Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 02 Тамыз 2023

Басты рөлдерде – аманаттық «әртістер»

None
None

«Жазда атамның аулына, Барып едім қыдырып...» деп басталатын балалар әні болушы еді ғой.

Сол өлеңнің мәтінін шамалы өзгертіп жіберсеңіз, депутаттарға қатып кететін сияқты. Бұрын парламент партасынан босаған ағайлар мен апайлар қорадан өрген қой сияқты салып ұрып шетел асып кетуші еді. Биыл ондайларын байқамадық. Байқатпаған болар. Қорғап отырған жоқпыз. Бұлар көзден, сөзден қорыққан болар. Демалыста да жұмыс істеп жүрген кісінің рөлін сомдап, көз бояп әуре.

Олай деуімізге негіз бар. Аузынан «авария» болып жүретін Самат Нұртаза бұрынғы блогер, қазіргі аманатшыл депутат бірден әскери базаға ат басын бұрыпты. Қанша жерден депутат болса да, табиғаты блогерлікке жақын жігіт. Құдайдың бір берген каникулында тау асып, тас басып жүрген ол демалыста да тынбайтын баяғы коммунистердің образына еніп алған.

Бір қарасаң, Нұртаза тау басындағы шекарашылардың қосында тоңып, көрпе жамылып жатады. Бір қарасаң, әскерилердің ботқасын жеп, халықтың ортасында жүреді. Осы жері Солтүстік Кореяның әлгі бала бейнелі томпақ президентіне қатты ұқсайды. «Шекарашылармен бірге қызмет етеміз» деген міндеттеме алған болу керек, Қордай жақтағы қазақ пен қырғыз шекарасында, тау аралап, өзен жағалап, демалып жүр Сәкең. Демалып жүргенін экс-блогердің өз жазбасынан да байқауға болады. «Таза табиғат, жанға тыныш аймақ, салқын тау» деп тамсанып жазады. Жұрт қапырыққа қамалып жатқанда, Самат жан рахатын осылай тауыпты.

«Аманаттың» тағы бір депутаты Айгүл Құспан әлеуметтік желіге жазғандай, шекара бөлімшелерінде «жұмыс істеп жүрген» тағы екі адам бар екен. Олар – Олжас Құспеков пен Максим Рожин. Құспеков те камераға жақсы «ойнайды». Отын дайындап жатқан сәтін ағаш арасынан әдемі ракуспен түсіріпті. Ат мініп жүрген тау арасындағы бейнелерін дронмен түсіріп, едел-жедел монтаждап, жүктеп отырды. Соған қарағанда, арнайы оператор жалдап алғаны анық. Одан кейін шекарашылардың үш уақыт жейтін ас-ауқатын көрсетеді. Анау-мынау кісінің қалтасы көтермейтін құнарлы тамақты шекарашылармен бірге отырып соғып-соғып алады. Қазақстан мен Қытай шекарасын аралап шығуды өзінің «жұмыс» кестесіне енгізген депутаттың каникулы жұмыстан гөрі демалысқа көбірек ұқсайды. Адам аяғы тимеген ну ормандардың арасында атпен жүрген кісінің әрекетін демалыс демегенде, басқаша атау мүмкін емес сияқты.

Құспековтің қасында бұрынғы Алматы облысы әкімдігінің ішкі саясатын басқарған Болат Керімбеков жүр. Керімбеков көп жағдайда барған жерінен репортаж беріп, «стендап» жасауға мәстір көрінді. Аттың жалында, таудың басында, өзен мен көлдің бойында табиғатқа тамсанып отырып жасаған «стендаптары» жұмыста жүрген депутаттан гөрі, Швейцария тауларына таңданып-тамсанған саяхатшының бейнесіне жақын.

Ит тұмсығы өтпейтін орманда, адам аяғы баспаған табиғаттағы экстремалды демалыс деген болады. Аманаттық депутаттар бұл жолғы демалысына «әдемі» сценарий жазып шығыпты, қысқасы.

Бір қарағанда, бұлар заңды демалыс уақытын бала-шағасына арнамай, мемлекеттің тыныштығын күзеткен шекарашылармен бірге азып-тозып жүрген еңбекқор, патриот кісінің бейнесінде. Ал шындығында мұндай демалысқа екінің бірінің қолы жете бермейді. Қазір тауда бір сағат атпен жүрудің құны 15-20 мың теңгеден кем емес. Ал әлгі ағайлар тегін ат мініп жүр. Бір реткі экстремалды тау спортының Алматыдағы құны 200 мың теңгеден басталады. Оның ішіне адам сирек баратын мұздықтарда болу, орман аралау, тасқа өрмелеу, тауға түнеу сияқты бағдарламалар енеді. Ал Нұртаза мен Рожин, Құспеков пен Керімбековтер осының бәрін мандаттарының арқасында су тегін пайдалануда.

Нағыз халықшыл депутаттың бейнесін сомдағылары келсе, бұлар елі көшіп, жұрты қалған шығысқа, Марқакөлдің түбіндегі Ұранқай сияқты өркениеттен кеш қалған елдімекендерге баруы керек еді. Ол да шекарадағы аймақ. Ондай азып-тозған ауыл қазақ пен қытайдың, қырғыздың, өзбектің, Ресейдің шекараларында көп кездеседі. Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын оқырмандарымыз сол өңірдегі шекара заставаларында қазақ мектептерінің жоқтығын, оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар шекара түбіндегі ауылдарға қоныстанғысы келгенімен, мектептің жоқтығы кедергі болып отырғанын айтып талай рет мәселе көтерген болатын. «Жас Алашқа» да жаздық. «Аманаттың» атынан шекарашылардың атын мініп жүрген жігіттер сол жаққа барып, осы мәселені көтеремін десе, әлі де кеш емес.

Бұлар депутат деген мандаттарына адал адамның образын ойнағылары келсе, жаздың қапырық ыстығында Алматының Алатау, Наурызбай аудандарындағы шіріген «времянкаларды» жалдап тұрып жатқан кедей-кепшіктердің үйіне барып, солардың сорпа-суын ішіп, қандаласы қаптаған құжыраларда қона-түнеп шығулары керек еді. «Алтын Орда» мен «Барахолкадағы» даяшы, арбакештермен бірге қарғаның миы қайнаған ыстықта солармен бірге жұмыс істеп, тиын табулары керек еді. Міне, сонда халық Самат пен Максимнің ата-бабасына алғыс айтып, Құспеков пен Керімбековтің үрім-бұтағына жететін бата берер еді. Ал бұл «Аманатшыл» азаматтар тау арасында, көл жағасында, салқында ат мініп, жер көріп демалып жүр. Басқаша айту мүмкін емес. Шекара күзетіп жүр дейік. Шекарада бір депутаттың шекпеніне сыймайтын түйткіл көп. Ертең Астанаға қайтқанда, «Аманаттың» әлгі төрт «шекарашысы» алан-ашық жатқан қазақ шекарасының мәселесін көтере алар ма екен? Көтере қоятын адамға ұқсамайды, әйтпесе, қазірден бастап-ақ әлеуметтік желіде жаза беруіне болар еді. Әлде, депутаттар кез келген көтеретін проблемасын мәжіліс төрағасымен, ол Ақорда жақпен келісіп алады екен дегенді естуші едік. Сыртта жүріп бірдеңе бүлдіріп алармыз деп, ас ішіп, аяғын мақтап, тоқшылықтың жыршысы болып жүрген болар.

Шекара мәселесі қорғаныс министрлігінің жанды жері. Бұған дейін шекара заставаларында қанша оқыс оқиға болды. Әскери міндетін өтеп жүрген қанша сарбаз белдігіне асылып қалды, өз мылтығымен атылып қалғандары қанша? Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов үшін шекарадағы келеңсіздіктер бас ауру болғалы қашан? Басқа емес, бұрынғы блогер-журналист депутаттардың шекара аралап жүргені кездейсоқ идеяға ұқсамайды, бұл Жақсылықовтың өтінішімен жасалған шаруаға көбірек келіңкірейтіндей. Кез келген шаруаның жағымды образын жасап үйренген экс-блогерлерге тәртібі шатқаяқтаған, жаман аты жер жарған шекара мәселесін жақсы қырынан көрсетіп жазу тапсырылған сияқты.

«Шекарашы» болып жүрген төртеудің екеуіне хабарластық. Самат Нұртазаның ұялы телефон құшақтап ұйықтайтын әдетін сырттай білуші едік, бірден жауап қайтарды. Ал Рожин сұрағымызды оқыған да жоқ. Сонымен, Нұртазаның айтуынша, төртеудің ойы Ақорданың немесе «Аманаттың», қорғаныс министрлігінің де тапсырмасы емес көрінеді. Өздері ортақ келісімге келіп, ұлттық қауіпсіздік комитетінің рұқсатымен аттаныпты тауға. Ал шекара мәселесін күзде мәжіліс жиналғанда төртеуі кеңесіп отырып пішіп, ортақ құжат жасап, сауалнама ретінде көтермек көрінеді.

«Шекара проблемасын қазір неге әлеуметтік желіге жазбайсыз? Әлде «бастықтарыңыздың» батасы керек пе?» деп сұрадық.

Самат Нұртаза: «Төртеуміздің пікірімізді жинап, бір құжат қылып шығарамыз. Ешқандай шектеу жоқ. Барды бар, жоқты жоқ дейміз» деді. «Балапанды күзде сана» деген. Оның да уақыты келер.

Тегтер: