Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 18 Наурыз 2019

Бакуде қазақ музыкасына арналған кездесу өтті

Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кездесу кеші ұйымдастырылды.
Кеш Әзірбайжанның ұлттық консерваториясында өтті. Көрермен де көп жиналыпты. Ұлттық консерватория ұжымы қазақ музыка өнерінің танымал өкілдерінің Бакуде жүргенін ести сала, кездесу ұйымдастыруға күш салып, қазақстандық өнерпаздарға өтініш айтқан. Қазақ өнерінің өзге ұлт үшін де маңызды екенін ескеріп, қазақ музыкасын насихаттау мақсатында қос өнер қайраткері бұл күтпеген кездесуге қуана-қуана келісіпті. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кездесудің алдағы уақыттағы әріптестік қарым-қатынастарға бастама болатындығы. Бұл жайлы Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева да айтады: — Бүгінгі шығармашылық кеш біз үшін күтпеген оқиға болды. Бірақ мұндай кездесулер алда әлі жалғасын табады деген ойдамын, — дейді ол.Әрине, Әзірбайжан Республикасы өнер ұжымының қазақ музыкасына деген қызығушылығы болашақта да жалғасын табатыны сөзсіз. Осы күнге дейін бұл елмен бірігіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп келе жатқан шаралар да аз емес. Осы қарым-қатынастың нәтижесі осындай бейресми кездесулердің өтуіне ықпал етіп отырғанын айта кету керек. Тез арада ойластырылып, жедел ұйымдастырылған кешке дайындыққа да көп уақыт кетпеген. Олай болатынының себебі де бұған дейінгі әріптестік қарым-қатынастың ықпалы деуге болады. — Бұл алдын ала жоспарланбаған кеш болды. Бірақ әйгілі адамдармен кездесу көпір іспеттес жақсы қатынас орнатады. Халықтарды жақындататын осындай мәдени кездесулер маңызды, — деген әзербайжан ұлттық консерваториясының директоры Сиявуш Керими де екі ел өз ұлттық өнерлері арқылы алдағы уақытта да жақындаса түсетінін айтып отыр.Жалпы, кездесу барысында қос қазақстандық өнерпаз қазақ музыкасының озық үлгілерін орындап қана қоймай, оның ерекшеліктері мен тарихы жайлы да айтылды. Әрине, негізгі әңгіме Нұржамал Үсенбаева мен Төлеген Мұхамеджановтың жеке шығармашылығы мен өнер жолы, оған деген көзқарастар тұрғысында болғаны түсінікті. Дегенмен, екі тарап та қазіргі әлемдік музыка, еуропалық және америкалық музыка жайлы әңгімелеп, біраз шығармалар орындады. Әр көрсетілген номер сайын классикалық музыканың артықшылығы мен рекшелігі жайлы талқылаулар жүріп отырған. Кешке қатысушылар тарапынан қазақтың халық әндеріне деген ілтипат зор болғанын баса айту керек.Кездесу кешінде рояльмен бірнше шығармасын орындаған композитор Төлеген Мұхамеджанов та өз тарапынан әзірбайжан музыкасына деген қызығушылығын, ұлттық өнерімен танысқысы келетінін айтады. Оның үстіне, мұндай жанды отырыстар, тікелей кездесулер ғылыми түсініктемелер мен зерттеулер немесе ақпарат құралдарындағы мәліметтерден гөрі көптеген ақпарат береді. — Біз өз мәдениетімізді көрсетіп қазіргі әзербайжан музыкасымен танысқымыз келеді. Себебі, музыка халықтарды жақындастыратын көпір. Қазіргідей кештер ақпарат құралдары арқылы таратылатын мәліметтерден көп мәлімет береді, -дейді ол.Осы кездесудің соңы алдағы уақыттарда да жалғасын тауып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түседі дейді ұйымдастырушылар.Фото: juldyz.kz
Тегтер: