БАҚ: Иранда 180 адам мінген ұшақ апатқа ұшырады
Иранның ресми және жартылай ресми ақпарат құралдары 8 қаңтарда Тегеран әуежайы маңында Boeing 737 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағанын хабарлады.
Ұшақта 180 адам болған. Ұшақтың "техникалық мәселелерге" байланысты құлағаны айтылады.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сілтеме жасаған Reuters агенттігі ұшақта болған адамдардың бәрі қаза болғанын хабарлады.
Иранның мемлекеттік Fars агенттігінің жазуынша, Украинаның халықаралық авиалиниясына тиесілі ұшақ Имам Хомеини әуежайынан әуеге көтерілген кезде құлаған. Boeing 737 Киевке ұшып шыққан.
Reuters-дің жазуынша, Иранның азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Реза Джафарзадэ мемлекеттік арналарға апат орнына құтқарушылар жіберілгенін хабарлаған. Оның айтуынша, ұшақта 170 жолаушы болған. Қанша экипаж мүшесі болғаны әзірге хабарланбады.