«Барыс» Қазақстанның командасы емес
«Барыста» қазақ балаларына жол жоқ.
Редакциямызға атын атамауын өтінген бір азамат хабарласты. Әрине, демократиялық қоғамда не нәрсенің де жасырын болмағаны дұрыс. Дегенмен Жаңа Қазақстан орнату жолында бұрынғы былықтарды көзге шұқып көрсету үшін де қауіпсіздік, алаңсыздық болуға тиіс. Ал осы азамат өзінің қауіпсіздігіне алаңдайды.
Әлқисса, әңгіме хоккей жайлы. ҚХЛ-да маңдайға басқан жалғыз командамыз – «Барыс» бар, ұлттық құрама жоғары дивизионда қалды, еліміздің Про-хоккей лигасында 8 ұжым атаққа таласып жүр. Бір қарағанда, бәрі жаман емес. Бірақ ынталы азаматтың айтуынша, еліміздегі хоккейді бұрынғы «дүмі мықтылар» әлі де уыстан шығармақ емес сияқты. Әрине, оның сөзінің бәрі рас бола қоймас. Бірақ бұл салада қордаланған мәселе, ішін ірің кеулеген жара аз емес сияқты.
1-мәселе. Жасөспірімдер арасында «әкесінің балалары» көп
Сонымен, кейіпкеріміз бүй дейді:
«Кезінде үлкен лауазымдар атқарған, бұрынғы президенттің оң қолы болған адамның 2007 жылы туған баласы «Барыстың» клубтық жүйесінде бұрыннан жаттығып келеді. Бірақ хоккейді аса шебер ойнамайды. Жақында сол бала жасөспірімдер құрамасына шақырылды. «Азия балалары» кешенді жарысына қатысып қайтты. «Болашақта Қазақстан құрамасында ойнаймын» дейді екен командаластарына. Шындығында, ол басқа талантты балалардың өрісін тарылтып жүр, яғни қара көбейтіп қана барып жүр.
Астаналық клубты бұрын басқарған біреудің 2006 жылғы баласының да ойнау қабілеті шамалы. Бірақ ол да жастар құрамасына шақырылып жүр.
Жылына «Барыстың» мектебіне 150 бала қабылданады. Сол балалардың 70-80 пайызы – қазір қазақ балалары. Бұрын мұнша қазақ баласын хоккейге тарту арман болатын. Қазір халықтың өзінде бетбұрыс бар. Бірақ талаптанып келген баланың өрісі тарылып, арасында бірді-екілісі ғана үлкен хоккейге жолдама алуы мүмкін. Оның бәрін біз қолдан істеп, өзіміз зиян жасап жатырмыз».
2-мәселе. «Барыста» қазақ балаларына жол жоқ
Кейіпкер қазақ төлқұжатының орынсыз таратылатынына қынжылады:
«Барыстың» негізгі құрамына қазақ балалары қосыла алмай жүр. Жол жоқ оларға. Ресейден келген ортаңқол ойыншыларға Қазақстан азаматтығын береді де, ойнатады. Мұның сыртында агенттердің үлкен ойыны жатыр. Агент клуб басшылығымен келіседі де, Ресейде жетіп-артылатын орта деңгейлі хоккейшілерді алдырады. Сөйтіп, «Барыстың» негізгі құрамына енгізеді. Оларға өте тәуір жалақы белгіленеді. Сөйтіп, сырттан келген ойыншылар Қазақстан салық төлеушілерінің ақшасына бір ортақтасса, агенттерге, мүдделі топтарға жалақысынан «жырып беріп», айдалада, Қазақстан аумағынан тысқар жүрген адамдардың әмиянын да томпайта береді. Әттең, осының бәрін жанкүйерлер біледі. Бірақ қолда ешқандай құжат, нақты дәлел болмаған соң, сырттай кіжінеді де жүреді.
Шын мәнінде, «Барыс» Қазақстанның командасы емес. Соңғы он жыл ішінде «Барыс» клубтық жүйесінен бір қазақ баласы жарқырап шыққан жоқ. «Барыс» құрылған алғашқы бес жылда, жарайды, қазақ балалары болмады дейік. Қатыспады дейік. Бірақ кейін көп бала хоккеймен айналысты ғой. Оларға жол жабық. Қазақ балалары үшінші-төртінші бестікте жүреді, асып кетсе. Болмаса, «Барыстың» фарм-клубы «Номад» командасына кетеді. Шынын айтқанда, «Барыс» қазақ үшін ашылған команда емес. Ол легионерлердің және Ресейдің талантсыз хоккейшілерінің командасына айналып кетті.
«Барыстың» ізбасарлар тобынан шыққан бала «Номадқа» барады, асып кетсе, Қазақстанның басқа 5-6 командасына тарайды. Яғни олардың алдында кеңістік те, келешек те жоққа тән. «Барыс» қолдауы бар қазақ балаларын ғана жылт еткізеді де қояды. Жастар хоккей лигасында ойнайтын «Снежные барсы» командасында да қазақ ұландары саусақпен санарлық. «Барыстың» жасөспірімдер спорт мектебін бітірген балалар осы командаға барады. Онда да – толған «мықтылар». Арасында мықты балалар жоқ емес, бірақ бәрібір бұл команда ірі нәтиже көрсете алмайды».
3-мәселе. Құрама жанкүйерсіз қалуы мүмкін
Кейіпкер мұның бәрі хоккейді дамытпайтынына сенімді:
«Өз түлектері қараусыз қалатындықтан, Қазақстан хоккейінің жанкүйерлері де азайып барады. U15, U16 құрамаларында талантты балалар жоқ емес, бірақ «қолдан енгізілген», мықтылардың «қоңырауымен» құрамаға лайық делінген балалар көп. Сондықтан оларға ешкім жанкүйер болғысы келмейді. Жасөспірімдер, жастар құрамасына бүкіл Қазақстаннан іріктеу нақты жүргізілмейді. Көбінше «Барыстың» жүйесінен алына салады. Ал олардың арасында міндетті түрде «блатнойлардың» балалары жүреді.
Бапкерлер мәселесі де сондай. Жаңаша көзқарасы бар, жастарды өсіргісі келетін, хоккейдің заманауи өрісін аңдайтын, танитын бапкерлер шақырмағалы қашан! Төрт-бес бапкер бар, соларды айналдырып әкеліп қоя береді, қоя береді. Иә, ешкімді жолатқысы келмейтін, хоккейді меншіктеп алған топ бар. Хоккей солардың уысында тұр».
Сонымен, жаны ауырған жанкүйердің деректерін біз де зерттеп көрейік.
«Барыс». 2023-2024 маусымда әзірше айдынға шыққан 26 ойыншы ішінде 18 отандасымыз бар. Оның ішінде екі хоккейші (Дмитрий Гурков пен Егор Шалапов) Ресейде туған, әр жылдары Қазақстан азаматтығын алған. 2021 жылы Қазақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысты. Биылғы маусым қарсаңында «Барыс» сапынан Қазақстан азаматтығы бар Егор Петухов (Ресейде туған), Дмитрий Шевченко (Ресейде туған) сияқты ойыншылар «Динамо» М және «Амур» командаларына ауысты. «Барыстың» алғашқы бестігінде жалғыз отандасымыз жүр (А.Шестаков). Команда құрамында Ә.Әсетов, Д.Самат, Қ.Дінмұхамед, Б.Мұратов, Э.Нұрғалиев, Ә.Өмірбеков, А.Шайхмедденов сияқты қазақ хоккейшілері ойнайды. Жаңа маусымда өткізген 4 ойында да «Барыс» жеңілді. Осы ойындарда Әсетов, Дінмұхамед, Шайхмедденовтен басқа хоккейшілер өнер көрсетті. Б.Мұратов «Сібір» қақпасына бір шайба енгізді. Қазір Шығыс конференциясында астаналық команда 2 ұпаймен «Нефтехимикпен» бірге көш соңында келеді.
«Снежные барсы». Жастар лигасының Шығыс конференциясында жаңа маусымда өткізген 4 матчта да бұл команда жеңілді. Қазір жалғыз ұпаймен көш соңында келеді. Осы 4 кездесуде 16 хоккейші алаңға шықты. Олардың барлығы да – Қазақстан азаматтары. «Снежные барсы» құрамына Б.Оразов, А.Сәркенов, А.Бейсембаев, А.Әлібек, А.Русланұлы, А.Әмірқанов сияқты жас қазақ хоккейшілері тіркелген. Оразов бір шайба енгізді, ал Сәркенов әлі айдынға шыққан жоқ.
Бір қарағанда, статистикалық тұрғыда бәрі қалыпты сияқты. Бірақ «Барыстың» да, «Снежные барсы» командасының да өз лигаларының аутсайдері екенін ескерсек, жанкүйер алаңының орны бар ма деген ойға берілесіз.
Оның үстіне Қазақстанның Про-лигасы басталғалы екі тур өтті. Бұл аламан ашық біріншілік болып саналады. Ал екі турдан кейін көш басында Ташкенттің «Хоума» командасы тұр. Бұл команданың биыл Қазақстан кубогын жеңіп алғаны және бар.
Биыл Финляндия мен Латвияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 16 құрама арасында 11 орын алып, А дивизионындағы орнын сақтады. Құрама сапында бірде-бір шеттен келген ойыншы болған жоқ.