Бас кейіпкері жоқ спектакль
«ӨКМ операторы» (Оператор РОП) басшылары жазаланып жатыр. Логикаға салсақ, зорлықшыл «ӨКМ операторы» иелері ұсталып, заңсыздық анықталған соң көлік бағасы арзандауы керек еді.
Екі жыл бұрын ел де осыдан дәмеленіп қалған. Бірақ баяғы баға – сол баға, ел үміт күткен сот отырыстары да фарсқа айналып барады.
Бүгін Астанада «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы құрылтайшысы делінетін Шынар Мұқтарованың қылмыстық ісі бойынша сот отырысы жалғасты. Бірақ жұрт бұл сот процестерінен жалығып біткен. Бұрынғыдай өзеуреп қарамайды. Себебі бұл сот – спектакльді еске түсіреді. Саясаттанушы, қоғам белсендісі Санжар Боқаев мұнда мүлде басқа адамдар тергеліп жатуға тиіс еді дейді.
«Бұл сот – цирк. Сарапшы ретінде кейінгі үш жылда утиль алым мәселесін талдап, зерттеп келе жатырмыз. Өйткені осы істе нақты жүйені ойлап тапқан, оны жүзеге асырған шенеуніктердің ешқайсысы жауап берген жоқ. Утиль алымның лоббиін жасаған Роман Скляр, Алберт Рау, Асқар Маминдер жауапқа тартылмады. Сондықтан нақты әділетті жаңа Қазақстан деп айтатын болсақ, біріншіден, осы аты аталғандар мен Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қатаң жазасын алуы керек. Сонда ғана әділетті Қазақстан бар екен деп сенетін едік. Үй қызметші, Назарбаеваның көмекшісі ешқашан Мәсімовке, Маминге, Склярға қоңырау шалып, бұйрық бере алмайды. Мұндай бұйрықты бере алатын ол кезде тек қана Нұрсұлтан Назарбаев және оның жақын адамдары еді. Бұл утиль алымға қатысты саяси шешімді қабылдаған біріншіден Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі, одан кейін оны орындаушылар. Қайталап айтайын, құжаттарының бәрі қолымда бар. Бұйрық шығарған құжатта Кәрім Мәсімов, Асқар Мамин, Роман Скляр, Алберт Рау, Қанат Бозымбаевтың қолы бар. Тек Әлия Назарбаеваның қолы жоқ. Бірақ ақшаның барлығы соның компаниясына аударылған. Егер тергеу жүргізілетін болса, неліктен сол кісілерді шақырып, үстінен іс қозғамады? Қайдағы бір орындаушыларды соттап жатыр. Бұл деген әділетсіздік. ӨКМ басшысы деп жүрген Шынар Мұқтарова құжат бойынша ғана бастық. Ол ешқашан кеңседе болған емес, ешқандай шешім қабылдамаған. Әлия Назарбаева өзінің аты-жөнін көрсете алмағандықтан, үй қызметшісінің құжатын алған. Мүмкін Шынар Мұқтарова осындай компанияда үлесі барын білмеген де шығар. Ол кісінің ешқандай қатысы жоқ, тек қана құжат жағынан ғана болмаса», – дейді Санжар Боқаев.
Кезекті сот отырысында прокурор Ерасыл Секенов Мұқтарованы аса ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен бірге ол айыпталушының бұлтартпау шарасын ешқайда шықпау жөніндегі қолхатпен алмастыруды ұсынды. Прокурор бұдан бөлек Мұқтаровадан сот-экономикалық сараптама жүргізгені үшін мемлекет кірісіне 8,8 млн теңге, іс жүргізу шығындары үшін 3 млн теңге өндіріп алуды да талап етті. Айыптаушы тарап Шынар Мұқтарованың кінәсін бірден мойындауын, өзі жымқырған 920 миллион теңгені қайтарғанын алға тартты. Ерасыл Секенов «Мұқтарованы қоғамнан оқшауламай-ақ түзеуге болатынын» сенімді түрде айтты.
Шындығында прокурорға Шынар Мұқтарованың көз жасы әсер етті ме, әлде мұның астында да компанияның дәл өзіндей ұшы жоқ, шиырланған бір жұмбақ жатыр ма? Көз жасы дейтініміз – 9 күн бұрынғы сот отырысында Шынар Мұқтарова көз жасына ерік беріп, ақшаны алмағанын, компания директоры Светлана Коротенкоға алданып қалғанын айтты. Өзіне іздеу салғанда «қатерлі ісікке байланысты Дубайда емделіп жатқан едім» деп сендірді. Ал алтыншы қарашадағы сот отырысында судьяға Шынардың бұл көз жасы көмектеспеген. Ол қорғаушылардың бұлтартпау шарасын, босатумен ауыстыру талабына келіспеген болатын.
Атышулы «ӨКМ операторы» компаниясы 2015 жылы 30 қарашада құрылды. Алғашқы жалғыз иесі Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы еді. Бірақ кейіннен жер тарыла бастаған шақта компанияның құрылтайшысы Шынар Мұқтарова болып шыға келді. ЖШС құрылғаннан көп өтпей елімізде отандық автоөнімді қолдау үшін утилизация бағдарламасы іске қосылды. 5 жыл бойы бұл компанияның басынан дау арылған жоқ. Отандық көлік өндірісін дамытамыз деген компания керісінше жұмыс істеді. Осы жылдар аралығында Қазақстанда көлік бағасы шарықтап өсті. Ескі көліктер саны артты. Қаңтар оқиғасынан соң қайта-қайта сынға қала берген компанияның 100% акциясы «Жасыл даму» АҚ-ға өтті. Мекеме мемлекетке 28,2 млрд теңге шығын келтіргені анықталып, басшылары шетінен сотталды. Компания директоры Руслан Шамшиев өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды. Бұл тізімге компанияның бас директоры Светлана Короткенко және қаржы директоры Рүстем Темірбек қосылды. Оларға «ескі көлікті утилизацияға қабылдайтын 6 зауыт саламыз деп 180 миллиард теңгені ұрламақшы болды» деген айып тағылды. Кейіннен «негізсіз утиль алым есебінен 28,2 миллиард теңге жымқырды» делінді.
Сот отырыстары кезінде кінәлілер өздерінің бұйрықты орындаушылар, нағыз кінәлі экс-президенттің кенже қызы екенін қайта-қайта айтты. Тіпті қаржы директоры Рүстем Темірбек сот айыбын фантастика санады. Өз қолымен Назарбаеваның шотына 6 миллиард теңге салғанын айтты. Бірақ сотқа Әлия Назарбаева шақырылған жоқ. Бас прокуратура бұл істе оның кінәсі жоғын айтып, сондықтан сотқа шақырылмайтынын мәлімдеді. Биыл қыркүйек айында Ахметжан Пірімқұлов, басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бас директор Светлана Короткенконың әрқайсысы 7 жылға сотталды. Ал қаржы директоры Рүстем Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін жазасы рақымшылыққа байланысты 1 жылға қысқарды.
Былтыр «ӨКМ операторы» ісінде Шынар Мұқтарова да айыпталып, оған іздеу жарияланды. Осы іске байланысты оның аты атала бастаған кезде отандық БАҚ беттерінде Мұқтарованың Назарбаевтың кіші қызының үй қызметшісі болған деген ақпарат тарады. Биыл 27 шілдеде ол Дубайда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Осыған дейін өткен сот отырыстарында Назарбаеваның үй қызметшісі тек алданып қалғанын айта берді. Шотында жатқан 920 миллион теңгені де пайдаланбай, оны бірден қазынаға қайтаратынын мәлімдеді. Жылап тұрып рақымшылық сұраған Шынар Мұқтарова ауру анасы барын, бұл іске қатысы жоғын айтып жатыр. Бұған дейінгілерді тыңдамаған цирк-сот үй қызметшісіне құлақ аса қояды дегенге сену қиын. Мұқтарова соңғы сөзін айтатын, сот үкімі оқылатын сот отырысы 17 қараша, жұма күні өтеді.
Тұрсынбек БАШАР