Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 19 Желтоқсан 2024

Б.Атыханұлы атындағы мектепте Бөлтіріктің бюсті мен музейіне орын жоқ

 Бөлтірік Атыханұлы мектебі
Фото: ашық дереккөз

Алматы қаласындағы №36 қазақ орта мектебі (кейіннен №36 гимназия деп аталған) 1997 жылдан бері Халық ақыны Бөлтірік Атыханұлының атымен аталады.

 Алайда ақынның атын еншілеген білім ошағында Бөлтіріктің бюсті не музейі жоқ, тіпті бір жылдары мектептің маңдайшасындағы жазулар да алынып тасталыпты. Бұл туралы «Жас Алашқа» ақынның немересі Бақтыгүл Бөлтірікова айтып берді. Ендігі әңгімені, істің мән-жайын Б.Бөлтірікованың өз аузынан естиік. 

«1997 жылы 3 қараша күні Үкімет қаулысымен Алматыдағы (Алмалы ауданы) №36 қазақ орта мектебіне Бөлтірік Атыханұлының есімі берілді. 1998 жылы көктемде мектептің ашылу салтанаты өтті. Осыған орай ақынның шөбересі Алтай Әлдибаев атасының бюстін жасап, мектепке тарту етті. Бюст мектептің фойесіне орнатылды. Сол кездегі мектеп директоры Әлима Абдуллина мектептің мәжіліс залының қасындағы үлкен бөлмені Б.Атыханұлына арналған мұражай етіп жасатты.

Арада он шақты жыл өтті. Мектепке ара-тұра барып тұратынмын. 2007 жылы қараша айында мектепке барғанымда қатты таңғалдым. Мектептің маңдайшасы алынып тасталған, атамның бюсті де, мұражайы да жоқ. Содан мен Алматы қаласы білім департаментінің директоры Райхан Шимамашеваға арыз айтып бардым, әрі 1997 жылы шыққан үкімет қаулысын көрсеттім. Ол кісі бұл іспен танысқан соң дереу «орнына келтірілсін» деген бұйрық берді.

Содан 2008 жылы ақпан айында мектеп директоры Ақмарал Ақсеріковамен жолықтым. Ол кісіден «бюст қайда?» деп сұрасам, «жертөледе» дейді. Содан директор орынбасарын шақырып, бізді жертөлеге жіберді. Барып қарасақ, бюст сонда екен, ешқандай бүлінбеген, аппақ, таза қалпында, мұражайдың заттары да сонда жатыр. Мұның себебін сұрасам, «мектептің маңдайшасын бұрынғы директор алдырып тастаған» дейді. Ал бюст пен мұражай заттары мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілгенде жертөлеге түсіріліпті. Содан қайтып орнына қойылмаған. Атамыздың май бояумен қалың матаға салынған портреті қоймаға ма, бір жаққа жіберіліпті. Ақыры Үкімет қаулысымен департамент директорының бұйрығынан соң мектептің маңдайшасы қалпына келтірілді. Осыдан соң бюст те, мұражай да қайтадан қалпына келетін шығар деп ойладым. Бірақ бұл жұмыс ұзаққа созылды. Сосын мектепке қайта барып, не болып жатқанын сұрасам, «бюст сынып қалды, мұражайдың заттары жертөлені су басқанда су болып, шіріп бітті, портреттің матасы жұқа екен, ол да сетінеп, тозды» деп жауап берді. Біз негізі мұражайын кезінде жабдықтап, еденіне дейін жасап бергенбіз, енді осының жұқанасы да жоқ. Бұл дегеніңіз – Бөлтірікке, қазақ руханиятына жасалып отырған қиянат. Б.Атыханұлы кезінде Совет үкіметінен қиянат көріп, небәрі 59 жасында құсадан қайтыс болып еді. Енді, міне, А.Ақсерікова секілді адамдардың кесірінен тағы да қиянатқа тап болып отыр. Істің жөнін сұрап барсам, директор менімен кейкиіп, жөнді сөйлескісі де келмейді. Ақыры үмітім үзілді. Міне, 2008 жылдан бері мектепте бір директор отыр. Содан атамыздың атындағы мектепте атамыз туралы ақпарат болсыншы деген ниетпен 2022 жылы мектептің фойесіне арнайы стенд жасаттым. Онда Бөлтірік атаның мұрасы, баспасөзге шыққан шығармалары, ақынды зерттеушілер жөнінде ақпарат қойылған. Портретін қайта салдырттым.

Бақтыгүл Бөлтірікова
Бақтыгүл Бөлтірікова

Мектепте еш өзгеріс болмаған соң, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовке бардым. Ол кісі істің мән-жайын естіп, жылдың аяғына дейтін бәрі қалпына келетінін айтты.

Енді мына қызыққа қараңыз, мен Алматы қаласы білім басқармасына желтоқсанның бесі күні бардым, ертесі маған директордың орынбасары Серік Қасымғалиұлы хабарласып: «Бюст жасалып жатыр, 15 күнде дайын болады, соның ашылуына сіз міндетті түрде келіңіз» дейді. Көрдіңіз бе, 16 жылдан бері шешілмеген шаруаны 15 күнде шешеміз дейді. Содан мектепке бардым, директор орнында жоқ екен, орынбасарымен жолықтым. «Бюсті кімге жасатып жатырсыңдар, қашан дайын болады?» десем, «ол әлі дайын емес, ойластырып жатырмыз» деп, кешегі айтқанынан тайқып тұр.

Шынын айтқанда, мен енді Ақсеріковаға сенбеймін. 15 күнде қандай бюст дайындайтынын кім білсін? Менің ойымша, ол келсін-келмесін, бір кішілеу бюст жасатып, мектеп оқушыларына атамыздың бір-екі өлеңін айттырып, өткізе салмақшы. Мұндай сорақы іс базарда, не көшеде емес, білім ошағы, мектепте болып жатыр.

Енді менің айтар ұсынысым, ең әуелі Б.Атыханұлының бюсті мектепке қойылса. Бюст қойылғанда да 15 күнде асығыс дайындай салынған бюст емес, Бөлтіріктің тұрқы да, болмысы да, ішкі жан дүниесі де білініп тұратын тірі бюст қойылса деймін. Сонан соң, бұрынғы мұражай қалпына келтірілсе, одан соң Б.Атыханұлының насихаты күшейтілсе деймін. Мектептегі әдебиет, тарих пәндерінің кабинеттеріне тым құрыса, Халық ақыны туралы ақпараттар жазылып, ілінсе. Қазір мектепте ондай ештеңе жоқ. Мектептің Бөлтірік атында екені білінбейді».

Бақтыгүл апай осы мәселе бойынша мектеп директорының ол кісіге жазған (уатсап арқылы) жауабын да көрсетті. Онда А.Ақсерікова: «Өткен аптада №36 мектепке арнайы барып, Бөлтірік атаның бұрышын қарадым, мектептің жертөлесін де тексеріп шықтым. Расында сіз жазған атаның бюсті, шапаны, аяқкиімдерін таппадық, мектеп әкімшілігі күрделі жөндеу кезінде суда қалып, шіріп кетті деп отыр. Енді мұражай жасау үшін атаның қолданған заттары болса, мүмкін сіздерде жеке басына тиесілі дүниелері болса, бірлесіп қайта қалпына келтіру керек» депті.

Біз де 16 жылдан бері созбақталып келе жатқан бұл істің тағы да аяқсыз қалмай, бүлінген дүниенің тезірек орнына келуін тілейміз.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ