Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 09 Маусым 2022

Батыста балалар театрлары бас қосты

None
None

Оралда Батыс өңірдегі балалар театрларының басын қосқан «Тетардың ғажайып әлемі» атты керемет фестиваль өтіп, оған көршілес Ақтөбе мен Атыраудан 11 өнер ұжымы келді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – қойылым арқылы балғын көрермендерге патриоттық тәрбие беру, балалар драматургиясына қалам тартып жүрген жас жазушыларға қолдау көрсету, өзара тәжірибе алмасу болды.

8-17 жас аралығындағы жасөспірім актерлар таңдаған туындылар  да осал емес. Ұлы ақын А.Құнанбаевтың «Қара сөзден құралдым», әйгілі жазушы Антон Чеховтың «Темнотасынан» бастап, Ш.Айтматовтың «Шолпан», Г.Хугаевтың «Қара шекпен» шығармаларын сахналады олар. Бір сөзбен айтқанда, белгілі сахна шебері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер тетарының актері Еділ Рамазанов төрағалық еткен қазылар алқасына жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтау оңай болған жоқ. Тағы бір атап өтерлігі, екі күн бойы көрермен залында ине шаншар бос орын болмады. Жалпы, сахналанған қойылымдардың бәрінде дерлік балалар ынта-ықыласымен беріле ойнап шықты, қоғамға, ересекетрег ой салуға тырысты. 

Фестиваль қорытындысында «Үздік қойылым» аталымына Ақтөбе облысының Темір ауданынан келген «Аманат» балалар театры лайық деп танылды. «Үздік бала образы» аталымын да осы өнер ұжымының өкілі Сәндіғали Арғын жеңіп алды. Оның сол сәттегі қуанышы ерекше болды. «Биыл 11 сыныпқа аяқ бастым. Бүгіннен бастап актер боламын деген шешімге нық бекініп отырмын. Фестиваль маған керемет жігер, құлшыныс сыйлады», — дейді жас актер.

«Үздік қыз образын» сомдаған «Алтын Орда» балалар-жасөспірімдер театрының жас актрисасы Елнара Сейітжан да ерекше құрметке ие болды. Оралдық «Мақашева» театры – «Үздік ансамбль» атанса, Хадиша Бөкеева атындағы арнайы жүлде «Алтын Ордаға» бұйырды.

Байқауда, сондай-ақ, «Үздік декорация», «Үздік эпизод», әділқазылардың арнайы жүлдесі, «Сүйікті ертегі кейіпкері», «Үздік сахна киімі», «Үздік сазбен көркемдеу», «Көрермендер көзайымы» аталымдары да өз жеңімпаздарын тапты.

-«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мәтел тегін емес. Боламын деген баланы бетінен қақпай, белін буып, үлкен өнерге бет бұрғызған әр өңірдегі жанашыр ағайынның ықылас-пейілі мені қатты қуантып отыр. Бастама баянды болсын, — деді қорытынды сөзінде Е.Рамазанов.  

Тегтер: