Балаларға арналған контенттер көбею қажет

Өркениетті елдер бала тәрбиесіне үнемі басым назар аударады. Дамыған мемлекетте жеткіншектердің тәрбиелі, өресі биік тұлға болып өсуіне ата-ана ғана емес, үкіметте сеп тигізеді.
Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, әлемде бүлдіршіндер күніне 30 пайыз уақытын теледидар алдында өткізеді екен. Міне, осыны саралаған дамыған елдер телеиндустрия саласында балаларға сапалы контент өндіруге басым мән беріп отыр. Олар көгілдір экраннан баланың таным түйсігін кеңейтетін интеллектуалдық бағдарламалар мен мультфильмдер көрсетуге көңіл бөлген. Өйткені электронды ақпарат құралы жеткіншектердің тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін идеологиялық құрал саналады.
Мәселен, Америкада балаларға танымдық бағыттағы телеөнімдер көрсету оң жолға қойылған. Технологиясы дамыған Жапонияда кішкентай көрермендерді бабалар жолымен тәрбиелеуге екпін қойылған. Жапондық балғындарға ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталады. Қытайлық өрендерге патриоттық бағыттағы мультфильмдерді көрсетуге басым мән берілген. «Нені ексең, соны орасың» деген қағиданы ұрпақ тәрбиелеудегі ұстанымға діңгек еткен елдердің өнегесі осындай. Ал біз өз ұрпағымыздың санасына қандай тағылым сіңіріп жатырмыз?
Қазақстанда мемлекеттік тілдегі балалар контенті аз. Ащы да болса, шындық. Біздің кішкентайлар көбіне әлеуметтік платформадағы орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдермен сусындап жүр. Нәтижесі қолмен қойғандай. Қазақ балаларының ана тілі ақсап тұр, өзге тілде сайрап жүр. Мұның жөні не дегенге, ата-аналар: «қазақ тіліндегі контент аз, сапасы көңіл көншітпейді» деген уәж айтады. Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келеді. Олай болса, қазақстандық балалардың талғамынан шығатын хабарлар экранға қашан жол тартады?
— Шетелдік арналарда көрсетілетін телеөнімдерді қазақшалау күн тәртібіне енгізілді. Атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі былтыр Nickelodeon және TiJi телеарналарымен келіссөзге отырды. Соның арқасында, былтырдан бері балалардың жоғары сұранысына ие Nickelodeon және TiJi телеарнасының таңдаулы бағдарламалары көрсетіле бастады. Бір себептен, біз мұндай қадамға отандық мультипликациядағы бәсекелестікті қалыптастыру үшін барып отырмыз. Айта кеткен ләзім, бұл шешім жақсы нәтиже берді. Балалар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытынды бойынша, мультфильмдердің сапасы жағынан отандық «Балапан» арнасының өнімі 1 орынға шықты. Одан кейінгі сұраныста Nickelodeon, TiJi, Cartoon Network, «Карусель», «Малыш» арналары тұр. Егер шетелдік үш арна таңдалды деген сауал туындауы заңды. Nickelodeon және TiJi балалар арнасының өнімдері қазір әлемдік сұранысқа ие. Алғашқысы бүгінде 180 елдегі баланың жүрегін жаулап отырса, екіншісінің туындыларын 20-ға жуық шетел сатып алған. Бүгінде осындағы 800 сағаттық таңдаулы мультфильм қазақ тіліне аударылды, –дейді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров.
Былтыр елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған «QZОNE» қазақ тілді стриминг-платформасы пайдалануға берілді. Тұңғыш онлайн кинотеатрда әр жастағы балаларға арналған толықметражды анимациялық және көркем фильмдер, комикс, мультхикая, телесериалдар және ситкомдар жинақталып құрастырылған. Мұнда топтастырылған қазақшаға тәржімаланған туындылардың тілі жатық. Бастысы – баланың түсінуге жеңіл. Көрерменге жолдама алған кез келген өнімнің сапасы осы талапқа сай болса, қалада өскен балғындар мен этнос өкілдері балаларының ұғымына қиындық туғызбайтыны анық.