Бақыт Сарбалаұлы дұрыс айтады, бірақ...

«Жас Алаш» газетінің 2022 жылғы 10-наурыз күнгі санында (№17) Бақыт Сарбалаұлының «Кешір бізді, Шыңғыс бабам!
» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Мақалада ұлтымызды ұлтанына салып, мәңгүрт еткен орыс отаршыларының әрекеті бізді адамдықтан алыстатып, надандыққа жеткізген ащы шындық орынды айтылады. Бірақ моңғол мен қазақтың тарихын жіліктеп зерттеуге ғұмырын арнаған, «Шыңғыс хан және қазақ хандығы» деген екі том зерттеу жазып, қайнар көздерге 2080 сілтеме жасау ақылы «Шыңғыс хан – моңғол, ол моңғол перзенті. Ал оны әлемдік даңққа жеткізген түріктер» деген білікті ғалым, доктор марқұм Зардахан Қинаятұлының қорытындысын теріске шығару Б.Сарбалаұлының ұлттық эмоциясының әсері болса керек. Өйткені мақалада әу бастан Шыңғыс ханды қазақ деп жар салып жүрген Б.Нұржекеев ағамыздың, Оңғар Нақыптың атын атапты. Бірақ олардың ешбір ғылыми негізсіз тұжырымынан ойлағанда Сарбалаұлының Шығыс ханды түркі текті деп дәлелдеуге тырысуы көңілге қонады. Алайда Шыңғыс ханды дүниеге әкелген моңғол деген ұлт екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Керісінше, моңғол деген ұлттың арғы тегі қазақтар арғы бабамыз деп таныған Аланшы (Алаша хан) ханда, түріктен бөліп қарауға келмейтін Оғыз түріктерінде жатқанын тілге тиек ету керек еді деген ой келді. Немесе Моңғол да, қазақ та, барлық түрік тілді халықтардың тегі ары кетсе Ғұндар екенін моңғолдарға, әлемге мойындату керек деп жазу керек еді. Әйтпегенде моңғол деген ұлт жоқ деу «көрмес түйені де көрместің» кебі.
Шыңғыс ханға қатысты әлемге танымал ең көне жазба дерек «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» моңғолдардың арғы тегі оғыз-қият екенін еш тарихшы жоққа шығара алмайды, қарапайым халық мүлдем білмейді.
Қият кім? Оғыз ханның алты ұлының кішісі Теңіз ханның баласы Ел хан. Ел ханнан інісі Нүкүз бен кенже ұлы Қиян татар Сүйеніш ханның қырғынынан қашып құтылып, Ергене қон шатқалына паналағаны туралы аңыз Рашид-ад-Диннен бастап, барлық ғалымдардың жалғыз дәлелі. Өйткені бұл аңызды Шыңғыстың арғы бабасы Бөрте чинуа таулардан асып «теңізді кешіп» сол Ергене қоннан келгенін «Моңғолдың құпия шежіресі» де дәлелдейді. Исфаханда он жыл тұрғанда тарихи, әдеби, медициналық жүздеген кітап оқыған араб, парсы, моңғол, шағатай тілдерін меңгерген телегей теңіз білімді Әбілғазы баһадүр «мен бейбақтың алдында Иранда, Тұранда хан болған Шыңғыс ханның ұрпақтарының тарихына қатысты 18 байлам шежіре жатыр» деп жазады. Сол 18 байлам шежіренің ішінде «Моңғолдың құпия шежіресі» де болғанын Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресіндегі» тарихи оқиғалардың сөзбе-сөз қайталанғаны дәлелдейді. («МҚШ»-дегі балық оқиға қайталанатын өзге бір шежіре – «Алтын тобчыны» Гүүш Лувсанданзан Әбілғазы қайтыс болғаннан кейін 1675 жылы аяқтаған)
Ал Бүкіл ғалым тілге тиек ететін Рашид-Ад-дин, «Шыңғыс хан туғаннан 2000 жыл бұрын Монгол әулеті аталып жүрген осы патшалық немесе оғыздар татарлардан жеңіліп, ұрпағы құрып Нүкіз, Қиян (Қият) атты екі адам тірі қалып, бұрын ешкім аяғы баспаған Ергене қонға келіп, 450 жыл өмір сүрген» деп жазады. Сөйтіп, Шыңғыс ханның арғы тегі Оғыз қияттар екенін «Моңғолдың құпия шежіресі» мен Рашид-ад-Дин еңбегіне сүйенген әлем тарихшылары мойындайды.
Ал қияттар қазақ болмаса да, қазаққа жат емес. «Қобыланды батыр» жырындағы айтылатын қазаққа туыс түркі текті халық. («Қияттан шыққан бес батыр – Сейілдің ұлы Қараман, Қарақозы, Аққозы, қатардан асқан қос батыр, Қаражанұлы Қосдәулет – топты бұзған бұл батыр, Қара Боқан жауырыншы...») Бақыт Сарбалаұлы Шыңғыс ханды бабасы болдырғысы келсе, әлемдегі он миллион моңғолды бекер жоққа шығармай, осы тұрғыдан келуі керек еді.
Моңғолдардың өздерін түркі халықтарына қатыссыз жеке дара ұлт етіп көрсеткісі келетіні – отаршылдардың саясатына туындағаны рас. Бірақ бұл шындықты соңғы кездері әлемдік маңызы бар «Түркі қауымдастығына» бақылаушы ел ретінде қатысып жүрген Моңғолия елі де мойындай бастағанын Сарбалаұлы дәлел ретінде ұсынса тіптен дұрыс болар еді. Тіпті баяғыдан Мөде мен Атилланы өздерінің ата-бабасы санап, жырына қосып, тарихына жазып келген моңғолдар соңғы кезде ғұнның түркі текті халық екенін де ептеп мойындай бастады. Моңғолдың коммунизм идеясынан аулақ беделді демократ тарихшысы Б. Баабар: «Ғұндар монғол текті болуы да, түрік текті болуы да мүмкін. Мүмкін, ғұндар монғол мен түркінің ортақ тегі шығар, тіпті монғол мен түріктің аралас қосындысы шығар» («Монголчууд, нүүдэл суудал» 1-том, 33-бет) деп жазады.
Ал моңғол деген ұлтты жоққа шығаруға болар, бірақ Бексұлтан ағамыз айтқандай, әлем мойындаған, көз алдымызда тұрған Шыңғыс ханның туған жері Моңғолияның қиыр шығысындағы Кентау (Хэнтий), Дэлүн болдогты, керейдің Тұғырыл ханы ордасын тіккен Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласының қақ ортасымен ағып жатқан Тола (Туул) өзенін, Шыңғыс хан құрған күллі моңғолдың байырғы астанасы Қарақорымды (Хар хорин) Қазақстан жері – Жаркентке қалай көшіріп әкелеміз? Толағай емеспіз ғой. Тіпті Шыңғыс хан заманында жазылған «Моңғолдың құпия шежіресінің» тілінде күні бүгінқаз-қалпында сөйлеп отырған моңғолдардың тілін Қ.Зіркірянов айтқандай, Шыңғыс хан заманындағы моңғолдардың тілі емес, қазіргі моңғолдар мәнжі тілінде сөйлейді деп қалай айтамыз?
Б.Сарбалаұлы да өзі моңғол тілінен бейхабар бола тұра қазіргі моңғол тілін Шыңғыс хан сөйлеген тіл емес етіп көрсеткісі келеді. Рас, моңғолдар да жоғарыда айтқанымыздай, оғыз-түріктен тарағандықтан, қазіргі қазақ, моңғол тілдерінің түбі бір. Ол – көне түркі тілі. Бірақ әлденеше ғасыр бойы моңғолдардың тіліне қытай, санскрит, тибет тілдері, қазақ тіліне араб, парсы тілдері ықпал етіп, солардың көптеген сөзі төл сөздеріміздің орнын басып кеткендіктен, бүгінгі таңда бір-бірімізді тура түсінбейтін дәрежеге жеттік. Бірақ «Моңғолдың құпия шежіресінің» тілі қазіргі қазақ тілінен біршама алшақ болса да, қазіргі моңғол тілімен сөз түбірі бірдей. Тек жалғау, жұрнақтары, айтылу мақамы аздаған өзгеріске ұшыраған. Дәлел ретінде осы шежіредегі мына бір сөйлемді мысалға келтірейік. Көне моңғолша транскрипциясы: «Тере белге сонасчи иавубаси бүлегүүри-ин дағу сонасчи күрчи кер-тур-ину оробасу Сорхан Шар: «Еке-бен дегу-нер-ийен ериж од. есегу келелүге би. Иекін иребе чи» кегебе. Қазақша аудармасы: «Сол белгіні естіп жүрсе, піспектің дыбысын естіп, жетіп үйге кірсе, Сорхан сары: «Анаңды, інілеріңді іздеп кет деп айтпадым ба? Неге келдің? дейді» Мұның ішінде қазіргі қазақ тілінен бір ғана белсенді қолданыстағы «белгі» деген сөз, көнерген «көбін» – көбеген («Базарбайдың Төлеген, ерте туған көбеген») деген сөз бар. Ал қазіргі моңғол тілінде сол «белгі» деген сөзден басқасы түгел сөзбе-сөз сәйкеседі. Салыстырып көріңіз, Шыңғыс хан қай тілде сөйлеген?
Бақыт: «Шыңғыс ханды моңғолға сыйлаушы ағайындар мынаны айтыңыздаршы: моңғол тілінде Шыңғыс хан, темірші, қапан, қаған, қағанат деген сөздердің өзі бар ма? Біздің білуімізше жоқ» деп білгірсиді. Бұл енді дәлел емес, ұят. «Шыңғыс» сөзінен басқасының бәрі моңғол тілінде де бар. Шыңғыс сөзінің мағынасы екі тілде де күні бүгін айқын емес. Біздің тіліміздегі сөз деп ешкім дәлелдей алмайды. Олжас Сүлейменов «Шыңғыс хан – «шығыстың ханы» деген сөз» десе, доктор Ислам Қабышұлы ««Жеңіс хан» деген сөз» дейді, моңғол ғалымы Цэндийн Дамдинсүрэн ««Тэнгис хан» (Теңіз хан)», деген сөз болса керек деп болжам ғана айтады. Бірақ қай-қайсысы да қисынға келмейді.
Сол сияқты Бақыт Сарбалаұлы «шамасы түп нұсқада («МҚШ-сінде») моңғол деген сөз жоқ, саясат әсерінен кейін қосылған» деп «Моңғолдың құпия шежіресінің» көне моңғол тілінде қытай иерелогифмен жазылған жалғыз нұсқасын ежектеп оқып шыққан кісідей сөйлейді. Оны ежектеп оқып, көне моңғол тіліндегі транскрипциясын, қазіргі қазақ тіліндегі сөзбе-сөз аудармасын және қазіргі қазақ тіліндегі мағынасымен қоса кітап етіп бастырған ғылым адам – Нәпіл Базылханұлы ғана. («Ғылым» баспасы. Астана 2018 ж)
Шыңғыс хан заманында «моңғол» деген атау болмады дейтіндерге таңым бар. «МҚШ»-сінде Шыңғыс ханнан да бұрын оның арғы бабасы (үшінші атасы) «Қамұғ Моңғолды Хабул хан билеп тұрды» деп жазады. Ол – «МҚШ»-нің «бисмилласында» қияннан тарған ұрпақ Бөрте чинуадан тарған 10-буын (Шыңғыстың 15-атасы) Боржигидай мергеннің әйелінің аты Моңғолжин гуа. Бақыт айтқандай моңғол деген атау, «саясат әсерінен кейін қосылған» болса, «МҚШ»-сіндегі осы сияқты «моңғол» деген сөздерді көне моңғол тілінде иероглиф қарпіне түсіргенде бит ішіне қан құятын қытайлар неге алып тастамаған деген сұрақ туады. Жалпы «МҚШ»-нің түп нұсқасы саясат әсерінен өзгертілді деген бекер сөз. Қытай Шыңғыс ханды қытай қылғысы келмейді, керісінше, Шыңғыс ханды хан еткен оның ақылшысы қытай кеңесшілері еді дейді. (Елу Жусай) Ал Әбілғазы баһадүр Алынша (Алаша) ханның егіз ұлының бірінің аты Моңғол еді деп жазады. Егіз ұлы Татар мен Моңғолға дәулетін тең бөліп беріп, өз-өзі алдына билік құрғызғанын, Моңғол ханының Қара хан, Өз хан, Көз хан, Көр хан деген төрт ұлы болғанын, Моңғол хан өлерінде хан тағына баласы Қара ханды отырғызғанын айтады. Әрине, Әбілғазы баһадүрдің бұл деректі аңыздан алғаны шындық. Бірақ аңыздың түбі ақиқат екенін ескерсек, Моңғол хан деген атауды ойдан қоспаған болар. Өйткені Оғыз ханның 6 ұлынан туған 24 немересін, тоқалдарынан туған тағы 24 немересін атымен атап, түсімен түстеп жазуына қарағанда, шындықтан алыс кетпейді.
Сол Оғызыңыз Қара ханның баласы, Моңғол ханның немересі болса, Оғыз бар әлем түркі текті деп таныған татармен бірге туысып отырса, түркі текті болмай қайда барады? Мейлі, Монгол ханмен Татар хан бірге туыспай-ақ қойсын, Огыздың түркі текті халық екенін VІІ ғасырдағы Күлтегін ескерткішіндегі «Тоғыз Оғыз халқы біздің өзіміздің халқымыз еді. Тәңірдің, жер киесінің қарғысына ұшырап, бізге жау болды» (С.Қаржаубай. «Орхон мұралары» 177-бет. Астана 2003 ж.) деген жазу дәлелдеп тұрған жоқ па? Бұған да иланбасаңыз ХІ ғасырдағы Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігіне» (Алматы 2017 жыл) көз жүгіртіңіз. «Қырғыз, қыпшақ, оғыз, тоқсы, иағыма, ұғрақ, жарұқ тайпалары ортақ бір түрдегі түрікше тілде сөйлейді» І том, 62-бет.)
Бақыт Сарбалаұлы Шыңғыс ханның бабамыз екенін дәлелдеу үшін ешкім жоққа шығара алмас деп адамзаттың ақыны атанған Мағжан Жұмабаевтың өлеңін келтіріпті. Дұрыс-ақ, Мағжан Шыңғыс хан, оның балалары туралы жырлағанда «Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа, түріктен басқа от боп жан туып па?» дейді. Бірақ «моңғол деген ұлт жоқ, қазіргі моңғол мәнжінің тұқымы» демейді. Ал адамзаттың ақыны Абай не дейді? «… Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят.… Есте жоқ ескі мезгілде, маңғұлдан бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазды. Асыл түбі қазақтың — сол татар» дейді. Бұған не айтамыз? Бақыт мысалға келтірген әлгі француз оқымыстысы Шариль Луи де Монтескье де күллі түркі халқын татар деп атаған жоқ па?
Сол сияқты Бақыт жерден жеті қоян тапқандай «Шыңғыс ханды моңғолға айналдырушылардың аузын аштырмас бір факты 1934 жылы МХР-да халық санағы өткізіліп, халық басынан бақайшығына дейін түгенделіп, ру-тайпа тиянақталып, тегі мен тепсеңі түгенделіпті. Сонда төрелер түгіл Теміршінің түп-тұқияны бір туысқаны табылмапты. Қият боржіген түгіл Тайшуттың ізі жоқ болып шығыпты» дейді. Мұны Бақыт интернет желісінен, Оңғар Нақыптан алғанын айтады. «Есукей қайтыс болғанда басында күзетіп отырған, кейін қазақтың әмеңгерлік салтымен Ұлынды (Өгелүн) әйелдікке алып, Шыңғысқа кіші әке болған Меңлеке қоңыраттың биі екені көпке мәлім» деп жазған Оңғар Нақыпқа қалай сенеміз. Иә, дұрыс айтады. Есукей қайтыс болғанда күзетіп отырған Меңлектің Меңлеке екені рас. Бірақ ол Қоңырат емес, Шыңғыс ханмен аталас боржығын руынан тараған Қоңкотадай Чарха шалдың ұлы Меңлік. Қоңырат қайда, боржігін қайда? (Мен бұл жөнінде де арнайы мақала жазғанмын). Бұл бір, екінші, 1934 жылы Моңғолияда өткен адам санағында «ру-тайпа тиянақталып, тегі мен тепсеңі түгенделіпті. Сонда төрелер түгіл Теміршінің түп-тұқияны бір туысқаны табылмапты» дегенге сеніп көріңіз. Өзінің отары етіп ұстаған, моңғолдың ұлт зиялыларын дәл қазақпен бірдей шетінен қырған қызыл орыс моңғолдардың тегін тектемек түгіл, Шығыс ханның атын атауға тыйым салған. Моңғолдың коммунистік партиясының саяси бюро мүшесі Темір-Очирды Шыңғыс ханды жақтағаны үшін қызметінен қуып, айдатып жіберген.
Үшінші, Моңғолия жерінде Шыңғыс ханның тұқым-жұрағаты жоқ болса, Ұлы Моңғол империясының астанасын Қара қорымнан Бейжіңге көшіріп, Моңғол Юань мемлекетін құрғанын, Шығыс ханның немересі, Төленің ұлы Құбылайдың, інісі Арық Бұқаның ұрпақтары, Қара қорымда әкесінің тағына отырған Өгедейдің (Үкітай) ұрпақтары қайда? Құбылай құрған Моңғол Юань мемлекеті құлаған соң қытайдан моңғол жеріне кері қуылған Шыңғыс ұрпақтарын қалай жоққа шығарамыз? Мәнжі импреиясының қол астында болса да сыртқы Моңғолды (ар Монгол) ұлт ретінде, ұлыс ретінде сақтап, басқыншылармен үш ғасыр арпалысқан Шыңғыс ханның ұрпақтары 1479-1517 жылдары билік құрған Батмөнх Даян хан, Түмэн засагт хан (1539 жыл), 1604 жылы хан тағына отырып, ішкі, сыртқы моңғолды 30 жыл билеген Лигдэн хан сияқты Шыңғыс ұрпақтарын моңғолдар күні бүгін пір тұтады. Хан Кенені пір тұтқан біздің қазақтар сияқты отпен оқтың ортасында жүріп ұлтын, ұлысын сақтап қалған арыстары жайлы моңғолдар біз қызыл империяның ауыз ашпайтын құлы боп жүрген ХХ ғасырда романдар жазды, кинолар түсірді. Шыңғыс хан сөйлеген моңғол тілін қызыл империя заманында да, керек десеңіз, көне моңғол жазуымен сақтап қалды.
Осындай тұтас бір текті халықты жоққа шығару өзімшіл адамдардың ғана қолынан келетін болар.
Төртінші: Зардыхан да, Қаржаубай да шындық үшін, әділдік үшін күрескен тұлғалар. Рас, олар моңғолдан өз бастары аса бір қыспақ көрген жоқ. Ең биік лауазымдарда қызмет атқарды. Бірақ ол үшін жағымпаздық олардың қандарында жоқ қасиет. Екеуі де Моңғолияда демократиялық қоғам орнату үшін күресті. Зардыхан Моңғолияның вице-премьері, Моңғолия парламенті төрағасының орынбасары сияқты жоғары лауазымды қызмет атқара жүріп, Моңғолия қазақтарының тарихына байланысты «Жылаған жылдар шежіресі» атты еңбек жазып, осы елдегі ұлттық көзқарастың көлеңкелі тұстарын бүкпесіз жайып салды. Ал Қаржаубай Моңғолия қазақтарын осы елдің конституциясында ұлт ретінде мойындату үшін ұлтшылдармен күресті. Жеңіске жетті. Зардыхан Моңғолиядағы демократияның лидері атанса, Қаржаубай Моңғолдағы қазақтардың лидері атанды.
Басын жайымен бастап, ортасында кәсіби тарихшыларды кінәлап, қатты кеткен Бақыт інім соңында қайта сабасына түсіпті. Дұрыс айтады: «Шыңғыс хан – түркі, қият. Тіпті қоңырат десе де қатты қателеспеймін. Қоңырат қызынан туғанының өзі оның 50 пайыз қоңырат екенін мойындатпай ма», дейді.
Иә, Шыңғыстың өзі уақтан (олхнуд), Алтын ордадай қуатты мемлекет құрған Шыңғыстың ұлы Жошы қоңыраттан, «Аспан асты елміз» деп мақтанатын қытайды билеген Шыңғыстың немересі Хулбилай мен Таяу шығысты қолтығына кіргізген Хулгу керей қызы Соргагтани Бекиден (Сұртоқты) туса, нағашысына тартса, қазақ мықты болмай, кім мықты болмақ. Бірақ моңғол құдаларымызды да ренжітпейік.