Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:49, 23 Сәуір 2024

Балаларға арналған сүт өнімдерінің тапшылығын қалай шешеміз?

сүт өнімдері
Фото:

Қазір біздің үкімет «Қазақстанда жасалған» өнімдердің қатарын көбейтуге барынша мән беруде. Бұған қатысты арнайы бағдарлама да қабылдадық, жол картасы бойынша да жұмыс істеп жатырмыз.

 Тіпті елдегі супермаркеттердің бұрышынан «Қазақстанда жасалған» деген атаумен арнайы отандық өнімдерге орын да бердік. Ал енді мұндай әрекеттер мен шаралар қандай нәтиже берді?! Елде «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін қандай отандық өнімдер бар?! Немен мақтанамыз, қандай өнімнің насихатын арттырамыз?! Бұған қатысты біз технолог маман Заңғар Қасымжанмен пікірлесіп көрдік. 

– Заңғар мырза, «Қазақстанда жасалған» жобасы өз жемісін беріп келе ме?! Біздегі отандық өнімдердің қатары артты ма?!

– Өз басым, мұндай жобалардың болғанын жөн санаймын. Бұл жобаларды жүзеге асырған соңғы үш жылда отандық өнімдерге деген елдің сұранысы артқан. Өнім өндірудің жаңа технологиялары пайда бола бастаған. Мысалы, бұған дейін елде бір ғана «Маслозавод» майын қолданып келсек, қазір осы кәсіпорынға бәсекелес түрлі май өнімдері шығарыла бастады. Өскемен қаласының өзінде тәулігіне, 150 тонна май шығаратын зауыттар ашыла бастады. Осылайша, нарыққа сұйық майдың да және басқа майлардың да түр-түрі жіберіліп жатыр. Және олардың талаптары да нарыққа сай, еуропалық стандарттарды да бағындырып отырмыз. ЕуроАзиялық экономикалық одақ аясында да өнімдеріміз сыртқа шығып жатыр. Сондықтан біздің отандық өнімді қолдауға бағытталған жол карталарымыз, бағдарламаларымыз өз нәтижесін көрсете бастады деп ойлаймын.

– Отандық сүт өнімі үнемі сынға ұшырап жатады. Көрші Ресейдің, Беларусь, Қырғызстанның сүт және сүт өнімдері біздің нарықты жаулап алды дейтіндер де бар. Бұған қатысты не айтасыз?!

– Негізінде сүт өнімдеріне қатысты Жамбылда өндірілетін ағарған түрлері бізде бар. Ондағы ірімшік зауыттарының өнімдері стандартқа сай. Бұл зауыт тек айран, сүт өндіріп қана қоймайды, халықаралық талапқа сай моцарелла, голланд сынды ірімшіктерді де өндіріп жүр. Рас, сүт өнімдерінің тапшылығы бар. ЕАЭО келісіміне сай көрші елдерден бізге сүт өнімдері енуі керек. Оларға нарық қалыптастыруымыз керек. Бірақ біз отандық нарықты сүт және сүт өнімдерімен 80 пайыздық деңгейде қамти алып отырмыз. Бізде сүт өнімдеріне қатысты балаларға арналған, жаңа туған нәрестелерге арналған сүт өнімдерінің тапшылығы басым. Бала туғанда берілетін құрғақ сүттерді әлі де шетелден тасымалдаймыз. Болашақта өнім өндірушілер осы жағына мән берсе жөн болар еді. Сосын, сапалы йогурттар, балаларға арналған тәтті сүзбелерді шығаруда әлі де халықаралық стандарттарды бағындыра алмай жатырмыз. Кәсіп иелері болашақта осы үдеден шығуға мән берсе деген ұсыныс бар.

– Жалпы, алматылықтар грузиндердің отандық асы саналып кеткен «Хачапурридің» бір данасын 1500-2000 теңгеге сатып алып жатады. Біздің отандық өнімдердің арасында кеспе, нан өнімдері қаншалықты жоғары бағаланады?!

– Негізі Қостанайда, Түркістанда жоғары деңгейде бұл өнімдерді шығаратын кәсіпорындар бар. Жамбылдықтар да қалыспайды. Өзіміздің «Ақсай нан» да бұл үдеден шыға алады. Отандық тәтті күлшелер, бәліштер көршілес елдерге жіберіліп жатады. Біз олардың өнімдерін пайдаланатынымыз сияқты қырғыздар да, Ресей де біздің өнімдерді пайдаланады. Бұл жағынан өзара ынтымақтастық, келісімшарт жасау да бар. Ендігі біздің мақсат – болашақта жеміс-жидек өндіруге мән берген абзал. Өзбектер тәрізді құрғақ жемістерді өсіру, тәжіктер тәрізді дәндердің ағзаға пайдалы екенін түсініп, түрлі жаңғақтарды көптеп өндіру, өсіру маңызды. Қазір Алматы базарларында тәжіктің, өзбектің көкөністері мен жемістері қаптап тұр. Тіпті алма, апелсин, мандарин тәрізді жемістерді Польшадан, Мароккадан алдыртып жатырмыз. Көктем кезінде бірқатар елдерде жеміс-жидек, көкөніс арзандайды. Ал бізде әлі қымбат. Себебі біз әлі де жылыжай өндірісін дамыта алмай жатырмыз. Нақ осы жылыжай өндірісі ауқымды түрде дамыса, біз қазіргі сәтте арзан көкөніс, жеміс тұтынып отырған болар едік. Сондықтан болашақта «Қазақстанда жасалған» жобасы аясында жылыжай өндірісін дамыту маңызды болмақ...

Қ.Сайлау