Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:40, 27 Наурыз 2019

Балтабек НҰРҒАЛИЕВ: Сарай ақыны болу – ұлы мәртебе

«БОЛАТ АҒА НАЗАРБАЕВТЫ ЖЕТКІЗІП ЖЫРЛАЙ АЛМАДЫМ»Балтабек Нұрғалиев «Болат ағам ­– Бәйтерегім» атты кітап шығарды.
Негізінен WhatsApp арқылы таралған кітаптың суреттерінде автордың Болат НАЗАРБАЕВҚА арнаған 20-дан астам өлеңі енгізіліпті. Жас Алаш тілшісі кітап авторына хабарласып, аз-кем әңгіме құрған еді. — Балтабек, жаңа кітабыңыз шығыпты. Кітапқа демеушілік жасады ма, әлде, өз қаржыңызға шықты ма? Таралымы қанша? — Өз қаржыма шығардым. Таралымын айта алмаймын. — Бұл кітапты шығарудағы мақсатыңыз не? — Мақсатым ашық аспанның жүзіндей айқын. Бұлтсыз аспандай. Бабалардың рухын, тектіліктің нұрын дәріптеу. Елбасымыздың және осы Болат ағамыздың өте бір рухты, нұрлы, текті жерден өніп-өскен алып бәйтеректей тұлға екендіктерін жырлау. Бұл кітабыма шығармашылық адам ретінде, ақын ретінде өз тарапымнан сондай бір көңілім көншіп отырған жоқ. Қолымнан келгенін жасадым ғой, бірақ, әлі де аясын кеңейтіп, тарихи тұрғыдан жан-жақты талдап жазғым келеді. Жалпы ойымдағының бәрін жасай алмадым, жеткізіп жырлай алмадым-ау деген күмәнім басым. — Жеткізе алмадым деп уайымдайсыз ғой? — Иә… менің қаламымның қарымы одан да кең құлаш сермеуге жетер еді деп ойлаймын. Бірақ, тақырыптық аясы жағынан мәлімет аздау болып қалды ма деймін. Және толғаулар, поэмалар деңгейінде болатын дүниелер бар, соларды жеткізуім керек. Қазір соны ойланып жүрмін. — Болат Назарбаевпен жеке қарым-қатынасыңыз қандай? — Қандай мағынада айтып отырсыз? — Сонша өлең арнап жатырсыз, жақсы танитын, жақын араласатын шығар деген ой ғой. — Айтайын, бұл кітаптағы мәліметтердің бәрін өзінен тікелей сұрап алғаным жоқ. Мен оны біздің Елбасымыздың кітаптарын оқып, мақалаларды оқып, зерттеуші, тарихшылардың ізденістерін оқып, түркітанушы, әдебиет зерттеушілер бар, сол кісілердің шығармашылықтарын оқып, шабыттандым. «Әділеттің ақ туы» сияқты Елбасының кітаптары көп көмектесті. Ал, енді, «мен сізді жазайын, сіз маған айтыңыз» деген әңгіме болған жоқ. «Қолға ұстатқан шамдай етіп баяндап беріңіз» деп сұрағам жоқ, мен ол шамды өзім іздеп тауып, қолыма ұстап, өз еліміздің шеңберіндегі, әдебиет тарихы  шеңберіндегі білімім арқылы, сол білім қуатымның арқасында жазып шықтым. — Сонда мүлде кездеспеген, көрмеген адамыңыз ба? — Бұл сізді не үшін қызықтырады? — Өзіңіз де түсінесіз ғой, «бұл кітаптың артында есеп тұр, Балтабек осы арқылы өзіне жағдай жасап алғысы келеді» деген ой кім-кімде де бар деп ойлаймын, осы жағынан өзіңіз кітап арнап жазған адаммен қарым-қатынасыңыздың қандай екені қызық қой. — Ол кісімен жеке араластық, сыйластығым бар, басымды ием, құрметтеймін. Кітабымды апарып бердім. Үйіне апарып, қолына ұстаттым да кеттім. — Кітабыңыздың басында Болат Назарбаевты батыр деп атайсыз... — Аллаға шүкір, қазір бізде ақпарат кеңістігі өте ауқымды, жалғыз мен емес қой жазып жатқан, қаншама тарихшыларымыз, мықты ғалымдарымыз баршылық. Мен құрлық ашып отырған жоқпын. Мен елдің аузындағы сөзді айттым. Қарасай ауданының аузындағы қасиетті сөзді айтып отырмын. Менің бар айырмашылығым, кітап шығарғандығым шығар, бірақ, кітап шығармаса да кез келген ортада, елдің ішінде айтып жүрген қариялар, азаматтар аз емес.Ал, нақты мысал келтірсем, облыстық баспасөз беттерінде жарияланды, аз қамтылған, қамқоршысы жоқ отбасыларға шын жүрегімен көмектесіп, өз қаражатына үй салып берді. «Ақша бердім, істей беріңдер» деген жоқ, бастан-аяқ қадағалап отырды, басы-қасында жүрді. Маған осы ерлігі, осы батырлығы әсер етті. Батырлық дегенді де жауға шабу деп тікелей түсінуге болмайды, білектің батырлығы бір бөлек, жүректің батырлығы бір бөлек, ел үшін күресу үшін кең жүрек керек, елге жаныңды, уақытыңды арнау әлемде өте аз кездесетін жағдай. Қазақтың батыры дедім, ол кісіні әлемнің батыры деп атаса да артықтығы жоқ, себебі, тура жолдың туын ұстап, берекелі бастамаларды көтеріп жүрген азаматты батыр деп неге айтпасқа?! — Кітаптағы өлеңдердің бәрі сол кісіге арналған ғой? — Міне, қазір кітап қолымда. Бұл кітаптың қай көзден таралып кеткенін білмеймін, біраз зиялы қауым өкілдеріне жібергенмін, кім қалай өршітіп алып кетті, хабарым жоқ. — Енді кітап шыққаннан кейін елдің білгені жақсы емес пе. — Рахмет, Алла разы болсын. — Көлемі қандай? — Кітап төрт жарым, бес баспа табақ. Бұл кітаптың ішіне «Болат ағажан ғаламат» деген әнімді қосқанда 23 өлеңім кіріпті. Бұл әннің сөзін өзім жазғам. Оның сыртында тағы бітпей қалған, кірмей қалған дүниелерім, жырларым баршылық. Олардың аясын кеңейтіп, тағы да «Болат ағам ­– бәйтерегім-2» деген осындай кітап шығарсам деп отырмын. — Бұл жалпы шығармашылығыңыздағы нешінші кітабыңыз? — Бұл жалпы жетінші кітабым болып қалуы мүмкін. — Бұрынғы кітаптарыңыздың ішінде нақты бір тұлғаға арнап жазылғаны бар ма? — Кітап болған жоқ. Бірақ, нақты бір тұлғаларға арналған шығармаларым баршылық, Абайға, Ясауи бабаға, ақын-жазушыларға, Тұманбай Молдағалиевке... — Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа біраз өлең арнадыңыз... — Елбасымызға иә. Ол кісіге арнаған кітапты бөлек дайындап жатырмын. — Алдағы уақытта жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнау жазуың мүмкін бе? — Неге мүмкін емес? Елбасымызды қолдап, атын дәріптеп, Астанаға Нұр-Сұлтан деп ат қойған адамға неге жыр арнамасқа? Жақсы идея, сіз маған нұрлы ойдың ұшқынын тастап отырсыз... — Сарай ақыны болып кеттім деп ойламайсыз ба? — Сарай ақыны деген не, соны сіз маған түсіндіріп беріңізші алдымен. — Енді оны түсіндіріп жатудың керегі жоқ шығар, патшаны мақтайтын ақындар туралы түсінік бұрыннан бар ғой, қай мағынада айтып тұрғанымды түсініп тұрсыз деп ойлаймын. — Алдымен, сарай ақыны деген сөзді тарихты дұрыстап қарап, сол сөздің қуатын, идеологиялық миссиясын, мән-мағынасын салмақтап, саралап барып сөйлеген жөн бе деймін. Сарай ақыны деген сөздің ешқандай қисықтығы, қараңғылығы, надандығы жоқ сөз. — Демек, жақсы сөз? — Өте керемет сөз. Сарай ақыны болу – ұлы мәртебе. — Демек, сізді сарай ақыны деп атаса қуанасыз ғой? — Өте қуанам. Мен емес жалғыз, Нұр-аға деп өлең арнаған қаншама адамдар бар, менен де мықты. Бұл сөзді ел қалай бағаларын, қалай айтарын, келешекте не дейтінін білмеймін, бірақ, мен бұл сөздің киесіне, қасиетіне әбден қанықпын. Шынымен де нұр! Елбасымызға арналған жинағымды «Шын Нұр» деп атағым келіп отыр, бұйыртса. Себебі, неше түрлі тексіз тілдер қалай болса солай сөйлеп жатқанын мен де көріп отырмын, көзім соқыр емес… Бірақ, нұр деген сөз Елбасымызға қатысты айтылғанда шынымен нұрға айналады. Асыл нұрымыз біздің. Елімізге нұр шұғыласын шашқаны соқырға таяқ ұстатқандай анық. «Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді қазақ, сондықтан өзімізді сыйлай білейік, ағайын. — Рахмет, шығармашылығыңа табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП.

Фотолар әлеуметтік желілерден алынды.МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 
Тегтер: