Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:32, 31 Мамыр 2025

Балалар сеансы: ересектерге арналған жарнама. Этика мен заңға орын жоқ.

кинотеатр және балалар
Фото: из открытых источников

Күні кеше іні-сіңлімді ертіп, фильм көрмекке кинотеатрға бардым. Қолымызға билет алып, орнымызға жайғастық. Фильм басталмас бұрын, бірнеше минут қатарынан фильмдердің жарнамасы үлкен экраннан үздіксіз жүре бастады.

Кей жарнамаларға бала түгілі, ересектердің жүйкесі шыдамайды. Енді бір фильмнің трейлерінде анайы сахналар мен былапыт сөздер, қорқынышты кадрлар көп. Бірінде суицид жасап жатқан әлде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел, енді бір жарнама тіпті анайы. Бала түгілі, ересектер ұялады. Лық толы залдағы шу мен гүбір-гүбір әңгіме жарнама басталысымен-ақ бала мен ата-ана арасындағы түсініксіз үнсіздікке ұласып кетті. Бұл бірінші рет орын алған жағдай емес. Кинотеатрлардағы сеанс алдындағы жарнама – жаһандық киноиндустрияның қалыптасқан тәртібі, әуел бастан келе жатқан тәжірибесі екені анық. Көрермен экран алдына жақындап, назарын аударған кезде 10-15 минут бойы жақында шығатын фильмдердің жарнамалық трейлерлері көрсетіледі. Бұны біз қанша маркентингтің бір қыры, амалы мен тәртібі деп ақтап алғанымызбен, көрерменнің жас ерекшелігін елемеу біз сүріп жатқан капиталистік қоғам мен жаһандық медиажүйенің қатігез аяусыздығы іспетті.

Әрине, бүгінгі кино өнерден көрі, кәсіп көзіне ауысқалы қашан. Киноиндустрия – қаржыны күректеп табатын бизнеске айналып кетті. Продюсерлер, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар қаржылық табыс үшін жұмыс істейтіні де өтірік емес. Бірақ бизнестің барлығы бірдей адамгершілік шеңберінде жүреді деп айту да қиын. Адамгершілік құндылықтар мен коммерция арасындағы қайшылық қазіргі медиажүйенің дағдарысынан хабар берсе керек. Қазақстандық кинотеатрларда мультфильм алдында осындай фильмдердің жарнамасының жүруі – осы дағдарыстың көрінісі. Бұл жерде мәселе тек әкімшілік немқұрайлылығында не үкіметтің үнсіздігінде де емес, тұтастай алғанда медиакеңістіктің этикалық кодексінің жоқтығында жатқан сияқты. Егер мемлекет деңгейінде балаларға арналған контент пен кеңістікті қорғаудың нақты механизмдері болмаса, жеке бизнес өкілдері өз мүддесін бірінші орынға қоюды тоқтатпайды. Бүгін осы мәселе турасында бірнеше маманның пікірін сұрап көрдік. «Жас Алаш» қойған сауалға өнертанушы Роман Бұрқаш, заңгер Аружан Еркінқызы және балалар мен жасөспірімдер психологы Назгүл Жанболатқызы жауап берді.

Роман БҰРҚАШ:

Бұны біз заңбұзушылық деп қарауымыз керек

Кинотеатрларда балаларға арналған сеанстар алдында жарнама ретінде +18 фильмдердің трейлері көрсетіледі екен. Бұл әрине балалардың құқығын, жалпы көрермендердің құқығын аяққа таптайтын этикалық тұрғыдан дұрыс емес өрескел қателік. Осы мәселеге тиісті мекемелер әлі күнге дейін неге назар аудармағаны таңым бар. Мүмкін бұл тақырып бұрын да көтерілген шығар. Бірақ мәселеге нүкте қоятын жауапты мекемелердің ешқандай шара қолданбағанын көріп отырмыз. Осыдан бір жыл бұрын басқа да ғалым, зерттеушілер Facebook әлеуметтік желісінде Түркістан қаласындағы бір кинотеатрға баласымен барғанда тап осындай жағдайға тап болғанын және бұған бір шара қолданылуын өтініп постында Мәдениет және Ақпарат министрлігін тэгтеп тұрып жазғаны есімде. Мен әрине өзім куә болмаған соң басында жергілікті кинотеатрдың жіберген қателігі шығар деп ойладым. Бірақ араға бір жыл салып Түркістандағы басқа бір кинотеатрда балаларға арналған сеансқа барғанымда ересектерге арналған бірнеше фильмдердің трейлерін көрсеткенін көрдім. Сөйтсем бұл тек бір рет жіберілген қателік емес, үнемі осылай екен. Сол кезде барып көтерілген бұл мәселенің орынды екенін ұқтым. Аталмыш постта автор Мәдениет және Ақпарат министрлігін бекер тэгтемеген. Жоғарыда айтып өткенімдей бұл жағдай жекелеген кинотеатрлардың немқұрайлығы емес, түгел индустрияның заң бұзуы деп ойлаймын. Менің ойымша осы мәселені елімізде ретке қоятын бірден-бір мекеме минстрлік деп ойлаймын. Осыны оқып отырған ата-аналар да сөзімізді растар. Байқап қарасам қай кинотеатрға барсаң да солай сияқты. Бұған жауапты мекемелер сеанс аллындағы 5-10 минуттық жарнамада тұрған несі бар деп ойлайтын шығар. Бірақ біз бұның балалардың, тұтынушылардың құқығын таптау екенін түсінуіміз керек. Себебі жоғарыда өзіңіз айтқандай бұл жарнамаларда балаларға көрсетілмеуі керек неше түрлі анайы, ұятсыз сахналар бар. Әсіресе балаларымен қатар отырған ата-аналар бұндай кезде не істерін білмей, кіретін тесік таппай кетеді. Бұны біз заңбұзушылық деп қарауымыз керек. Басқасын айтпағанда бұндай әрекетке еліміздің конституциясында да (15-бап, 2-тармақ), БҰҰ ұйымының «Бала құқығын қорғау» конвенциясында да (11,17-бап) тыйым салынған. Жарнаманы елімізде дистрибюциялайтын компаниялар және оны сеанстар алдында көрсететін кинотеатр басшылығы да жоғарыда көрсетілген баптарға қарсы әрекет етіп отыр. Бұл мәселе тап біздің елімізде тікелей министрліктің араласуымен және ата-аналардың шағымдары мен әлеуметтік желідегі резонанс арқылы шешіледі деп ойлаймын. Себебі дистрибютор компаниялар мен кинотеатр басшылығы үшін комерциялық мүдде бірінші орында тұрған соң нақты жоғарыдан тыйымдар мен ескертулер келмесе тиісті шаралар жасайды деп ойламаймын. Олардың бұл мәселені байқамауы мүмкін емес. Әйтпесе ешқандай заңды, бұйрық пен тыйымды күтпей-ақ осы уақытқа дейін әрекетке көшер еді.

Роман Бұрқаш
Фото: ашық дереккөздерден

Біздің қоғамда кейде билік мәселе әлеуметтік желіде резонансқа айналып, жаппай қоғамдық наразылыққа ұшыраған соң ғана кірісетіні бар ғой. Жеке өз басым әлгіндей келеңсіз жағдайға тап болған соң ертесіне Түркістан қаласы, Turan Moll сауда орталығында орналасқан Prime Cinema басшылығына ресми хат жаздым. Хатымда бұл заң бұзушылық, балалардың құқығын бұзу, этикаға да қайшы екенін бәрін анық көрсеттім. Көп ұзамай ресми жауап та келді. Кинотеатр басшылығының айтуынша жарнамалық трейлерлер дистрибютерлер тарапынан негізгі фильмге жалғанып келеді екен. Оны қиып тастасақ дистрибютерлік компания бізді сотқа беруі мүмкін дейді. Мен бұл жауапты жауапкершіліктен қашу, кінәні өзгеге арта салу деп ойлаймын. Себебі ҚР мен халықаралық заңдарда бұл мәселе анық айтылған. Кинотеатр басшылығы дистрибютердің талабын заңнан жоғары қоймауы тиіс еді ғой. Енді дистрибютерлік компанияларға ресми хат жолдаймыз. Бірақ мәселе сонымен шешіле қояды деу қиын. Сондықтан бұған тікелей министрліктің өзі араласып, тыйым салып, бақылап, енді қайталанбайтын қылуы керек. Ал министрлік тез арада әрекет етуі үшін әрқайсымыз БАҚ-та, әлеуметтік желіде осы тақырыпты қозғай беруіміз керек.

Шетелде, оның ішінде Батыс елдерінде бұл мәселе әлдеқашан шешіліп қойған. АҚШ-та да, Еуропа елдерінде нарыққа шыққан фильмдердің рейтингін анықтайтын және өнімдердің жас ерекшеліктеріне сай екенін анықтайтын халықаралық ұйымдар баршылық. Бірақ кейде ол жақта да тұтынушылар құқығын бұзатын түрлі жағдаяттар орын алып тұрады. Мысалы, 2018 жылы Австралияның бір киеотеатрында балаларға арналған «Питер есімді қоян» (Кролик Питер) сеансының аллында ересектерге арналған «Реинкорнация» хоррор- фильмінің трейлерін көрсеткенде қорқынышты сахналардан шошып залдағы балалар жылап, ата-аналары оларды дереу сыртқа алып шығуға мәжбүр болған. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде көп талқыланып резонанс болған. Артынша кинотеатр басшылығы техникалық қате кеткендігін мойындап, халықтан кешірім сұраған. Яғни, бұл жағдай техникалық ақаулардан да болмауы мүмкін. Егер халық тиісті қарсылық білдірмегенде мәселе шешілмеуі де мүмкін еді. Дегенмен кинотеатр басшылығы да ресми кешірім сұрап, енді қайталанбайтынына уәде берулері де дұрыс әрекет. Айтқым келгені, шетелде балаларға лайықсыз контент ұсыну заңмен шектелген. Ал кейбір «техникалық қателіктер» болса халық та тиісті қарсылығын білдіреді, жауаптылар да кінәні мойнына алады. Ал біздің елде өкінішке қарай бұл мәселе әлі күнге дейін жабулы қазан күйінде тұр. Кейде адамдар «балаларға қатысты бұдан да күрделі мәселелер бар кезде 5-10 мин. жарнаманы сөз етуге бола ма» деп ойлауы мүмкін. Бірақ біз мынаны есте ұстауымыз керек. Мәселе балаларға келгенде проблеманың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан мемлекет те, ересек азаматтар да балалар құқығының бұзылуына жол бермеу керек. Балаларға қатысты мәселелерде әрқайсымыз жауаптымыз.

Аружан ЕРКІНҚЫЗЫ:

Мәселе жарнамада емес

Балаларды кинотеатрға апарған әр ересек бастан өткеретін бір түсініксіз сәті – кино басталмай тұрып көрсетілетін жарнамалық роликтердің кезі. Экраннан 5-6 жасар бүлдіршіндердің көзіне жыныстық қатынас элементтері бар сахна, асылып өлейін деп тұрған адам, үй ішіндегі қатыгез зорлық-зомбылық көріністері кезек-кезек жылт ете қалады. Бір мезетте күлкі мен қорқыныш араласып, бала не күлерін, не үркерін білмей, экранға үңіле қарап отырады. Бұл қоғамдағы құқықтық вакуум мен моральдық бейжайлықтың көрінісі. Кинотеатрлардағы жарнама саясаты көбіне жаппай көрерменге бағытталған. Жаңа фильмдерді жарнамалау барысында дистрибьюторлар ең әсерлі, драмалық немесе көрерменді еліктіретін эпизодтарды қолданады. Мұндай эпизодтар қатарында зорлық-зомбылық, сексуалдық мазмұндағы сахналар, психологиялық шиеленіс жиі кездеседі. Алайда бұл жарнамалар кәмелетке толмаған көрермендердің де назарына ұсынылады, бұл олардың қабылдау жүйесіне, эмоциялық дамуына және дүниетанымына ықпал етуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Баланың құқықтары туралы» заңында балаға жасына сай, психикасына зиян келтірмейтін ақпарат алу құқығы айқын жазылған. Алайда практикада бұл норма кинотеатрларға жүрмей тұрғаны өкінішті-ақ. «Жарнама туралы» заң да көрерменнің жас ерекшелігіне сай жарнама тарату қажет екенін атап өтеді. Бірақ киносеанс алдындағы трейлерлер мен жарнамаларда осы талап нақты орындалып отыр ма десек, «жоқ» деген жауап қана аламыз. Өйткені жарнама фильм емес, оның қосымшасы ретінде қарастырылады. Сол себепті оған жас шектеуі де қойылмайды. Құқықтық жүйеміздегі құрылымдық олқылық десек те болады. Кинотеатр әкімшілігі көбіне дистрибьюторлардан келген жарнамалық материалдарды тексерусіз, сол күйі экранға шығарады. Трейлерлердегі драматургиялық кульминация көрерменді тарту үшін міндетті түрде шок тудыратын, ең әсерлі сәттерді қолдану арқылы жасалады. Жарнама нарығы эмоция арқылы сату әдісін жақсы меңгерген, ал балалардың эмоциясы ең тез қозатын, ең әлсіз қорғанысқа ие кеңістік. Ал кинотеатр қызметкерлері мен жарнама агенттіктері үшін бұл тек бизнес ғана. Ал бала үшін ше деген сұраққа жауап таба алмай қала береміз. Бұл құбылысты мәдени капитал мен нормалардың құлдырауы деп түсіндірсек болады. Қазіргі медиа – нарыққа бейімделген, тұтынушының назарын алуды ғана мақсат тұтқан алаң. Баланың психикасы, құндылықтық әлемі, сезімтал санасы – жарнаманың эксперимент алаңына айналып бара жатыр. Бұл тек бір балаға ғана емес, күллі балалыққа жасап жатқан жасырын шабуыл деп қарастырған жөн.

Мені бәрінен бұрын бұл жағдайға қатысты қоғам үнсіздігі таңғалдырады. Көп ата-ана бұл кадрлар экраннан жылдам өтеді деп мән бермейді. Мұны «нормалардың бейімделу синдромы» деп атайды, яғни белгілі бір мәселемен үнемі бетпе-бет келген сайын, оны елемей, етің үйренген кезде оған қарсылық жойылады. Халықаралық тәжірибеде аталмыш мәселе әлдеқайда жүйелі шешілген. Германияда кинотрейлерлер FSK арқылы алдын ала сараптамадан өтеді. Ұлыбританияда BBFC әрбір жарнамаға жеке жас шектеу қойып, кинотеатр әкімшілігіне нақты нұсқау береді. АҚШ-та трейлерлер «approved for all audiences» деген таңбамен немесе шектеу белгісімен көрсетіледі. Ал Қазақстанда мұндай жүйе жоқ. Әкімшілік кодексте балаға зиянды ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар болғанымен, оны дәлелдеу, тіркеу, реттеу механизмі жетілмеген. Сондықтан ата-ана шағымданса да, нақты нәтиже көре алмауы мүмкін. Құқықтық реттеу жоқ жерде, моральдық жауапкершілік те жұмыс істемейді. Осылайша, біз балалардың ақпараттық ортада қорғалмағанын көріп, үнсіз отырмыз. Бұл проблема құқық арқылы ғана емес, қоғамдық сана арқылы да шешілуі тиіс. Кинотеатрлар этикалық кодекстер қабылдауы керек. Үкімет жарнама мен трейлерлерге де жас шектеу енгізуі тиіс. Ата-аналар мен белсенділер кинотеатр тәжірибесін қадағалап, шағымдануды, қоғамдық бақылауды қолға алғаны жөн.

Балалық шақ – тек жастық шақтың кезеңі емес, адамның ішкі құрылымы қалыптасатын кезең. Ал ол құрылым зорлық пен эротиканың кадрларын қабылдаудан басталса, соны «норма» деп қабылдаса, бізді қандай қоғам күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Демек, мәселе тек жарнамада емес. Мәселе біздің балаға деген көзқарасымызда болып тұр.

Назгүл ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ:

Баланың ақпараттық, мәдени кеңістігі қорғалмаған

Қазіргі таңда кинотеатрлар тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар мәдени әрі рухани кеңістік боп саналады. Қазір мультфильмсіз, трендтегі фильмдер арқылы балалар психологиясы қалыптасып жатқаны да рас. Сондықтан бала қандай ақпарат қабылдаса, соны қорытады, нені көрсе, содан ой түйеді. Сол секілді сіз көтеріп отырған мәселе баланың ақпараттық кеңістігін қорғау деген ұғыммен тікелей байланысты. Біздер «баланы қорғау», «баланы қолдау» деп жиі ұрандатқанымызбен, осындай олқылықтар оның әлі де болсын ақпараттық, мәдени кеңістігі қорғалмағанын көрсетеді. Балалар осындай жарнамалардан ашықтан ашық ересектерге арналған фильмдердің трейлерін көре алады. Мәселен 3–10 жас аралығындағы балалар визуалды және естілетін ақпаратты тіке қабылдайды. Олар меншікті және бөгде әлем арасындағы шекараны толықтай ажырата алмайды, сондықтан экранда көрген әр оқиға шынайы өмірдегі қатер ретінде қабылдануы мүмкін. Мәселен, экрандағы асылып жатқан адамды көру балада өмір мен өлім туралы дұрыс қалыптаспайтын, үрей мен мазасыздық тудыратын алғашқы тәжірибе. Балаларға арналған мультфильм немесе кино көруге келген балалар мен бүлдіршіндер экранда ересектерге арналған контенттің былайша айтқанда «ең таңдаулы», «үздік» үзінділерін, оның ішінде суицид, зорлық-зомбылық, ересектерге арналған көріністерді көріп отырады. Бұл сахналар әдетте контекстен тыс, тек әсерлілік үшін таңдалатындықтан, баланың қабылдауында әлдебір «норма» ретінде орнығуы әбден мүмкін. Мысалы, жылаған әйелді ұрып жатқан ер адам немесе жалаңаш адамдарды көрсеткен эпизод баланың эмоциялық жадына бейсаналы түрде таңбалананып қалады. Бұл кейін баланың психологиялық тұрақтылығына, әлеуметтену процесіне, тіпті болашақтағы моральдық ұстанымдарына елеулі әсер етуі мүмкін. Балалар бір қарағанда не болып жатқанын толық түсінбеуі мүмкін, бірақ бұл олардың психикасы бұл көріністерді «қабылдамайды» деген сөз емес. Бала өз ойында «нормалар картасын» құрып, ол картада өзіне көргенін белгілеп отырады. Осылайша, балада зорлық – қуат көрсету құралы, жалаңаш адамдар – әзіл немесе ойын, адамның өз-өзіне қол жұмсауы – эмоциялық күйзелістен шығудың жолы ретінде қалыптасып қалуы мүмкін. Мәселенің бір қыры – ата-аналардың медиасауаттылығы. Көп жағдайда ата-аналар киносеанс алдында жарнама болатынын біле тұра, оны бейжай қабылдайды. Басым көпшілігі мүлде мән бермейді.

Назгүл Жанболатқызы
Фото: ашық дереккөздерден

Медиасауаттылық – баланы тек интернеттен қорғау ғана емес, ол – визуалды пространство, яғни кеңістікті сүзгіден өткізе отырып, оның қабылдайтын ақпаратын саралап, жас ерекшелігіне сай таңдауға бағыт беру. Бұл ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Сосын әр кинотеатр өз ішкі ережелерін қайта қарап, баланың медиалық кеңістігіне құрметпен қарауға міндеттелуі керек. Бұл – моральдық емес, заңдық жауапкершілікке негізделуі тиіс. Баланың көзқарасы – қоғамның айнасы. Егер сол айнада зорлық, өлім, жыныстық қатынас көрініп тұрса, демек біз балаға емес, өзімізге қатігез қарым-қатынас жасап отырмыз. Экран – тәрбие құралы. Ол не үміт ұялатады, не үрей егеді. Балаларға арналған сеанста бала балалық әлемнің қуанышына бөленуі тиіс. Ал ол қуаныштың алдына ересек әлемнің түнерген жарнамасы тұрып алса, онда біз болашаққа үміт емес, үрей егеміз.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ