Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:47, 30 Сәуір 2024

«Балаңды данышпан жасаймын». Ақылы мектептердің қолындағы сиқырлы таяқша

Ақылы мектеп
Фото: Жас Алаш коллаж

Бүгінде ақылы мектептердің әуселесі ақылы университеттерден артық болмаса кем емес.

 11 жыл қатар «клиентті» ұстап отыратын бизнес кәсіпкерлер үшін тартымды. Елдегі білім жүйесінің осалдығын ескерсек, ата-аналар да баласын ақылы мектептерде оқытуға ынталы. Бір сыныпта 25-30 бала отыратын, ретсіз оқулықтар мен бағдарлама негізінде білім берілетін екі, тіпті үш ауысымды мемлекеттік мектептердің жайын жақсы білетін қазақ қоғамы үшін ақылы мектептің артығырақ көрінуі де заңды ма дейсің. Бірақ мәселе басқада. Сапалы білім береміз, балаңыз барлық тест сұрақтарынан жоғары балл алады, табысты болады деген сынды уәделер мен «кепілдіктерін» үйіп төгетін «платный, элитный» мектептердің сөзі рас па? Ата-аналардың қалтасынан шыққан қомақты қаржы өзін ақтай ма? Ақылы мектепте оқыған балалар шынымен де қалыпты мектептегі балаларға қарағанда табыстырақ бола ма?

Сапа меншікпен өлшенбейді

Көбіне-көп баланың қандай мектепте немесе оқу орнында оқығаны оның жетістікке жету жолында шешуші фактор емес, көп факторлардың бірі ғана деген пайым айтылады. Осыдан келе, мемлекеттік мектептерді бір қалыпқа келтіру, білім сапасын арттырып, ауысым, оқулық, кадр сынды мәселелерді толық шешу ақылы мектептердің актуалдылығын бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы педагог, «Қазбілім» ұлттық лицейінің негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы былай дейді:

«Сапа меншікпен өлшеуге келмейтін ұғым. Мемлекеттік мектептердің ішінде де өте мықты оқу ордалары бар, сол секілді ақылы бола тұра әлсіз, нашарлау мектептер де кездеседі. Бұл мектептің басқару менеджментіне, бағыттары мен стратегиясына, ұстанып отырған идеологиясына тікелей байланысты. Бір ғана айта кетерлік нәрсе, мемлекеттік мектептердегі бір сыныпта 25-30 бала отырады. Демек, ата-аналардың балаға көңіл бөлінбей қалған соң сабағы нашарлап, ашыла алмай, өзін көрсете алмай қала ма деп алаңдауы әбден орынды. Ал жекеменшік мектептердегі бір сыныпта 21 баладан артық отырмайды. Орта есеппен – 10-15 оқушы. Мұндайда оқушылардың бірінің тасада қалып кетуі мүмкін емес. Осы үшін ата-ана баласын ақылы мектепке апарады және ол белгілі бір деңгейде ақталады да.

Бірақ шын мәнінде де жекеменшік мектептердің қолында сиқырлы таяқша жоқ қой. Олар бәрін бірдей деңгейде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шабандоз етіп оқыта алмайды. Мәселеге осы қырынан да қарау керек. Алайда кім не десе де, Қазақстанның қазіргі реалды жағдайында баланы қалта көтерсе, шама келсе, ақылы мектепке берген дұрыс».

Мемлекеттік мектепте де, жекеменшік мектепте де орта жоқ

Ақылы мектептерді мемлекеттік мектептермен ғана емес, зияткерлік мектептермен де салыстыруға болады. Тест конкурс негізінде қаймақтарды іріктеп алып, толық тегін білім беретін мұндай оқу орындарының да өзіндік ерекшеліктері бар. Осы тақырып төңірегінде Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, қазіргі таңда табысты кәсіпкер Жандос Тұрманұлының пікірін білдік. Оның айтуынша, ақылы мектептер балаға мықты орта бола алмайды. Әрі жекеменшік оқу ордаларында білім беруге емес, индиктор қууға көбірек мән беріледі дейді.

«Еліміздегі мемлекеттік мектептер мен білім беру жүйесінің жайы баршамызға аян. Сондықтан ақылы мектептер нарығы дамып, көпшіліктің жүгінеріне айналып отыр. Бұдан бөлек, тағы бір тарап – зияткерлік мектептер. Олардың миссиясы үздіктерді ары қарай шыңдау, потенциалын толық ашу бағытында жүреді. Мұнда мемлекеттік мектептер мен ақылы мектептерде жоқ бір нәрсе бар. Ол – орта.

Зияткерлік мектептердегі білім көрсеткіштеріне қарай іріктелген интеллектуалдардың ортасында болу баланың білім алуына, қызығуына оң әсер етеді. Бұл орайда ортаның маңыздылығын түсіндіріп те қажеті жоқ шығар. Ал ақылы мектептердегі орта білім критерийіне қарап жинақталмайды. Онда ақша төлесе болғаны, білім деңгейі әртүрлі балалар бір сыныпқа келеді. Осының әсерінен, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру миссиясы педагогтың міндетіне қосылып кетеді. Демек, оқушы төмен баға алып жатса, ол педагогтың нәтижесі ретінде бағаланады. Сондықтан ата-анаға көп уәде беріп, соған сай көп ақша алып отырған мектеп басшылығы мұғалімдерден жоғары көрсеткіштер талап етеді. Ал ұстаз жағдайлар контекстіне байланысты жаттату әдісіне жақынырақ болып кетіп жатады. Нәтижесінде, баланың функционалдық сауаттылығына емес, нақты жаттаған және тестте көрсеткен көрсеткіштеріне акцент қойылып кету ықтималдылығы жоғары. Мысалы, биологиядан саңырауқұлақтар деген тақырып өтілсе, оқушы саңырауқұлақтың түрлерін біліп, улысы мен пайдалысын ажыратып, қалай өсетінін меңгеруі қажет. Мен оқыған НЗМ-да бір тақырыпқа осы сынды 20-30 мақсат белгіленіп, артынан сол сабақ бойынша «формативка» және «суммативка» деген тест алынады. Бұл тесттер нақты бір жатталған хронологияны немесе фактіні емес, құбылыстың табиғатын, жалпы процесті түсіну жағын әртүрлі әдіспен анықтайды. Өйткені процесті білу жаттап алудан гөрі маңыздырақ. Функционалды сауаттылық дегеніміз – осы. Ал тоқсандық рейтинг немесе жылдық баға, тест сұрақтарындағы балл көрсеткіші приоритетте тұратын ақылы білім беру ордалары баланың интеллектуалды қабілетіне залал келтіріп, уақытын бос алады. Мұндай мәселе мемлекеттік мектептерде болмауы мүмкін. Себебі онда «балаңнан данышпан шығарамын» деген уәде жоқ, бағдарлама өз ағынымен жүре береді», – дейді Жандос Тұрманұлы.

Жетістік әлеуметтік жағдайларға тәуелді емес

Ендігі тұста жалпы, зияткерлік, ақылы оқу орындарының қайсында оқығаны баланың психологиясына қалай әсер ететіні туралы және оның жетістікке қатынасы туралы психолог Назигүл Аблахатқызының пікірін ұсынайық:

 «Жетістік үшін тек интеллектуалды қабілеттер аздық етеді. Ал моральдық құндылықтар мен эмоциялық интеллекттің деңгейі әлеуметтік жағдайларға тәуелді емес. Себебі бұл факторлар өте индивидуалды, қандай отбасыда өскеніне, қандай ортада көп жүретініне қарамастан, әртүрлі адамдарда әртүрлі көріністе қалыптасады. Дәл сол себепті бала мықты мектепте оқыса табысты, ауылдық немесе мемлекеттік қарапайым мектепте оқыса «бейшара» болады деген түсінік қалыптастыру қате.

Ата-аналардың кезінде өзі жасай алмаған нәрселері мен орындай алмаған армандарын балаға проекциялауы деген бар. Өздері жетпегенді, көрмегенді балалары жасаса, алса екен дейді. Себебі өздерінің ішінде ата-анам осылай жасағанда мен осыған жетер едім-ау деген ой тұрады. Сондықтан балалары табысқа қол жеткізсе, өмірім бекер өтпеді деген тыныштық тауып, өзін «реализовать» еткендей сезінеді. Тағы бір жағынан, бар жақсыны балаға беруге ұмтылыс – ата-анаға тән инстинкт. Бірақ мұндай ойлар кейде бала үшін әділетсіз қадамдарға әкелуі ықтимал.

Табысты болу үшін білімді бол, көп ізден, жатпа-тұрма деген талаптар баланы қатты қинап жібереді. Бірақ ата-аналар көбінде осы нәрсені назарға алмайды. Балам табысты, бірақ бақытты ма, жоқ па деп ойланбастан, өз ойындағы идеалды жасауға тырыса береді. Сөйтіп, «ақша төлеп отырмыннан» бастап «ұят емес пе?» дегенге дейін манипуляциялар орын алады. Ал өзі қаламаған нәрсемен айналысу, қызық емес материалды меңгеру бала үшін үлкен стресс. Әрі бұл бір күн, жиырма күнге емес, бірнеше жылдарға жалғасады. Осыны қалайтын немесе көтере алатын, бейімделіп кететін балаларды оқытқан, машықтандырған дұрыс, әрине. Ал қаламайтын, көтере алмайтын балаларға жүктеме салып, психикасын құртудың қажеті жоқ. Өйткені сен міндеттісің, сол үшін жасайсың деген қағидамен өскен балалардың ішінде көп агрессия жиналады. Бейсаналы түрде өзіне де, өзгеге де, айналаға да ашу тұрады. Ең өкініштісі, мұндай санамен өмір сүретін адамдар қанша табысқа жетсе де өзін бақытты сезінбей жатады. Ал табысқа жете алмағандары ата-анасының «ожиданиесін» ақтамағаны үшін өзін кінәлі сезінеді.

Осындай қолайсыздықтар мен мәселелерге жол бермеу үшін ата-ана балаға проект ретінде қарамауы керек. Қатып қалмай, баламен сөйлесу, түсіндіру, сендіру қажет. Пікірін сұрап, қалауын анықтаған дұрыс. Әрі балаға тек интеллектуалды білім беруге тырыспай, сыни ойлана алуы мен қиялын, шығармашылығын, бойында бар қабілеттерін дамытқан жөн. Жоқ нәрсені зорлап, қинап, баланы шектемеу жақсылыққа әкелмейді. Осының бәрін қорытқанда, баланы ақылы мектепке сүйреу барлық мәселелердің шешімі емес екенін түсінеміз».

«Сапалы білім жалпыға бірдей қолжетімді болуы керек»

Осы ойлардың бәрін қорыта келе, адамның жетістікке жетіп-жетпеуі оның оқыған мектебіне тікелей тәуелді деп айта алмаймыз. Алайда қазіргі ақылы мектептердің артықшылығын да мойындауымыз керек. Десек те, ақылы білімнің жалпыға бірдей қолжетімсіздігі дилеммаға әкеледі. Бұл туралы әлеуметтанушы Дана Рахымғалиқызы былай дейді:

«Баланың отбасыдан кейінгі даму ортасы – мектеп. Қазақстандағы жекеменшік және жалпы білім беретін орта мектептердің артықшылықтары мен кемшіліктері білім беру сапасын, қолжетімділігін, құнын қоса алғанда, көптеген факторларға байланысты.

Жеке мектептерде оқушылар саны аз болғандықтан, әлеуметтік байланыстар тығыз ал жеке өсу мүмкіндіктері жоғары. Мұғалімнің әр балаға жеке көңіл бөле алатынын, ресурстың ауқымдылығын, оқушының ой-өрісін дамытатын қосымша іс-шаралар мен бағдарламалардың көптігі мен реттілігін ескерсек, ақылы мектептер мемлекеттік мектептерден оқ бойы озық тұр. Бірақ ондағы балалар тек өзі сияқты «қалталы» ортада жүретіндіктен, оның қоғамдағы реализмнен алшақ болуына әкелуі мүмкін.

Ал жалпы мектептерде әлеуметтік және мәдени әртүрлілік, қоғамдағы түрлі деңгейлі топтар мен ұжымдардың байланысы бар. Яғни әлеуметтік, мәдени, экономикалық статустарға байланысты түрлі отбасыдан келген балалар бір сыныпта, бірдей оқушы сатысында болады. Мұндай әлеуметтік динамика толық топтасқан ортада жүру мектеп оқушыларының оқу орнынан тыс өмірге бейімделуіне, өзіне жаңа сұрақтар қойып, реалист болуына оң әсер етеді.

Аталған әлеуметтену процесінен бөлек, әлеуметтік теңдік деген ұғым бар. Бұл орайда, жоғары сапалы білімнің жалпыға бірдей қолжетімді болмауы деген проблема туындайды. Олай деуге негіз бар, мемлекеттік мектептер мен ақылы мектептерде білім алу тәжірибесі Қазақстандағы әлеуметтік стратификация контекстінде таптық бөлінудің қалыптасуына әкелуде. Себебі жалпы мектептердегі мүмкіндіктер теңдігі принципіне қарамастан, білім сапасы мен ресурстарға қатысты айырмашылықтар баршылық. Қарапайым тілде айтқанда, ауқатты отбасынан шыққан балалар сапалы білім ала алады және қосымша даму мүмкіндіктеріне ие. Ал қарапайым мектептердің көбі ақылы мектептерге бәсекелесу тұрмақ, өздері ұстануы тиіс нормаларға да сай келмей жатады. Нәтижесінде, бір деңгейде білім алғанмен, алған білімнің екі түрлі болуы оқушының эмпатиясын түсіреді. Тіпті кейбір жағдайларда аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылар стигматизация мен өзін төмен сезінуі мүмкін. Бір қарағанда, қалыпты нәрсе ғой деген ой туындайды. Алайда бала кезден бастап адамның миында және өмірінде әлеуметтік шекаралардың нығаюы ауыр салдарларға әкеліп соқтыруы ғажап емес. Мәселен, азаматтардың елдегі болашағына немесе ел болашағына деген сенімсіздігі, шетелде оқуға, сонда тұруға ұмтылыс, анти-патриотизм қалыптасады.

Ал таптық бөліністің күшеюі демократиялық қоғамның идеалдарына қайшы келіп, әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндіктер принциптерін бұзады. Әрі қоғамда теңсіздік деңгейі қаншалықты жоғары болса, соғұрлым түсініспеушілік деңгейі де артады. Нәтижесінде, әлеуметтік шиеленістер мен қақтығыстардың күшеюіне әкелуі мүмкін».

Бұл құбылысты жеңу үшін білім беру саясатын мұқият қарастырған жөн дейді маман. Жалпы мектептердегі білім сапасын жақсарту, техникалық базаның қолайлылығын, мұғалімдердің қағаз жүзінде емес, іс жүзінде біліктіліктерін арттыруын қамтамасыз ету мемлекеттік мектеп деген ұғымның институт ретіндегі имиджін арттырар еді. Сонда, ерекше қажеттіліктер болмаса, ата-ана да ақылы мектепке асықпас, бәлкім.

Баян Мұратбекқызы 

 

 

 

 

 

Тегтер: