Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Желтоқсан 2021

«Бастығымыз боқтайды...»

None
None

                           Жедел жәрдем қызметі көмек сұрайды

Қарағанды қаласындағы жедел жәрдем қызметінен шу шықты. Жедел жәрдемдегілер әдеттегідей жасырын түрде шағым білдіреді. Өйткені мұндағы мамандар «шағым түсіргендерді басшылық білсе жұмыстан шығарады» деп қорқады. Олар әлеуметтік желіге дыбыстық жазба таратып, алдымен блогерлерден көмек сұрайды.        Қаладағы жедел жәрдем станциясы орталығының мамандары жасырын түрде бастық орынбасарының үстінен шағым түсіруде. Айтуларынша, жедел жәрдем станциясы бастығының бірінші орынбасары болып Арман Байсұлтан тағайындалғалы бері күнделікті тірліктері азапқа айналыпты. Бастықтың бірінші орынбасарының «тілі ащы» екен. Ол ұжымда ер адамдардан гөрі  әйелдердің көп жұмыс жасайтынына қарамастан, көңіліне жақпай қалған кезде жеті аталарын қозғап боқтайды екен. Мамандар бастық орынбасарының ар-намысқа тигізіп қорлайтынынан  басшыларының хабардар екенін, бірақ шара қолданбай  жүргенін алға тартып мұң шағады.

        Олар денсаулық сақтау басқармасының өзі арыз-шағымға селт етпеді деп отыр. «Ұжымда оның шешесімен жасты адамдар бар, бірақ ол бұған қарамастан, жұрттың көзінше ар-намысқа тиетін сөздер айтады. ҚР ҚК  131-бабына сәйкес, адамның ар-намысына тигені үшін жазалануы тиіс еді, бірақ оны ешкім жазаламады», – деп жариялады жедел жәрдем қызметкерлері.Сонымен қатар 1 тамызда жаңадан  бас бухгалтер тағайындалғаннан бастап жалақыларының төмендеп кеткенін мәлімдейді.         Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дау-дамайға қатысты қызметтік тексеру қолға алынғанын хабарлады. «Қарағанды облысының  денсаулық сақтау басқармасы жедел медициналық көмек көрсету станциясы бастығының орынбасары А.Байсұлтанның этиканы бұзды деген жайтқа қатысты қызметтік тексеру басталды. Қызметтік тексеру қорытындысына сай, аталған фактілер расталса, жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Тегтер: