Басқарма Қарағанды облысында қайтыс болған науқас туралы айтты
3 мамырда Қарағанды облысында 1958 жылы туған ер адамның коронавирустан қайтыс болғаны хабарланған еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, Шахтинск қаласының тұрғыны 5 сәуірде пневмония диагнозымен провизорлық ауруханаға жатқызылған.
Кейінірек одан коронавирус анықталып, 14 сәуірде Нұр-Сұлтандағы ауруханаға ауыстырылған. Дәрігерлердің айтуынша, ер адам пневмонияның ауыр түріне шалдыққан.
"Науқас 19 күн емделді. Дәрігерлердің күш салуына қарамастан науқас 3 мамырда қайтыс болды" делінген хабарламада.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 26 адам қайтыс болды. Нұр-Сұлтан қаласында — 3, Алматы қаласында — 8, Шымкентте — 4, Ақмола облысында — 4, Шығыс Қазақстан облысында — 1, Қарағанды облысында — 2, Қостанай облысында — 1, Маңғыстау облысында — 1, Павлодар облысында — 1, Түркістан облысында 1 адам қайтыс болған. Дәрігерлер олардың көбінде созылмалы ауру түрлері болғанын айтқан.
Елде барлығы 3877 адамға вирус жұққан. Мыңға жуығы жазылған.