Башқұртстандағы мұнайхимия зауытында жарылыс болды
                                        4 қарашаға қараған түні Ресейдің Башқұртстан республикасындағы Стерлитамак мұнайхимия зауытында жарылыс болды.
Бұл туралы қала әкімінің міндетін атқарушы Эмиль Шаймарданов хабарлады. Оның айтуынша, жарылыс су тазарту цехында болған.
«Цехта бес адам жұмыс істеп жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр», – деді ол.
Дрон шабуылы
Кейінірек Башқұртстан басшысы Радий Хабиров оқиғаға екі дрон шабуылы себеп болуы мүмкін екенін айтты. Оның дерегінше, дрондар атып түсірілген, ал олардың сынықтары көмекші цех маңындағы өндірістік аймаққа құлаған.
«Қайтыс болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Кәсіпорын штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр», – деп жазды Хабиров.
Нижегород және Курск облыстарында да жарылыстар
Сол түні Ресейдің Нижегород облысындағы Кстово қаласында да 9-12 аралығында жарылыс болғаны туралы хабар тарады. Telegram-арналарда бұл оқиға украиналық дрондардың шабуылына қарсы әрекет кезінде орын алғаны жазылды.
Украин БАҚ-тары Кстоводағы «ЛУКОЙЛ-Нижегороднефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауытына дрон соққы жасағанын хабарлады. Astra Telegram-арнасы ықтимал жарылыстардың бейнежазбасын жариялаған.
Курск облысында да жағдай шиеленіскен. Аймақ губернаторы Александр Хинштейннің айтуынша, Рыльск қаласындағы электр қосалқы станциясына украин күштерінің соққысы нәтижесінде 16 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған.