Балнұр Серік: Терроризмнің әлеуметтік тамыры сенім дағдарысында жатыр
Терроризм мен радикалдану мәселесін тек қауіпсіздік немесе құқық қорғау тұрғысынан ғана түсіндіру жеткіліксіз. Бұл ең алдымен қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың, құндылықтардың, мүмкіндіктердің қалай бөлінетінін көрсететін күрделі әлеуметтік құбылыс. Бүгін біз осы тақырып аясында әлеуметтанушы Балнұр Серікпен сұхбаттастық.
- Балнұр ханым, қоғамда терроризмнің пайда болуына әсер ететін негізгі әлеуметтік факторларды атайықшы. Әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық сияқты құбылыстар радикалдануға қаншалықты ықпал етеді?
– Менің ойымша, терроризм тек кедейлікке, білімсіздікке немесе белгілі бір мәдени ортаға ғана байланысты емес. Керісінше, терроризм қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, саяси шеттетілу, мәдени дағдарыс, әділетсіздік сезімі, сондай-ақ тұлғаның өмірлік мағына іздеуі сияқты көптеген факторлардың қиылысқан тұсында пайда болады. Сондықтан терроризмді тек бір аймақтың немесе бір халықтың мәселесі ретінде қарастыру шынайы әлеуметтік процестерді түсінуге көмектеспейді. Қоғамда белгілі бір топтардың әлеуметтік тұрғыдан шеттетіліп қалуы, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмауы немесе өздерін саяси және мәдени ортада қажетсіз сезінуі радикалданудың алғышарты десек те болады. Мұндай жағдайда кейбір адамдар үшін радикалды ұйымдар әділетсіздікке қарсы күрес жүргізетін күш ретінде көрінуі мүмкін. Яғни терроризм кейбір жастар жеке өмірдегі дағдарыстар мен қоғамдық әділетсіздіктерге жауап беретін балама жол ретінде қарастырады. Әсіресе саяси тұрақсыздық, ұзаққа созылған қақтығыстар, әлеуметтік теңсіздік, этникалық немесе діни кемсітушілік сезімі күшейген қоғамдарда мұндай құбылыс жиірек байқалады.
Осы тұрғыдан қарағанда, терроризм мен радикалдану мәселесін тек қауіпсіздік немесе құқық қорғау тұрғысынан ғана түсіндіру жеткіліксіз. Қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау маңызды. Терроризмнің әлеуметтік тамыры көбіне қоғамдағы сенім дағдарысынан басталады, ал сенім қайта қалпына келген жерде радикализмнің ықпалы әлсірей бастайды.
- Жастардың радикалдану процесі қалай жүреді? Интернет пен әлеуметтік желілер экстремистік идеологияның таралуына қаншалықты ықпал етіп отыр?
– Соңғы жылдары әлемде жастардың радикалды ұйымдарға тартылуының көбеюі де кездейсоқ құбылыс емес. Біріншіден, жастар өмір сүріп отырған қоғамнан өз орнын таба алмай, болашаққа сенімсіздікпен қараған кезде радикалды идеологиялар олардың санасында жарқын болашаққа апарар жол сияқты көрінуі мүмкін. Егер қоғам жастардың ізденісіне оң бағыт бере алмаса, радикалды топтар сол бос кеңістікті толтыруға тырысады. Екіншіден, әлеуметтік әділетсіздік сезімі маңызды рөл атқарады. Кейбір жастар өз қоғамында әлеуметтік мүмкіндіктердің жабық екенін, әділ бәсеке жоқ екенін сезген кезде олар жүйеге қарсы идеяларға бейіл болуы мүмкін. Радикалды ұйымдар дәл осы наразылық сезімін пайдаланып, жастарға «әділет орнату», «қасиетті миссия орындау» сияқты ұрандарды ұсынады. Бұл ұрандар әсіресе өмірінде мағына іздеп жүрген немесе әлеуметтік қолдау сезінбейтін жастар үшін өте әсерлі болуы мүмкін. Үшіншіден, қазіргі цифрлық кеңістік те радикалдану үдерісіне ықпал ететін факторлардың бірі. Интернет пен әлеуметтік желілер радикалды ұйымдардың идеологиясын шекарасыз таратуға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын белгілі бір ұйымға қосылу үшін физикалық байланыс қажет болса, бүгінгі күні идеологиялық ықпал виртуалды кеңістікте де жүзеге аса береді. Бұл әсіресе өзін жалғыз сезінетін немесе қоғамнан шеттеп қалған жастар үшін қауіпті, себебі олар интернет арқылы өздерін түсінетін, қолдайтын қауымдастық тапқандай әсер алады. Сонымен қатар отбасы институтының әлсіреуі, қоғамдағы моральдық бағдарлардың өзгеруі де кей жағдайда жастардың радикалдануына әсер етуі мүмкін. Егер жас адам әлеуметтік қолдау мен түсіністікті отбасынан, білім беру жүйесінен немесе қоғамнан таппаса, ол өзін қабылдайтын басқа орта іздей бастайды. Радикалды ұйымдар дәл осы психологиялық қажеттілікті пайдаланып, жастарға «бауырластық», «ортақ мақсат», «қауымдастық» сезімін ұсынады.
- Жас адам бұрын сеніп келген құндылықтарға күмән келтіріп, қоғамдағы нормалардың әділдігіне сенбейтін күйге жететін сияқты. Ары қалай процесс қалай жалғасады? Бұл құбылыстың алғашқы белгілерін қалай байқаймыз?
– Бұл кезеңде ол қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, саяси әділетсіздік, мәдени қысым сияқты мәселелерді ерекше бір ауыр қабылдай бастайды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, мұндай сезімдер кейде адамның жеке өміріндегі қиындықтармен ұштасып жататыны тағы бар. Келесі кезеңде адам белгілі бір идеологиялық түсіндірулерге қызыға бастайды. Радикалды ұйымдар дәл осы тұста жастарға қарапайым әрі түсінікті жауаптар ұсынады. Олар әлемдегі барлық мәселелердің себебін бір ғана жүйеден, бір ғана топтан немесе белгілі бір құндылықтардан көреді. Уақыт өте келе радикалдану процесі адамның әлеуметтік ортасына да әсер ете бастайды. Жас адам бұрын араласқан адамдардан алыстап, өз көзқарасына жақын адамдармен ғана байланыс орнатуға тырысады. Бұл жерде интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы ерекше. Қазіргі уақытта көптеген радикалды қозғалыстар жастарды онлайн кеңістікке тартуға тырысады. Әлеуметтік желілер арқылы таралған бейнелер, идеологиялық мәтіндер, эмоциялық үндеулер кейбір жастардың санасына күшті әсер етеді. Интернеттегі жабық қауымдастықтар адамға өзін үлкен қозғалыстың бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Қоғам радикалданудың алғашқы белгілерін көбіне адамның мінез-құлқындағы өзгерістер арқылы байқай алады. Мысалы, жас адамның бұрынғы қызығушылықтарынан бас тартуы, әлеуметтік ортадан оқшаулануы немесе барлық мәселелерді тек біржақты түсіндіре бастауы белгілі бір белгі болуы мүмкін. Сонымен қатар кейбір жастар әлемді тек қара мен аққа бөліп, өз пікіріне қарсы көзқарастарды мүлде қабылдамауы мүмкін.
Сұхбаттасқан Сәруар Бақберген