«Баталовтың заңы – Болат Назарбаев болды»
Бұған дейін «Баталов пен Исабаев «тауық қорада» кездессе...» тақырыбымен Талдықорғандағы «Береке» қалашығына қатысты заңсыздықты жаздық. Жалпы Жетісу облысындағы баспаналарға қатысты тергеу өтіп жатыр.
Бірнеше адам сотталды. Шенеуніктердің бұл пәтерлерді талан-таражға салғаны туралы айтып жүргендердің бірі – журналист Дина Балқашқызы. Ол біздің редакцияға келіп, сол кездегі облыс әкімі Баталовтан басталған былықтарды айтып берді.
Оқи отырыңыз: Баталов пен Исабаев «тауық қорада» кездессе...
– Дина ханым, Талдықорғандағы заңсыз берілген үйлер туралы айтып жүргендердің бірі өзіңіз. «Береке» қалашығында шенеуніктер қанша үйді заңсыз иемденіп алған? Қазіргі күнде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Жалпы, бұл коттедж қалашығы толыққанды салынбаған, өте сапасыз. Ақшасы желінген, түгелдей Талдықорғанның «Береке» қалашығы делінгенімен, берекесі кетіп тұр. Қалашық Баталов облыс әкімі болған кезде салынды. Ол кісіні «құрылысшы» дейді. Баспаналар көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып салынды. Басында заң шеңберінде солай болды. Бірақ шенеуніктердің ашкөздігінен қалашық толық аяқталмады. Берілген үйлердің өзін алушылар рахатын көре алмай жатыр. Құрылыс 100 пайыз адам өміріне экологиялық жағынан да, сейсмикалық жағынан да қауіпті. 200-ден аса үйдің құрылысы аяқталмады, оған бірнеше миллиард бөлінген еді. Қалғандары көзбояу үшін ғана салынды, өздеріңіз көрдіңіздер, қандай анайы тұрғыда салынғанын, құстың «үйшігі» секілді. Сыртынан «тауық күрке» атанып кетті. Халықтың қанша дүниесі ысырап болды. Соған ішім ашиды. Талдықорған қаласында 2015-2023 жылдар аралығында екі мыңнан аса заңсыз пәтер берілген. Оның ішінде антикор, ҰҚК, әкімшілік қызметкерлері, спорт, өнер саласының мамандары бар. Бұдан бөлек, журналистер де шантаж арқылы заңсыз пәтер иемденген. Олардың барлығы сол үйлерде тұрып жатыр.
– Оларға шара қолданылмады ма, әлде, айыбы дәлелденбеді ме?
– Жоқ, дәлелденді. Бірақ біреуді қорқыту, бопсалау деген тамыры тереңге кетіп қалған. Бұл 30 жылдық қисық саясаттың нәтижесі. Журналистеріміз бай-бағландардың заңсыз әрекетін білгендіктен ары қарай да сол пәтерлерде тұруға мүмкіндігі бар. Біздің әріптестеріміздің арасында осындайлар бар. Осындай әріптестер халықтың арасында белсенді болып, өзін жанашыр көрсеткенімен, екінші жағынан алып қарасаң, олар да халықты әбден тонаған шенеуніктерден кем емес. Біздің облыста әкімнің орынбасарларынан бастап басқа қызметке ауысып жатқан мемлекеттік қызметкерлер сол пәтерлерді өз аттарына аударып алады. Мұндай пәтерлер қазіргі күнде жалға беріліп тұр. Қарапайым халық 20 жыл кезекке тұрып, баспанаға қолы жетпейді, ал олар бір басына 10 пәтерден алып, табыс табады. Ал қазіргі күнде Талдықорғанда 16 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.
– Талдықорғанда заңсыз пәтерлер біраз дау тудырды. 2 мың пәтер екені айтылды. Сіз де шенеуніктердің бірнеше пәтерді заңсыз иемденіп алғанын айтып жатырсыз. Солардың қаншасы қазір қайтарылды, оның ішінде «Береке» коттеджіндегі баспаналар бар ма?
– «Берекеде» қанша үй берілгенін нақты құжаттан қарау керек. Менің есебімше, 100-ден аса үй берілді. Оның басым бөлігінде адамдар тұрмайды, себебі қауіпті. Ал енді Талдықорған қаласындағы 2 мыңнан аса пәтердің 800-ге жуығы қайтты. Оның өзі талан-таражға салынып, қазір сот арқылы шешіліп жатқан жайы бар. Енді заңсыз пәтерлердің легі сонау 2016 жылы басталды. Сол кезде менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Мен жай бір бөлім басшысы едім. Енді ол кезде Баталов облыс әкімі болса, оның інісі Ермек Алпысов қаланың әкімі еді. Тұрғын үй заңында да көрсетілген. Бір мемлекеттік пәтерді беру үшін 12 қолдан өтеді. Тұрғын үй комиссиясының төрағасы бар. Ол комиссия құрамында қала әкімі, оның орынбасары және басқалар болады. Сол 12 адамның қолы қойылмай кез келген пәтер берілмейді. Менің қылмыстық ісімде 70-ке жуық пәтер болды. Жәбірленушілер сол пәтерде әлі күнге шейін тұрады. Бірақ мені сол кезде үлкен бір қылмыстың бетін жабу үшін алаяқтық жолмен берілген пәтерлер дей салды. Сонда бәріне түсінікті жағдай, қарапайым адам мемлекеттік пәтерді бере алмайтынын біле тұрса да соты, прокуратурасы, тергеуі бар – бәрі оны алаяқтық фактісі деп тіркеді.
– Сізді соттады ма?
– Иә, соттады. 3 жыл 10 ай 18 күн өмірімді сол жерге беріп шықтым. Шыққаннан соң сол заңсыз пәтерлердің кім бергенін дәлелдеп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаттым. Қазір сот өтіп жатыр. Бір тұрғын үйдің коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерінің атында 5 пәтер барын анықтап бердім. «Нұрлы жол» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша мүмкіндігі шектеулі, жетім-жесір жандарға арналған пәтерлерді бір прокурор иемденіп алған және біреуін емес, үшеуін алған. Бәрін анықтап, дәлелдедім. Ол үшін 8 жыл өмірім кетті.
– Сөзіңізді бөлейін, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкері, прокурор деп жатырсыз. Олардың есімдерін айта аласыз ба?
– Қылмыстық іс аяқталмай олардың атын көпшілікке жариялауға болмайды. Әзірге олар бұл істе күдікті. Мен айтқан қызметкерлердің аттары қылмыстық істе бар, бірақ мәселе мынада – ЖКХ қызметкері оған берді, берген адам ғана сотталып тұр да, алған адам сотталып жатқан жоқ. Әлі де бұл қылмыстың артында үлкен азаматтар тұрғаны белгілі. Өйткені берген адам сотталды, енді алған адам неге сотталмайды. Мысалы, прокурор бола тұра ол мемлекеттің 3 пәтерін талан-таражға салды. Қазір мен сізге олардың атын да, артында кім тұрғанын да құжат түрінде бере аламын. Бірақ қылмыстық іс аяқталмай, заң шеңберінде мұндай ақпаратты таратуға болмайды.
– Жаңа «мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, бір бөлімнің басшысы болдым» дедіңіз. Ол қандай бөлім, қандай лауазымда қызмет еттіңіз? Қызметіңіз үйге байланысты болды ма?
– Жоқ, тікелей үйге байланысты емес еді. Осал топтармен жұмыс істейтін бөлім болғаннан кейін ол жерде тек қана осал топтағы азаматтарды таныдық. Иә, біз арқылы құжат өтті. Бірақ менің пәтерлерді осал топтағы азаматтарға беру құқығым болмады. Иә, қандай да бір азаматтың осал топқа жататынын, соған лайықты екенін әкімшілікке көрсету біздің құзыретімізге жатты. Аяғында жалғыз өзіме 12 адамның мүддесін арқалатты.
– Барлық айыпты сізге тақты ма? Нақты қандай айып тақты?
– Иә, мені соттады. «Мемлекеттің пәтерін алаяқтықпен берді» деген айып тақты.
– Олар шынымен де осал топтағы адамдар ма еді?
– Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар алды. Қазір де сол пәтерлерінде тұрып жатыр. Бірақ мен кінәлі болдым. Мұндай заңсыздыққа қала әкімі жауапты болу керек еді. Қала әкімі айтып өткенімдей, Баталовтың інісі. Ол кезде облыста заң жоқ еді, тек «Болат Назарбаев» деген заң жүріп тұрды. Баталовтың Болат Назарбаевтың қолшоқпары, туысындай екенін бәріміз білеміз. Ол кезде Ғабит Миразов облыстың прокуроры еді. ДВД басшысы Урумханов еді. Антикорда Потанин деген отырды. Осылардың барлығы мені «қарапайым халық өкілі» деп бір уысқа салды да, қыса салды. Оның бәрі дәлелсіз ақпарат еді. «Алаяқ ұсталды» деп жіберді. Әріптестеріміз де солай деп ақпарат таратты. Әлі күнге шейін мен олардың біліктілігі төмен деп есептеймін. Қазір бұл фактілердің бірі де дәлелденген жоқ.
– Сонда сізге қарсы белгілі бір топ жұмыс істеді ме?
– Иә, істеді. «Сағын сындырдық» деп ойлаған шығар. Бірақ мен 2020 жылы бостандыққа шыққан күннен бастап бәрімен күрестім. Баталовтың кім екенін қоғамға дәлелдедім. Әлбетте, көпшілік «ол ақшалы азамат, Болат Назарбаевпен өте жақын болғасын шамаң жетпейді» деп айтты. Қудалау, артымнан еріп жүрген, үйімнің алдында тұрған нөмірсіз көліктер де болды. Қысым жасалды. Екі мың пәтерді заңсыз деу оңай болған жоқ. Оны Тоқаевқа жеткізудің өзі Қаңтар оқиғасынан кейін ғана мүмкін болды. Содан кейін іс жүрді. Бірақ бұл 8 жылдық күрестің нәтижесі. Қаншама фамилияларды жарияладым. Халықтың көбісі қазір түсінді. Ал енді екінші тарапта мемлекеттік қызметкерлер мені әлі күнге дейін оппозиционер санайды. БАҚ өкілдерінің арасында сол пәтерлерде тұрып жатқандарға мен ұнамаймын. Яғни маған ақпараттық жақтан да үнемі соғыс, шенеуніктер тарапынан да үнемі қысым көрсетіледі. Талдықорған қаласынан мені кетіргісі келеді. Бұл менің туып-өскен жерім. Олар кетсін. Олар заң бұзды, олар үкіметті талан-тараж етті, олар заңсыз үкіметтің пәтерін алды, олар жетім-жесірді тонады, олар қылмысқа барды. Сонда мені құрбан етіп, қазір олар періште сияқты өмір сүруі керек пе?! Жоқ, олай болмайды!
– «Береке» қалашығында құрылысты бастаған «ПМК-7К» компаниясы. Олар көмекші ретінде «Мирас СК» деген компанияны жалдаған. Сол екі компания кейіннен жауапты болды. «ПМК-7К» қызметкерлері жауапқа тартылды. Бұл компанияны «Баталовтікі» дейтін бейресми ақпараттар шығып жатыр. Соның бірін айтқан сіз екенсіз?
– Әлбетте, бұл компанияның оған тиесілі екенін бәрі білсе де, басқа адамдар сотталды. Мен де естігенімді айттым. Құрылысшылардың бәрі солай деп айтады. Талдықорғанда жол шетіндегі бордюрлерді жыл сайын ауыстыратынымыз да сондықтан. Өйткені «ПМК-7К» бордюр шығарады. «Берекенің» құрылысына да солар араласты. Баталов ақылды ғой, ақымақ болса компанияны баласының атына жазар еді. Бірақ кей жерлерде ПМК-ның Баталовқа тиесілі екені туралы дәлелдер бар. Бірақ бізде ақиқатты аяғына дейін айтатын азаматтар жоқ. Өмірі үшін қауіптенеді. Жұмысы үшін қауіптенеді. Ол адамның сана-сезіміне де байланысты, көбісі біліп тұрса да айта алмайды. Қоғамға да өкпелеуге болмайды. Жұмыс табу, бала-шағаңды асырау оңай емес. Жалпы біз кедей халықпыз. Уақыты келгенде бәрі белгілі болады. Бұл істе заңсыз сотталғандар да бар. Бұл азаматтар үнсіз қалмайды, олар да аузын ашады.
– Пәтерді заңсыз иемденіп алған лауазымды қызметкерлердің басында прокурорлар тұр дегенді де айтып қалдыңыз?
– Бұл тізімде прокурорлар ғана емес, ҰҚК, қазына комитеті, антикор, архитектура, облыстық полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, мемлекеттік аудит, Алматы мемлекеттік қызмет істері агенттігі, өнер мен спорт адамдары, журналистер де бар. Соттың шешімін ғана күтіп отырмын. Содан кейін пәтерді заңсыз иемденіп, бермеген адамдардың тізімін жариялаймын. Қанша пайда көргенін айтамын. Неге олар осал топтарға арналған баспанада тұруы керек? Шын мәнінде олар баспанаға мұқтаж емес. Одан да 6-7 баласы бар отбасы алсын. Халық кейде менен неге тынышталып қалдыңыз деп сұрайды. Мен соттың шешімін ғана күтіп отырмын. Тергеу 2 жылдан бері жүріп жатыр. Сот егер бізге қажет шешім шығармаса, жаңа айтып өткендей, бәрінің тізімін жариялаймын. Мысалы, Баталовтың шопыры пәтердің кілтін өзі әкеп берді. Мен соған жеткіздім. Оның халыққа қандай еңбегі сіңді, Баталовты ары-бері тасығаны үшін пәтер берілуі керек пе? Көлік жүргізгендерге пәтер бере берсек, 20 жыл кезекте тұрғандар қашан алады? Олардың тағы 20 жыл күтуге мүмкіндігі жоқ.
– Сонда Баталовтың жүргізушісіне бір пәтер берілген бе?
– Иә, бірақ Баталовтың кезінде әрқайсысының туған күніне бір пәтер беріліп отырған жағдайлар болды. Әрқайсысының ашынасына, мына жас қыз ұнап қалды ма, оған да бір пәтер берілген, туған күніне сыйлық жоқ па, оған да бір пәтер берілген кездер болған. Яғни бұлар заңды белшесінен басып, үкіметтің мүлкін барынша талады. Өзі облыстың патшасы, онсыз бір мәселе шешілмейтін. Қазір бұл кісілерге заңның қолы қысқа болып тұр. Үкіметтің нанын жеп, жан-жағын босатып кетсе де әлі күнге шейін билік солардың қолында болып тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Тұрсынбек БАШАР
P.S. Дина Балқашқызымен сұхбатымыз газет бетіне ықшамдалып берілді. Алдағы уақытта Jas Аlash Youtube каналында Талдықорғандағы заңсыз үйлерге қатысты көлемді зерттеуімізбен қатар бұл сұхбаттың да толық нұсқасын жариялайтын боламыз.