Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:35, 02 Сәуір 2024

«Бақытты елдің» кәсібі – бала сату

Нигерия
Фото: AP Photo / Olamikan Gbemiga

Қазақстаннан шалғай, өте алыс жерде, Африка құрлығында Нигерия деген ел бар. Қолыңыздағы телефоннан ол мемлекет туралы небір сұмдық видео көргеніңізге, сайттардан жан түршіктірер түрлі жаңалық оқығаныңызға күмән жоқ.

Бірақ оқыған соң сол заматта ұмытып, кейін қайта есіңізге түсірмеген де боларсыз. Бұл – кінәлау, айыптау емес. Адамның табиғаты осы. Тым алыста, нәсілі бөтен, жат жұрттарда болып жатқан оқиғалардан «маған келіп-кетер ештеңе жоқ» деп қарау қалыпты мінез. Олар да сондай. Қазақстандағы сізді ойлап басы ауырмайды, балтыры сыздамайды. Дегенмен «адамзаттың бәрін бауырыңдай сүй» деген Абай тағлымымен көргендеріңіз бен оқығандарыңызға көңіл қойып, ой тоқтатып қарасаңыз, күйініш пе, аяныш не мүсіркеу ме, әлде басқа ма, әйтеуір бір күйді бастан кешесіз.

Наурыз айының басында, нақтырақ айтқанда 7 наурыз күні Нигерияның Кадун штатындағы Курига қаласында қарулы содырлар бір мектептің оқушыларын түгел тұтқындап әкетті. 300-ге жуық оқушының жартысы бастауыш, жартысы орта сынып балалары. Бәрін қалың жыныс орман ішіне апарып, кепілде ұстаған. Босату үшін 1 миллиард найра (шамамен 620 мың доллар) төлеуді талап еткен. Үш апта уақыт берген, әрі ақша төленбесе, балалардың түгел өлетінін хабарлаған.

Немістің Deuche Welle телеарнасы көрсеткен видео репортажда ұрланған балалардың арасында Шеху Лава есімді азаматтың ұлы да бар екені айтылады. Қолынан келер қайраны жоқ Шеху Лава аулада көңілсіз, көзіне жас алып, қайғы үстінде отыр. Көршілері, таныстары бірінен соң бірі келіп, басу айтады. Құдды қазаға жиналғандай көрініс. «Әйелім екеуміз түнде ұйқыдан қалдық. Алаңдап, жанымызды қоярға жер таппай отырмыз» дейді шарасыз әке. Жанында кіші ұлы Амину тұр. Қарулы жендеттер мектепке баса-көктеп кіріп, балаларды ұстап жатқанда Амину сәті түсіп, қашып үлгерген. Сөзінше, бандының бірі біраз жерге дейін ізінен қалмай қуған, абырой болғанда көлік көп жүретін жолды кесіп өтіп, сытылып кеткен. Репортаж сыртында сөйлеп тұрған журналистің айтуынша, соңғы 10 жылда Нигерияда кемі 15 мың оқушы ұрланған.

Кейбір мәліметке қарағанда, оқушыларды наурызда ұрлап әкеткендер «Ансару» діни радикал тобы. Бұлардың қанқұйлы «Әл-Қаида» террористік ұйымымен байланысы бары айтылады. Оқиғадан бірнеше күн өткенде ел президенті Бола Ахмед Тинубу «бір тиын да төлемеу» туралы жарлық шығарған. Оны ел алдында өзі емес, ақпарат министрі Мұхаммед Ыдырысқа айтқызған. Ыдырыстың сөзінше, үкімет балалардан айырылып қалғаны үшін жауапкершілікті өзі көтереді және президент оқушыларды тез арада тауып, бәрін аман-есен үйлеріне қайтаруды тапсырған. Бірақ содырлармен саудаласпауға бұйырған. Арада дәл үш апта өткенде қарулы топ 137 оқушыны босатқан. Нигерия құзырлы органдары бұны «арнайы операция нәтижесі» деп хабарлады. Ал өзге оқушылардың қайда екені, олардың ендігі тағдыры не болатыны айтылмады.

Тинубу айтты екен деп Нигерияда содырлар балаларды босата салмайды. Кедейлік пен хаос жайлаған, жұмыссыздық (Bloomberg дерегінше, Нигерия жұмыссыздық бойынша әлемде екінші орында – ред.) пен аштық қысқан елде қарулы топтардың құдіреті қазір заң құзыретінен күшті болмаса, кем түспейді. Елде саясаткерлер жазған заңнан қылмыстық топтардың жазылмаған заңы, солардың орнатқан «тәртібі» үстемірек. Мұнда өздерін жарты патшалық санайтын қылмыстық ұйымдар аз емес. Нақты санын өздері де білмейтін болу керек. 120 сарапшының басын қосатын «Ұйымдасқан қылмыс индексінде» 2021 жылы Нигерия Африкадағы ең қауіпті, қылмыстық топтары ең көп ел атанған. Бәріне белгілі біреуі – «Қара балта». Бұл ұйым адам ұрлап, ақша бопсалаудан бөлек, өте қатігез, жауыздығымен танымал. Мәселен, BBC агенттігіне 2021 жылы «Қара балта» ұйымында жүргенде жергілікті халыққа «Қасапшы» лақап атымен танылған, кейін істегендеріне өкініп, топтан кеткен Джон Стоун деген адам сұхбат берген. Сөзінше, істемеген қылмысы жоқ. Үлкен-кіші, әйел-баланың бәрін бауыздағанын, қолы қанға малынғанын айтып берген. Агенттік Стоун сияқтылардың мәліметтерін топтастырып, бірнеше жыл терең зерттеу жүргізгенде «Қара балта» тобының Нигерияда ғана емес, Америка, Еуропа, Азия құрлықтарына қанат жайған, алып империя екеніне көз жеткізген. Топтың негізгі табысы – интернеттегі алаяқтық. Олардың әлдебір «мол мұра, қазына байлық» туралы хаттарын әлеуметтік желі қолданатын, электронды поштасы бар адамның бәрі алады. Сауаты мен тәжірибесі барлар, әрине, хатты елемейді. Ал аңдамай хат жетегінде кеткендер банк картасындағы барынан айырылады.

Нигерияда қылмыстық топтар қатарларына көбіне студенттерді тартып, құрамды үнемі жаңартып отырады. Әр топтың өзіне бағынышты университеті болады. Студенттердің кейбірі топқа өз еріктерімен қосылады, кейбірі мәжбүрлікпен мүшелікке өтеді.

«Қара балтаның» шығу төркіні 1970 жылы Бенин қаласында құрылған «Африканың жаңа қара қозғалысы» деген студенттік ұйымға барып тіреледі. Ол ұйым әлі жұмыс істейді. Ресми тіркелген, бірнеше миллион мүшесі бар, саяси-қоғамдық қозғалыс. Парламентте депутаттары, үкіметте өкілдері де бар. Ал радикал іс-әрекетке бейім қанаты «Қара балта» боп бөлініп кеткен. Ұйымның эмблемасындағы қара балтаның суретіне байланысты бөлінгендер өздерін солай атап алған. Бірақ елдегі құқық қорғаушылар бұл екі ұйымның әлі де ымы мен жымы бір, тиынның екі жағындай деп есептейді.

Елде «Қара балтаға» бақталастар да аз емес. Атақтылары «Айи», «Буканерлер» деген қылмыстық топтар. Әлемге әйгілі «Боко Харам» террористік ұйымы да осы Нигерияда. Бәрі де оқушыларды ұрлап, ата-аналарды, үкіметті бопсалап, наша сатып ақша табады. Тонайды, рейдерлікпен айналысады.

«Боко Харам» – Нигерияда ислам шариғатының заңын орнатып, өзге діндегілерді түгел қырып, не қуып шығуды мақсат тұтқан ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2014 жылы оны «террористік ұйым» деп ресми мәлімдеген. 2015 жылы бокохарамдықтар «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына қосылған. Қосылардың алдында бір жыл бұрын, 2014-тің мамырында «Боко Харам» бір мектепке басып кіріп, 276 оқушы қызды ұрлап әкеткен. Сондағы талап «әйелдің орны – ошақ қасы, еуропалық білім жүйесіне жол жоқ» болған. Бұл оқиға да халықаралық БАҚ беттерінде көп жазылды, ұзақ уақыт бас тақырыптардың бірі ретінде бірінші беттен түспей жүрді. Бірақ сол балалардың көбінің тағдыры әлі белгісіз. Кейбірін террористер сұраған ақшасын алып қайтарды, кейбірін полиция құтқарды. Алайда із-түзсіз кеткені де аз емес.

2020 жылдың желтоқсанында осы «Боко Харам» Нигерияның солтүстік-батысында және 333 оқушы қызды тұтқындап әкетті. 2021 жылы да 300 оқушыны ұрлап, орман ішіне апарып қамап тастаған. Одан бөлек, ондаған адамды өлтірген, көліктерді жарып жіберген қылмыстарын санап тауыса алмайсыз.

Содырлар мектептерге шабуылдағанда әдетте 9-13 жас аралығындағы қыздарды ұрлайды. Денсаулығы, діні немесе артынан іздеушісі төлеген қаражаттың көлеміне байланысты кейбірін босатады. Ал кейбірін сол күйі жібермей қояды. Ондай оқиға өте көп. Қыздарды босатпаудағы негізгі себептердің бірі – еркінен тыс мәжбүрлеп әйелдікке алып, бала таптыру. Ұл балаларды жарылыс үшін ұрлайды. Яғни үстіне граната, бомба жапсырып, адам көп шоғырланған орталарға жұмсайды да жарып жібереді. Біріккен ұлттар ұйымының дерегінше, 2013-218 жылдар аралығында «Боко Харам» кемі мың баланы осылай ұрлап әкетіп, түрлі қылмыстық әрекеттеріне пайдаланған.

Ұзақ жыл Ұлыбританияның отарында болып, тәуелсіздігін 1960 жылы алған бұл елде 2020 жылғы санақ бойынша 210 миллион тұрғын өмір сүреді. Оның жартысы – мұсылман, жартысы – христиан. Мемлекеттік тілі – ағылшын. Жерінде мұнай мен өзге де табиғи қазба байлығы мол. Халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Бірақ жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі жылына 6 мың доллардан аспайды. (Қазақстанда 13,3 мың доллар – ред.) «Жаһандық бақыт баяндамасы» рейтингінде Нигерия биыл 102-орында. (Қазақстан 49-орын – ред.) Нигериялық ақпарат құралдары бұл көрсеткішті тізімнің басындағы Финляндия, Исландия, Дания үштігімен емес, өздерінен төмен тұрған Кения, Гана, Того сынды елдермен салыстырып, «Африка құрлығындағы ең бақытты елміз» деп хабарлаған.

Қылмыстық топтар қанша күшті әрі көп болса да, ішінде баскесерлермен ым-жымы бір адамдары өріп жүрсе де, Нигерия билігі ресми түрде олармен күресіп келеді. Әзірше тұтас елді террористерден тазартуға қауқарсыз. Былтыр жаңа жыл қарсаңында «Боко Харам» террористік тобының бақылауындағы аймаққа Нигерия арнайы әскер жіберіп, бірнеше күн кескілескен шайқас жүрді. Нәтижесінде, билік 50-ден аса террористің көзі жойылды, 200-і тұтқынға түсті деп есеп берген. Нигериялық Dayly Trust басылымының жазуынша, биыл 6-9 наурыз төрт күнде ел аумағында 500-ден көп адам террористік топтың тұтқынына түскен. 6 наурызда «Боко Харам» егін алқабында жұмыс істеп жүрген 200-ге жуық әйел мен баланы алып кеткен. 7 наурызда Курига қаласындағы (жоғарыда айттық) оқиға. 8 наурыз күні белгісіз қарулы топ елдің оңтүстігіндегі Бэнуэ штатында бір ауылға шабуылдап, 16 адамды өлтіріп, 40 шақты тұрғынның қол-аяғын байлап, әкеткен. 9 наурызда Сокото штатында 15 оқушы мектепке баса көктеп кірген өзге бір топтың құрығына ілініп кете барған.

Жалпы, Нигерияда ресми билік пен қылмыстық топтар арасындағы жанжалдың ушыққан кезі 2011 жыл. Дәл осы жылы Нигерияда отырықшылар мен көшпенділер (мал бағатындар) арасында жерге талас туып, ақыры қантөгіске ұласқан. Отырықшылардың көбі діні христиан, ұлты еуропалық елдерден, бұрынғы отарлаушы таптың ұрпақтары. Көшпенділер – жергілікті фульбелер, кейін ислам дінін қабылдаған байырғы жұрт. Кедейлік пен жұмыссыздықтан қажып, суға, жерге, бау-бақшаға, қазба байлыққа таласқан екі лагерьдің егесін қылмыстық топтар, діни радикалдар одан ары өршітіп, қан-қасапқа айналдырған.

Африка құрлығы аумағында адамдарға құқықтық тұрғыда кеңес беріп, жәрдемдесетін SBM Intelligence ұйымы Нигерияда қазіргі президент Бола Тинубу билік басына келген былтырғы мамырдан бері қылмыстық топтар кемі 5 мың адам кепілге ұрлап әкетіп, ақша талап еткенін есептеген. Ұйым елде адам ұрлығына тұрғындардың «қауіп-қатері төмен, табысы жоғары кәсіп» деп қарайтынын бағамдаған. Әдетте халықаралық құқық қорғау ұйымдары, саясаткерлер немесе шетелдік БАҚ балаларды жүздеп ұрлаған шабуылдарға көбірек назар аударады да, бір-екі оқушыны көшеден іліп әкететін күнделікті оқиғаларды елеусіз қалдырып жатады. Елде бұндай қылмыскерлерге баласын, туысын құтқару үшін ақша төлеу – ресми түрде қылмыс. Бірақ биліктің бұл топтарды ауыздықтауға құдіреті жетпеген соң халық содырлардың тұтқынына түскен ұл-қызын босатып алу үшін амал жоқ заңсыз болса да саудаласуға мәжбүр.

Айгүл Баба

Фото: AP Photo / Olamikan Gbemiga

Тегтер: