Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:41

Балық шаруашылығы тұншығып жатыр! Сапаров Тоқаевты неге тыңдамайды?

балық
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Алматы облысындағы балық өсірушілер «судың бағасы әділетсіз бекітілді» деп дабыл қақты. Олар балық шаруашылығының су тарифін егін шаруашылығымен бірдей бекітуге қарсы.

«Балық мектеп» жобасын ашып, жүздеген адамға кәсіп үйреткен Марлен Тұрсынәлі «Әділет порталында әділетсіз заң қабылданды» деп санайды. «Естуші мемлекетте сөзімізді министр Сапаров тыңдамайды» деген балық мамандарының арызымен «Жас Алаш» тілшісі танысып қайтты.

Алматы облысындағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер 2025 жылы қазан айында қабылданған су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекіту туралы шешіммен келіспей отыр. Олардың айтуынша, балық шаруашылығына су тарифін егін шаруашылығымен бірдей етіп бекіту – әділетсіз. Алматы облысы балық шаруашылығы ассоциясының төрағасы, кәсіпкер Марлен Тұрсынәлінің сөзінше, мұндай тариф балық саласында жүрген кәсіпкерлер шаруасын кері кетіреді, кәсібінің тоқтауына алып келеді. «Балық мектеп» жобасын ашып, ТМД бойынша балық өсірудің қыр-сырын өзгелерге үйретіп отырған кәсіпкер «Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арызымызға құлақ аспайды» дейді. Кәсіпкер ашқан шаруашылықта сазан, бекіре және форель балығы өсіріледі. Бұларды Астана, Алматы қалалары, Алматы облысы, Шымкент және Өскеменге жеткізіп, сатады.

«Президент «2030 жылға қарай балық өндірісін 270 тоннаға» жеткізу керек деген тапсырма берді. Соған байланысты еліміздің әр өңірінде балық шаруашылығымен айналысқысы келетін адамдар бар. Сол сұраныстың арқасында біз «Балық мектеп» жобасын бастадық. Бұл жоба арқылы 800-ге тарта адамды оқыттық. Олар қазір Қазақстанның әр бұрышында 200-ге тарта шаруашылық ашты. Бұл мектептің ерекшелігі – әлемде жоқ мектеп саналады. Өйткені біздің оқу орнында Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстаннан келіп оқиды. Олар да еліне барып, шаруашылықтарын ашып жатыр. Әрине, шаруашылық дамыған сайын мәселелер туындауы табиғи заңдылық. Оны біз Тоқаевқа да жеткіздік. Сол кезде балық өсіру заңы қабылданды. Біз оған қуандық, комитет құрылды. Бірақ түйткілдер аз емес», – дейді кәсіпкер.

«Біздің балықтар су ішпейді»

Елімізде 2030 жылға қарай балық өндірісін жылына 270 мың тоннаға жеткізу міндеттелгені рас. Қазір 60 мың тонна балық өндіріледі. Алайда Қазақстанның балық импорты айтарлықтай жоғары. Ресми дерек бойынша жылына шамамен 40-50 мың тонна балық өнімін сырттан аламыз. Бұл шамамен 110 млн доллар қаржының сыртқа кетіп жатқанын білдіреді.

Кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі импортты азайтып, балық өнімдерімен өзімізді қамтамасыз ету үшін Алматы облысында балық шаруашылығын ашқан. Қазір мұнда бірнеше тонна балық өндіріп, балық туризмі де дамып жатыр. Алайда маусым кезінде сырттан келетін балық өнімі жергілікті кәсіпкерлердің саудасына зиян тигізіп жатыр. Министрлік оған тосқауыл қойып отырған жоқ, керісінше, балық импорты жыл сайын артып барады.

Сапаров
Фото: tengrinews / Тұрар Қазанғапов

Осыған байланысты және су тарифіне қатысты балық шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер министрлікке ресми түрде арыз жолдаған. Алайда министрлік «су тарифін арзандатып, реттедік» деп жауап берген. Ведомствоның уәжінше, бұрын балық өсірушілер суды өнеркәсіптік тарифпен – 1 куб метріне 8 теңгеден алған, ал қазір олар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатарына енгізіліп, су бағасы 1,05 теңгеге дейін түсірілген. Яғни, балық шаруашылығына су елдегі ең арзан тарифпен беріліп отыр. Оған қоса, министрлік «тек тарифті емес, судың өзін субсидиялаймыз» деп жазған. Жауаптағы мәліметтерге қарағанда, әр текше метр судың 60-85 пайызын мемлекет өтемек. Бұл жеңілдік биыл қаңтар айынан басталады.

Мәрлен Тұрсынәлі
Фото: Жас Алаш

«Біз 55 мың тонна балықты сырттан сатып аламыз. Бұл деген сөз қазынаға түсу керек жүздеген млн доллардың сыртқа кетіп жатқанын білдіреді. Егер біз осы балықтарды өзіміз өсіре алсақ, қаржы сыртқа кетпейтін еді. Бізді экология министрлігінен ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыстырды. Содан бері министр Айдарбек Сейпілұлы балық шаруашылығы мамандарын қабылдап, «Балық шаруашылығына қатысты заң қабылданайын деп жатыр, қандай ұсыныстарыңыз бар? Бұл саланы қалай дамытамыз? Президент тапсырмасын қалай орындаймыз, ойларыңыз қандай?» деген жоқ. Оның нәтижесін қазір көрдік. Себебі биыл әділетті порталда әділетсіз шешім қабылданды. Бұл дегеніміз – егін және басқа шаруашылықтармен біздің суды пайдаланатын тарифімізді бердей етіп қойды. Олар суға 70 пайыз субсидия бөлеміз дейді? Ол неге керек? Ағып жатқан суға балық өсіріп, өнім алсақ, ол экономикамызға көмек бермесе, кедергі келтірмейді ғой. Біз бұл суды пайдалансақ та, пайдаланбасақ та ағып жатыр. Біздің балықтар су ішпейді», – дейді кәсіпкер.

«Естуші мемлекетте арызымызды тыңдайтын министр жоқ»

Марлен Тұрсынәлі балық шаруашылығы саласында кәсіп бастаған кезде ауқымды жобамен танысуға президенттің өзі де келген. Сол жерде кәсіпкер балық саласындағы кейбір мәселелерді Тоқаевқа да айтқан. Кәсіпкер президент жанында Сапаровтың да болғанын айтады. «Алайда айтылған мәселелерді қаперіне алмағаны жаңадан қабылданған заңнан көрініп тұр», – деп ашынады. Сондықтан қазір тарифке байланысты шешімге балық өсірушілер қарсы шығып жатыр. Кәсіпкерлер «ақша төлеуден қашпаймыз, алайда құқығымызды егін шаруашылығымен бірдей етуге болмайды, бұл саланы білмеудің салдары» дейді. Тіпті мұны шешім қабылданбай жатып-ақ қайта-қайта мәселе етіп көтерген, ресми арыз да жазған. Мәжіліс төрінде депутаттар арқылы арнайы сауал етіп те қойған. Бірақ бұл әрекеттерден ешқандай нәтиже болмапты.

«Министрліктің бізге берген жауабын оқысаңыз, күлкіңіз келеді. Біз осы елде оқыдық, қызмет жасадық. Білгенімізді өзіміз пайдаланып қана қоймай, «Балық мектеп» жобасын аштық. Осыны дамытып, үйреткіміз келеді» деп жанымызды салып жатқан кезде неге қолдайтын азаматтар табылмайды? Біз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз ба, әлде, басқа елде ме? Қазақты жалқау дейді, олай емес. «Балық мектеп» жобасына келіп кәрісі де, жасы да еңбек еткісі келеді. Иә, мемлекеттен қолдау болып жатыр. Алайда 40 метрден «скважина» қазуға субсидия бөлеміз дейді, бұл күлкілі ғой. Біз өнеркәсіптік мақсатта жұмыс істемекшіміз. Мұндай кезде 40 метрден су шығарып, қалай балық өсіреміз. Неге осындай нәрселерге қарамайды?! Көмек берсін, бірақ ол балық өсірушілерге тиімді болатын көмек болуы қажет. Тоқаев «естуші мемлекет» деп айтады. Сондықтан біз жазамыз, алайда көңіл аударатын азаматтар жоқ. Біз балық өсіреміз бе, әлде бюрократиямен алысып, уақыт өлтіреміз бе? Егер балық мамандарынан сұраса, мәселелерді тізіп айтып беретін едік. Жоқ, олар заңды бірден қабылдап тастайды, сосын қарапайым халық зардап шегіп, шырылдап жүреді. Естуші мемлекет болса, мұндай әділетсіз шешімдер қабылданбайтын еді», – дейді Марлен Тұрсынәлі.

«Жас Алаш» тілшісі аталған мектепке де барды. Қазіргі таңда бұл жерде еліміздің түрлі өңірінен келген бірнеше адам, балық шаруашылығына қатысты білім алып жатыр екен. «Балық мектеп» жобасы оларға кәсіпкерлікке қажетті құжаттардан бастап, балық өсірудің қыр-сырын үйретеді. Соның бірі Өскеменнен келген 60 жастағы Төрехан Файзрахманов. Қазір осы мектепте білім алып жатқанына 10 күн болған. Қарт кісі «балықты уылдырықтан бастап тауарға қалай айналдыруға болатынын үйрендік» дейді. Алдағы уақытта ол осы жерден алған білімі арқылы Өскеменде балық шаруашылығын ашпақ.

«Балық шаруашылығына қатысты заңдарды қайта қарау қажет»

«Балық мектеп» жобасының заңгері Нұрбол Абай балық шаруашылығына байланысты мәселенің ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтып, бұл тақырыпқа 5-6 жылдан бері қайта-қайта оралып жүргенін алға тартты. Оның айтуынша, ең алдымен, қандай да бір заң қабылданатын болса, оны бірінші кезекте осы саланың мамандарымен кеңесіп барып, жүзеге асырған жөн. Мысалы, балық шаруашылығына қатысты заң қабылданайын деп жатса, арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырып, балық шаруашылығының мамандарын жинап, заңды солармен бірге талқылау қажет. Сонда ғана бұл мәселеге кейін қайта оралмауға болады. Заңгердің сөзінше, балық шаруашылығы кәсіпкерлерінде басқа да жоба мен мақсаттар бар, сондықтан да алға қарай нақты қадам жасау қажет. Қазіргідей бір орында тұрып қалғандай күй кешу – дамуға тұсау. Сонымен бірге балық шаруашылығына қатысты қабылданған заңдар бүгінде қайта қарауды қажет етеді.

Нұрбол Абай
Фото: Жас Алаш

«Мысалы, балық жеміне қатысты субсидия заңына да өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Сосын инвестицияға кететін шығындар туралы заң 2022 жылы қабылданды. Ол кезде техниканың бағалары қазіргімен сәйкес келмейді. Қарапайым нанның өзі қымбаттап кетті. Төрт жылдан бері баға едәуір көтерілді. Бұдан бөлек, балық тоғандарына қойылатын трансформаторларға көмек жоқ. Ең көп шығын бізде құрылысқа кетеді. Бірақ бұл субсидияда көзделмеген. Сол сияқты ветеринария саласында бірқатар мәселелер бар. Бірнеше сайтты іске қостық дейді. Ол сайттар бүгінде тиімсіз, жұмыс істеп жатқан жоқ. Ветеринарлық анықтаманы алу үшін күнделікті шаруашылық маманы бір күн бойғы уақытын жұмсайды. Мұның бәрін автоматтандыруға болады. Біз балық шаруашылығымен айналысамыз ба, әлде құжаттармен бас қатырамыз ба, түсінбей қалдық», – дейді заңгер.

«Суды 70 пайызға субсидиялау – нонсенс»

Біз облыстық мәслихаттың 2025 жылы 22 қазанда қабылдаған шешімімен де танысып шықтық. Онда министрлік айтқан тарифтен екі есе төмен баға көрсетілген. Яғни, министрлік 1 м³ үшін 1,05 теңге бекітсе, облыстық мәслихат ауыл шаруашылығына бекітілген тарифті мың кубқа 522 теңге деп бекіткен. Алайда балық шаруашылығы мамандары бұл да балық өсірушілер үшін қымбат тариф деп санайды.

«Мына шешімге бізді аквакультура деп кіргізуге болатын еді. Бірақ кіргізбеген. Біз де өнім өндіреміз. Егін шаруашылығына су кірсе, ол қайта шықпайды. Жерге сіңіп кетеді. Ал бізде жағдай басқаша, кірген су қайта шығады. Оны енді 70 пайызға субсидиялау – нонсенс. Егер министр осыны тыңдаса, шаруашылыққа келіп көрсе, мұндай әділетсіз шешім қабылданбас еді. Министрлік бекіткен 70 пайыздық жеңілдікті алу үшін де қыруар құжат толтыру қажет. Ол үшін алдымен шаруашылығыңызға қанша су кететіні туралы жоба дайындау керек. Оны жасауға қаншама қаражат кетеді, кейін комитет бекіткенін күтесің. Сосын оған рұқсат аламын деп жүгіресің. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым балық шаруашылығымен айналысамын деген адамға мұның бәрі өте қиын шаруа», – дейді «Балық мектеп» жобасының мамандары.

Марлен Тұрсынәлінің айтуынша, егер министрлік балық саласындағы кәсіпкерлерге зиянын тигізетін осындай заңдар қабылдай берсе, заңды жолмен балық өсіріп отырған азаматтар заңсыз жолдарды қарай бастайды. Табысын жасырады, балық өсіргісі келмейді. Сондықтан балық мамандары «мұндай әділетсіз тарифтер балық өсіру саласын тоқырауға ұшыратады» деп санайды.

Тұрсынбек БАШАР