Байсуфинов құрамаға үшінші рет оралды

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне отандық маман Талғат Байсуфинов тағайындалды. Ол құрама бапкерінің міндетін уақытша атқарушы ретінде жұмыс істейді. Футбол федерациясы ұлттық құрамаға жаңа бас бапкер іздестіріп жатқанын хабарлады. Қазір үш шетелдік маманмен келіссөз жүріп жатқан көрінеді.
Бұған дейін құраманы жаттықтырған Әли Әлиев қыркүйекте қызметінен кетті. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 8 матчқа қатысып, алтауында жеңіліп қалды. 8 ойында небәрі 5 гол соқты. Өз қақпамызға 17 гол өткізіп алдық. Құрама 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде 5 матч өткізіп, 3 ұпай ғана жинады. Атап айтқанда, 22 наурызда сырт алаңда Уэльстен 3:1 есебімен жеңіліп, 25 наурызда ФИФА рейтингінде 204-орында тұрған Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ал маусым айында өз алаңымызда Солтүстік Македонияға 1:0 есебімен есе жіберді. Қыркүйекте өткен 2 матчта да жеңіліске ұшырады. 4 қыркүйекте Астанада Уэльстен 1:0 есебімен жеңілсе, 7 қыркүйекте сырт алаңда Бельгиядан 6:0 есебімен ойсырай ұтылды.
Талғат Маруаұлы ұлттық құраманы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өтетін Лихтенштейн (10 қазан) мен Солтүстік Македонияға (13 қазан) қарсы матчқа дайындайды.
Байсуфинов ұлттық құраманы бұған дейін 2016–2017 және 2020–2022 жылдары екі мәрте жаттықтырған болатын. Екі ретте де нашар нәтиже көрсеткен жоқ. Әсіресе тізгінді 2016 жылы алғаш рет қолға алғанда ФИФА рейтингінде 132-орында тұрған құраманы 98-орынға дейін көтерген болатын. Бірақ сол кездегі ҚФФ басшылары Байсуфиновті орта жолда қызметінен алып, орнына Ресейден Александр Бородюк деген «бапкерді» шақырған. Ол 7 ойында бірде-бір жеңіске жете алмай, масқара болып еліне кетті. Қазақстан құрамасы Маруаұлы шығарған биіктен бір-ақ құлап, 137-орынға түсті. Байсуфинов тұсында ұлттық құрама Польша, Румыния, Украина, Босния және Герцеговина сияқты үздік құрамалармен тең ойнап, ұпай еншілеген.
Жақында ҚФФ Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы матчқа шақырту алған ойыншылар тізімін жариялады. Тізімге 38 футболшы енген. Нақты тізім жақында белгілі болады.
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Қажымұқан Төлепберген («Оқжетпес»);
Қорғаушылар: Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Ян Вороговский («Астана»), Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов, Сағадат Тұрсынбай (бәрі – «Ордабасы»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Әділбек Жұмаханов («Елімай»), Александр Зуев, Наурызбек Жагоров (екеуі де – «Тобыл»), Бағдат Қайыров («Ақтөбе»), Еркін Тапалов, Александр Мрынский (екеуі де – «Қайрат»).
Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов, Алмас Төлібай, Ғалымжан Кенжебек (бәрі – «Елімай»), Муроджон Халматов, Эльхан Астанов (екеуі де – «Ордабасы»), Дамир Қасаболат («Қайрат»), Георгий Жуков («Ақтөбе»), Бактиер Зайнутдинов («Динамо Мәскеу», Ресей), Исламбек Қуат, Дінмұхамед Қараман (екеуі де – «Жеңіс»), Серікжан Мужиков, Дәурен Жұмат (екеуі де – «Оқжетпес»), Айбол Әбікен («Қайсар»), Ислам Чесноков («Тобыл»).
Шабуылшылар: Оралхан Өміртаев («Ақтөбе»), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Дастан Сәтбаев («Қайрат»), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Алияр Мұхаммед («Оқжетпес»), Иван Свиридов («Елімай»), Рамазан Кәрімов («Астана»), Артур Шушеначев («Ақтөбе»).