Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
02:38, 02 Маусым 2022

Балаларды қорғау – балмұздақ әперу ме?

None
None

1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Құлаққа сондай жағымды естіледі. Бірақ осы мерекені біздің қазақ неге «өзгеше» атап өтеді.

Қалай дейсіз бе? Мәселен, мереке күні ауылдағы ағайын ұл-қызын шұбыртып көшеге алып шығады. Содан кейін, дүкеннен бір бөтелке тәтті су, екі тал балмұздақ алып береді шамасы келгендері. Айлығы түспеген, ақшасы аз ата-аналар балаларына ондай бақыт та сыйлай алмайды. Қаладағылар саябаққа апарады. Әртүрлі ойын ойнатады. Ішкізіп-жегізеді дегендей. Бұл енді қалтасы қалыңдардың ісі. Ал жатақхана жағалап, пәтер жалдап жүргендердің көбі 1-маусымды ұмытуға мәжбүр. Мұның бәрі халықтың әлеуметтік мәселесіне тірелетін әңгіме.

Ал мемлекеттік деңгейде билік балалар күнін неге бір күнге ғана шегелеп қойды? Жарайды, халықаралық мереке дейік. 1-маусымға ғана бекітілген шара дейік. Бірақ дамыған елдерде, Еуропада балаларға жыл бойы жағдай жасалады. Балаға ғана емес, оларда адамға жағдай жасалған. Адам түгілі, ит пен мысық та заңмен қорғалады. Ал бізде ше? Қазақстанда мереке күні ғана бірлі-жарым тіс емханалары тегін қызмет көрсеткен болады. Кейбір дүкендер тегін балмұздақ таратып, ойын алаңдары бірер сағат тегін ойын қояды. Әкімдік сайқымазақ жалдап тегін концерт береді. Болды! Ары қарай балаға жасалатын бақыт сап тыйылады.

Ұрпақ – ұлттың болашағы, мемлекеттің байлығы екенін Ақорда бізден жақсы біледі. Біле тұра, балаларға жасалатын жақсылықты 1 күнмен ғана шектеп қоятыны өтірік емес. Неге біз жыл бойы айналдырған 6 миллион балаға қамқорлық жасай алмаймыз? Неге жыл бойы тістерін тегін емдеп, жыл бойы ойын алаңдары, спорт залдар, бассейіндер тегін болмайды. Осының бәрін жасауға соншалық көп қаражат та кетпес еді ғой. Бұқаралық спортты дамытамыз деп, былтыр тегін спорт залдары ашылған. Соңы сұйылып, пысықтар ақша жасап, бағдарламаның былығын шығарды.

Жасыратыны жоқ, қазақтың ешбір баласы мемлекет тарапынан қорғаусыз, қамқорлықсыз өсіп жатыр. Мектептерде қосымша сабақтардың бәрі ақылы. Дәрі-дәрмектің бағасы удай. Балаға тегін берілетін дәрі атымен жоқ. Мектеп формасын алып-сатарлар қолдан қымбаттатып жіберген. Оқу құралдары шетелден келеді деп, оны да аспандатып тастады. Үйі жоқ, пәтер жағалап жүрген қаншама қазақтың баласы ішер астың өзіне зар. Базарда қайыр сұрап, ауыр жұмысқа жегіліп жүрген балалардың санын ешкім айта алмайды. Пәтердің терезесінен құлап, подьездерде зорланып, қорланып жатқан балапандар ше?

Осыдан кейін Жаңа Қазақстан балаларды жарылқап жатыр деп қалай айтамыз? Осыдан кейін балаларымыз неге отаншыл емес, неге жастар бұзылып кетті, жастар неге боркемік деп ақыр-заманды үйіп-төгеміз? Өйткені балаларды қорғау күнін бір бөтелке сусын әперумен шектеген шебер мемлекетпіз ғой...

Тегтер: