Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 09 Желтоқсан 2025

Баланың қауіпсіздігі мен құқықтық тәрбиесі

балалар
Фото: театрдың жеке мұрағатынан

Қазақстанда «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық тәрбие мен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.

Мәселен, «Әділет мектебі» жобасы – «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде есептелінеді. Бұл жоба оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңды құрметтеуге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған әлеуметтік-бағдарламалық бастама.

Жоба аясында мектептерде арнайы құқықтық кабинеттер ашылып, интерактивті сабақтар, тренингтер, конкурстар мен симуляциялық сот процестері ұйымдастырылады.

Мақсаты – жас ұрпақты заң талаптарын түсініп, құқықтық санасын дамытуға тәрбиелеу, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу.

Астанада «Әділет мектебі» жобасы аясында келесі маңызды жұмыстар атқарылды:

Құқықтық кабинеттер ашу аясында бірнеше мектепте, соның ішінде №97 мектеп-гимназиясында «Әділдік алаңы» кабинеттері құрылды. Бұл кабинеттерде құқықтық білім беру мақсатында интерактивті сабақтар, тренингтер және симуляциялық сот процестері өткізіледі.

Профилактикалық іс-шаралар аясында прокуратура мен білім басқармасы бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түрлі шаралар ұйымдастырды. Симуляциялық сот процестері аясында оқушыларға заң нормаларын тәжірибеде түсіндіру үшін буллинг және басқа да құқыққа қарсы әрекеттер тақырыбында оқу соттары өткізілді. Бұл балаларға заңның маңыздылығын сезіндіруге арналған. Ата-аналар мен педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, отбасы мен мектеп арасындағы құқықтық мәдениетті нығайту жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық мониторинг және кері байланыс барысында жобаның тиімділігін арттыру үшін ата-аналар мен оқушылар арасында сауалнамалар өткізіліп, ұсыныстар жиналды.

Осы жұмыстардың барлығы жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңға бағынушылықты нығайтуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жобаны қамту мақсатында Астанада №97 мектеп-гимназиясында «Әділдік алаңы» кабинетін ашудың салтанатты шарасы өтті. Бұл бастама «Заң және тәртіп» концепциясының жалғасы ретінде жүзеге асырылып, оқушылар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған. Шараға прокурорлар, судьялар, депутаттар, білім беру ұйымдарының өкілдері, ата-аналар және мектеп оқушылары қатысты.

Шара жөнінде Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі А.Өмірзақова былай дейді:

««Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру шеңберінде қала прокуратурасы елорданың білім беру ұйымдарымен бірлесе кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Балалардың құқықтық мәдениетін, жауапкершілігін және заңға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда: әлеуметтік бейнероликтер түсіріледі, сурет байқаулары мен интерактивті іс-шаралар өткізіледі. Осындай жұмыстың жарқын үлгісі №97 мектеп-гимназиясында «Әділет алаңы» құқықтық кабинеттің ашылуы болды».

Шара барысында Нұра ауданының прокуратурасы буллинг тақырыбында оқу-сот процесін ұйымдастырды. Симуляциялық сот арқылы оқушылар құқыққа қайшы әрекеттердің нақты құқықтық салдарын және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын көрді.

Оқушылар өз жұмыстарын «Мен және терезеден тысқары әлем» атты кітап түрінде таныстырды.

Іс-шараға прокуратура мен полиция қызметкерлері, Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі А.Бимендина және депутаттар, білім басқармасының өкілдері, ата-аналар және оқушылар қатысты.

Мұндай бастамалар жасөспірімдер арасында заңға мойынсыну мінез-құлқын нығайтуға және дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыруға ықпал етеді.

Прокуратура әрбір баланың қауіпсіздігі, дамуы және құқықтық тәрбиесі үшін білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды одан әрі күшейтетін болады.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Астана қаласы

Тегтер: