Байқа, билік, байқа, полиция! Ертең заңгерлер митингіге шығады
Рас, адвокаттар мен заңгерлермен ойнауға болмайды. Әділет министрлігі от басайын деп отыр: олар елдегі адвокаттар мен заңгерлердің бәрін бір қауымдастыққа күштеп біріктіруге тырысуда.
Қысқасы, әділет министрлігіндегі «бір дөкейлер» қоныштан басып, заң-законды кәсіп еткен тәуелсіз заңгерлер мен «заң білгіштердің» бәрін міндетті түрде бір ұйымға тіркеу туралы заңды тықпалап, оның қабылдануына күш салуда. Заңгерлер мен адвокаттардың мұндай қауымдастығы неге керек десеңіз, оның мүшелері жарна төлеуге міндетті болмақ. Ал елімізде қанша адвокат пен заңгер бар екенін ескерсек, әлгі ұйым мүшелерінің төлейтін жарналары жүздеген миллион теңгенің үстіне шығатыны айдан анық. Бұл дайын тұрған өте табысты бизнес қой! Бірақ тәуелсіз заңгерлер мен адвокаттар бұған жай қарсылық қана білдірумен шектелмей, нақты әрекеттерге көшті. Мәселен, елге танымал адвокат Айман Омарова «енді шегінетін жер қалмады, адвокаттар митингіге дайындалуда» деген сенімде. «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында отандық адвокатура жөніндегі өз көзқарасын білдірді: «Адвокаттар институты мықты және тәуелсіз болуы тиіс», – деді ол. Өйткені адвокаттар тәуелсіздігі демократиялық қоғам құруымыздың кепілі болып табылады. Бірақ әділет министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар жергілікті әділет департаменттері арқылы Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы сайлауына қысым жасап, адвокаттар жұмысына араласуын жалғастыруда. Кей тұлғалар біз үшін шешім қабылдап, мүшелер төлейтін жарна сомасына қатысты түзетулерді заңға тықпалаумен айналысуда.
Біздің пайымдауымызша, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен жасалған осы келісімнің астарында сыблайлас жемқорлық мүдделері жасырынып тұр. Басқа не дейміз? Бұл билік барған сайын пәлеге ұрынғалы отыр. Біз митингіге шығамыз!» – деп жазыпты ол.