Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:06, 05 Маусым 2022

Батыс Қазақстанда дауыс беру қарқыны жақсы

None
None

Бүгін, 5 маусым күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 07:00-де еліміздің барлық өңірінде сайлау учаскелері өз жұмысын бастады.

Олардың жұмысы кешкі 20: 00-ге дейін жалғасатын болады.

            Еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгерістер талқыға түскен референдумға алғашқылардың бірі болып Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те қатысты. Облыс әкімі Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжі ғимаратында орналасқан №450 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал шаһар әкімі Миржан Сатқанов болса өз таңдауын Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы ғимаратында орналасқан №502 сайлау учаскесіне келіп жасады.

            Референдум аудандарда да қарқынды өтуде. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда жатқан Бөкей ордасы ауданы тұрғындарының белсенділігі қуантады. Ауданда 24 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Дауыс беруге рұқсат берілісімен осы аудандағы №53 сайлау учаскесінің төрағасы Ерболат Сержанов комиссия құрамымен, жұмыс регламентімен таныстырса, еңбек ардагері Жарылқасын Өтешқалиев аталмыш науқанның еліміздің болашағы үшін өте маңызды екенін атап өтті. Ең алғаш рет дауыс беріп отырған Бөкей ордасы колледжінің студенті Эльдар Сатқанов жастарды референдумға белсенділікпен қатысуға шақырды. Учаскелік комиссия сайлауға келген аға буын өкіліне, кәмелетке толып, тұңғыш рет дауыс беріп отырған жас пен сайлауға ең бірінші боп келген дауыс берушіге сый-сыяпаттарын тапсырды.  Сайлау учаскесі бойынша 955 сайлаушы тіркелген, оның 17-сі үйден дауыс бермек.  Аталмыш учаскеде ең алғаш боп дауыс берген Бауыржан Ерікбаев есімді азамат.

Бүгінгі күнгі сағат 10:00-дегі мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында учаскелік сайлау учаскелеріне дауыс берушілердің 32 пайызы келіп, өз таңдауларын жасаған. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі.

Жалпы еліміздің 12 өңірінде 8072 сайлау учаскелері қызу жұмыс істеп жатқандығын да айтуымыз керек.

Референдум алдында, 3 маусымда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақстандықтарға телеүндеу жасады. Онда Президент Ата Заңға өзгерістер Мемлекет басшысының құқықтары мен өкілеттіктерін ұлғайту үшін емес, ең алдымен азаматтардың мүдделері мен бостандығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «Бір бірлескен ерік-жігеріміздің арқасында Жаңа Қазақстанды бір құра аламыз», — деді Қ.Тоқаев.

Тегтер: