Баланы суицидке әкелетін фактор қайсы?
«Заманына қарай адамы» демекші, қазіргі балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқы, эмоциялық және психологиялық даму деңгейі де өзгеше.
Оларға дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, сәл-пәл қабақ шытсаң да ауыр қабылдайды. Біз психикалық тұрғыдан әлсіз келетін жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына қалай оң әсер ете аламыз?
Бұл сауал ата-ананы ғана емес, мамандарды да мазалауда. Осы бағытта білім ұяларында, денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізіліп жатқан алдын алу жұмысы нәтижелі ме? Елімізде былтырғы жылдың соңғы сегіз айында кәмелет жасына толмаған 122 жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Оның 56 пайызы Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында тіркелген. Әсіресе жоғары көрсеткіш тізімінің басында Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облысы тұр. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 5 пайызға төмендесе де, әлі де жағдайдың түзеле қоймағаны байқалады. Тіпті Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өңірлерде ашылған психологиялық қолдау орталықтарының арқасында мектеп психологтарының жүйелі жұмысы осындай тәуекелге баруды ойлаған балаларды дер кезінде анықтап, суицидтің алдын алғанын жеткізді. Себебі бұл орталықтар жасөспірімнің өзіне қол жұмсауына не түрткі болғанының салдарын зерттеп, диагностикалық талдау жүргізеді екен.
Психолог мамандардың пікірінше, балалар мен жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқына әсер ететін фактор көп. Баланың санасы мен көңіліне түскен мазасыздық ішкі күйзелісін зорайтады. Бұл отбасындағы өзара түсініспеушілік, құрдастар арасындағы қысым, жалғыздық сезіну, әлеуметтік желідегі буллинг болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бала бәрін ішке бүге берсе, оны айналасындағылар білмесе, соңы суицидке итермелеу ықтималдығы басым.
Психолог Әйгерім Жұманқызы баланың бойындағы қандай да бір өзгеріске, мінез-құлқындағы ауытқуға немкетті қарауға болмайтынын айтады. «Ішкі күйзелісін жан адамға білдірмей, жасырып жүретін жасөспірім көп. Олардың өз әлемі өзінде. Кей бала ашық мінезді, тез тіл табысқыш болады. Ал томаға-тұйық бала ешкімге сыр білдірмейді. Мұндай баламен ата-ана жиі сөйлесіп, сабырлы, байыпты түрде әңгімелессе қауіп-қатердің алдын алады. Бұл кезде баланы айыптамай, оның да ойын ашық айтуға мүмкіндік беріп, тыңдай білу керек», – дейді психолог.
Бұл түйткілді шешу үшін бірнеше бағытта жүмыс істеу маңызды. Бірінші, отбасы мүшелері арасында сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Яғни ол сол ортаның қауіпсіз әрі сенімді екенін іштей сезінуі керек. Екінші, мектептегі психологтар әр оқушымен сөйлесу арқылы кейбір құрдастары тарапынан болатын буллингтің алдын алуы тиіс.
Үшінші, психолог суицидтік мінез-құлық байқалған баламен ғана емес, барлық оқушымен жеке-жеке сөйлесіп, танысқаны жөн. Яғни психологиялық көмек көрсету бәріне бірдей қолжетімді болуы қажет.
Ал Орталық Азия аймағының когнитивті-мінез құлықтық терапиясы ассоциациясының мүшесі, психолог Жаннұр Садықованың пікірінше, бүгінде жасөспірімдерге әлеуметтік желі қатты әсер етуде. «Интернет желісінің дамуы ақпараттың көптігінен бөлек, өзін өзгемен жиі салыстыруға әкеліп жатыр. Біреу желіге шалқып өмір сүріп жатқанын салуы мүмкін, енді бірі шетелде қыдырып жүрген сәтін таспалап салады. Мұны көрген келесі бір жасөспірім эмоцияға беріліп «Неге мен емес?» деген сұрақты қойып, мазасыз күй кешуі ықтимал», – дейді маман.
Мәселен, жасөспірімдер мен балалар арасында суицидтік мінез-құлық кейде депрессияға алып келеді. Мұндай кезде энергиясы төмендеп, бойын үмітсіздік билеп, ашушаңдық пен агрессия дендейді. Ал ата-ана мен мұғалім бұған «жасөспірімдік кезеңдегі мінез» деген қалыпты диагнозды қояды. Бірақ мұның соңы ұзақ мерзімді депрессияға әкеп соғады. Депрессияны да, суицидтік мінез-құлқы бар баланы да ерте кезде тану үшін ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс істеген абзал. Ашық жарқын оқушының эмоциясын ішке бүгіп, әп-сәтте өзін қоғамнан тысқары ұстап, оқшауласа, бекер емес.
Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау – тек ата-ана мен мектептің ғана міндеті емес, бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Оның мінез-құлқы мен бойындағы өзгеріс пен ауытқуды дер кезінде байқап, жан-жақты қолдау көрсету – қауіпті сейілтеді, алдын алады. Себебі бізді ғана емес, әлемді де алаңдатқан мәселе жөнінде үн қатқан UNICEF сарапшылары балалардың психологиялық қауіпсіздігі отбасындағы қолдау мен мектептегі ортаның тұрақтылығына тікелей байланысты екенін айтады.
Жігер Әшім