Балерина қарлығашы Рәкүл Тәжиева
«Мен, Рәкүл Тәжиева, 1926 жылы Алматы облысы Каменская плата ауданындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келдім.
Балалық шағым балалар үйінде өтті. Жасым үшке таяған кезде әкем дүниеден өткен. Жазу, сызуы жоқ анам екі баламен, мен және әпкеммен қалды. Бір жылдың ішінде ол күйеуінен, үлкен ұлы мен кішкентай қызынан қапыда айырылып қалды. Бұл оған материалдық және моральдық жағынан бірдей ауыр соққы болды. Мұны көрген Қарғалы фабрикасында жұмыс істейтін көкем бізді өз қамқорлығына алады. Бұл шамамен 1932-1933 жылдар еді. Қазақстанда зұлмат жылдар басталып, халықты аштық жайлаған шақ. Көкемнің біз бен өз отбасын әзер асырап отырғанын көрген анам әпкем екеумізді аудандық балалар үйіне өткізеді. Ол жерден екеуміз қашып шықтық. Екінші рет Алматы қаласындағы балалар үйіне жалғыз өзімді тапсырды. Бірнеше күннен кейін басқа жерге, №1 балалар үйіне ауыстырып жіберді. Қызын жоғалтқан анам мені өлдіге санапты.
1936 жылы Әміре Қашаубаев атындағы Алматы музыка хореографиялық мектебінің интернатында жатқандықтан, осы мектепке оқуға қабылдандым. Бұл жерде кездейсоқ немере бауырымды көріп қалдым, екеуміз бір сыныпта оқитын болып шықтық. Осылайша, туыстарыммен, анаммен және әпкеммен қайта қауыштым.
1944 жылы хореографиялық училищені тәмамдадым. Шығармашылық емтиханда Адамның «Жизель» балетінде Жизельдің рөлін сомдадым. Осы жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қабылдандым. Сөйтіп, солист ретінде қызметімді бастадым. Алғашқы жылдары Лео Делибаның «Коппелия» балетіндегі Сванильданың, «Дон Кихотта» Амурдың құрбысын және тағы да басқа орыс операларындағы образдарды алып шықтым.
Соңғы жылдары Глиэрдің «Красный мак» балетіндегі Тао-Хуа, Великановтың «Қамбар-Назымында» Назымның рөлдерін тапсырды.
Шығармашылық жолымдағы келесі бағындыратын белес – «Бақыт жағалауындағы» Эсмиральданың балеті».
Бұл классикалық қазақ балет өнерінің алғашқы жұлдыздарының бірі Рәкүл Тәжиеваның өз қолымен орыс тілінде жазған автобиографиясы. Өмірбаян Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архивінің мұрағатында сақталған. Ғұмырнамасында актрисаның сомдаған рөлдері толық жазылмаған. Қазақ академиялық опера және балет театрының балет труппасы енді жасақталып жатқан кезде Рәкүл театр табалдырығын аттаған болатын. Сондықтан Рәкүл Тәжиеваның қазақ балетінің негізін салушылардың бірі, кәсіби балерина деп атауға толық негіз бар.
Мың бұралған өнерпаз туралы шаң басқан сары қағаздар ішінен тапқан мағлұматымыз саусақпен санарлық, тым аз. Соның бірі – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қорында сақталған «Балет әртістеріне мінездеме».
Мінездеме орыс тілінде жазылған. Р.Тәжиевадан бөлек, замандас әріптестері Н.Бикентьева, А.Бекбосынов, Л.Таганов, К.Жандарбекова, Д.Самохин, В.Никитина, И.Манскаяның кәсіби біліктілігін сараптап, алқа мүшелері өз бағаларын берген. Сонда Рәкүл Тәжиева туралы былай дейді: «Болмысы дара, болашағы жарқын, жақсы актриса. Техниканы игеруі кішкене әлсіз. Классикалық, халық, қазақ және басқа да билерді орындайды. Бірінші категорияға жатады».
Рәкүл Тәжиеваның талантын, тәжірибелі екенін әріптестері, кәсіби мамандар өз кезінде қалтқысыз мойындаған. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де оның болмыс-бітімін, талантын әлі ұмытқан жоқ. Мысалы, қазақ балетінің ақсақалы, қазыналы қариямыз Болат Аюхановтан актриса туралы сұрай барғанымызда қауырт ісіне қарамастан, бізге уақыт бөлген еді. Ол кісі: «Рәкүл Тәжиева – классикалық қазақ балетінің жарқын бейнесі. Абай атындағы академиялық балет және опера театрының алғашқы сахналарының тарихы актрисаның есімімен тығыз байланысты. Ол «Қамбар-Назым» балетінде Назымның рөлін сомдады. Қамбарды Рафхат Оразбаев бейнеледі. Ол – Селезневтің тікелей шәкірті. Техникасы мықты, қимылдары нық, таза билейтін. Өзгелерден дараланып, оқ бойы озық тұратын. Рәкүл сол кездері Қазақстандағы классикалық балеттің жоғары академиялық дәрежесін ұстап тұрды», – дейді. Б.Аюханов Балерина туралы сөз еткенде көзінен ерекше ұшқынды байқадық.
Шынымен де Рәкүл Тәжиева қазақстандық балет өнерінің бетке ұстары Александр Селезневтің сүйікті шәкірті. Ұстаз болашақ жұлдызды көшеде арықтан секіріп өтіп, әрі қарай кетіп бара жатқан жерінен көріп қалған деседі. Аласа бойлы, тығыршықтай қыздың табиғи дарынын қырағы көз жазбай таныса керек, бірден хореографиялық училищеге оқуға шақырған екен. Білетіндер, көз көргендер, солай дейді. Білетіндер демекші, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, кезінде бұлбұлша сайраған асылдың тұяғы Сәуле Ғарифоллақызы Құрманғалиева – Рәкүл апамыздың көзін көріп, ортамызда жүрген санаулы жанның бірі болған. Соңында там-тұм ақпарат қалғаны болмаса, мардымды құжат болмауының сырын профессордың өз аузынан естіп қайтқан едік. Бала күнінен өнердің ақуызын еміп, шынайы өнерпаздардың ортасында өскен Сәуле Құрманғалиева: «Мен Рәкүл Тәжиеваны Мәскеу консерваториясын тәмамдап, театрға келгелі білем. Сөзі аз, еңбекшіл жан еді. Әкем Ғарифолла Құрманғалиев домбырамен ән салғанда қасында қазақтың билерін билеп жүретін бейнесі санамда сақталып қалыпты. Жарықтық, әрдайым күліп жүретін, жүзінен нұр төгіліп тұратын. Бір қабақ шытып, түнерген кезін көрген емеспін. Қашан көрсем, дайындық залында жаттығып жататын. Ол қажырлы еңбегімен биіктерді бағындырды. А.Селезневтің сүйікті партнері әрі шәкірті. Оны театрдан көп қудалады, мойындамады. Ақыры қысастық қылып тынды. Рәкүлді өнер әлемінен аластату үшін біреулер білек сыбана кірісті. Берерінің бәрін сарқып тауысқан жоқ, тәжірибеммен бөлісемін, шәкірт тәрбиелеймін деп жүрген шағында театрдан кетті. Қандай өкінішті! Не деген қиянат! Сөзі аз болғандықтан, бәрі ішінде тұншығып кетті-ау деп ойлаймын. Сол бойы Рәкүл Тәжиеваны өмірде жолықтырған емеспін. Өнерден, сүйікті балетінен күдер үзіп, қарапайым тіршілік кешкен болар деген ойдамын. Оны ұлықтап, еске алу керек. Себебі ол – қазақ классикалық балетінің алғашқы қарлығашы» деп, өнерпаздың асыл рухына тағзым етіп, сөзін аяқтады, 2019 жылы берген сұхбатында.
Қазақ балет өнерінің отын жаққан жанға қысастық қылған кім? Неге мезгілінен бұрын театрдан кетті? Бұл сұрақтардың жауабы болашақтың еншісінде қалды.
Қолымыздағы санаулы құжаттың тағы бірі – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының мұрағатында сақталған актрисаның анкетасы, яғни жеке іс парағы. Жеке іс парағында осыған дейін келтірген мәліметтерден бөлек, анасының аты-жөні Шаруана Тәженова, әпкесінің аты-жөні Дүрия Анарбаева екенін білдік. Одан бөлек, Чех республикасында және Польшаның астанасы Варшава сахнасында өнер көрсеткенінен хабардар болдық. Қолымызда бар мәліметпен Чехия сапары туралы толықтыра кетуді жөн көрдік. ВЛКСМ-нің ХІ съезіне аттанған Қазақстан делегациясының ішінде Рәкүл Тәжиева да бар. Жас балеринаны ол кезде тек Алматы жұртшылығы ғана емес, сонымен қатар республика халқы танып үлгерген еді. Ол Прагадағы Соколь мерекесіне совет делегациясының құрамымен бірге қатысып, ұмытылмас әсер алып қайтты. Рәкүл Масарика атындағы стадионға жиналған мыңдаған халықтың алдында қазақтың ұлттық биін билеп, жұртшылықты талантымен таң-тамаша қалдырды. Дарынына бас иген прагалықтар орындарынан тұрып, даланың ұлы аруына қошемет білдіргенін сол кездегі советтік басылымдар жарыса жазған еді. Алайда отандық басылым беттерінен бұл туралы бірде-бір ақпарат таппадық.
Гастрольдік сапарларын сөз еткенде, Рәкүл Тәжиеваның 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде көрсеткен өнерін сөз етпеу мүмкін емес. Ол – К.Бәйсейітова мен Р.Захаровтың либреттосы «Достық жолында» балетінде басты рөлді сомдады. Қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров қойылымдағы әрбір образдың есте қаларлықтай болуы үшін жанын салған еді. Кіл қаймақтар атсалысқан балет мәскеуліктердің жүрегін жаулап, ұлы даланың талантына бас иген болатын.
Спектакльдің алғашқы картинасы бейбіт тұрмыс кешіп жатқан шекарадағы қазақ ауылын көрсетумен басталады. Бір уақытта екі отбасында ат ұстар мен кесте тігер бірдей дүниеге келеді. Ұлдың атын – Сабыр, қыздың атын – Құралай қояды. Әке-шешесі бесік құда болып, төс қағыстырып, мәре-сәре күй кешеді. Мереке қызған шақта шапқыншылар ауылдың берекесін қашырып, өздерімен бірге Жәмила мен Алтынайды құндақтағы қызымен қоса алып кетеді... Жиырма жыл өткен соң Сабыр мен Құралай қайта кездесіп, оқиға желісі шиеленісе түседі. Кеңес елдері мен Қытай арасындағы достықты дәріптеген қойылым отансүйгіштікке, ел мен жерге деген махаббатқа тұнып тұр.
Бұл туралы «Вечерняя Москва» газетінде РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі Суламифь Мессерер мақала жариялаған. Автор онкүндік кезінде Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Рәкүл Тәжиевамен кездескенін мәртебе тұтатынын тілге тиек етіпті. Онда мақала авторы «Жәмиланың рөліндегі Рәкүл Тәжиева өз кейіпкерінің жанкештілігі мен отансүйгіштігін, әділдік үшін құрбан болуға дайын екендігін керемет жеткізді» деп жазған.
Мәскеудегі онкүндікте көрсеткен жемісті еңбегі үшін Рәкүл Тәжиеваға 1958 жылы 5 қараша күні Қазақ КСР-дің еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Халық әртісі атағына лайық болса да, табиғаты тұйық актриса даңқ сұрап есік қағып, бастықтардың қабылдауына жазылмайтын. Оның осыдан артық ресми атағы да жоқ. Бірақ кезінде өз көрерменін мойындатып, елдің ықыласына бөленіп-ақ еді.
Абай атындағы опера және балет театрының архивінен табылған өте маңызды құжаттың бірі – Рәкүл Тәжиеваның зейнетке шығуына байланысты театр басшылығының актрисаға берген мінездемесі. Театр директоры ретінде Халық әртісі, Қазақстан Еңбек Ері, композитор, педагог Еркеғали Рахмадиевтің қолы қойылған. Рахмадиевтің мансаптық жолына назар аударсақ, ол 1966-67 жылдары Абай атындағы опера және балет театрына басшылық еткен. Тиісінше, мінездеме де осы жылдарға тиесілі. Демек, актриса ол кезде бар болғаны 40 жаста еді. Толымды образдар сомдап, шәкірт тәрбиелейтін жасында театрдан кетті. Бірақ біз тоқталатын тұс бұл емес. Енді мінездеме мәтініне мән берейік.
«...Ленин орденді академиялық опера және балет театрында 1944 жылы Алматы училищесін тәмамдағаннан кейін балет актрисасы ретінде еңбек жолын бастады. Тәжиева Рәкүл жарқын, талантты биші, қазақ балетіндегі ең үздік солистердің бірі. Оның диапазоны өте үлкен: ол балет спектакльдеріндегі жетекші партияларды орындады және қазір де орындап жүр. «Қамбар-Назым» балетіндегі Назым, «Коппелидегі» Сванильда, «Жоңғар қақпасында» Құралай және Алтынай, «Медный всадник» балетінде сауық кеш патшайымын сомдады, қазақ опералық спектакльдерінде барлық жетекші жеке билерді орындайды. Сонымен қатар театрдың балет спектакльдеріндегі классикалық және жеке билерін орындайды.
Тәжиеваның әртістік қабілеті жоғары, би техникасын жақсы меңгерген. Оның балет және операдағы би образдары әрдайым есте қалады және жағымды әсер қалдырады.
Рәкүл Тәжиева – Қазақстан хореографиясындағы маңызы жоғары мамандардың бірі. Азаматша Тәжиеваның зейнетке шығуына байланысты театр әкімшілігі оны Тәжиеваны дербес зейнеткерлікке ұсынады».
Орыс тілінде жазылған мінездемеге кезіндегі театр директоры Е.Рахмадиевтен бөлек, парторг К.Бейсәлиев, МК төрағасы Д.Кулаковтың қолы қойылған.
Бұл құжаттың астарында не бар? Өз еркімен театрдан кету ме, әлде жоғарыда айтқан қысастықтың салмағы ма? Дәл қазірге дейін жұмбақ болып қалған осы сұрақ менің жаныма тыныштық берер емес. Әрине, шындық бір күні жарыққа шығатынына сенімдімін.
Таза, мінсіз, асыл тастың су түбінде жататыны – ақиқат. Шын асылды іздейтін жанға талмас талап пен қайтпас қайсар қажет. Актрисаның өшкен ізін қайта жаңғыртуға атсалысып жүргендердің бірі – Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы, өнер магистрі, қазақ хореографиясын насихаттаушы Анвара Садықова. Ол актрисаның ұлттық туындыларды орындаудағы ерекшелігіне айрықша тоқталды: «Рәкүл Тәжиева Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театрының жетекші солисі болған және көптеген классикалық балет партияларын орындады. Атап айтар болсақ, «Жизель» балетінде Жизельдің, «Бахчасарайский фонтанда» Марияның, «Коппелияда» Сванильданың, «Эсмеральдада» Эсмеральданың, «Медный всадникте» кеш ханшайымын сомдады. Алайда ол ұлттық балеттерді ерекше, жан тәнімен беріліп орындады. Өзінің асқан шеберлігінің арқасында ұлттық бидің колориті мен қазақ қызының бейнесін толық көрсете білді. Оның ішінде «Қамбар-Назымдағы» Назымның, «Жоңғар қақпасындағы» Құралай мен Алтынайды, «Достық жолындағы» Жәмиланы, «Қыз Жібек», «Абай», «Біржан-Сарадағы» барлық жеке билерінің шоқтығы биік».
А.Садықованың теңізге тамған тамшыдай үлесіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда актрисаның төккен маңдай терін толық жарыққа шығаруға бір адамның күші жеткіліксіз.
Қазір іздегенімізді әуелі ғаламторға енгізетініміз рас. «Рәкүл Тәжиева» деп жазсаңыз, актриса туралы бірде-бір ақпарат таппайсыз. Бұл – қазіргі қазақ балетінің бүгінгі деңгейге көтерілуіне аянбай еңбек етіп, еңбектенуден шаршамаған актрисаның еңбегін ұрпағына жеткізбедік деген сөз. Рәкүл Тәжиева 2000-шы жылы 74 жасында өмірден өтті. Бәрімізді қынжылтатыны – ұлы өнерпаз бен соңғы толқын арасындағы тарихи сабақтастықтың үзілгені. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп ақиық ақын М.Мақатаев осындайда өз өнерінің жетегінде томаға-тұйық жүретін жандарды айтты ма деген ой келеді.
Айдар ЖОРАНОВ