Балаларымды ата-енеме деген жеккөрініштің кесірінен ұрады екенмін
Гүлнұр Әшірқызы, көпбалалы ана:
Отбасылық зорлық-зомбылық қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Отбасындағы зомбылықтың салдарынан қаншама бүлдіршіндер зардап шегіп жатқандығы өкінішті. Осы мәселеге байланысты көпбалалы ана Гүлнұр Әшірқызы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты өз оқиғасымен бөлісіп, «Тиран ана» болудан қалай құтылғанын айтып берді.
– Өзіңізді неге «Тиран ана» деп есептейсіз?
– Мен 6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын. Негізі өзім де көпбалалы үлкен отбасында өскенмін. Қыз кезімде әке-шешемнен де, бауырларымнан да таяқ жемей өстім. Бірақ маған барлық зорлықты жеңгелерім көрсетті. Әрдайым маған үйдің шаруасын істетіп, бұйырып, дөрекі сөйлеп, зорлық көрсететін. Осылайша, мен кішкентайымнан травма алып өстім. Қазір өзім де жеңге болып жүрмін. Қайын сіңлілерім бар. Бірақ мен оларға жеңгелерімнің әрекеттерін қайталамадым. Өкініштісі, барлық жәбірді өзімнің туған балаларыма көрсеттім. Оларды аямай соққыға жығатын едім. Себебі мен жұмыс істеп жүргенімде күйеуім маған «отбасымызға көбірек көңіл бөлгенің дұрыс» деп жұмыстан шығарып алды. Артынша жолдасымның сауда орнындағы тауарлары өртеніп, ол да жұмыссыз қалды. Кейіннен енем түнде сыртқа шығамын деп құлап, қолы сынды. Осылай отбасымызда түрлі жағдайлар бірінен-бірі орын ала бастады. Несиеміз де көбейіп жатыр. Ал оны төлейтін ақшамыз жоқ. Сөйтіп жүріп, мен қатты күйзеліске түсіп, балаларымды қолыма түсетін заттармен ұра бастадым. Тіпті ожау, сым, таба секілді қолыма түскен қатты ауыр заттармен ұратынды шығардым. Сөйтсем, мен балаларымды ата-енеме деген жеккөрініштің кесірінен ұрады екенмін. Ата-енеме айта алмаған сөздерімді балаларыма айтып, оларға үлкен адам қателік жасағандай қарап, қатыгездікпен сабап, тиран анаға қалай айналғанымды білмедім.
– Әлі де балаларыңызды ұрасыз ба?
– Жоқ, қазір жақсы ана болуға тырысып, өзгеріп жатырмын. Күйзеліске түскеннен кейін Серікгүл Сали атты психологтың көмегіне жүгіндім. Ол кісі маған «Бақыт» картасын ұсынып, «мына бағытпен жүрші» деп адасқан орманымнан дұрыс жолға шығуыма бағыт берген анамдай болған кісі. Психологтың көмегіне жүгіне отырып, қай жерде қалай қателік жасап жүргенімді, 6 баланың әрқайсымен әртүрлі сөйлесу қажеттігін үйрендім. «Он күнәнің тоғызы тілден» демекші, кейде қатты айтқан сөзіміздің өзі баланы сабағандай екен. Қазір өзімді барынша тәрбиелеп келемін.
– Демек, психологтың көмегі тиді дейсіз ғой. Негізі қазақтың көп қыз-келіншектері мұндай жағдайда психологтың көмегіне жүгіне бермейді. Сізге маманға баруға кім кеңес берді?
– Ол кісіні инстаграмм арқылы тауып, таныстым. Серікгүл ханымның көмегіне жүгінгеннен кейін менде біршама өзгеріс болды. Балаларының тілдерін тауып, олардың жасаған қателіктеріне кешіріммен қарауды үйрендім. Одан бөлек, ата-енеме, күйеуіме, туыстарыма да ренжімей, оларды түсінуге тырысып, бұрынғы қалпыма қайта келе жатырмын. Отбасындағы ұрыс-керістің бәрі ақшаның салдарынан болатынын ұқтым. Қазір ақша жетпейді деп ашуланудың орнына сабырлы болуға тырысып келемін. Менің тағдырыммен ұқсас қыз-келіншектерге де берер кеңесім, отбасындағы бақытты ақшамен айырбастауға болмайды. Әрине, күнкөріс үшін қаржы керек. Бірақ ақша берекесіз үйге келмейді. Сол себептен, тек сабыр сақтап, бар ашуды балалардан алып, соңын зорлық-зомбылыққа ұластырмау керек. «Тиран аналар мен тиран әкелер азайсын!» деп тілеймін.
– Оқиғаңызбен бөліскеніңізе рақмет!
Әңгімелескен Бифат Нұрмахан