Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 16 Ақпан 2025

Бәйгеге байланған жазу, мардымсыз қаламақы және оқырман

әдебиет
Фото: phonoteka.org

Қай қоғамда да әдебиет замана тынысын, қоғам қозғалысын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін, аңсар тілегін, тебіреніс-тербелістері мен жан дүниесін жарқырата ашуымен құнды.

 Бұл – адамзат қолына қалам алып, көркем дүние жаза бастағалы жалғасып келе жатқан бұлжымайтын дәстүр. Қазақ әдебиеті, соның ішінде қазақ прозасы да ұлт руханияты мен тарихының ажырамас бөлігі екені әуелден белгілі. Тәуелсіздік алған жылдары проза жанрында тың ізденістер мен жаңа есімдер пайда болып, жанрлар жаңаша түр алды. Әдебиетке енді ғана келген жас жазушылар кеңестік реализм шаблонынан шығып, тың қазақ прозасын қалыптастыруға талпынып жатқаны анық байқалады. Осы кезде баспалар мен басылымдардың да әдеби үдерістегі рөлі ерекше еді. Жаңа туындылар газет-журналдарға басылып, оқырман мен әдеби сыншы-зерттеушілер жаңа туындыға ықылас-пікірін білдіріп жататын. Осылай басылымдар арасында айтыс-тартыс туындап, түрлі тақырыптар еркін талданып жүрді. Кейінгі жылдары бұл үдеріс бәсеңдеп, «проза жазылмайды» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Байқасақ, осы тұста проза жазылмай емес, жарияланбай қалғанға ұқсайды. Көп қаламгер әдеби байқау мен додаларға арнап қана шығарма жазып, не дайын шығармасын бәйгеге қосамын деп сандығында сақтайтын құбылыс пайда болды. Мұндағы басты себеп көп бәйгелерде «шығарма еш жерде жарияланбаған болуы тиіс» деген шартта жатса керек. Бұл тұрғыда қаламгерлерді жазғыра да алмайсың. Баспалар мен басылымдардың төлейтін мардымсыз қаламақыдан гөрі әдеби бәйгелердің беретін жүлде қоры әлдеқайда ұтымды. Тіпті кейбір қаламгер үшін табыстың бір көзі осы әдеби бәйгелер екені де жасырын емес. Осы орайда мұндай құбылыс оқырман мен жазушы арасындағы байланыстың әлсіреуіне алып келмей ме, жазушының бәйге үшін шығарма жазуы қаншалықты дұрыс деген секілді сауалдар туындайды. Бұл тақырып аясында сөз қозғау үшін бірнеше жазушыға сауалдар жолдадық. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге жазушылар – Нұрғали Ораз бен Қанағат Әбілқайыр және Абай Аймағамбетов пен Ернағыз Жанатқан қатысты.

– Бүгінгі әдеби үдерісте тек әдеби бәйгеге арнап шығарма жазу тенденциясы бар. Қазір проза көп жазылмай кетті дейміз, анығында, жазылмай емес, жарияланбай жүрген сияқты. Байқауымша, жазушылар қандай да бір шығарма жаза қалса, бұрынғыдай жариялап жібергеннен гөрі, дайын шығармасымен әдеби байқауларға қатысқанды жөн санайды. Осы турасында ойыңызды білгім келеді. Бұл қаншалықты дұрыс?

Нұрғали Ораз
Нұрғали Ораз. Фото: ашық дереккөз

Н.О: Өмірдің өзі ұсынып отырған тенденция ғой. Басқа қандай амал бар? Жазушы да өз еңбегінің жемісін көргісі келеді емес пе. Бір жақсысы, бәйге алған шығарма табыс әкеледі. Ал табыс қаламгерді қанаттандырады. Жаңа шығарма жазуға қаржылай мүмкіндік туғызады. Сондықтан да, қаламгерлер талай уақыт ойланып, толғанып, дүниеге әкелген шығармасын тегін жариялап, оқырман қауымның көңілінен шығуды ғана мақсат тұтудан тартына бастады. Қай елге, қай қалаға барсаңыз да қаржы мәселесі бірінші орында тұрады. Ешкім де сізге тегін қызмет көрсетпейді. Бірақ жазушының жүрегі қашанда оқырманды, оқырманның жүрегі жаңа шығарманы аңсап тұратынын ұмытпауымыз қажет.

Қ.Ә: Әркім шамасы келгенше жазып жатыр ғой. Бәрі үшін жауап беруге болмайды. Өзім, расымен бәйге үшін жазам. Өйткені оза шапсам жүлде алам және шығармам жеке кітап болып шығады. Қазақтың «Бір оқпен екі қоян» дегеніндей. Ал бұл қаншалықты дұрыс дегенге келсек, жазғысы келетін жанның потенциалына, әдебиетке адалдығына байланысты. Егер оның мүмкіндігі жоғары болса, керемет дүние бәйгесіз-ақ туады. Толғатып жүрген дүниеге жарияланған байқау да себеп болатын кездер болады. Мен сияқты жалқауды осындай додалар қозғаған сәт көп. Енді проза жазылмай кетті дегенге келіспеймін. Екі мыңыншы жылдардың басында поэзия қалай дүрілдесе, қазір проза сондай биікте. Тіпті тізімін айту қиын, бірін айтсаң, бірі қалып қоятындай. Жақсы дүниелер кезегімен өмірге келіп жатыр.

А.А: Жазушылардың көбі белгілі бір мекемеде, негізінен ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Жалақылары соншалықты көп емес. Сондықтан бар күш-қуатын сарп етіп тудырған шығармасын әдеби бәйгеге сақтап қойғанды жөн көреді. Бұл дұрыс та. Өйткені қаражат қай кезде де шешуші рөл атқарады. Марапат жазушының беделін көтерсе, ақшалай сыйақысы өзінің және отбасының қажеттілігіне жұмсалады. Материалдық мәселесін шешкен жазушының еңбегі де өнімді бола түседі.

Е.Ж: Бұл сұрақтың жауабын жан-жақты қарастыруға болады. Бірақ ол арқылы қаламгерді ақтап алуға тағы болмас. Себебі жазушының, яғни қаламгердің басты мақсаты әдеби бәйге болмауы керек қой. Екінші жағынан алып қарасаңыз, жазушылық өз-өзін асырап келе жатқан сала, мемлекет барлық жазушыға бірдей қаржылай көмек көрсетіп, материалдық қолдау жасап отыруы мүмкін емес екенін де ескеру керек. Міне, осыдан кейін әдеби байқауларды аңдып отыру үдерісі немесе байқау жарияланған соң сол тақырыпта жазып, бәйгеден дәме ету пайда болады. Бірақ бұл нағыз жазушыға жараспайтын қылық сияқты.

Тағы бір тұсынан алып қарауға болады және бұл менің де басымнан өткен, ешқандай әдеби бәйгеден бейхабар жүрген кезде жазылып, дайын тұрған шығармалар болады, енді газетке немесе порталдарға жариялайын деп жүрген уақытта еркін тақырыпта ұйымдастырылып жатқан көлемді әдеби байқаулар дер кезінде, өзі-ақ алдыңнан іздеп шығады. Міне, сол уақытта кермеде жарап тұрған жүйрігің болса неге бәйгеге қоспасқа? Десе де, әдеби бәйгеге арнап жазылған шығарманың шынайылығы болмайды, оқыған кезде өзі байқалып тұрады, сондықтан да бұл тенденция қазақ әдебиетін алаңдатуы керек және алдын алу үшін іс-әрекеттер немесе әдеби байқауларда ұйымдастыру жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет сияқты.

Бұл құбылыстың сонда себебі неде? Бәріміз білетіндей, бұрын қаламгерлердің шығармалары басылымдарда жиі жарияланып, жеке кітап боп шығатын еді. Қазір бұл үрдістің бәсеңдеуіне, сіздің ойыңызша, не әсер етті?

Н.О: «Зер қадірін зергер біледі» дейді ғой халқымыз. Меніңше, шынайы, көркем туындылар інжу-маржан секілді өзінің қадір-қасиетін білетін жандар үшін ғана бағалы, құнды. Өкінішке қарай, ондай оқырмандар қазір тіпті азайып кетті. Оған еліміздегі әлеуметтік жағдайлар себеп болуда. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген заманды бастан кешіп жатырмыз.

Қанағат Әбілқайыр
Фото: ашық дереккөз

Қ.Ә: Бұл ойға мен келіспеймін. Рас, екі мыңыншы жылдары кітап пен адамның арасы алшақтап кетті. Қонышында кітап пен журнал жүретін малшы мен колхозшының бар ойы – отбасымды қалай асыраймынға ауысты. Ал қазір, Құдайға шүкір, кітап оқылады. Тек, бұрынғыдай жүз мың данамен шығатын биікке шыға алмай жатырмыз. Ол үшін не істеу керек дегенде: мәжбүрлеу де, керемет жазу да, жарнама да қажет емес. Меніңше, халықтың жағдайын жақсарту керек. Сонда көпшілік интернеттен болса да, кез келген авторды өзі тауып оқиды.

А.А: Бұл себепке әдеби байқаулардың қатысы бар шығар. Бірақ біржола соның «кінәсі» деп артып салуға болмас. Соңғы жылдары, нақтыласақ, кейінгі бес жылдың бедері жазушылар жиі жарияланады. «Қазақ әдебиетінен», «Жұлдыздан», басқа да әдеби сайттардан жиі байқаймын. Оған қоса, жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен қаншама кітап шығады (әрине, шығарма сапасы туралы сөз басқа). Романдар дүркін-дүркін шығып жатыр. Астана мен Алматы қаласының ақын-жазушылары одақтың көмегімен қай бір жылдары жеке-жеке жинақ шығарды. Бірақ алматылықтардың кітабы брошюра секілді нашар шығарылды да, Астана қаламгерлерінің жинағы өте сапалы шықты. Меніңше, шыққан дүниелерді талдау, таразылау, әдеби жиындар ұйымдастыру, әдеби кеңістік құру мәселесі кемшін түсіп жатқан сияқты.

Е.Ж: Бұның себебі әріде емес сияқты, сананы тұрмыс билеген заманда бұл – аксиома. Сіз айтып отырған бұрынғы қаламгерлердің заманы да, ортасы да, ол кездің оқырмандары да басқаша еді ғой, бүгінгі күнгімен салыстыра алмайтын халге жеттік, арасында жер мен көктей парық бар. Авторды іздеп жүріп оқитын көзі қарақты оқырмандардың саны кемігені сияқты, басқа да факторлар бұл үрдістің бәсеңдеуіне алып келе жатқаны сөзсіз. Бұрынғының қаламгерлеріндей емес, қазіргі жас жазушылардың бойында әдебиетке деген жанкештілік жетіспейді.

Жазушыларды бұл үшін жазғыра да алмасың анық, баспалар мен басылымдар қаламақы төлемейді, төлесе де, мардымсыз ғана. Қазір қаламгер үшін көбіне-көп негізгі табыс көзі әдеби байқаулар екені рас. Десек те, бұл құбылыс оқырман мен жазушы арасындағы байланыстың әлсіреуіне алып келмей ме?

Н.О: Жазушы мен оқырман арасындағы байланыстың әлсіреуіне тек қаламақы ғана себепкер емес деп ойлаймын. Өйткені біздің еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешті. Кешегі социалистік қоғамда өмір сүрген жандардың бүгінгі капитализм дәуіріне бірден бейімделе алмауынан бастап, кеше ғана «дұрыс» деп келген дүниенің бүгін «бұрыс» болып шығуы, кеше ғана мақталған кісілердің бүгінде ашықтан-ашық датталуы қоғамның, әсіресе өсіп келе жатқан ұрпақтың сана-сезіміне, сеніміне қалай әсер етеді?.. Оқырман бүгінде ащы шындықтың айтылғанын қалайды. Бірақ ол шындық әдебиетте қалай айтылуы керек? Жазушы өз шығармасын жазған кезде мынау дүниені жаратқан Жаратушы иемізге ұқсайды. Кейіпкерлерінің адалдығын, зұлымдығын, жақсылығын, жамандығын – бәрін-бәрін көріп, біліп отырады. Бірақ қатал үкім шығарып, тас-талқан етпейді. Адамгершіліктің шырағын сөндіріп алмауды ойлайды…

Қ.Ә: Ақын-жазушылардың өмірін, деңгейін жалғыз қаламақымен өлшеуге, шектеуге болмайды. Сосын, оларға елден өзге стимул берудің де қажеті жоқ. Өйткені ешкім ешкімді сен ақын, жазушы, драматург бол деп күштемейді. Осы бір рақметі жоқ жолды өзің қаладың ба, онда ешкімге оны міндет қылма! Құрылысшы мен теміржолшы өздерінің таңдап алған мамандығын біреуге бұлдады ма? Бұл да сол сияқты. Жазғың келе ме, жаз! Өте ме, оқыла ма, мәселе сонда! Түрлі оқырман бар, керегін тауып оқиды.

 Абай Аймағамбетов
Фото: ашық дереккөз

А.А: Егер жүлде алған шығармалар ізінше жарияға ұсынылып, оқырманға жол тартып отырса, құба-құп болар еді.

Е.Ж: Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, ол үшін қаламгерлерді жазғыра алмасымыз анық. Ал жазушы мен оқырман арасындағы байланыстың әлсіреуіне бәлендей кері әсер етеді деп ойламаймын. Себебі жақсы шығарма барда оқырман әркез табылады, оны күнделікті замандастардың арасында да байқап жүрмін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – егер ол алтын болса, кез келген уақытта, кез келген жерде жарқырап шығады.

Кеңес үкіметі тұсында жазушы қанша жазса, қаламақысы да сондай болды деп жатады. Бүгінгі жаһанданған дәуірде кей дүниелердің орны алмасып, құндылықтар ауыса бастады. Әдеби байқауға арнап шығарма жазу әдебиеттің аясын тарылтып, шығармашылық еркіндікке тұсау болмай ма?

Н.О: Кеңестік дәуір ғылымды, әдебиет пен өнерді өз идеологиясына сай дамыту үшін қыруар қаржы бөліп, қатты қадағалады. Әйтсе де, ғылымдағы жетістіктердің барша адамзатқа ортақ болатыны секілді, рухани құндылықтарға да мүлде шектеу қою мүмкін болмады. Сол себепті біздің классик жазушыларымыз «партиялық баспалар мен баспасөз» берген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өздерінің мәңгілік шығармаларын дүниеге әкелді. Шындығын айтсақ, қазіргі әдеби бәйгелердің ресми шарттары да сол баяғы «кеңестік идеологияның талаптарына» ұқсайды. Сондықтан қазылар алқасы шын мәнінде адал болса, жақсы шығарма өзінің әділ бағасын алатынына қаламгер іштей сенімді болады.

Бүгінгі бәйгелер, шын мәнінде, әдебиет пен өнерге қаржылай көмек көрсету үшін жасалып жатқан шаралар секілді. Бірақ ол да түйткілді мәселелерді түбегейлі шешудің жолы емес.

Меніңше, мемлекет тарапынан болсын, басқа да қоғамдық ұйымдар тарапынан болсын, әдебиетті дамытуға арналған қаражаттар ең алдымен әдеби баспалар мен басылымдарға, әдебиетке әрдайым көңіл бөліп отыратын баспасөзге берілуге тиісті. Сол кезде олардың арасындағы бәсекелестік артады. Жақсы қаламақы беріп, жақсы шығармаларды ғана жариялайды. Оқырманын да, таралымын да көбейтеді. Айталық, «Жұлдыз» журналы мен «Жалын», «Мұқағали» мен «Мархабат» журналы, т.б. бәсекелес болып, бірінен-бірі артық қаламақы беріп, жақсы дүниелерді жариялап жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Он тоғызыншы ғасырда тап осындай бәсекелестік орыс әдебиетін әлем әдебиетінің ең алдыңғы қатарына шығарған.

Таяуда ғана ақиық ақын Олжас Сүлейменовтің «Мен мемлекеттік стипендиядан неге бас тарттым» деген бір қызық сұхбатын оқыдым. Мұндай азаматтық кез келген қарттың қолынан келе бермейді, әрине. Міне, осы сұхбатында ақын: «Әдебиет бұрын кәсіп еді. Кейін ол тоқтады» дейді. Осыдан соң еріксіз: «Біз, қазақ халқы төл әдебиетімізді кәсіби үрдіске айналдырмайынша әлем әдебиетінің алдыңғы қатарынан көріне алмаймыз» деген ой келеді…

Қ.Ә: Кеңес үкіметінің тұсында қаламгерлерде жақсылы-жаманды сан тарау жолдар жатты. Мәселен, белгілі бір сызықтан шықпау. Яғни советтік өмірдің ғажап екенін жырлау. Сондықтан ол заманда біздің қаламгердің иығында он батпан жүк жатты. Айтарын астарлап, сол замандағы идеологиямен орап жеткізді. Бұл өте үлкен шеберлік. Алаштықтардан бергі кез келген қаламгерге осы жанкештілігі үшін құрмет көрсетуге болады. Ал қаламақыға келсек, ол жүйе қаламгерлерді, журналистерді барынша пайдаланды. Олардан қаржысын аяған жоқ. Бір кітабына бір көлік алатын дәрежеге жеткізді. Мен бірақ сол күнді аңсайтындар жағында емеспін. Әркім өз еңбегіне лайық бағасын алуы керек, белгілі бір идеологияның қызметшісі болып биікке жету – өзіңнің ішкі меніңді жоғалту. Ал байқауға арнап шығарма жазуға кет әрі емеспін, егер тақырып оң жамбасыма келіп тұрса.

А.А: Прозалық байқаулар «қандай да бір тақырыпқа жаз» деген шарт қоймайды. Кім не жазса да өзі біледі. Сондықтан бұл бағытта әдебиет аясы тарыла қоймайды. Ал поэзия конкурстары белгілі бір тұлғаға, мерекеге, оқиғаға байланысты тақырып белгілеп жатады. Ақын соны жырлауы шарт. Бұл енді сөзсіз, шектеу жасайды.

Ернағыз Жанатқан
Фото: ашық дереккөз

Е.Ж: Меніңше, әдеби байқауларға өзгерістер керек. Ол өзгерістер өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтындай болса, яғни бүгінгі заманға, қоғамға бейімделе отырып әзірленсе ләзім. Ол үшін басшылықтан жаңаша ойлар мен тың көзқарастар керек-ақ. Қолына қалам ұстаған, өзін нағыз жазушылыққа арнаған қаламгер қауымы бар кезде болашақта оңды өзгерістер болатынына сенемін, сіз бен біз алаңдап отырған бұл мәселелер шешіледі деп ойлаймын. Бастысы – әдебиетке қара бастың қамын ойлағандар емес, жазушылықтың қадірін шын түсініп, шын жазатындар мен шын жаны ашитындар көптеп келсе екен дейсің.

Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: