«Байеке, бізге суу берчи» деп отырмайық
Қырғыз депутаты Айбек Алтынбеков қазақ билігіне айып тақты: «Қазақстанмен арадағы шекарада жүк тиелген көліктер Қазақстан тарапының кесірінен, өткізу бекетінде бірнеше күн қаңтарылып, күтуге мәжбүр.
Содан тауарлар дер кезінде жеткізілмей жатыр. Қазақстанның басқа елдермен шекарасында мұндай мәселе жоқ. Қазақстан билігі Қырғызстанға осылайша, экономикалық құрсау ұйымдастырып отыр», -деді депутат.
«Қырғыз жүргізушілері Қазақстан шекарасынан өтерде қиындыққа душар болуда. Тәжікстан мен Өзбекстан шекарасында мұндай кедергі жоқ. Соған қарағанда, қазақтар Қытайдың тауарлары елге Қазақстан арқылы ғана кірсін деген шешім қабылдаған сияқты ма?», деген сауал тастаған депутат Қазақстанға су жібермей, сазайын тарттыруға болатынын еске салды.
«Өзбектермен қарым-қатынасымыз өте жақсы болып отыр. Ал қазақтар қызық көрші екен. Бізге сатқындық жасап, экономикалық құрсау құрған екен, ендеше, біз де қарап қалмай, Қазақстанға су жібермей қояйық», — деген ұсыныс жасады әлгі депутат.
Қысқасы, қазақ билігіне қырғыздармен ойнауға болмайды. Су мәселесінде біз шынымен Қырғызстанға тәуелді елміз. Екі ел арасындағы келісім бойынша Қазақстандағы су қоймасына қырғыз тарапы келісілген лимит аясында су жіберіп отырады.