Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ

Башқұртстан басшысы Р.Хабиров Қазақстанға ресми сапармен келген кезде бауырлас екі ел арасында өзара қарым-қатынасты дамытуға уағда жасалған болатын.
Соған сәйкес, жақында Қазақстан тарапы Башқұрт Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары кірді.
Делегация мүшелерін башқұрт басшысы Радий Хабиров түркі халқына тән қонақжайлылықпен қабылдады. Одан әрі башқұрт халқының батыры Салауат Юлаев пен әйгілі ақыны Шайхзада Бабич ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды.
Уфада өткен кездесулерде әуелі Жайық өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы таныстырылды. Одан әрі инвестициялық әлеуеті жайлы әңгіме айтылды. Экономиканың басым бағытындағы жобалар бойынша Батыс Қазақстанның артықшылықтары туралы сөз болды. Мысалы, күні бүгін отандық компаниялар жалпы құны 27,2 млн АҚШ долларын құрайтын түрлі саладағы 80-нен аса өңделген тауарды экспортқа шығаруға әзір отыр. Енді қалып тұрғаны – сауда-саттықтағы түрлі кедергілерді алып тастап, тауарлардың еркін айналымына жол ашу ғана.
– Біздің делегация құрамында жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық танытқан бизнес өкілдері жеткілікті. Біз, негізінен, елдер, аймақтар, кәсіпорындар арасында өнеркәсіптік және сауда байланыстарын дамытуға әрқашан мүдделіміз, – деді қазақстандық тарапты бастап барған сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Бақыт Сұлтанов пен Башқұртстан премьер-министрі Андрей Назаров екі ел арасында 2022-24 жылдарға арналған өзара қарым-қатынасты дамытудың Жол картасына қол қойды. Жол картасына сәйкес, 60-тан аса нақты жобаларды жүзеге асыру көзделген. Әсіресе екі тарапты бірдей қанағаттандырарлық деңгейде тауар айналымын түзуге баса мән берілді. Оның сыртында, өнеркәсіп пен энергетика, инновация мен жаңа технологиялар, ауыл шаруашылығы салаларында жаңа заманауи жобаларды іске асыруға келісімдер жасалды. Батысқазақстандықтар үшін ең маңызды шешім – облыс әкімдігі мен башқұрт тарапы Орал қаласында сауда-экономикалық орталық ашуға меморандум жасасты. Яғни Оралда орталық ашылса, Башқұртстан аумағында көлік-логистика хабы құрылады.
Жалпы, Жайық өңірінің Еуразиялық одақ мемлекеттерінің ірі аймақтық нарықтарына жақын орналасуы өте тиімді көзір. Мәселен, облыс Ресейдің бес губерниясымен және Қазақстанның екі облысымен шектеседі. Өңірде мұнай-газ, агроөнеркәсіп кешені, машина құрастыру, құрылыс индустриясы салаларында жүздеген кәсіпорындар жұмыс ітеуде. Сол себепті күні бүгін Батыс Қазақстан облысы аумағында «Еуразия» деп аталатын сауда-өнеркәсіптік хабын құру мәселесі үкімет деңгейінде қарастырылуда.
«Еуразия» хабы ашылар болса, логистикалық және салықтық жеңілдіктер іздеп жүрген компаниялар үшін тартымды әрі тиімді индустриалдық-өнеркәсіптік аумаққа айналары сөзсіз.
Уфаға сапар барысында Қазақстан және Ресей сауда өкілдіктерінің ұсынысымен Орал және Стерлитамак қалалары арасында өзара байланыстың Жол картасына қол қойылды. Сол жерде башқұрттық «MCC Trade» ЖШС мен қазақстандық «ЕврАзия» агропаркі тауарларды көтерме-тарату орталығын ашу жөнінде шарт жасасты.