Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:37, 21 Қаңтар 2022

«Байділдинов синдромы»: Нан жоқ болса бауырсақ же!

None
None

Қоғамымызда бай мен кедей болып бөлінбеген ештеңе қалмады. Сәйкесінше, екі топтың түсінісуі де күн өткен сайын қиындап барады.

Ең аяғы лифтіде қара халық мінетін лифт бөлек, шендінің қара басына арналған лифт бөлек. Ұшаққа отырса да байлардың бизнес класы дайын тұр, қалтасы жұқалардың жалпыға ортағы басқа. Жетер жеріне бір уақытта жетсе де қызмет көрсетуі әрқалай, тамағы да жер мен көктей.

Концертке барса да, емханада ем алса да, мектепке барса да екі тап өкілінің орны екі бөлек. Байлар жекеменшік емханада ем алса немесе шетелдің медициналық орталығына жүгінсе, қара халық кезегін бір ай күтіп, мемлекеттік емханада емделеді.Қалталылардың балалары да қарапайым мектепте оқымайды. Атағынан ат үркетін шетелдің білім ордаларында оқиды, елде болса, бағасы удай ақылы мектептерде білім алады. Шенділердің балалары шетінен мықты болатыны сол, балабақшадан бастап, университет бітіргенге дейін ең озық технологиямен жабдықталған, қабілет-қарымын дамыта алатын ортада өседі. Ал ғаламторы қолжетімсіз, ұстаздары қағаз толтырып, комиссия күтуден қолдары босамайтын мемлекеттік мекемелерде ауыл балалары мен қарапайым қазақтың балалары оқиды. Нәтижесінде уақыт өткен сайын мектеп жасынан бастап, екіге бөлінген екі түрлі қоғам тәрбиелеген ұрпақтың өзара түсінісуі де қиындап барады. Өйткені шетелдің еміне жүгінетін шендіге мемлекеттік емханадағы невропатологты бір ай күту, мамологты үш ай күту мүлдем түсініксіз. Сондықтан оны мәселе етіп көтеруге де, шешуге де тырыспайды. Соның салдарынан, жылдап дамымайтын, сорлаған медициналық қолжетімсіз қызмет орын алуда. Бір қызығы, шетелдің бай-бағландары, әкімдерінен бастап, Президенттеріне дейін елмен бірге дүкен аралап, қоғамдық орындарда араласып, емін-еркін тамақтанып, тіпті жаяулатып жүреді. Нәтижесі — дамыған, халқына қолайлы өмір сүруге арналған қоғам құрылған.

Ең өкініштісі бүгінде бай мен кедей арасына қағылған сына айтылатын пікірлерінде де көрініс табуда. Пікір алшақтығы ашындырары да анық. Соның дәлелі осыдан он шақты күн бұрын сұйытылған газ бағасы дау болып жатқан тұста өзі ширығып тұрған халықты кез келген сөз арандатып, ашуын тудыру қаупі еселеніп тұрған шақта қазақстандық сарапшы Олжас Байділдинов «газ бағасымен келіспегендер қоғамдық көлікпен жүрсін» деп айта салды. Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдинов автокөлік газының бағасына қатысты пікірін он шақты адамның басы қосылған шағын отырыста емес, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында: «Бағаны нарық анықтайды. Ол табысқа тәуелді емес. Адамдар газдың бағасына көңілі толмаса, қоғамдық көлікті пайдалансын. Бұл енді проблема емес шығар?», — деген Байділдиновтің пікірі әлеуметтік желіде талай жанның ашу-ызасына, наразылығына талқысына тап болды. Тіпті ашуланған халық оның әлеуметтік жағдайын сараптай жөнелді. Қазақстан Республикасының энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдиновтің иелігінде қандай дүние-мүлік бар екендігіне біз де көз салып шықтық. Chinovnik_kz мәліметіне сүйенсек, халыққа қоғамдық көлікпен жүруге кеңес берген Байділдиновтің 2021 жылғы екі көлігі 33 миллион теңге тұрады екен.

Ал жылжымайтын мүлкіне келсек, 37 жастағы мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің иелігінде елорда түбіндегі Қосшы елдімекенінде 288 шаршы метрлі екі қабатты үйі бар екен. 2020 жылы тұрғызылған үйдің құны – 85 млн теңге көрінеді. Сондай-ақ ел астанасында үш пәтері бар екен. Бірі – «Highwill Astana» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Бизнес-кластағы 3 бөлмелі пәтерінің аумағы 100 шаршы метр болса, құны – 60 миллион теңге екен. «Алтын-Арна» тұрғын үй кешеніндегі 2 бөлмелі пәтері 40 млн теңгеге бағаланған. Оның аумағы – 75 шаршы метр. «Француз кварталы» тұрғын үй кешенінде 1 бөлмелі пәтердің өзі 27 млн ​​теңге тұратынын ескерсек, пәтерлерінің өзі ақ Байділдіновтің байлығынан хабар бергендей.

Сонымен қатар Олжас Байділдиновтің иелігінде коммерциялық мақсатта пайдаланатын аумағы жүз шаршы метрлік  ғимараты бар. Оның өзі 20 млн теңгеге бағаланған. Қарап отырсақ, сұйытылған газ бағасы энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісіне аса салмақ салмайтындай көрінеді. Демек, аса ақылгөйсінуінің де жөні жоқ секілді. Өйткені сұйытылған газды пайдаланып, таксилетіп, отбасын асырап отырған ағайынға, Байділдиновтың байлығын қалай түсіндірерсің?! Сұйытылған газ бағасы шымбайына батпайтын штаттан тыс кеңесшіге миллиондаған халықтың бала шағасының бір айлық нәпақасы сол сұйытылған газдың бағасына тікелей қатысты екенін қалай ұқтырарсың.  Мұндай жағдайда кеңесші кеңесінің де, пікірінің де маңызы бар ма? «Қарның ашса, қара нан мен икра женің» кері...

Айпақшы, аузын қу шөппен сүрткен Олжас Байділдинов «Жер қойнауын пайдаланушылар энергия тасымалдаушыларды үнемі субсидиялай алмайды. 2021 жылғы үшінші тоқсандағы ақпаратқа сүйенсек, Жаңаөзендегі орташа жалақы 505 мың теңге. Бұл жалпы елдегі орташа жалақыдан екі есе көп. Соған қарамастан, тұрғындар сұйытылған газ бағасын екі есе төмендетуді талап етіп отыр. Жаңаөзен – Қазақстанның бір бөлігі. Ал Қазақстан аймақтық және жаһандық экономиканың бір бөлшегі. Сондықтан біз нарықтық жағдайды біле отырып, мұндай жеңілдік жасай алмаймыз», – дейді өз пікірінде. Энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдиновтің айтуынша, сұйытылған газ бағасын төмендету мүлдем мүмкін емес көрінеді. Бірақ халық талабы қанағаттандырылып, сұйытылған газ бағасы елу теңгеге түсті. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей, сұйытылған газ бағасын қызғыштай қорыған, кеңесін керекті керексіз жерге тықпалай беретін кеңесшіге бұдан былай «өз ақылың өзіңе» деу керек секілді.

Атап өтер жайт, қоғамымызда Байділдиновтей пікірі Марста, өзі қазақ ортасында «Байділдинов синдромында» жүргендер жетерлік. Бұл синдром бұдан бұрын-ақ президент әкесі мен депутат қызы жарыса «баланы туарда менімен ақылдасып па ең?»; «екі сиыр бағып, күніңді көр»; «ақылды болсаң неге кедейсің?» деген кезде-ақ асқынып тұрған. Мұндай пікір алшақтығы барда біртұтас ел бола аламыз ба? Жаңа Қазақстан құруды осы екі тап арасындағы алшақтықтан іздесек, қателеспес едік.

«Ел нан жоқ болған соң өліп жатыр» дегенді естігенде: «Нан жоқ болса неге бауырсақ жемейді?» деген ханның қызы еске түседі...

Тегтер: