Балабақша да бизнес
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кадрлық ауыс-түйістерге кірісті. Осыдан бір ай бұрын облыста мақтаға қатысты шу қызған кезде ол өзінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ұлан Тәжібаевты босатып, оның орнына Ермек Кенжеханұлын тағайындаған-ды.
Жаңа орынбасар бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Міне, енді өткен аптада Дархан Сатыбалды ішкі саясат, білім, туризм, мәдениет салаларына жетекшілік жасаған орынбасары Сәкен Қалқамановты алғыс хатпен шығарып салды. Ұлан Тәжібаев та, Сәкен Қалқаманов та облыстың бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ең сенімді кадрлары болатын-ды. Екеуі де бұл қызметке 2019 жылдың тамызында тағайындалған еді.
Осы жылдары С.Қалқаманов жетекшілік еткен салалардан көп шу шықты. Әсіресе білім саласы былық-шылыққа белшесінен батты десек, артық айтқанымыз емес шығар. Ал Шөкеевтің сүйікті кадрының бұл салаға тісі батпағаны рас.
Қалқамановты алғыс хатпен шығарып салған күні облыс әкімдігінде Дархан Сатыбалдының төрағалығымен балабақшалар мәселесіне қатысты жиын өтті. Осы жиында мемлекеттен тапсырыс алып отырған балабақшалардың талапқа сай жұмыс істемейтіні айтылды. Облыс әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында облыс әкімі аппараты мен басқармалары және Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығынан арнайы жұмысшы тобы құрылыпты. Топ 17 аудан, қаладағы мемлекеттік тапсырыспен 154 мың бала тәрбиеленеді деген 1393 балабақшаға мониторинг жұмысын жүргізген. Олардың – 268-і мемлекеттік, 1012-сі жекеменшік. Жүргізілген мониторинг барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Төле би ауданы бойынша 6 жекеменшік балабақшада балалардың 80 пайызы тек құжат жүзінде тіркелген, ата-ана өтініштерінің 90 пайызы бірдей қолжазбамен толтырылған. Жекеменшік балабақшаларда кемшіліктер бірдей. Балабақша ғимараты, жатын және ойын бөлмелері санитарлық талаптарға жауап бермейді. Құжатта көрсетілген төсек орындар мен нақты төсек орындары сәйкес келмейді. Көптеген жекеменшік балабақшаларда тізімдегі бала санының – 40, 50 пайызының, кейбір балабақшаларда 80 пайызының жоқтығы анықталған. Жылу жүйелері қалыпты жағдайдан төмен, қауіпсіздік шараларын сақтамай, ирандық пешпен жылытылатындары да бар. Автокөлік гаражын балабақшаның қосымша корпусына айналдыру дерегі де тіркелген. Балабақшада киім шешетін орын 1 балаға кемінде, 0,7 шаршы метр, ойын бөлмесі – 2 шаршы метр болуы тиіс. Бұл талаптар көп жерде орындалмаған.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, 2021 жылғы желтоқсан және 2022 жылғы қаңтар, наурыз айларында жүргізілген мониторинг нәтижесінде, 1-6 жас аралығындағы 155 810 баланың нақты 152 845-сі балабақшада бар екені анықталған. Бұрынғы кемшіліктерді қайталамау мақсатында мемлекеттік тапсырыс қаражатын SmartNation Balabaqsha порталындағы қаулыда көрсетілген тарифтеумен реттеп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту қарастырылды. Бұған қосымша осы портал арқылы баланың балабақшаға келіп-кетуін QR арқылы растаудың пилоттық жобасы енгізілуде.
– Жағдайы жасалмаған ғимараттарда өскен бала не көреді? Қандай тәрбие алады? Ол тәрбие мен білім алатын орын ғой. Егер иелерінің өзі балабақшаларды осындай жағдайға жеткізіп отырса, олар балалардың жағдайын ойлап отыр дей алмаймыз. Біз осыған тосқауыл қоюымыз керек. Қажет болса, құқық қорғау органдары кемшіліктерді анықтап, заң аясында шара қолдануы тиіс, – деді жиында Дархан Сатыбалды.
Жалпы, жоғарыдағы жазылғандай, деректердің бәрі былтыр және биыл жыл басында анықталған. Облыста жекеменшік балабақшалардың тізімінде көрсетілген, бірақ шын мәнінде, жоқ 3420 бала үшін мемлекеттен қаржы алып отырғаны биыл ақпанда айтылған болатын-ды. Балабақша бизнеске айналып кеткелі қашан. Яғни бұл бүгін пайда болған проблема емес. Бұған дейін де айтылған. Мәселе, оның қашан және қалай шешілетінінде ғой. Пилоттық жобалардан бір нәтиже шыға ма?
Айтпақшы, Дархан Сатыбалды Сәкен Қалқамановтың орнына Бейсен Тәжібаевты тағайындады. Жаңа орынбасардың мамандығы журналист. Уақтысында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, бұған дейін «Аманат» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметтерін атқарған. Идеология саласында шыңдалған, жергілікті жағдайды жақсы білетін, тындырымды тірліктерімен көзге түскен маман. Ендеше, көпшіліктің ендігі үміті Бейсен Тәжібаевта.