Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Байсуфиновтен артық бапкер жоқ

Байсуфинов

Енді «Қайрат» ойыншылары қатыспаған ұлттық құраманың екі матчы жайлы айтайық. Осы ойындар алдында құрама тізгінін тәжірибелі маман Талғат Байсуфинов ұстаған.

 Ол құрама бапкерінің міндетін уақытша атқарушы ретінде жұмыс істеп жатыр. Футбол федерациясы үш шетелдік маманмен келіссөз жүріп жатқан көрінеді.

Байсуфиновтің басшылығымен өткен екі кездесу де көпшіліктің көңілінен шықты. Команданың ойын мәнері де, нәтижесі де жаман емес. Лихтенштейнді ойсырата ұтып (4:0), Солтүстік Македониямен тең түсті (1:1). Бұған дейінгі бапкер Әли Әлиевтің тұсында құрамамыз 5 ойында небәрі 3 ұпай еншілеген еді, ал Байсуфинов келгелі 2 матчта 4 ұпай жинап үлгерді. Нәтиже жақсарғаны анық көрініп тұр.

Оның үстіне команда ойынына сән кірді. Жаңа бапкер бұрынғы 5 қорғаушы жүйесінен бас тартып, классикалық 4-3-3 тактикасына бет бұрды. Бұл қадамның оң нәтиже бергенін сырт алаңда өткен Солтүстік Македонияға қарсы матчта байқадық. Біздің жігіттер бірінші таймда тізгін тарта шабуылдап, алаң иелерін әбден тықсырды. Ойын барысында әдемі гол да соқты. Мұны алаң иелерінің жанкүйерлері де байқап, «біздің құрама Бразилиямен ойнап жатқандай қорғанды» деп жазып жатты.

Сондай-ақ Талғат Байсуфинов футболшылармен жақсы тіл табысып, жастарға мүмкіндік берді. Ол өзі «дарынды ойыншылар қосалқы құрамда отырмауы керек» деген еді. Сол сөзінде тұрып, кіл жастарға сенім артып, шабуыл шебін күшейтті. Бұрынғы бапкерлердей қорғаныста жатып алмағаны жанкүйер қауымға ұнағаны анық. Тіпті құрамадағы Рамазан Оразов сияқты көшбасшы футболшылар да шабуылға бейім тактикаға көшкеніміз дұрыс болғанын айтып жүр.

Байсуфинов ұлттық құраманы бұған дейін 2016-2017 және 2020-2022 жылдары екі мәрте жаттықтырған. Екі ретте де нашар нәтиже көрсеткен жоқ. Әсіресе тізгінді алғаш ұстағанда Польша, Румыния сияқты үздіктермен тең ойнап, ФИФА рейтингінде 132-орында тұрған құраманы 98-орынға дейін көтерген. Бірақ сол кездегі ҚФФ басшылары Байсуфиновті орта жолда қызметінен алып, орнына Ресейден Александр Бородюк деген «бапкерді» шақырған. Ол 7 ойында бірде-бір жеңіске жете алмай, масқара болып еліне кетті. Маруаұлы құрамаға екінші рет оралғанда Украина (екі мәрте), Босния және Герцеговина сияқты мықты ұжымдармен тең ойнап, ұпай еншілеген.

Ал Байсуфиновтен кейін тізгін ұстаған шетелдік мамандар мұндай үздік нәтижемен көзге түсе алған жоқ. Бородюк не «бүлдіргенін» айттық. Болгариялық Станимир Стоилов біздің құраманы тізгіндеген тұста 6 ресми ойынға қатысып, бір-ақ рет жеңіске жеткен. Оның өзінде алақандай мемлекет Андорраны жеңді. Тіпті сол Андорраның өзімен бір мәрте тең ойнады. Жеңе алмай жүрген құрамалары – Грузия мен Латвия. Ал чехиялық Михал Билек тұсында құрама 4 ресми ойында жеңіске жеттік: Шотландия, Литва және Сан-Марино (екі рет). Шотландияны айтпасаңыз, өзге екеуін жеңдім деп желпінудің өзі артық. Ал Билек мырза жеңілген құрамалар тізімінде Беларусь, Албания, Кипр, Литвалар бар.

Бұл екі бапкер де Ұлттар лигасы деген тең деңгейлес құрамалар арасындағы турнирге қатысты. Онда да еш нәтиже көрсеткен жоқ. Алғашқысы D лигасында екінші орын алса, екіншісі C лигасында төртінші орын алды. Ал Байсуфиновке мұндай мүмкіндік берілген жоқ. Құраманы 2 мәрте басқарғанда да әлем чемпионатының іріктеуіне қатысты. Демек Талғат Маруаұлына мүмкіндік беру керек. Құраманы бастап толық бір іріктеу циклін аяқтасын және бір мәрте Ұлттар лигасы турниріне қатыссын. Мол қаржы жұмсап, шетелден бапкер шақырудан еш пайда жоқ.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: