Бар-жоғы білінбейтін Сұлтанғазиевтің есебі: Қапшағай Қонаев болғалы ештеңе өзгерген жоқ
2022 жылы қайта құрылып, орталығы Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласы болып бекітілген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар алаңында есеп берді.
Экономикалық өсім мен әлеуметтік даму қарқынды екенін айтқан бар-жоғы білінбейтін әкім түрлі статистика мен пайыздардан тұратын баяндама жасады. Бірақ бұл өңірде тасжолы жоқ көшенің батпағын кешуге мәжбүр тұрғындар да, майшаммен ас ішіп, телефон жарығымен сабақ оқитын ауылдар да, газ бен басқа да жүйелері тартылуы жоспарланған, бірақ ақшасы жоқ аудандар да баршылық. Бәрін қойғанда, үш ауысымда мектептер әлі күнге жұмыс істеп жатыр. Айта берсе мәселе көп. Әсіресе облыс орталығы Қонаев пен арман қала Алатауда «генпландағыдай» прогресс байқалмайды.
Қонаевта бәрі де баяғыдай
Алматы облысы еліміздегі потенциалы жоғары өңірлердің бірі. 1,5 млн-нан астам халқы бар, жер аумағы кең, табиғи жағдайлары шаруаға қолайлы, турист тартатын нысандары көп. Орналасқан жері мен Алматыға жақын болуын да үлкен артықшылық деп бағалауға болады. Бір жағынан, облыстың стратегиялық жоспары осы мегаполистің жүгін жеңілдетуге бағытталған. Қонаев пен Алатау арнайы экономикалық аймағын дамыту арқылы тағы да көп мәселелер шешуге болады. Бірақ қашан екенін айта алмаймыз.
Қонаев облыс орталығы болғалы екі жылдан асса да, қаланың кейпі баяғы. Әзірше, тұрғын үйлер мен пәтер жалдаудың қымбаттағаны ғана байқалады. Ал Алатау қаласы құрылып, ауыл атауынан қол үзгелі жылға таяды. G4 City деп желпініп жүргелі де көп болды. Десек те, Жетіген ауылы сол баяғы Жетіген... Қапшағай Қонаев болғалы да ештеңе өзгерген жоқ. Облыс өз алдына бөлінгелі қызметте отырған Сұлтанғазиев болса, бұрынғы ойынхананың ғимаратына тұрақтаған облыстық әкімдіктегі әдемі макетін көрсетуден, осындай қала саламыз деуден жалықпайды. Су қоймасына келетін туристер мен казинолар есебінен күнелтіп келген қалаға бұған дейін аса көңіл бөлінбеген. Қапшағайға қарасаң, Қазақстандағы өзге де моноқалалар сынды, кеңестік құрылыс пен ескіліктің иісі шығып тұратын. Ол 2010 жылы қабылданған өз жоспарымен келе жатқанда, облыс орталығы болды да, жаңа кешенді жоспар әзірленді. Сөйтіп, қапшағайлықтар тұрмақ, қазақстандықтар ойламаған жоспар жасалды. Жобалауға қарасаң, Дубай мен Сингапур сынды алып та дамыған қаланың концепциясы байқалады. Енді 2050 жылға дейін 187 шара атқарылып, қауіпсіз де қолайлы, экономикалық орталыққа айналған, туристер ағыны күшті, халқы қазіргі мегаполистерден де көп қала салынып болуы тиіс. Осы бағытта қаланың бюджеті де артып жатыр. Мәселен, 2021 жылғы ресурс 9,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 37 млрд теңгеге жеткен. Осы аралықта не істелді деген сұраққа Сұлтанғазиев былай деп жауап берді:
«Қонаев қаласында 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жаңартылды, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы қайта жаңғыртылды, 41 аула абаттандырылды, қоғамдық саябақтар мен спорт алаңдары жасалды. 133 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру айтарлықтай жетістік болды. Оның ішінде жеке құрылыс салушылар салған Aristocrat, Sun City және NJ Towers кешендері бар».
Қонаевта инвесторлар есебінен тағы алты тұрғын-үй кешені салынуда. Ал бюджет есебінен тек біреу ғана. Оған қоса, инвесторлар 18 жеке тұрғын үй салып жатыр, олар кейіннен облыс теңгеріміне өтіп, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі деп жоспарланған. Бары – осы. Көріп отырғандарыңыздай, жоспардағы алып мәдени орталықтар мен спорт кешендері, бес жұлдызды қонақүйлер мен сол секілді ғимараттарға қатысты жаңалық жоқ. Екі жарым жылдан бері қаржы көбейіп, жоспарлар толықтырылып жатса да, жасалғаны тұрғын үй салу мен сырлау, жолды реттеу мен саябақтың айналасынан аспаған. Облыс орталығындағы бір-екі жағажай мен саябақтың ашылуы ауызша айтқанға жақсы демесең, көзбен көрген адамға Қонаев пен Қапшағайдың айырмасы байқалмайды.
Алатауда бәрі де баяғыдай
Бұрыннан қалалық өмір салтына үйреніп, облыстың әкімшілік орталығы ретінде бекітілген қаланың жайы осы болса, Жетігендегі Алатау қаласының күні қалай болар екен деген заңды сұрақ туындайды. Биылғы жылдың басында құжат жүзінде қала деп танылған ауыл алдағы уақытта үлкен арнайы экономикалық аймақтың орталығына айналмақ. Бұл жаңа идея емес. 2023 жылы Алматы облысында G4 City арнайы экономикалық аймағы құрылған. Жоспар бойынша АЭА Алматы қаласының солтүстігінде, Алматы-Қонаев тасжолының бойында орналасып, жаһандық стандарт бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналуы керек еді. Бірақ енді G4 City жоқ. Орнына Алатау АЭА салынады. Оның атауы ғана емес, аумағы да өзгеріске ұшырап, бұрынғы 30 мың гектардан 96 560 гектарға дейін ұлғайды. Іле ауданындағы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылып, Алатау қаласы деген айдар тағынды.
Алатау «сити» тәуелсіз Қазақстанның ең «амбициозный» жобасы деп те айтылып жүр. Оны салуда Тяньцзинь, Дубай, Сингапур сынды әлемдік орталықтардың тәжірибесі ескеріліп, инновация мен экспорт, туризм мен ғылым, жалпы бәрі-бәрі дамыған қала қалыптасады-мыс. Баяғы Gate District, Golden District, Growing District, Green District деген төрт аймақ бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бас жоспарға сай бұл территорияға 12 елді мекен енеді. Жетіген ауылынан бөлек, Талғар ауданының Дәулет және Қайрат ауылы, Іле ауданындағы Жетіген, Еңбек, Жаңаарна, Құйған, Жаңадәуір, Жаңаталап, Ынтымақ және Қоянқұс елді мекені, Қонаев қаласына қарасты Заречное және Арна ауылы және Қонаев қаласының бір бөлігі Алатауға қосылады. Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі арнайы экономикалық аймаққа кіреді. АЭА 2048 жылға дейін салынып болады деп жоспарланған. Осының бәріне жауапты шенді әзірге Сұлтанғазиев қана. Ол өз есебінде:
«Инновациялық жобалар 96 мың гектар аумақта жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл жоба аймақты Қытайдың Хайна мен Шэньчжэньнен кейінгі әлемдегі арнайы экономикалық аймақ ретінде үшінші орынға шығарады. Қаланың даму стратегияларын әзірлеу үшін Сингапур мен Қытайдан жетекші сарапшылар тартылады. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым және ақылды қаланы басқару технологияларындағы озық жетістіктерімен танымал. Жобаны жедел және сапалы басқару үшін үкімет жанынан премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен арнайы жобалық кеңсе құрылды. Бұл органға Алатауды абаттандыруға атсалысқан барлық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру және инвестицияның дер кезінде тартылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген», – деді.
Әкім айтып отырған Хайна – ірі экономикалық орталыққа айналған Гуанжоу мен Шэньчжэнь қалаларына жақын орналасқан экономикалық аймақ. Ол 1988 жылдан бері экономикалық реформалар жасауда тәжірибе жүргізілген алаң. Ал 2010 жылдан бері жаңа еркін сауда мен экономикалық орталық ретінде танылып, дамуда. Шэньчжэньге келсек, мұндағы өңірлік жалпы өнім көрсеткіші 40 жылдың ішінде 200 млн юаньнан (27,5 млн доллар) 2,69 трлн юаньға (371 млрд доллар) жеткен. Қытайдың өндірістік қуатын ескерсек, мұндай экономикалық аймақтар құру мен дамыту мейлінше реалды көрінеді. Ал облыс әкімінің осыған шамалас дүние жасаймын дегені қызық естілетіні рас. Жалпы, әлемдік мысалдарға қарасақ, арнайы экономикалық аймақты өз аяғына тұрғызу үшін орта есеппен 15-30 жыл уақыт керек. Біздегі жоспарға 24-25 жыл берілген. Келгелі бері «қағаз сызумен» әуестеніп жүрген Сұлтанғазиев мырза екі жарым жылын артқа тастады, өзгерген дәнеңе жоқ. Қазіргі уақытта ауыл ретіндегі үстемақы мен жеңілдіктерден айырылған Жетіген жайлы ғана естігеніміз болмаса, әлі бірде-бір қазық қағылмады.
«Жас Алаш» ауыл қала статусын алғандықтан, өңірдегі мұғалімдерге еңбекақы төлеу жүйесі өзгергенін, Жетігендегі 17 мектептің мұғалімі жиналып, президентке үндеу жолдағанын жазған. Тұрғындар: «Осыдан 10 жыл бұрынғы Жетіген қалай болса, әлі солай тұр. Ешбір өзгеріс жоқ. Демек әлі 5 жылға дейін ауылдық статусымызды қалдырған дұрыс болатын секілді», – деп пікірлерін білдірген. Мұғалімдерден бөлек, басқа әлеуметтік сала мамандарының жалақысы да өзгеріске ұшырауы ғажап емес. Түлектердің мемлекеттік грант конкурсындағы ауылдық жеңілдіктен қағылуы да ықтимал. Осы жөніндегі сауалымызды облыс әкіміне қойдық.
«Алатау Алматы мен Астана сияқты жастарды тартатын қала болады деп үміттенеміз. Консультация алуда да тәжірибесі бар мемлекеттерге жүгініп жатырмыз. Қазір қала статусына қатысты мәселелер туындап жатқаны рас. Ауылдарда әлеуметтік салада жұмыс істейтін мамандар 25 үстемақы алады. Қала статусынан соң ол тоқтады. Біз бұл проблеманы шешу үшін жергілікті бюджет есебінен премия беріп жатырмыз. Келесі жыл бойынша салалық министрліктермен жұмыс істеп жатырмыз. Үкіметтің келісімі бар. Құқықтық-нормативтік құжаттар өзгереді, содан соң үстемақыларын жоғалтқан азаматтарға жүйелі түрде баяғы үстемақыларын қайтарамыз, бәрі орнына келеді», – деп жауап берді Сұлтанғазиев.
Ол Шерзат ісіне қатысты елдің сөзін пысқырмайды
Брифингте ең көп қозғалған тақырыптардың бірі – Шерзат ісі. Кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің отбасын құқық қорғау органдары қарауына алса да, екінші қайғылы жағдайдың орын алуы, депортацияға қатысты шулар, Талғардағы ОПГ жайлы талай-талай сауал жолданды. Әкім бұған қатысты бақылаудың бар екенін, құзыретті мекемелер жұмыс істеп жатқанын айтты. «Құқық қорғау органдарының өз регламенті бар. Олар күзетке де, басқаға да қатысты өздері жауап бергені дұрыс шығар. Ал депортацияға қатысты ақпарат беретін миграциялық қызмет. Сол жақтан нақтылау қажет. ОПГ-ға келсек, жауапты мекемелер оның жоқ екенін анықтады. Әкімдік бәрін ұйымдастырып жатыр. Алғашқы күннен бастап моральдық, материалдық көмек көрсетілуде», – деді де, жалтара салды. Ал журналистердің «Талғардағы әлеуметтік жағдайдың ушығуына қатысты отставкаға кететін ойыңыз жоқ па?» деген сауалына: «Біздің жұмысымыз әлеуметтік желіде тараған мәліметтермен бағаланбайды. Бағаланатын салалар бойынша басшылар бағасын берер», – деп қысқа қайырды.
Әлбетте, ол өз облысында болып жатқан ең шулы оқиғаны бүкіл Қазақстан бақылап отырғанын, түрлі дақпырттар мен болжамдар айтылып жатқанын, халықтың наразы болып отырғанын жақсы біледі. Брифингте сұрақ қойылатынын да біледі. Қамсыз қалмай, жауап дайындап келетіні түсінікті еді. Бірақ сонша дайындалғанда Қазақстан жұртына бір ауыз өз сөзін айтып, істің соңын күтуге шақыруға жарамады. Әкім ретінде өзі басқарып отырған облыста болған оқиғаға қатысты өкініш те білдірген жоқ, көңіл де айтпады, менің шаруам жоқ, мен ештеңе білмеймін деп, міз бақпай тұрып алды. Мінезсіз, харизмасыз кадрлар туралы жиі айтып жүрміз ғой, сол кемшілік осындайда білініп қалады екен...
Баян Мұратбекқызы