Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:58, 15 Қараша 2023

Бас прокурордың орынбасары: заңсыз иемденілген активтерді ерікті түрде қайтаруға басымдық береміз

Жандос Өмірәлиев
Фото: из открытых источников

ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстарының барысы туралы баяндап берді.

Оның айтуынша Премьер-Министрдің төрағалығымен арнайы Комиссия жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Бас прокуратураның құрылымында комиссияның уәкілетті органы болып табылатын Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтаруға байланысты Заң қабылданды. Заңда активтерді ерікті және мәжбүрлі түрде қайтару тәсілдері көзделген.

«Ерікті қайтарған тұлғаларға қатысты қылмыстық қудалау тәсілдері қолданылмайды. Азаматтар активтерін ерікті түрде қайтарған кезде, олар үшін біздің мемлекетіміздің аумағында кәсіпкерлік қызметін әрі қарай жалғастыруға ешқандай шектеулер қойылмайды», – деді Жандос Өмірәлиев.

Қазіргі таңда олигополия субъектілері енгізілген Тізілім қалыптастырылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Бас прокуратураның өкілі заңның алдында бәрінің бірдей ерекше атап өтті.

«Егер активтерді заңсыз иемденген және оларды мемлекеттен тысқары шығарған болса, қоғамдағы орны мен мәртебесіне қарамастан ондай азаматтардың бәріне заң аясында тиісті шаралар қолданылатын болады», – деді ол.