Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:32, 20 Наурыз 2024

Банк салықтан қорықпайды, артында қара халық тұр

Банк
Фото: из открытых источников

Қазақстан банктеріне күнің түсіп, жүгіне қалсаң, қаптаған комиссиядан көз ашпайсың. Айта-айта жауыр болған несие пайызын айтпаймыз, әрбір жүргізген операцияларына алатын комиссиясын айтпақпыз.

Бізде мобильдік ақша аударымдары үшін алынатын комиссиялар сомасына қарай 150-1500 теңгенің аралығын құрайды. Бұдан бөлек, есепшот арқылы аударымдар комиссиясы 0,2 пайыз бен 0,95 пайызға дейін. Ал халықаралық аударымдар сомасы аударатын сомасына қатысты тұрақты түрде 2 доллар немесе 10 мың доллар. Алған несиеңнен ұстап қалатын комиссиясы тағы бар, ол несиені сақтандыру қызметі үшін алатын ақысы, тұтынушыға негізгі соманы бермей, оны кемітіп беріп, шөміштен қысатыны және бар. Әуелде банктер «14-18 пайызбен несие береміз» деп халықты алдап шақырып алады, несие келісімшартына қол қойылып, әбден іс тәмамдалған уақытта тұтынушы алданғанын бірақ біледі. Бұдан соң банктің «заңы» бойынша ол несиеден бас тартуға мүлде болмайды.

Ал енді осы банктер бюджетке салық төлеуге келгенде сараңдық танытады. Былтыр екінші деңгейдегі 21 банк бюджетке бар-жоғы 600 млрд теңге салық төлепті. Бұған көңілі толмаған ұлттық экономика министрлігі қазір банктерге салық жүктемесін арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Енді келер жылдан бастап банктерге 25 пайыздық корпоративтік табыс салығы (КТС) енгізілмек. Министрліктің бұл бастамасы банктерді жөнге салады деу қиын. Өйткені бұл қарапайым тұтынушылар үшін жағымсыз сценарийдің басы. Осыған дейін 20 пайыздық КТС төлеп жүрген банктер енді «өз өнімдерін» одан әрі қымбаттатады, бұдан әдеттегідей, тағы сол қарапайым халық зардап шегуге тиіс...

Қазақстан билігі бұған дейін банктерді әбден еркелетті. Тоқтаусыз есіртті. Екінші деңгейлі банктер дағдарысқа ұшырай бастаса қолдай қою, оларға демеу қаржы бөле қоюды үкімет 2009-2020 жылдары үйреншікті әдетке айналдырды. Үкіметтің банктерді қанатының астына алу үрдісі Кәрім Мәсімов премьер болып тұрған тұста бастау алды. Ол жылдары тіпті қандай да бір банктің банкрот болатыны жайында ақпарат тараса шошынып, үрке қарайтынбыз. Содан болар, 2009 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде Қазақстанның біраз банктері үкіметтің «жылы» алақанын сезінді. Сол жылы «Альянс» банк, БТА банк тәрізді қаржы институттары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан демеу қаржы алып, оның сомасы 476 млрд теңгені құрады. «Көнбіс кабинет» атанған Сағынтаев үкіметінің тұсында да банктерді қолдау үрдісі жақсы дамыды. 2018 жылы Данияр Ақышев Ұлттық банкті, Бақытжан Сағынтаев үкіметті, Әлихан Смайылов қаржы министрлігін басқарған кезеңде Әділбек Жақсыбековтің отбасы бақылайтын «Цесна» банкке 604 млрд теңге бөліп жіберіп, есте қалды. Ал былтыр Дүниежүзілік банк Қазақстан үкіметінің дағдарысты сылтауратып, 2009-2020 жылдары банктерге көмектесуге 8,2 триллион теңге (!) бюджет қаржысын шығындағаны жайлы ақпарат таратты. Мұны Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Тимур Сүлейменов те растады.

Сөйтіп, зейнетақы қорынан, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, «Самұрық-Қазынадан» банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан банк жүйесі жөнге келіп, халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Жетпек түгіл, маңайламады да. Енді ұлттық экономика министрлігінің банктерге салықты өсіруінен не өзгереді?!

Экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов банктерге салықты өсіру мәселесін Бектенов үкіметі әбден таразылауға тиіс деп есептейді.

«Қазір ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров банктерге КТС өсіру жайлы айта бастады. Бұл арада қарапайым халықтың жағдайын да ойлау керек. Салықты қымбат төлей бастаған банктер енді халыққа несиені де қымбатқа бере бастайды. 30 жылдан аса уақыт болды қолымыздан келетіні – салықты өсіру, тарифті қымбаттату, айналып келгенде, халыққа салмақ салу. Мен банктерді аяп отырған жоқпын. Тек бұл арада банктер елге қызмет етуі үшін басқаша тетіктерді қарастыру қажет», – дейді ол.

Ол қандай тетіктер болу керек?!

Ең алдымен банктерге шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыру керек. Отандық банктердің денін елдегі шенді-шекпенділер басқарып отыр, банктерге деген мемлекеттің жанашырлығын оятатын басты фактор да осы.

«Экс-президент Назарбаевтың үш қызының өзі елдегі біраз банктерге иелік етеді. Қазір Қазақстанның банк секторы жаңа ойыншыларға мұқтаж. Үкімет осы үдеден шығуға тырысуы керек. Тіпті Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптары бойынша да біз шетелдік банктерге есігімізді айқара ашуымыз керек», – дейді Жаңабай Алдабергенов.

Рас, қазір Қазақстанда 21 банк бар. Олардың қайсыбірімен бірге Назарбаев отбасының аты қоса аталады. Бұл мәселе мәжіліс қабырғасында да талқыға түсіп жүр. Былтыр депутаттар да үкімет пен бас прокуратурадан олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғаратынын сұрады. Артынша, елге жаңадан үш банк келетіні жайында айтыла бастады. Президент Тоқаев бұл жөнінде үкіметке арнайы тапсырма да берді. Білетіндер, бұл жолғы қаржы институттары «Еуропадан және Араб елдерінен келеді» десті. Бірақ экс-үкімет басшысы Әлихан Смайылов былтыр айтылған бұл тапсырманы орындауға асықпаған тәрізді. Нарыққа жаңашылдық әкелуі тиіс үш банк әлі жоқ. Елді аталған банктердің елесі ғана кезіп жүр.

Өндіріс пен ғылымды қаржыландыру

Деректерге көз жүгіртсек, елдегі 21 банктің 12-сі шетелдік. Бірақ сол шетелдік банктердің арасында корпоративті несиелендірумен, экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірді-екілі банктер ғана айналысады. Бұл ортада бәсекелестік деген атымен жоқ. «Салықты ғана өсіріп, мұндай кішкене дүниелерден үлкен реформа күту орынсыз. Банктерден экономикалық жобаларды, ғылыми жаңалықтарды қаржыландыруды талап ету қажет» деп есептейтін банк секторының маманы, сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, елде банктен қаражат алғысы келетін кәсіпкерлерге, жаңалықтарына қаржы сұрайтын ғалымдарға кедергі көп. Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер өндіріс+банк формуласын ұстанбайды. Олар көбіне құрылыс компанияларына қаражат салады. Бірақ осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктердің өзінің портфеліндегі қаражатына бір ғылыми-зерттеу институтына немесе ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға қаражат бөлгені некен-саяқ.

«Өзім білетін нақты мысалдарды келтірсем, Нидерландыда біздегі тәрізді екінші деңгейлі банк саналатын Amsterdam Trade Bank деген банк бар. Осы банк елдегі биоотын өндіретін ғылыми-зерттеу институтын қаржыландырады. Осыдан үш жыл бұрын биотехнология, нанотехнологиямен айналысатын сол институт бір тостаған бидайды егіп, қаншама мың гектар астық алуға болатын жаңалықты дәлелдеді. Соған банк грант бөлді. Қазір ел осы жаңалықтың жемісін көріп отыр. Біздің ғалымдарда да мұндай жаңалықтар бар ғой. Өкініштісі, біздегі банктер ғылым дегеннің не екенін түсінбейді. Елдегі екінші деңгейлі банктерге ғалымдардың ашқан жаңалығына грант бергеннен гөрі, халықты сорып, шетелден алған арзан несиесін халыққа бірнеше есеге қымбатқа беріп отыра берген ыңғайлы».

Сақтандыру қызметі, депозитке көз аларту

Мамандар «Банктер және банк қызметі туралы» заңның да солқылдақ тұстары көп екенін айтып жүр. Мәселен, біздегі банктер несие аларда тұтынушыға сақтандыру қызметін мәжбүрлеп ұсынады және ол үшін бөлек сомада төлем алады. Ал әлгі тұтынушыға жазатайым жағдай болса, сақтандыру қызметінің несиені толық өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды.

«Осы уақытқа дейін мүгедек болып қалдым, еңбекке жарамай қалып несиемді төлей алмадым, оны сақтандыру қызметі төлеп берді деген тұтынушыны естімедік. Бізде қайтыс болған адамның несиесі балаларына, туған-туыстарына мұраға қалып жатады. Жаңағы сақтандыру қызметі мұндайда құтқармайды. Бұл арада несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді болып отырғанын үкімет көруі керек. Банк секторына қатысты өзгерісті салықты көтеруден емес, заңға өзгерту енгізуден бастаған жөн. Сол заңның ішінде салыққа және басқаға қатысты да қатаң талаптар болуы керек», – дейді М. Төртенова.

Байыптасақ, 2007 жылдан бері елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге ұлғайыпты. Екінші деңгейлі банктер сол жылдар аралығында шетелден өздері 2 пайызбен несие алып келіп, оны халыққа 28 пайыздық үстемемен қарызға берген. Бүгінде екінің бірінде несие бар. 2013 жылы қарапайым халық банктерге 2 триллион теңге қарыз болса, былтырға дейін ол 7 триллионға артып, халықтың банк алдындағы қарызы 9 триллион 400 миллиард теңгеге жеткен. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма?! Бұл сұрақтарға жауап беруге келгенде кібіртіктеп қалатынымыз рас. Себебі Ұлттық банк пен үкіметтің банк секторына қатысты «тың идеялары» әзірге салық салудан әріге бармай тұр. Былтыр ұлттық экономика министрлігін Әлібек Қуантыров басқарған тұста «депозиттерге салық салайық» деген де бастама көтерілген. Экс-министр Қуантыровтың ойынша, жылына 40-50 млн теңге табыс табатындардың депозиттері мен құнды қағаздарына салық салу бюджетке әжептәуір табыс әкелмек. Ал депозитке салық салынды дейік. Сосын не болады? Халықтың депозиті банк үшін жұмыс істейді. Банк онсыз да салық төлеп отыр, депозиттің есебінен несие беріп, табысын арттырып отыр, салық та соның есебінен беріледі. Демек, депозитке салық салайық деген ұсыныс тым ұшқары пікір. Депозит бір-ақ күнде азайып кетеді. Логикалық тұрғыдан алып қарасақ та салық салынатынын білген азамат қомақты қаражатын депозитке сала ма?! Әрине, салмайды. Сосын, айналымдағы қаражаты азайған банктерді үкімет тағы да қанатының астына алып, Ұлттық қор мен Зейнетақы қорына қол сала ма?!

Қалай десек те, банк саласына реформа керек. Көз қылып жасайтын болымсыз «реформа» емес, халықаралық қаржы институттарының талабына жауап беретін, бәсекеге қабілетті банктерді нарыққа кіргізетін, еркелемейтін, есірмейтін банктердің жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін шынайы реформа! Әйтпесе, халықты да жарылқамайтын, қанша жылдан бері президентінен бастап министрлері, әкімдеріне дейін ауыз жаппай айтып жүрген шағын бизнесті дамытуға да септігін тигізгені шамалы. Керісінше, бұл бағытта да сыбайластықтың шеті қылтия бастады. Былтыр бас прокуратура банктер арқылы шағын бизнеске бөлінген қаражаттың 82 млн теңгеден астамы негізсіз бөлінгенін анықтады. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларды орындауға келгенде де банк атаулы енжар. Халықты арзан баспанамен қамту, жалдамалы пәтерлер беру, жеңілдетілген автонесиемен қамтуға да санаулы ғана банктер қатысады. Осының бәрін салықты өсіру арқылы шеше салғымыз келеді...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: