Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 02 Шілде 2024

Байденнің жеңілісі және демократтардың паникасы

Байден, Трамп
Фото: ms.detector.media

АҚШ президенті Джо Байден қарашадағы сайлауда басты қарсыласы болатын Дональд Трамптан алғашқы дебатта оңбай жеңіліп, Ақ үйден айырылып қалудың аз-ақ алдында тұр.

 Бұған қазіргі президенттің кәрілігі себеп. Батыс басылымдары «демократиялық партия паникаға түсті» деп жазып жатыр.

27 маусым күні АҚШ-та қазіргі және бұрынғы президенттері CNN телеарнасының эфирінде бір жарым сағат айтысты. Камера сыртындағы шығармашылық топты қоспағанда студияда екі модератор мен екі президенттен басқа ешкім болмады. Екеуіне де теңдей уақыт берілді. Бірі – республикашыл, бірі – демократ екі кәрі ішкі-сыртқы саясатты айтысып, қарш-қарш шайнасты. Телеарнаға телмірген сайлаушылар да тақым қысқан. Айтыстың аты – айтыс. Әйтеуір біреуі басым түседі. Бұл жолы Дональд Трамптың аруағы асты.

Баяғыда біреу батыр әрі шешен Сырым Датұлынан: «Сізді екі аяқты, жұмыр басты, бір тілді адамның сөзден жеңгені бар ма?» деп сұрапты. Сонда шешен: «Сырымның айтқанын тыңдамай, өзінің сөзін соға берген адам мені күнде жеңеді» деген екен. Байден-Трамп айтысы да Сырымның осы сөзіне сияды. Нақты сұраққа анық жауап қатпай, бірақ балпылдап көп сөйлеген, екпіндеп, өршелене тіл безеген экс-президент тілінің мүкісі бар, сөйлемдерін айтып біткенше жиі шашалған қазіргі президенттен әлдеқайда әбжіл көрінді. Бұл Трамп Байденнен шешен боп шықты дегенді білдірмейді. Бар өмірі саяси айтыс-тартыстан тұратын Байден тілге жүйрік, сөзге ұтқыр саясаткер. Сарапшылар мен демократиялық партиядағы жақтастары ертеден Байденнің осы қасиетін жоғары бағалайтын. Бірақ мына дебаттан соң олар президенттің сайлауда жеңетініне күмән келтіре бастады. Ең негізгі себеп – кәрілік. Анығында, Трамп та жас боп қылшылдап тұрған жоқ. Ұзаса Байденнен төрт-ақ жас кіші. Бірақ осы төрт жас АҚШ-та президенттік бір мерзім. Қауырт жұмыс, тынымсыз еңбекке мына дебаттағы Байденнің тағы төрт жыл шыдас береріне сенімнен гөрі күдік басым. Бақталас һәм қарсыласты қойшы, алайда күдік келтіріп жатқандар өз партияластары. Бұны америкалық басылымдарының дебаттан соң жазып жатқан мақала, сараптамаларының тақырыптарынан-ақ аңғаруға болады. Мәселен, Politico басылымы «Мұнысы несі? Демократтар Байденді алмастыратын кандидат іздеуге кірісті» деп жазды. The Washington Post «Тұтығып, шашыраңқы сөйлеген Байден демократтардың мазасын қашырды» деген. The New York Times газеті «Қорқынышты. Демократ сайлаушылар Байденнің сөзінен соң алаңдап отыр», Atlantic журналы «Байден апатқа ұшырады» десе, Financial Times басылымы «Байденнің бәйгеден шығуына әлі кеш емес» деп, төте тартқан. Бәрінен батыл сөйлеп, қатаң кесім айтқан басылым – АҚШ-тың либералды көзқарастағы газеті The New York Times боп шықты. Дебатқа жан-жақты сараптама жасаған газет демократиялық партияға басқа кандидат ұсынуға кеңес береді. Басылымның редакторлары бірауыздан «Елге қызмет ету үшін Байден бәйгеден шықсын» деп аталатын колонка жазып, қол қойған. Олардың пайымынша, алдағы сайлауда қазіргі президенттің орнын алмастыратын өзге кандидат табылмаса демократтар республикашылдарға есе жібереді. Газет қазіргі вице-президент Камала Харристі және Мичиган штатының губернаторы Гретхен Уитмерді ұсынады. Бірақ бұл екеуінің де дәл қазір Трамптан танымал емес екенін мойындайды.

CNN, ABC, Fox NEWS, NBC бастаған АҚШ-тың ондаған, жүздеген телеарнасында эфирге шыққан, сөз алған сарапшының бәрі көп алдында жиі сүрініп, шалынып жығыла беретін 81 жастағы Байденнің аяқтан ғана емес, тілден де қалып бара жатқанына назар аударған. Тіл – саясаткердің ең негізгі қаруы. Әсіресе демократиясы жетілген, саяси бәсеке өте жоғары елдерде шешендік өнерден жұрдай адамның биліктегі ғұмыры қысқа. MSNBC телеарнасының эфирінде отырып дебатты журналистермен бірге бақылаған бұрынғы сенатор, Байденнің партияласы Клэр Маккаскилл: «Байденнің алдында бір-ақ қана міндет тұрды. Ол дебат кезінде егде жастың президент қызметін атқаруға кедергі бола алмайтынына сайлаушылардың көзін жеткізуге тиіс еді. Бірақ ол осы міндетті де атқара алмады» деген. BBC-дің Вашингтондағы тілшісі Энтони Зуркер де осындай пікірде. «Сайлаушылар Байденнің қартайып кеткенін көптен бері айтып жүр және қазіргі міндетін толық атқара алатынына күмәнданатындар аз емес. Сондықтан жақтастары президенттен жалғыз нәрсені – сөзден сүрінбеуді ғана күтті. Бірақ ол бұл үмітті де ақтамады» деп қорытындылайды. Дебаттан соң Ақ үй әкімшілігі президенттің бірер күн бұрын суық тигізіп алғанын айтқан және оны тәуелсіз дереккөздер де растаған. Бірақ шын мәнінде солай боп шықса да, бұл жеңілістен соң ақталғандай әсер қалдырды.

Дебаттан соң CNN телеарнасы екі кандидаттың айтқан сөздерін, ауыздарынан шыққан деректерді мұқият тексеріп, факт чек жасаған. Журналистер Трамптың Байденнен кемі үш есе көп өтірік айтқанын анықтапты. Экс-президент ескі әдетіне салып, сөздерді бұрмалап, ойды өзгертіп, тыңдаушыларға манипуляция жасап баққан. Бір жарым сағат айтыста Трамп 30-дан аса жалған мәлімет пайдаланған. Байденнің өтіріктері – 9. Мәселен, қазіргі президент «Билігі тұсында бірде-бір сарбаз өлмеген АҚШ тарихындағы алғашқы президентпін» деген. Байденнің мұнысын CNN арнасы теріске шығарады. 2021 жылы АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығару операциясы кезінде Кабулдағы терактіден кемі 13 жауынгер қаза тапқан. Байден сөз арасында «мен билікке келгелі қара нәсілділер арасында жұмыссыздық ең төменгі деңгейге түсті» деген. Байденнің президенттігі кезінде Трамппен салыстырғанда өте көп жұмыс орны ашылғаны рас. Бірақ қара нәсілді жұртқа келгенде бұнысы өтірік боп шыққан. Ресми статистикада қара нәсілді адамдардың жұмыспен қамтылуы Трамптың уақытында жақсы көрсеткішке жеткен. Айтыстың осы тұсында Трамп Байденді «90-жылдары қара нәсілді халықты супержыртқыш атағаныңды әлі ұмытқан жоқпыз» деп айыптаған. Алайда CNN сарапшылары экс-президенттің сөзіне жалған дейтін таңба басады және арандату деп атайды. Олардың пікірінше, Байден саяси ғұмырында қара нәсілді адамдарға қарсы жария түрде мұндай сөз айтпаған. Трамп дебат кезінде қарсыласын тұқырту үшін осындай дәлелі жоқ, ақиқаттан гөрі конспирологияға құралған айыптауларды аямаған. «Демократтар жаңа туған баланы дарға аспақ» (АҚШ-та аборт жасатуды демократтар қолдайды, республикашылдар қолдамайды), «2020 жылғы сайлауда жеңісімді ұрлап алды» (ол кезде билік қуаты, заң күші Байденнің емес, өзінің қолында болатын), «Менің тұсымда Иран терроризмді қаржыландырған жоқ» (Иран ХАМАС, Хезболла сынды террористік ұйымдарды қаржыландыруды ешқашан тоқтатпаған) деген, тағы ондаған мәлімдемелерінде дерек пен дәйектен жаңылған немесе әдейі өзгертіп айтқан. Алайда сайлаушылар (халық) ұмытшақ келеді. Тарихты, түрлі есеп-қисапты сол саланың мамандары ғана жүргізбесе, жалпақ жұртқа деталь маңызды емес. Бүгіншіл жұрт дәл қазір көз алдындағыға қарап баға береді. Сол себепті де Байденнің кәрілігі қатты байқалған дебатта Трамптың суайттығы елеусіз қалған.

Байденді сайлаудан шеттету мүмкін бе? Иә, мүмкін, бірақ оның дау-дамай тудырмайтын жалғыз жолы – Байденнің өзі бас тартуға тиіс. Бас тартпаса, АҚШ заңы бойынша оны ешкім кандидаттықтан сызып тастай алмайды. Былтыр тамыз айында демократиялық партия съезінде 4 мың делегаттың 99 пайызы алдағы сайлауға қазіргі президентті лайық көрген. Партия жарғысына сай оның бәрі Байденді ақырына дейін қолдауы керек. Заңдар мен ережелерді қайта жазып, күшке салуға да болар. Бірақ оған көп уақыт қажет және ырың-жырың дау, итіс-тартыс, бақталастық тағы бар. Алда-жалда Байден өз еркімен бәйгеден шықса демократтарда оның орнын баса қоятын анық кандидат та жоқ. Әрине, саясаткер көп, үміткер де аз болмайды. Алайда сайлауға санаулы ай қалғанда партия өз ішінен жікке бөлініп, кандидат үшін тайталасып, көп уақыт жоғалтып алуы мүмкін. Уақыт – дәл қазір демократтар жағында емес.

Байден ақсақал соңына дейін баруға даяр. Дебаттың ертеңінде Солтүстік Каролина штатында сайлауалды үгіт-насихатын жалғастырған ол: «Білем, жас жігіт емес екенімді түсінем. Бұрынғыдай ширақ қимылдамаймын, сөзден де жиі сүрінетінімді білемін. Бірақ мен шындықты айтатынымды да білем. Мына жұмысты атқара алатыныма жан дүниеммен сенбесем сайлауға түспес едім» деді. Байденді ашық қолдағандардың бірі АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама болды. Ол Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парағында партиялас президентті қорғап, пост жазды. «Сәтсіз дебаттар болады. Мен оны жақсы білем. Бірақ бұл сайлау. Бұл сайлауда өмірін қарапайым адамдарға арнаған адам мен өзін ғана ойлайтын адамның бірін таңдауға тура келеді. Шындықты айтатын әрі оның құнын білетін адам мен өзінің бас пайдасы үшін өтірікті судай сапыратын адамның арасындағы таңдау. Өткен дебат бұл таңдауды өзгерте алған жоқ» деді ол.

Дебаттан соң Америкада қоғамдық пікірге талдау жасайтын Ipsos орталығы едел-жедел сауалнама жүргізіп, үш күннен кейін нәтижесін жариялады. Сұрақ-жауапқа қатысқан тұрғындардың 60 пайызы саяси айтыста Трамптың жеңгенін растаған. Байденді жеңімпаз көргендер – 21 пайыз ғана. Бірақ бірінші дебат сайлаушылардың ойын көп өзгертпесе керек. Сауалнама жүргізушілер Байден ойсырай ұтылған дебаттан кейін тұрғындардың көзқарасы өзгерген-өзгермегенін де сұраған. Жауап бергендердің 46,7 пайызы қазіргі президентті жақтаса, экс-президентке дауыс беретінін айтқандар 43,9 пайыз болған. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі сауалнамалардың нәтижесімен шамалас.

Алып держава АҚШ билігінің тізгініне таласқан Джо Байден мен Дональд Трамптың дебатын тұтас әлем бақылады. Еуропалық басылымдар мен телеарналарда айтылып жатқан пікір Америка газеттеріндегі нарративтен алшақ емес. Ал АҚШ-тың саясатта да, экономикада да негізгі қарсыластары Ресей, Қытай мен Үндістан медиа кеңістігіне шолу жасаған BBC агенттігі олардың екі кандидатты да аямағанын байқаған. Ресей бұқаралық ақпарат құралдары «Байденнің ақыл-есінде кемдік бар», «психикасы бұзылған» дейтін мағынада көбірек жазған. Қытайдың газеттерінде Байденмен қатар Трампты да сойып салған пікір көп болған. Ол түсінікті. Вашингтон Пекиннің ең үлкен бас ауруы. Бұған дейін Трамп Қытайға сауда соғысын жариялап, санкция салып, екі ел арасын қатты ушықтырып жіберген. Қазір де татуласып кете қойған ештеңесі жоқ. Әсіресе Тайвань тақырыбына келгенде АҚШ-Қытай саясаткерлерінің шартпа-шұрт кететін кезі аз емес. Дегенмен түрлі мәселеде бірін-бірі ашық айыптайтын екі елдің қарым-қатынасында Байден әкімшілігі Си Цзиньпинмен барынша сыпайы сөйлесуге тырысады. Байденнің бұл ұстанымы Қытаймен жер дауы бар Үндістанға ұнамайды. Сол себепті де үндістандық басылымдардың біразы «Қытайшыл Байден», «Пекиннің кандидаты» деген тіркестерге көп жүгінген.

Дебат – АҚШ-тағы президент сайлауында аса маңызды рөл атқаратын, елеулі оқиға. Екінші дебат 10 қыркүйекке жоспарланған. Онда да осы картина қайталана ма, әлде Байден дұрысырақ дайындалып келе ме, уақыт көрсетеді. Анығында кандидаттар үшін бұл мінбер кімге дауыс берерін білмей екі ойлы жүрген сайлаушылардың бетін өзіне қаратып алатын орын. «Сөзіне қарап адамын таныған» қоғам кімнің бағдарламасы ұтқыр, жоспары мығым екенін осы айтыстан аңғарады. Әсіресе бұған дейін ешбір сайлауға түспеген, жаңа адамдарға өзін көрсетіп қалуға таптырмайтын жер. Бірақ Трамп та, Байден де қазір сайлаушыларға жаттанды. Олардың кім екенін, қандай саясат ұстанатынын, қай жолмен жүретінін жұрт бес саусағындай жақсы біледі. Халық кәрі Байденнің саяси тәжірибесіне, он ойланып, ұзақ толғанып барып қана кесім айтатын сабырлы қалпына үміт артады. Трампты жақтаушылар оның шешім шығарарда көп жалтақтамайтынына, ойына келген сөзді лақ еткізіп ашық айта салатын өткірлігіне қызығады. Мұндайда Абайдың әкесі Құнанбай айтты дейтін бір сөз еске түседі. «Адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады» деген екен аға сұлтан. Байден мен Трамптың жоғарыда аталған мінездерін қасиет емес, мін санайтындардың да аз емесі белгілі.

Айгүл Баба