдібек 1356-1419 жылдары өмір сүрген десе, ал қайсыбірі жылдарды емес, ғасырды нақтылаумен ғана шектеліп, ол ХV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға дегенді айтады. Мұндай пікірлерге құрметпен қарасақ та, оларға талдау жасағанда осы бағытта ізденушілердің біразының дәлелдері үстірт және жеткіліксіз екенін байқауға болады. Мысалы, Бәйдібек бабаның өмір сүрген уақыты VІ-VІІ ғасырлар тоғысы деп айтушылар әдетте тарихи жазба деректерде кездесетін Қара-Сор (Қара Чурин) атты тұлғаны есімі ұқсас болғандықтан ғана Қараша би деп қабылдап, одан әрі шежіреге сүйеніп, осы Қараша биден Бәйдібек туған деген болжамға жүгінеді. Бір қарағанда ақиқатқа жақындау көрінетін бұл тұжырымның ғылыми негізі осалдау. Оқырмандарға түсінікті болу үшін алғаш Түркі қағанаты мен Батыс Түрік қағанатының тарихында рөл атқарған Қара Чурин Түрік деген кім деген сауалға жауап іздеп көрелік. Бұл үшін алғаш осы кісінің әкесі, Ұлы Түрік қағанатындағы билеушілердің бірі Істеми қағанға тоқтала кетуге тура келеді. Аталған мемлекеттің батыс аймақтарын басқарған және батыстағы жорықтарға басшылық жасаған Істеми ханның Түрік мемлекетіне, батыста жаңа көп жерлерді жаулап алғаны тарихтан жақсы белгілі. 576 жылы ол қайтыс болып, орнына ұлдарының бірі – Қара-Сор (Қара Чурин) отырады. Ол да әкесі секілді қағанат тарихында белгілі тұлға. Алайда 580 жылға дейін күшейіп келген қағанат осы жылдан бастап өзінің құлдырау кезеңін басынан өткере бастайды. Құлдыраудың себебіне тақ үшін талас-тартыстар жатады. 604 жылы Қара-Сор (Қара Чурын) дүниеден қайтты. Л.Н.Гумилев аталған тұлғаның және одан соң таққа отырған оның ізбасарының қосалқы есімдерінің көне түркі тілінен аударғанда қандай мағыналар беретінін төмендегіше көрсеткен( Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы, 1994. -464-466 бб.).:
Дяньгу//Дяньго Дату-кэхань | Қара Журин Тюрк (парс.) | Кара Чурин Тюрк | Кемтар, алапес түрік. «Елдің батыс қанатының ханы». «Батыр, құдіретті» |
Жоғарыда атап кеттік, Бәйдібек бабаның өмір сүрген уақыты VІ-VІІ ғасырлар тоғысы деген пікірді айтушылар осы Қара-Сорды (Қара Чуринді) Қараша би деп қабылдап, одан әрі шежіреге сүйеніп, Қараша биден Бәйдібек туған деп көрсетеді. Біздің ойымызша, Қара Сорды Қараша деп қабылдау көңілге қонымсыз. Л.Н.Гумилев құрастырған Істеми хан ұрпақтарының кестесінде Істемиден Қара Жүрін (Қара Сор, Қара Чұрын) мен Түріксан атты екі ұл туған. Бәйдібек бабаның есімі, тіпті ол есімге ұқсас ат бұл кестеде кездеспейді.
Бірақ бұл жерде мынаны да айтпасқа болмайды: Қара Чұрын атты тарихи тұлға Қараша бидің өзі емес, оның әкесі, кезінде Майқы би атанып кеткен кемтар Майып-Бабыралы деп айтуға негіз бар. Өйткені Қара Чұрынның өмір сүрген және билікке келген жылдары осы Майқы бидің (Майып-Бабыралының) Жетісу өңіріне билік жасаған жылдарына сәйкес келеді. Осындайда айтпасқа болмас тағы бір маңызды мәселе: қазақ шежіресінде үш Майқы би бар. Сонымен қатар Майқы би башқұрт, қарақалпақ тәрізді халықтар шежірелерінде де бар. Оларда негізінен Шыңғысты хан көтеруге қатысқан атақты үшінші Майқы айтылады. Ал біздің айтып отырғанымыз – екінші Майқы би. Осы айтып отырғанға тағы бір маңызды дәлел – Қара Чұрынның аты көне түрікшеден аударғанда «кемтар, алапес түрік» деген мағынаны береді (Л.Гумилевті қараңыз). Мәселенің байыбына бару үшін Қазыбек бек Тауасарұлын оқысаңыз, ол өзінің атасы Матайдың жазбасына сүйеніп былай деп жазады: «Ақ (Ақдарлы – Т.О.) деген кісіден Бабыралы деген бала болған. Оның бір аяғы кем болғандықтан, жап-жақсы аты ұмытылып, Майып аталып кеткен. Ол өте пысық адам болғандықтан, кейін жұрт оны кемітіп айтуға ұялып, атам заманда өткен Майқы атымен атап жіберіпті. Қарақытайлар шабуыл жасап, Майыптың он екі ұлын өлтіріп кеткен. Жалғыз Қараша деген ұлы қалған». Ал енді Қарашаның батыр, құдіретті түрік болғаны белгілі. Осы еңбектің келесі бетінде тағы да осы Майқының (Майыптың) «кемтар болса да, аса пысық болғаны» атап көрсетілген. Ол халықтың сөзін сөйлеп, қытай ықпалына түскен жергілікті билеушілерді ығыстырып, Жетісудағы ықпалды тұлғаға айналған «елдің батыс қанатының ханы атанған» (Л.Гумилевті қараңыз). Алайда осындай ескертулермен ғана тарихи шындықты қалпына келтіре алмаспыз. Мұндайда Бәйдібектің атасы мен әкесінің VІ ғасырда, ал өзінің VІІ ғасырда өмір сүргенін дәлелдерден бұрын, алғаш жоғарыдағы пікірлерді, яғни Бәйдібек көрсетілген кезеңде емес, кейініректе, ХІV-ХV ғасырлар тоғысында өмір сүрді деген тұжырымды зерттеушілердің неге сүйеніп айтатындарын білгеніміз жөн. Осыған байланысты қазақ ру-тайпаларының тарихын зерттеумен осы жолдар авторының басшылығымен белсенді айналысқан «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдары осындай пікірдің орын алу себебін төмендегіше түсіндірген едік: ең алдымен мұндай көзқарас шежірелердегі Бәйдібектен басталатын аталар буындарын қазіргі ұрпақтарға дейін санау барысында қалыптасты. Мысалы, М.Тынышпаевтың шежіре кестесінде дулаттың сиқым руындағы Әжібек датқаның ұлы Байсейіттен (1925 жылы 75-тер шамасында болған) Бәйдібек бабаға дейінгі шежіренің 16 ата буынды құрайтыны анықталды (Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казахского народа. – Ташкент, 1925. -65 б.). Әр ата буын өсімін демографиялық тұрғыда орташа 30 жас мөлшерімен есептесек (16×30), бұл кезең 480 жылды құрайды. Ал енді Байсейіттің туған жылынан осы 480 жылды шегерсек, Бәйдібек заманы 1370 жылға сәйкес келеді. Дәл осындай есеппен осы шежіре-кестедегі Белғожаның (1925 жылы 50 жаста болған) ататегін қарастырсақ, оның бабалары Бәйдібекке дейінгі 15 шежірелік буынды құрайды. Яғни Белғожаның туған жылы 1875-тен 450-ді шегерсек, Бәйдібек баба 1425 жылы өмір сүрген болып шығады. Сондай-ақ осы шежіре-кестедегі басқа, шымыр рулық таралымындағы нақты адамдар – Қабылбек ұлы Тілеуқұлдың (1925 жылы 45 жаста болған), Бұралқы би ұлы Керімбайдың (1922 жылы қайтыс болған) Шымырға дейінгі аталары 13 болса, ал Бәйдібекке дейін 16 буынды құрайды. Бұл дегенің жоғарыдағыдай есептегенде Бәйдібек бабаның туған жылының 1400 жылға сәйкес келетінін көрсетеді. Сондай-ақ Бәйдібек бабадан тараған ұрпақтардың ата буындар сандары елге кеңінен таралып кеткен «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі» атты көптомдық шежірелер топтамасындағы «Жаныс», «Шымыр», «Сарыүйсін», «Шапырашты», «Албан», «Ошақты», «Ысты» атты көлемді шежірелік жинақтарда да осылай: осы рулар атын алған тұлғалардан қазіргі ұрпақтарға дейін 15-18 ата өмірден өткен. Яғни бұларда да XX ғасырдағы ұрпақтардан байырғы Бәйдібек бабаға дейінгі заманда 18-19 аталар өмірден өткен. Бұл дегенің Бәйдібектің өмір сүрген кезеңін тағы да шамамен 1420-1450 жылдарға алып барады және Бәйдібек осы тарихи кезеңнің, яғни ХІV ғасырдың соңында, ХV ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген деп логикалық тұрғыдан қисынды қорытынды жасауға еріксіз итермелейді. Ұрпақтар демографиясының өрбу заңдылығы тұрғысынан дәлелді көрінетін және көптеген қосалқы шежірелік деректер бекітіп отырған осы пікірде, яғни Бәйдібек XIV-XV ғасырлар тоғысында өмір сүрді деген тұжырымды біз де қолдар едік, егер де тәуелсіз елімізде жаңа тарихи деректерді зерттеуге мүмкіндіктер тумаса. Айтып отырғанымыздың алғашқысы – ең алдымен Есім ханның замандасы болып табылатын Матай би жазып қалдырған қазақ шежіресінің Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде жарияланған жоғарыдағы Бәйдібектен таратылатын жоғарыдағы жеті тайпаға қатысты нұсқасы. ХVІ ғасырда Қазақ хандығы заманында жазылған бұл шежірелік дерек жоғарыдағы біз баяндаған тұжырымды жоққа шығарады. Жаңа табылған шежірелерде Бәйдібек VІІ ғасырда өмір сүрген тұлға ретінде дәлелді көрсетілген. Сонымен қатар Бәйдібекті баба тұтатын тайпалардың соңғы табылған шежірелік нұсқаларынан біз пайдаланып жүрген бүгінгі қазақ шежірелерінің айырмашылығы – жаңадан мәлім болған шежірелерде VII-XIV ғасырлар аралығындағы 28-32 аталар есімдері ұмытылып, шежірелерге кірмей қалған. Бұл аталар біз бұрынғы қолданыстағы шежірелерге сүйеніп есептеген Бәйдібекке дейінгі 13-16 аталар санына кірмей қалған. Яғни Бәйдібекті XIV-XV ғасырлар тоғысында өмір сүрген деп көрсетуге негіз болатын жоғарыдағы біз талдаған шежірелер тарихи шындықты бейнелей алмайды. Ал енді Бәйдібектің әкесі Қарашаға келер болсақ, «ел быт-шыт болып жаугершілік заманда Үш Қараш астындағы байырғы үйсіндерге астана болған Шығу қаласында Майып-Бабыралыұлы Қараша хижрадан 38 жыл бұрын дүниеге келген (бұл қазіргі жыл санау бойынша 584 жыл – Т.О.). Майыптың бұл баласы Қараш (Қараша деп те атайды) билікке араласып, әкесінің көзі тірісінде Жетісуды билеген. Сондықтан да ол заманда Қараша би атанған». Қарашадан қытайлықтар да қатты қаймыққан. Ол туралы аталған еңбекте мынадай жолдар бар: «36 жылы (қазіргі жыл санау бойынша 658 жылы – Т.О.) Қараша би қазақтың басын қоспақ болып, жүз мыңнан аса қол жинап, қытайлармен соғыс салып, өзі Қаратауға, Ұлытауға көшіп қыстап, жайлап арыстап жүрген. Мамыражай бейқұт заман отыз жылға созылған. Отыз жылдай ұрыс көрмеген қазақтар ежелгідей ерулік-қарулық берісіп, құда түсіп, құйрық-бауыр асасып, андаласып, жағасы жайлау, етегі қыстау болған» (кітаптың 69-беті). Бұл айтылғандардың рас екенін басқа, тәуелсіз жанама деректен де байқаймыз.
Қарашаның осы жорығы қытай жылнамасында егжей-тегжейлі баяндалған. Ол онда Қара деген атпен берілген және оның кезінде Батыс түрікті билеген Істеми қағанға «жүрежат», яғни ағайын болып келетіні айтылады. Осындайда ескерте кетер бір маңызды мәселе – VІІІ ғасырға дейін Батыс түрік, яғни «Он оқ елін» басқарғандар түгелдей Ашына (Ашина) әулетінің ұрпақтарына жатқызылды. Бұлай болмағанда қытай басшылығы қаған болып таққа отырған тұлғаны мойындамас еді. Тек VІІІ ғасырдан соң ғана «Он оқ елі» енді Түргеш (Сарыүйсін) елі аталып, оны басқарушылар өздерінің жергілікті үйсіндер әулетінен шыққандарын ашып айтатын болды. Сондықтан Қара да қытай жылнамасында Ашина әулетінен шықпаса да, соған ағайын тұлға ретінде берілген. Енді осы ежелгі қытай жылнамасынан үзінді оқиық: «(Таң Гаузуң заманы) шянчиңның алғашқы жылында (656) Су Диңфаң Іле бағытының аға жорық төбенайы (қолбасшысы – Т.О.) болып көтеріліп,… Құйғыр (ұйғыр – Т.О.) Бәнендерді бастап, Қараны түбегейлі құртуға аттанды.… Су Диңфаң сайлауыт атты жасақпен Ертіс өзенінің батыс жағында Шөмекендерге (шөмекейлерге – Т.О.) шабуыл жасап, жеңіске жетті. Қара Он оқтың (болашақта Түргеш қағанаты аталатын тайпалардың – Т.О.) жүз мың атты сарбазын бастап қарсы шеп түзеді. Су Диңфаң жауға он мың адаммен келді.… Су Диңфаң жаяу әскерлерін бір жазықайға найзаларының ұшын сыртқа қарай кезетіп сапқа тұрды да, өзі атты сарбаздарымен олардың сырт жағына бекінді. Қара алдымен жаяу әскерлерге қарай тап берді, үш реткі шабуыл тойтарылды. Су Диңфаң оның тарыққан орайын бағып отырып, атты сарбаздарымен лап қойғанда Қараның қолы күл-талқан болды. Су Диңфаң ығысқан жауды ондаған ли тықсырып, отыз мың адамын қырды және тұтқынға алды.… екі жүз төбе ұлыс бегі жер жастанды, ертеңінде тағы да өкшелей қуғанда Бес Нүшбе түгел бағынды». (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (б.з. 275-840 жылдар). Екінші кітап. -191 б..). Деректің басқа жерінде де қайталанатындықтан, бұл соғыстың болғаны рас деуге тура келеді. Әрине, мұнда қытайлықтар өз қолбасысының ерлігін асыра мақтап жібергендері байқалады. Бұл соғыстың өзі және осы деректерде «құйғырлар» деп көрсетілген ұйғырлардың қытайды қолдағандары Қазыбек бекте де айтылады. Бірақ әдеттегіше соғыс нәтижесін қытай жылнамашылары өз пайдаларына бұрып, жеңілістерінен гөрі жеңістерін өсіріп көрсетуге бейім тұр. Алайда біз үшін бұл мәселе маңызды емес. Маңыздысы – қытай жылнамасы Қазыбек бектің кітабындағы деректі толығымен растайды. Онда Қараның (Қараша бидің) өзінің ордасын Мыңбұлаққа тіккені және осында өзін-өзі Ышбара қаған деп жариялағаны, қытаймен болған шайқастардан кейін онымен келіссөзге барып, ұзақ уақыт бейбітшілік орнатқаны да айтылған. Едәуір көлемді бұл деректе біз үшін тағы бір маңыздысы – Қара ел билігін қолға алған соң, өзінің Терғұн (Тарғын) атты ұлын Бағадұр яғбу деген атпен қол астындағы туыстас тайпаларға басшы етіп тағайындаған. Біздің ойымызша, қытай жылнамасында осындай қосымша атпен жүрген Бағадұр яғбуымыз – Бәйдібектің өзі. Қазыбек бек Қараның кезінде қытай мен ұйғырдан елді қорғап, Қаратаудан Ұлытауға дейін көшіп жүргенін айтса, ал қытай жылнамасы бейбітшіл болғандықтан, қытай билігі тарапынан да құрметке бөленген Қара өлген соң, оның денесі бұрынғы Ілік қағанның қабірінің жанына жерленгенін айтады. Ал енді Ілік қағанның денесінің өртеліп, қытайлар қарауындағы аймаққа жерленгені белгілі. Бұл жерде ойланатын нәрсе, заманында аса белгілі болса да, қытай жылнамасында айтылғандай, Қарашаның (Қараның) денесі жау қолындағы аймақта қалғандықтан, оның қабірі кейінгі ұрпаққа белгісіз болып қалған-ау деген ойға еріксіз жетелейді. Осы жерде айтпай кетуге болмайтын тағы бір маңызды мәселе бар. Ол мынау: ежелгі қытай жылнамасында Қараша есімді тағы бір тарихи тұлға кездеседі. Онда мынадай жолдар бар: «Елі Панкүлтегіннің ұлын Озмыш қаған, оның ұлы Қарашаны оң қол шад етіп тағайындады» (Ұлы Түрік қағанаты. Қытай деректері мен түсініктер. ҚХР Шынжаң жастар-өрендер баспасы. -Үрімжі, 2006.-248 б.). Бұл 744 жылы болған оқиға. Бұл Қараша, әрине, Бәйдібектің әкесі емес. Өйткені бұл Қараша Бәйдібектің әкесінен көп кейін өмір сүрген. Алайда біздің әңгімеміздің негізгі арқауы Қараш емес, оның ұлы Бәйдібек болғандықтан, біз басты дәлел ретінде сүйеніп отырған Қазыбектің бабасынан қалған осы деректің бұл туралы не дейтініне тоқталайық: «...Қараштан Бәйдібек, Жәнібек, Мәдібек деген үш ұл қалған. Міне, Үш Қараштың үш ұлынан қалған тұқым бүкіл алты Алатауды алып кеткен. Үш Қараш деген ат та осыдан қалған, яғни Қараштың үш баласының тұқымы деген сөз. Тау аты да содан». Иә, бұл айтылғаннан аңғаратынымыз, кейіннен Бәйдібектің ұрпағымыз деп жүргендер арасында тек оның өз кіндігінен тарағандар ғана емес, оның аталған бауырларынан тарағандар және оларға әлеуметтік-әкімшілік тұрғыдан бағынышты болып жүргендер де аз емесін көрсететіндей. Әрине, Бәйдібектің мұндай беделі оның атасы, екінші Майқы би атанып кеткен Майып Бабыралының және оның ұлы қытай деректерінде Ышбара қаған атанып кеткен Қара бидің (Қараша бидің) атадан балаға мұра болған үлкен беделдерінің арқасы дер едік. Бұл жерде тағы бір назар аударар мәселе – Бәйдібектің Қарашаның ұлы және Майқының немересі болып табылатыны тек Қазыбек бектің еңбегінде келтірілген, Матай биден қалған шежіреде ғана емес, сонымен қатар қытай қазақтары сақтап келген, ХV ғасырда өмір сүрген атақты емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Тектелгі (шежіре)» атты еңбегінде де көрсетілген (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Шипагерлік баян. -Алматы, 1996.-425 б.). Иә, Бәйдібектің жеке тұлғалық қасиеттері де көзге ұрып тұрғанын мойындай отырып, оны ата-баба аруағы осылайша қолдағанын да айтуға тура келер.
Ал енді Бәйдібектің өзі туралы аталмыш деректе не айтылғанын оқиық: «… Бәйдібек хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын туыпты да, сексен алты жасында өз ажалынан Қаратауда Бөген өзені бойында қайтыпты. Оған, міне, 1081 жыл болыпты». Бәйдібек бабаның туған және өлген жылдарын нақты айтып беретін басқа деректер жоқ болғандықтан, хижра есебімен берілген осы құнды мәліметтерді бүгінгі жыл санауымызға түсіріп көрелік. Сонда аңғаратынымыз,Бәйдібек баба 609 жылы (622 (хижра бойынша)+13=609) туған және 695 жылы (609+86=695) қайтыс болған. Бұл дерек жоғарыда атап өткеніміздей, Бәйдібек ұрпақтары делінетін тайпалардың соңғы жылдары табылған шежірелеріндегі аталар сандарын есептегенде де дұрыс болып шығады. Біздің ойымызша, баба тарихын зерттеуші қауым алда бір ғана жазба тарихта кездесетін, алайда жанама деректер растайтын осы тарихи даталардан ауытқымаулары керек. Бәйдібек есімі жазба тарихта сақталмаса да, оның ұрпақтары қытай жылнамасынан берік орын алды. Оның Түргеш (Сарыүйсін) атты немересінің есімі 699 жылы Жетісуда негізделген Түргеш қағанатының атында мәңгілікке сақталып қалды. Ал Түргештің ұрпағы Қалша басқа деректерде де кездеседі. Н.Аристовтың Диқанбай батырдан жазып алған шежіресі бойынша Сарыүйсіннен екі бала – Қалша-Қадыр мен Жақып тарайды (қараңыз: Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка, ч. 1. — 30-31 бб.). Түргеш атанған бұл мемлекеттің алғашқы қағаны (ханы) осы Түргештің (Сарыүйсіннің) ұлы Қалшадан туған немересі Үшелік 691 жылы өзіне Шу өзені бойындағы Суяб қаласын астана етті. Бұл қаланың орны қазір Қырғызстан аймағында. Қытай жылнамаларында Үшелік аталатын ол ежелгі қазақ шежіресінде Үшлақ аталса, ал Бичурин мен Гумилев оны түрікшеге тілдері келмей, Ожелі деп бұрмалап атайды. Бәйдібектің 5-ші ұрпағы (шөпшегі) Үшеліктің өз қол астында тұрақты сақадай сай 7000 сарбаз ұстағаны және оның қол астына 70 тұтықтың (аймақтың) қарағаны қытай жылнамасында анық жазылған. Оның мемлекетінің шекарасы бұл тұста солтүстік-шығыста Екінші Түрік қағанатымен шектессе, оңтүстік-батыста Ху мемлекетімен тұтасып, оңтүстік-шығыста Шижоу, Тиңжоу дуандарына дейін созылып жатты. Үшелікті өз ықпалында ұстау үшін қытайдың Таң сарайы оған 702 жылы «Алтын қол арда ханы» деген құрметті атақ берді. Үшелік қайтыс болған соң, артында екі бала қалды. Олардың үлкені Саға (кейбір деректерде Сақал) әкесінің орнына хан болса, ал кіші ұлы Қаралақ әйгілі шешен, би болып, Сыр бойындағы Қатаған елін басқарған. Бәйдібекке туажат болып келетін Саға (Сақал) қағанды Алтай асып, Қара Ертістен өтіп келген Екінші Түрік қағанатының қағаны Қапағанның (қытай жылнамаларында – Бөгшор) Болчу өзені бойында 711 жылы болған шайқаста өлтіргені Орхон жазуларында жазылған. Ол қытай жылнамасында кеңірек айтылады. Қапаған атақты Күлтегін мен Білгенің әкесі Елтеріс қағанның туған бауыры екені белгілі. Қытайлықтар кезінде Сағаға көтермелеп, «14 оқ (тайпа) қағаны» деген лауазым берген еді. Өйткені бұл тұста «он оқтан» басқа жоғарыда аталған Қалшаға бағынған бірқатар алшын рулары да Түргеш қағанаты құрамында болды. Мысалы, олардың арасында кейінгі ғасырларда әлімұлына қарап кеткен, кезінде дулат, албан, суандармен бірге жүрген «қаралар (қара түргештер – төртқара, қарасақал, қаракесектер), шумуген аталған шөмекейлер және т.б. осында болды. Шөмішті, табын, рамадан, ысық тәрізді кейбір тайпалар да батысқа бұрынғы Түргеш аймағынан барды. Олардың рулық таңбалары мен ұрандары осы тарихтың өзгермес куәгерлері. Осындайда зерттеушілер мынаны ешқашан ұмытпаулары керек: шежірелік деректерге жүргізілген хронологиялық талдаулар көрсетіп отырғандай, өздерін біздің заманның Бәйдібектің ұрпақтарымыз деп айтып жүргендердің біразы шын мәнінде жауға шапқанда олардың ортақ жауынгерлік ұранына айналған, б.з.б. VІ ғасырда, яғни сақ заманында өмір сүрген Бақтияр атты ұлы тұлғаның кіндігінен тарап, сандаған ғасырлардан соң ғана үлкен руларға айналғандар болып табылады. Тағы бір айтуға тура келетін мәселе – жұрт Елсау (Елжау) бидің немерелері, б.з.б. ІІ ғасырда өмір сүрген ежелгі Дулы мен байырғы Албанды Бәйдібектің б.з. VІІІ ғасырында, яғни кейініректе өмір сүрген немерелері кейінгі Дулатпен және Албанмен шатастырады. Шындығында, араларында 26-27 ұрпақ жатқан бұл аттас тұлғалардың ұрпақтары кейініректе, Бәйдібек ұрпақтары тұсында, яғни VІІІ-ХІV ғасырларда қалыптасқан дулат, албан тәрізді тайпалар құрамына қосылып кетіп, бәрі жалпылама түрде «Бәйдібектің кіндігінен тарағанбыз» деп айтатынын көріп отырмыз. Осыны Бәйдібектің тікелей ұрпақтарымыз дейтіндердің бәріне ортақ қателік десек, тарихи шындықтан ауытқи қоймаймыз. Сонымен қатар мынадай тарихи шындықты да мойындаған жөн: кезінде арғы бабалары сақ-үйсін бірлестіктерінде өмір сүріп, кейіннен түрік-түргеш, оғыз-қарлық, қарақытай-қарахан, моңғол және Жошы ұлысы – Қазақ хандығы замандарында өздерінің байырғы бабаларының қауымдастығына қайта оралып, бірақ кірме атанғандар да Бәйдібек есімін жатсынбай баба ретінде қабылдады. Олардың арасында кезінде үйсін тайпаларына жиен болған, яғни басқа жұртқа ұзатылған қыздардан тараған, бірақ жау өтінде болып, қырғынға ұшырап, сандары азайып, нағашы тайпаларына қайта оралғандар да баршылық. Оларды зерттеушілер «кірмелер» деп атаса да, Бәйдібек тұқымына қарасты тайпаларға туыстық-жекжаттық байланыстары болғандары күмәнсіз. Өйткені арғы тегі жақын болмағандарды қазақ жүздері өздерінің құрамына қабылдамаған. Сонымен, Бәйдібектен тарағандар, атанғандар сандарын, міне, осындай ел болып ұйысу үрдістері көбейтіп тұр. Деректерді талдағанда аңғарғанымыз, б.з.б. VІ ғасырда өмір сүрген көптеген тайпаларға ұран болған Бақтиярдың кіндігінен тарағандарды қоспағанда, жоғарыдағыдай себептермен б.з. ХІІІ ғасырында Бәйдібек ұрпақтары делінетіндер 680 мың адамға жетіпті. О баста Бақтиярдың әкесі Төбей бидің екі ұлынан (Бақтияр мен Бәйтеректен) тарағандармыз деп жүрген кейінгі ру-тайпаларға (сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты, албан, суан, дулат, қаңлы, шанышқылы, сіргелі, шақшам) кіргендер сандары бұл уақытта 1 миллион 100 мың адамды құрапты (Тауасарұлы Қазыбек. Түп-тұқианнан өзіме шейін. -Алматы,1993.-88 б.). Ал енді бүгінге келсек, біз әңгімелеп отырған VІІ-ХХ ғасырларды қамтитын ел тарихында қазіргі қазақтың бір бөлігінің өздерін Бәйдібек балалары ретінде мойындауы бұл тарихи тұлғаны ұмытпай, саналарында берік сақтап келуі, шынында да, таңданарлық нәрсе. Мысалы, соңғы, жаңа шежірелік деректер бойынша көрсетілген кезеңде (VІІ-ХХ ғасырларда) дулаттың жаныс руында Бәйдібектен 62-63 ата, Шапыраштыда – 50-51 ата, Суанда – 42 ата, Албанда – 73 ата, Ошақтыда – 67-68 ата өсіп-өнгенін көріп отырмыз. Мұның өзі бүгінгі қазақ қоғамында осы тарихи тұлғаға деген құрметті арттыра түсуде. Осының өзі Бәйдібектің мұндай асқақ абыройы оның атақты би немесе бай болғандығынан деп қорытынды жасасақ, мәселеге тым жеңіл-желпі қараған болып шығар едік. Ол, әрине, елді игі істерге шебер ұйымдастырушы, талантты қолбасшы, түріктер мен түргештер заманында елдік, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қойған ірі қайраткер. Сонымен қатар бізге жеткен аңызға айналған әңгімелер оның терең ойшыл, сөз саптаушы шешен, яғни елге рухани көсем болғанын да аңғартады. Сондықтан да сандаған ғасырлар тезіне шыдаған Бәйдібек баба айтыпты деген нақылдар да баршылық. Мысалы, ол болашақ ұрпақтарға бағыштап былай депті: «Бір кісінің баласындай бол, Бір қолдың саласындай бол». «Алыс жолға шығар болсаң, Алдымен жолдасыңды сайла. Жауыңды жығар болсаң, Алдымен қолбасыңды сайла». «Керуен басы білікті болса, Түйе азбайды. Қолбасы білікті болса, Сарбазы тозбайды». (Бәйдібек нақылдары мына еңбектерде жарияланған: Н.Төреқұлов, М.Қазыбеков. Қазақтың би-шешендері. -Алматы, 1993.; Селеубаев А. Бәйдібек би.-Алматы, 2017).
Сонымен, жоғарыда Бәйдібек баба туралы айтылғандарды қысқаша тұжырымдасақ, мынадай қорытындылар жасар едік: Бәйдібек баба – біздің заманымыздың 609-695 жылдары өмір сүрген ерен тарихи тұлға. Ол кезінде Жетісу өңірін билеген әйгілі Қарашаның ұлы, ел арасында екінші Майқы би атанған Майыптың (Бабыралының) ұлы. Қарашаның бізге мәлім тағдыры қытай жылнамаларындағы Қара қағанның іс-әрекетіне, заманына сәйкес келеді. Мұндайда «қаған», «хан» статусына жоғары мемлекеттік деңгейде мән берудің қажеті жоқ. Ол заманда «Он оқ елі» атанған бұл елде қағанның тағдырын тайпалар мен руларды билеушілер шешті. Рулық-тайпалық қауымда бұл мәселе аса маңызды болмағандықтан, тіптен қағанды өзінен төмен билік иелерінің өлтіріп тастауына да жол берілді. Сондықтан да Бәйдібекті бұрынғы қағанның ұлы еді деген пікірге шешуші мән берудің қажеті жоқ. Сонымен қатар ескертеріміз, Бәйдібектің атасы – екінші Майқыны б.з. І ғасырында өмір сүрген Мәннің баласы – алғашқы Майқы бимен және кейініректе Шыңғыс хан заманында өмір сүрген атақты, үшінші Майқы бимен (Тұранбай баласы Ұранмен) шатастырмау керек. Қазақ хандығы тұсында халықтың рухани ұйымдастырушылары – қожалар толықтырып жетілдірген, пайғамбарлардан басталатын қазақ шежіресінде VІІІ-ХІV ғасырлардағы аталар (шамамен 26-27 ұрпақ буыны) қамтылмай қалған. Жаңа деректер қолымызға тимегендіктен, күні бүгінге дейін біз осы шежірені сын көзбен қарамай, зерттеу жұмыстарына пайдаланып келдік. Бұған, әрине, қожалар кінәлі емес, сандаған ғасырлардағы қуғын-сүргіндер мен жаугершілік төңкерістерде ата-баба есімдерін есте сақтап қала алмаған халықтық жады себеп. Осындай халықтық шежіреде орын алған елеулі олқылық кейбір зерттеушілерді Бәйдібек ХІІІ-ХІV ғасырлар тоғысында өмір сүрген тұлға деп қате қорытынды жасауға алып келді.
Бәйдібектің кіндігінен тарағандар деп есептелінетін қазақтың Ұлы жүзінің жеті тайпасы шын мәнінде бұл тұлғадан сандаған ғасырлар бұрын қалыптасқан ежелгі сақ-үйсін туыстас бірлестігінен бастау алатын, бірқатар қағанаттар мен хандықтар құрамында көшіп-қонып, VIII ғасырдан соң Бәйдібек және оның ұрпақтары билік жасаған аймақтағы тайпаларды толықтырған рулар (бұл дегеніңіз – Бәйдібектен Бақтиярға, оның әкесі Төбейге дейінгі 35-36 аталық буынды қамтитын өсіп-өну үдерісі) болып табылады.
Сонымен, айтылғандарды қысқаша қорытсақ, біз жоғарыда әңгімелеген, заманында кемеңгерлігімен елді ұйыстырушы ретінде халық құрметіне бөленген Бәйдібектің ұлы тұлғасы және оны есте сақтап, құрмет тұтқан, оның өсиеттеріне адал болып, ел басқарған ұрпақтарының қайраткерлігі алда, әлі толық жазылмаған қазақ тарихынан лайықты орын алулары керек.
Талас ОМАРБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор