Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:46, 05 Мамыр 2020

Балық аулаған күн

         Шіліңгіршілденің бесінге таяған күні жер-әлемді қуырардай шыжып тұр; аспан әлеміқылаусыз ашық; әлгінде толқын-толқын ақша бұлттар құдды жарысқа түскендейбірінің соңынан бірі ұбап-шұбап көрінді де, іп-ілезде әлдеқайда, алысқа асығысаттанғандай ізім-қайым жоғалған.

Онысы таңертең күлімдеп көрінген, одан соңзеңгір көкке шығандап шығып алып, нұр-сәулесін шашқан, шақырайған күнге орынбергендері ме екен?! Бірақ мынау дөңгеленген дүн-дүниеге, жан-жануар,өсімдік-орман, тіпті тау-тастарға да жайма-шуақ жаздың шуағы керек-ау. Онсызбірі ызғар, бірі салқын, бірі шекеңді шыжғыратын ыстық аптабы алмасып келіпжататын жыл мезгілдерінің мән-мағынасы, қызық-шыжығы болған ба?! Алла тағалажаратқан он сегіз мың ғаламның бір мысқал артық-тыртығы болсашы!  Раббымыз ұлан-ғайыр жерді жаратты, оныңбетіне таулар тұрғызып, өзендер ағызды. Түнді күнмен жалғастырды. Ой жіберерқауым үшін осының бәрінде белгілер, дәлелдер бар.  Бәрі де өз орнында, бәрі де өз қалпындажымдасып-жарасып, қабысып-табысып жататыны жұмыр басты пендеге айдай аян.Қыраулы қыстың өз қызығы бар десек те, ойын қуған балалар үшін жадыраңқы жаздыңорны  бөлек екеніне талас жоқ.

Аякөз өзенінің бойында бірнеше бала бағанаданбері тереңдігі кеңірдектен аспайтын су ішінде бірде малтып, бірде сүңгіп, бірдебіріне-бірі су шашып ойнап мәз-мейрам. Ара-арасында судан жүгіре шығып жағадағыыстық құмға етбеттерінен жата-жата кетеді де, ары-бері аунап, үсті-бастарықұм-құм күйінде қайыра өзенге жүгіреді.

– Алақай, мен бүгін суда малтуды үйрендім, –деді Ақалақ деген таңқы танау қара бала.

– Мен де.

– Мен де, – деп, Ақалақтың қасындағы Нұржан,Тәуекел деген қара сирақтар да жамырай дауыстады.

Дауыс мақамдарынан қуаныш лебі еседі.

– Ой, сендер, мына кіндіктен аспайтын таязсуға түсіп, қалай-қалай мақтанасыңдар, ә?!

Қай-қашан да біреудің артықшылығын көреалмай, елді сайқымазақтап жүретін тапал сары Самат достарының қуаныштарынонша-мұнша елей қоймады. Мына сөзден соң ешкім ләм-мим үндеген жоқ. Оған тапалсарының мейманасы тасығандай, мұрнын бір тартып қоқиланып қалды. Іле:

– Саматтыкі дұрыс. Сендер малтығыш болсаңдар,анау Қаражартастың түбіндегі үлкендер түсіп жүрген иірімге барып жүзіңдерші…Сонда көрейік әуселелеріңді, – деді жағымпазданған Жанасыл да, әйтеуір, бір сөзқосқысы келгендей.

– Бұларды да дос деп, сөзімізді шығындап…Ақалақ, жүр, тамақтанайық, біз Тәуекел екеуміз үйден ашыған күріш көже менбауырсақ, сары май әкелгенбіз, – деді Нұржан үсті-басына жұққан құмдықаққыштап. Суды жалдап барып қолын жуды. Өзгелері де соны қайталады.

Үш-төрт сағат суға түскен балалардың қарындары ашқан екен; бәрі де қоржынсөмкелеріне салып ала келген тамақтарын рет-ретімен шығара бастады.

– Күн ыстық болса да, далада, өзен жағасындаішкен тамаққа ештеңе тең келмейді, – деді Тәуекел тәбетінің ашылғанынсездіргендей жұтқыншақтары бүлкілдеп.

– Ол рас. Оған менің көзім баяғыда-а жеткен!– Қай әңгімені болсын аузын дәмдеп, тамсанып асықпай айтатын Нұржан сөзгеараласты.

– Нұржан суайтты тыңдай беріңдер. Ауыздарыңдәмде болсын, – деді тағы да бүйректен сирақ шығарған Самат.

Саматтың атқосшысы Жанасыл да қарап қалғанжоқ:

– Нұржанды тыңдаймыз деп кеш батпасын, – дедітұздай көздері жылтың-жылтың ете.

– Айт, Нұржан! Айта бер, – деді өзге балалартақымдап.

– Онда кішкентаймын, – деп бастады Нұрекеңәңгімесін, – әкем мен үлкен ағам Орымбекке еріп, шөп шабуға Көкжайдаққабарғанмын. Шіркін, Көкжайдақ десе, көк жайдақ-ау! Ауасы қандай! Хош иісіаңқыған жұпар! Теңіздей  толқығанкөкпеңбек пәйек аттың белуарынан келеді. Қоңыр құйқалы, құнарлы шиыр. Ал біздейбалалар арасына кірсе зым-зия көрінбей кетеді. Пай-пай, шүйгін деп соныайтыңдар! Шөп те сол жылы ырғын шығып еді.

– Негізгі әңгімеге көшсеңші.

– Иә, сағызша созбай, – деді тағы да Саматпен Жанасыл жарыса.

– Әкем маған лайықтап қысқа сапты аша жасапберген. Сонымен шөп жинаймын. Күннің ыстығынан шабылған жас шөп лезде кеуіп,құрғап, қаңбақтай болып қалады, – деп, Нұржан әңгімесін асықпай жалғастыраберді. – Тағы бір жұмысым – күрең биені алысырақ апарып арқандаймын, күніне үшмезгіл тұмаға жетелеп барып суғарамын.

– Өй, болсаңшы енді, – деп қалды Саматтыңшыдамы таусылып.

– Асықтырма! Біреу қуып келе жатыр ма? – дедіараларындағы ересектеу Сәдібек.

– Айтсын.

– Айтсын, – деген дауыстардан соң, Нұржанәңгімесін одан әрі сабақтады:

– Айтайын дегенім, шынында, далада ішкен тамаққаадам тоймайды екен. Қайда кететінін бір құдай білсін, сіңе береді, сіңебереді… Шайды да қызыл күрең етіп шығарып сіміре береміз, сіміре береміз.Шіркін десеңші!

– Сендер ойлап қалмаңдар, Көкжайдақта бәрікурорт екен деп… Қызығымен қоса, шыжығы да бар ол жердің.

– Осыныңды айт.

– Керегі сол.

– Бәсе-бәсе, әр әңгіменің бір түйіні, қызықтұстары болады ғой, – деп балалар шулай жөнелді.

         Нұрекеңсөзін жалғастыра берді:

– Күн жарықтық қызаре-е-п көкжиеккеқұлайды…

Осы кезде Самат ішек-сілесі қата екібүктетіліп тыпырлады да қалды. Әсерлі әңгімеге елітіп, ынтыға тыңдап отырғанбалалар таң-тамаша. Күлетіндей не айтты Нұржан?! Табиғат тамашалары… Өзініңкөргендері… Аздап өлең құрастырып, көркем әдебиетті көп оқитын ақынжандыНұржанның шығармадан тек беске оқитынын, әңгімені майын тамыза айтатынынсыныптастарының бәрі біледі.

– Не болды-ей, Самат?

– Әсерлі әңгімені үзіп, – деді достары кейіп.

– Күлгенімнің мәнісін айтайын, – деді Саматаяқасты  салмақтанып. – Қасымыздағы біргежүрген досымызды жыға танымайды екенбіз. Бұл бір ме? Екіншіден, Нұржан артистекен. Атасының аузынан түсіп қалғандай құдды! Шежіреші шал ғой тура. Соныбайқамадыңдар ма?

– Шал болса несі бар, – деді Сәдібек, – өзана тілдері – қазақ тілін білмей, шүлдір-шүлдір етіп жүрген кейбір балаларғақарағанда Нұржанды мақтан етуіміз керек. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген Абайбабамыз. Менің өз басым Нұржанның шешен, жатық тіліне қызығамын. Оданүйренуіміз керек.

– Жә, Нұржан, әңгімеңді аяқта. Содан соңтұрайық, суға түсейік. Ата-аналарымыз да бізді жоғалтып, іздеп  жатқан болар.

– Күн жарықтық қызар-е-еп көкжиекке құлайды.Тым-тырыс. Төбемізде құйқылжыта ән салған бозторғай! Құлағыңды тіксең, сайындала, қазағымның дархан даласы да ән салып жатқандай. Бірақ сондай мамыражай шақтыызыңдаған маса бөліп жібереді-ақ. Қолыңмен періп  қаласың. Тағы көтеріледі қолдарың. Басың,қас-қабағың, беті-қолың, желкең ду-ду. Олар ашық жерлер ғой. Жон арқаңнан,көйлек сыртынан біздей тістерін сұғып алғанда жаныңды қайда қоярыңдыбілмейсің-ау. Қайта-қайта сабаланғаннан түк өнбесін білген соң, маған әкемтезек жинатып, түтін саламыз. Сонда құтыламыз пәлекет қансорғыштардан.

Нұржан әңгімесіне нүкте қойды.  

– Осы ма? – деді азар шыдап отырған Саматорнынан тұра беріп.

Сайқымазақ Жанасылдан сөз қалған ба:

– Енді, болмағанда-а! Нұржанның әңгімелеріосы ғой дәйім. Басы бар, аяғы жоқ.

Ұлдардың алдына шыққан Самат қолдарынкөтерді. Тың ұсыныс айтарда ылғи осылай істейтін.

– Менің басыма бір идея келіп тұрғаны… –деді Сәкеңнің көздері шоқтай жайнап. – Тамақтан босаған бидон, бәнкілерімізгенанның қиқымдарын салып, жұдырық сыятындай етіп тесіп, дәкемен аузын байлапбалық аулайық.

– Охо!

– Идеяң, шынында, күшті екен.

– Қане, бастаңдар! – деген балалар балықаулау қызығына құмбыл кірісіп кетті.

– Жанасыл, сен мына үш литрлік бәнкіні жуаберші, – деді Тәуекел.

– Жуғаны несі, қайта ішіндегі қалған  тамаққа келмей ме балықтар, – деп, Нұржанбәнкіні солай пайдалануын ұсынды.

Нұржан мен Тәуекел ашыған көшеден босаған пластмасса бидондарының ішіне наннанқалған ұсақ қиқымдарды салып, мойнынан жіппен байлап, өзенге қарай жүгірежөнелді. Саматтың қолында да бидон, ал Жанасылдың қолында екі-үш литрлік шыныбәнкілер.

– Балалар, араларың тым жақын болмасын,алшақ-алшақ тұрыңдар, – деді Сәдібек топтанып тұра бастаған ұлдарға.

Он-он бес минуттан соң балалардың алдыбәнкілеріне майшабақ – ұсақ балықтардың түсе бастағанын хабарлады.

– Қармақ емес қой, аузына ілінсе  ешқайда кете алмайтын. Сондықтан бәнкілеріңдісудан шығарып, түскен балықтарыңды жинап отырыңдар, – деп қояды Самат.

Өзі де бірер майшабақты ұстаған сияқты.Көлбеңдеп көлеңкедей қасынан қалмайтын Жанасылдың қолындағы ыдысына салыпжатыр.

Осылайша балық аулаудың қызығына беріліп,бірімен-бірі құдды жарысқа түскендей, ара-арасында түскен балықтарын санап жүрген балалар кенет… иә,кенеттен тарс-тұрс ауыр тас түскендей дыбысты естіп жалт-жалт ете қалысқан.Сөйтсе, манадан бері іші пысып тұрған Жанасыл ыстықтаған соң ба, әлдедостарының мына тірліктеріне кедергі келтіргісі келген содырлығы ма, бар пәрменіментасыр-тұсыр екі қол, екі аяғымен суды шалпылдатып астан-кестең етіп жіберді.

– Өй-өй, жынды ма, мынау?

– Балықтарды үркітті-ау! – деп балаларұлардай шуласын.

Айылын жиятын Жанасыл емес.

– Тух, қандай рахат! – деп сүңгіп-сүңгіп алдысуға.

– Бұның не? – деді тақау тұрған СәдібекЖанасылдың қасына жетіп барып, – шомылатын жер жетпеді ме саған? Жоғал әрмен!

Жасы үлкен, палуан денелі Сәдібек ұрып жібереме деп зәре-құты қашқан Жанасыл кінәсін мойындап, жылыстап жағаға шығып кетті.

Біраздан соң жан-жаққа пышырап қашқан майдабалықтар балалардың бәнкілеріне біртіндеп түсе бастады. Осы кезде:

– Әй, Ақалақ, Нұржан, қараңдар! Менің бәнкімебір үлкендеу балық кіріп кетіп, шыға алмай жатыр, – деді Тәуекел айқайлап.

– Тс-с, айқайлама! Үркітесің! Ақырындапбәнкіңнің аузын жоғары қаратып судан суырып ал, – деді Самат.

Тәуекел солай жасады. Қараса – алабұға!

– Ур-ра! Жарадың Тәуекел! Балық жейміз! –деді алақайлаған Жанасыл елден алабөтен қуанып.

Иә, қашанда ағысқа қарсы жүзетінбалықтардың  біреуі үш литрлік шыныбәнкіге, ашыған көженің қалдығын жеймін деп қақпанға түсіп, кіруін кірсе де,тұйыққа тіреліп шегінуді білмей, өзін-өзі нәпсі-құлқыны үшін құрбандыққашалғанын білді ме, білмеді ме, ол жағында балалардың шаруасы қанша, әйтеуір,балық жейтіндеріне мәз.

Өзге ұлдар да құр алақан емес. Отыз шақтымайшабақ пен жалғыз алабұғалары  бар қарасирақтар үйлеріне олжалы қайтты.

Дабырлай сөйлеп бір-біріне сөз берер емес.Бұл кезде ұясына құлаған күміс күн біртін-біртін көкжиекке сіңіп бара жатқан.

Батыс көкжиек қызыл жалқын.     

Толымбек  ӘБДІРАЙЫМ

Тегтер: