Батпаққа баттық, үкіметтің не ойлағаны бар?!
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен аптада экономикада бірінші тоқсанның қорытындысы шықты. Онда ішкі жалпы өнімнің 1,6 пайызға құлдырағаны көрсетілді.
Бұл, әрине, былтырғы 2,9 пайыздық құлдырауға қарағанда жаман емес. Бірақ үкіметтің «2021 жылғы бірінші тоқсанда экономика толық қалпына келеді» деген оптимистік болжамдары ақталмады. Ал енді үкіметбасы Маминнің не ойлағаны бар?
Министрлердің көзі нені көреді?
Экономикалық статистиканы айтқанда, біздің үкімет бірінші үнемі жетістіктерді термелейді. Осы жолы да ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ЖІӨ құлдырағанымен, макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар екенін жіпке тізді. Оның айтуынша, кен өндіру өнеркәсібін есептемегенде, нақты секторда өсу 7,9 пайызға жеткен. «Кен өндіруді қоспағанда, негізгі капиталға салынған инвестиция 34 пайызға өскен. Жылдық инфляция 7 пайызға бәсеңдеді. Нақты сектордағы салалардың көпшілігі орнықты өсуді көрсетті. Бұл құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеуші өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы. Ақпарат және байланыс саласында да 9,9 пайызға өсу байқалды», – дейді министр Әсет Ерғалиев.
Бұдан бөлек, машина жасау саласындағы өсу қарқыны – 21, автомобиль құрастыру – 20,7, құрылыс материалын өндіру – 30, химия өнеркәсібі өнімі 14,2 пайызға өскен. Министрдің есебінше, макроэкономикалық дамуымызда мін жоқ. Ал енді барлығы мінсіз өсім беріп жатқан болса, ішкі жалпы өнім неліктен минустан шықпай отыр? Қарапайым халық неге осы өсімнің қызығын көрмей қиналып жүр? Әлде министрлердің көзі дамымай қалған тұстарды көргісі келмей ме? Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, біздегі экономиканың нағыз жауы – жалған статистика. Бұл ретте экономист-ғалым әкімдер мен министрлер тек көз алдап, өсім беріп жатқан тұстарды айтатынын алға тартып отыр. Тіпті сала маманы «үкіметтің инфляция 7 пайызға бәсеңдеді деуінің өзі жалған» дейді.
Инфляцияны жасыру кімге тиімді?
Маманның айтуынша, халықтың тұтыну шығыны 2020 жылмен салыстырғанда (7,9 пайыз) 2021 жылдың үш айында-ақ 9,1 пайызға өскен.
– Ұлттық банк инфляция көлемі 6-7 пайыздан аспайды дейді. Бірақ халықтың жағдайына қарасақ, елдегі инфляция көлемі 20 пайызға жетіп жығылды. Мен мұны мына нәрсемен дәлелдей аламын. Білесіздер, бірнеше жыл болды, Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерін 9,25 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Негізінде, базалық сыйақы мөлшері елде инфляция көлемі тұрақты, экономика жайлы болғанда түсіріліп отыруы керек. Ұлттық банк осы арқылы ақша-несие саясатын реттеп отырады. Ал енді инфляция шынымен төмендеген болса, Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерін неге төмендетпейді? Сондықтан өтірікті қою керек. Біз батпаққа баттық. Экономика минуста. Әлемді жайлаған пандемиядан бөлек, Ресейге салынып жатқан санкциялар салқыны да бізді бейжай қалдырмауы керек. Қара алтынның жайы да абдыратып тұр. Инфляцияны жасыру, барлығын тамаша етіп көрсету өз креслосын ойлаған министрлерге ғана тиімді. Ертегіге сеніп отыратын заман өтті. Қазір үкіметке нақты секторларды реформалауға кіріскен жөн, – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Сарапшының пайымдауынша, алдағы бес жылда отандық өндірісті дамытуға бел шешіп кіріскен абзал.
– Жаңа технологияны, ауыл шаруашылығын, өңдеу саласын дамытқымыз келсе, олардың қолына қаржы беруіміз керек. Ол үшін, әрине, кәсіпкерлерге арзан несие жүйесін ұсынуға тиіспіз. Қазір бізде инновация дамыған жоқ. Отандық өндіріс дағдарысқа әрең шыдас беріп отыр. Доллардың құны жоғарылап барады. Ұлттық валютамыздың құны төмендеп кетті. АҚШ федералдық жүйесі де базалық сыйақы мөлшерін жоғарылатып отыр. Сырттан алатын қарыз мөлшері де өсті. Мұндайда үкіметбасының орынбасарлары, ұлттық экономика министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, қаржы министрлігі үкіметке ұтымды ұсыныстар айта білуі тиіс, – дейді сарапшы.
Ұсыныс емес, әкімдерге сөгіс бергізіп жүр
Алайда біздің шенділер, маман айтқандай, ұсыныс емес, әкімдерге және олардың орынбасарларына сөгіс бергізіп әлек. Мәселен, осы жолы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов үкіметтің алдында азық-түлік бағасы тым қымбат өңірлерді жіпке тізді. Сұлтановтың есебін тыңдай келе, бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов үкімет басшысы Маминге бағаны бақылауда ұстай алмағаны үшін Атырау облысы әкімінің орынбасарына және Жамбыл облысы әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс беруді ұсынды. Өз кезегінде премьер-министр Мамин ел аймақтарында қымбатшылыққа жол бергені үшін Смайыловтың қатаң сөгіс жариялау туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Ал шындап келгенде, бағаның бұғалық салғызбай, өсуіне әкімдер немесе олардың орынбасарлары емес, жалпы экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы әсер етіп отыр емес пе?!
«Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері…
Бұған қатыстықаржыгер Арман Мусин былай дейді:
– Сала мамандары тарапынан үкіметке қаншама ұсыныстар айтылды. Бірақ нақ қазіргі олардың әрекеті күйі келіспеген домбыраның әуеніне ұқсайды. Мысалы, үкімет бағаны тежеп ұстауды үнемі жергілікті әкімдерге тапсырады. Ал бұл нарықтың заңына қайшы дүние. Күлкілісі сол – өзге елдердің әкімдері ауқатты инвесторларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға белгілі бір қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынады. Ал біздегі әкімдер базардағы бағаға ие бола алмай, саудагерлерге «бағаны өсірсеңдер басың кетеді» деп сес көрсетуден әрі аса алмай қалды. Мәселен, әрбір әкім өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге талпынбайды? Өнім өндірушілердің өзімен тікелей кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалсыз, тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса, өнім арзан болар еді. Міне, біздің шенеуніктерде осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін.
Маманның пайымдауынша, халықты ойласа, үкімет пен әкімдер арасында тығыз байланыс болуы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамуы қажет. Жүйе, бағыт өзгеруі тиіс.
– Қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда. Көрші Ресейдің өзі болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуды көздеп отыр. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды. Ал біз әлі шикі мұнайға байланып, экономиканы өркендеткіміз келеді. Қазір басқа дәуір. Үкімет басындағылар ең алдымен осыны ойлауы керек, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Тақырыпқа тұздық
Үкімет қарапайым ұсыныстарға мән беру керек
Мамандардың байыптауынша, егер болашақта үкімет қарапайым ғана ұсыныстарға назар аудармаса онда экономикаға да, халыққа да қиын болады. Болашақта, біріншіден, инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайту үшін орташа жалақы көлемін өсірген жөн. Бұл сауда балансын тұрақтандыруға әсер етеді. Халықтың қолында қаражат болса, нарықтан зат сатып алуына мүмкіндік болады да, ол экономиканы алға жылжытады. Екіншіден, үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі тиіс. Үшіншіден, отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктерден бөлек, тарифтік жеңілдіктер қарастырылса жөн болар еді. Себебі жылу мен жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын, олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал. Төртіншіден, халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болу үшін мемлекеттік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болар еді. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққандағы өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады. Міне, осындай ұсыныстарды алға тартқан экономист-сарапшылар «бірінші кезекте осы аталған амалдар жүзеге асса, батпақтамай, қиыншылықтан шығар едік, сол кезде экономика да, халықтың жағдайы да оңала бастайды» дейді.
Ал мұндай қарапайым ұсыныстарды үкімет ескере ме, әлде естімейтін ескі әдетіне баса ма, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Дегенмен бізге үкімет мүшелерінің аңғарымпаз және ісіне адал болғаны қажет-ақ.